Бұл 1928-ші жылдары болған оқиға екен. Бұдан 10 жыл бұрын төңкеріс дейтін дүние еліп, өз жайымен жүріп жатқан қоғамның басын аяғына, аяғын басына қаратып төңкеріп қойған заман. Онымен қанағаттанбай «Бай талау» (кәнпескі) науқанын жүргізіп, елдің ішіне «Құдайсыздар ұйымы» дейтін құрылып халықтың көне руханияты қирап жатқан шақ.
Бірақ ескінің сүрлеуін жақсы білетін қазақы қариялар дүлей үкіметке күші келмесе де ішін бермеген заман. Бірде Жүніс молдаға әпербақан шолақ белсенді шошаңдап болмапты. Жүкең сұрапты:
-Осы сендер қандай үкімет құрғалы жінігіп жүрсіңдер?
-Байды кедейге теңейміз, – деп дәурігіпті ана бейбақ. Жүніс молда басын шайқап, мырс етіп күліпті де:
– Ей, шырағым-ай, әу баста қате кеткен екенсіңдер, есі дұрыс үкімет қайта кедейді байға теңемей ме?!
Бірде «Құдайсыздар ұйымының» белді мүшесі, өкірген команістің ер жеткен жалғыз ұлы ажал құшыпты. Дінсіздің ұлы өлді деп қарап отыратын емес Жүніс молда бар елдің ақсақалдары жиналып келіп, көңіл айтады. Ұлы өлген команіс бейбақ қолына ұзын кездік ұстап алған оны аспанға құлаштап лақтырып жүр дейді. Не болды десе, – Менің жалғыз ұлымды алған құдайдың көзін ағызам, – дейтін көрінеді. (Астағыпыраллаһ).
Мына қылықты көрген шалдар шошып кетіпті. «Ойбай мына ақымақ құдайға тіл тигізіп, үлкен күпір етті, бұның маңына жолауға болмайды, құрысын кеттік» деп, ошарылып орындарынан тұрады.
Ел дүрлігіп жатса Жүніс молда үнсіз сақалын сипап отыр. Шалдар ентігіп есік көзінде тұр. Содан Жүкең, – Ей, халайық, – депті. – Неге дүрлігіп кеттіңдер, сабыр-сабыр, бері таман келіңдер, қараңдаршы ана бейбақ аспанға кездік лақтырып жүр, ол нені білдіреді, баласын берген де, алған да бір Алла екенін біліп істеп жүр. Алда-жалда баламды сендер өлтірдіңдер деп біздің көзімізге пышақ лақсырса не болдық. Бұл бір. Екіншіден, әкесі күпір болды делік, мына марқұм баласының жазығы не, ертең мына мұсылманның жаназасы үшін біз жауап береміз, әкесі мына қылығы үшін өзі жауап береді. Барыңдар да дәрет алыңдар, жаназаға тұрамыз, – деген екен.
Жалпы бұрынғы қазақтарда хикмет деген ұғым болған. Бұл жерде Жүніс молда хикметпен үкім айтып тұр. Қазір бізде білім бар бірақ осы хикмет жоқ.
Бекен Қайратұлы
namys.kz


