1822 жыл. Ресей патшасы бірінші Александр Cібір қазақтары жайында жарғы қабылдайды. Соның негізінде орта жүз жері жаңадан құрылған Омбы облысының құрамына кіргізіліп, ауыл мен аймаққа бөледі. Бірнеше жылдан кейін, яғни 1829 жылы Қоңырқұлжа сұлтан Ресей билік өкілдеріне арнап хат жазып, өзін және иелігіндегі жерлерін қарақшылардан қорғауын өтініпті. Сол жылы осындай мәселемен Көкшетау өңірін билеген сұлтан Ғұбайдолла Уәлиев шағымданыпты. Осы хаттарды негізге алып Сібір корпусын басқарған Бронеский есімді генерал «Қарпық болысы Ақмола мекенінде жеке аймақ ашқысы келеді» деп мәлімдеген.
Көп кешікпей бұл мәселе талқыланып, Ақмола бекінісін салу туралы шешім шығыпты. 1830 жылы 28 мамырында бұл міндетті атқару үшін Петропавлдан Шубин бастаған 200 адам жолға аттанады.
Топ Қоңырқұлжа сұлтанның жайлауына келіп тоқтайды. Осы ретте ақсақалдар Шубинмен келісіп, жаңа бекіністі Есілдің жағасында салуға көндіреді. Сонымен 1830 жылы 18 шілдеде ақсақалдардың мақұлдап, қол қоюымен құжат бекітіледі. Атауын өзгертуді жөн санамапты. Байырғы аты – Ақмола болып қала берген. Халық арасында Ақмола атауы атақты Нияз бидің бейіті тұрғаннан кейін аталып кеткен дейді.
Екі жылдан кейін Шубин тобы бекіністі салып бітіреді. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы сайланады. Барлық сұлтандар мен болыстар қолдарын Құранға қойып ант берген деседі. Кейін үлкен той жасалып, ат шаптырып, ақындар айтысы, балуандардың күресі ұйымдастырыпты. Тіпті бұл күннің құрметіне 31 рет аспанға зеңбірек атқан екен.
1838 жылдың жаз айларында хан Кенесары Ақмолаға шабуылдайды. Шабуылдамас бұрын өз талабын да қойған. «Отаршылдықтың езгісі тоқтатылсын. Ақтау мен Ақмола бекіністері жойылсын» депті. Орыстардан мардымды жауап болмаған соң, шабуылға шығады. Кенесары қолының құрамына орыстардың әділетсіздігіне қарсы жергілікті жұрт та қосылады.
Бекініс жан-жақты қамданып алыпты. Айналасы ор қазып қоршалған, зеңбіректер мен мылтықтар да сақадай сай дайын тұр. Бекініске келетін барлық жолдарда топ-топ күзетшілер тағы бар. Десе де Кенесары бұл жерді қалай да алу керек екендігін білді. Алдыменен бұл саяси жүріс ретінде керек. Бекіністі басып алса, көтерілісшілердің рухы қайтадан жандана түсетін еді. Сонымен, Кенекең тыңғылықты дайындалып, шабуылды бастады. Алдыменен бекініс толық қоршалды. Қолда бар әртүрлі деректерге сүйенсек, шеп былайша тұрыпты.
Есіл өзені күншығыс жақта. Бекіністің оң жағында Кенесары, одан кейін қатар-қатар тұрған Ағыбай мен Бұқарбай батырлар, дәл ортада Басықара баһадүр. Оныменен қатарлас Төлебай (кей деректерде есімі Тілеміс делінеді). Кейін Құдайменді мен Жанайдар бастаған сардарлар орналасқан. Сол қанатта Наурызбай батыр. Сөйтіп таң намазы уақытында 5000 атты әскер шабуылға шығады.
Кенесары өте білімді, стратег болғанын келесі жайттан білуге болады. Орыстардың қолында зеңбірек барын білген қолбасшы, атты сарбаздарына «араларын он-он бес құлаш болсын» дейді. Бұл неғұрлым әскер шығының азайту болса керек.
Шабуыл басталды. Жауынгерлер қазылған орға жақындаған кезде садағын тартып, жебе жетеді-ау деген жерге адырнасын босатып, кейін шегеріледі. Бірнеше мәрте рет қайталайды. Алдын ала қарамайлы білте шүберек байланып, тұтанып алған оқ сәл уақыттан соң бекініс ішін өртке салады. Орыс әскері екіге бөлініп, бірі өртпен алысқа, екіншісі жауға қарсы тұрады. Осы уақытта әлсізденген қорғанысты пайлалынып, Басықара тобы бекіністі жарып ішіне кіреді.
Барлығын өртейді. Құлататынын құлатып, бұзатынын бұзады. Сұлтан Қоңырқұлжа түн жамылып қашып кетеді. Осылайша Кенесары бекіністі өз қарамағына алыпты. Асқан ерлігі үшін Төлебайға (Тілеміс) хан Кене «Жеке батыр» деген атақ беріпті.
Бұл шайқаста Басығара батыр қаза табады. 200-ге жуық шейіт болған сарбазды Кенесары сол маңдағы зиратқа жерлеуді бұйырыпты. Ішінде де бар. Бүгін қаланың қақ ортасындағы «Қараөткел» зираты.
Он жылдан аса уақыт өтіп, ханның көзі құртылғаннан кейін бұл аймаққа әр тараптан «казактар» көшіріліпті. Бір мезетте жергілікті ұлт, яғни қазақтың өзінен сан жағы басым болып кеткен екен.
Уақыт өте келе Ақмола бекінісі өзінің әскери маңыздылығын жоғалтып, сауда-саттыққа ыңғайлы, әкімшілік ортаға айналады. Дүние бір төңкерілгенде ақ патша салған Ақмола, азат қазақтың айбынды Астанасына айналды.
Рүстем Нүркен
namys.kz



