4 ақпанда ОҚО Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылында болған кісі өлімінің мəн-жайы толық зерттеліп, халыққа жариялануы керек деп есептеймін. Қазақ азаматы Бақытжан Артықовтың азапты өліміне қатысы бар деп ұсталған күдікті, ұлты тəжік Навмидин Нарметов қана емес, барлық кінəлілер анықталып, заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Жергілікті құқық қорғау органдары көрсеткендей, бұл тек екі жігіттің арасындағы жанжалға ұқсамайды. Олай болса неліктен кісі өлімінің ертесіне, қазақ жігіттерінен 250, тəжіктер тарапынан 200-дей кісі шығып, арты текетіреске ұласады? Марқұм Бақытжан Артықовтың анасы мен жарының облыс əкіміне жазған хатына да назар аударған жөн. Олар қайғы құшқандықтан, ашуға булығып, эмоцияға беріліп жазды деуге болатын шығар. Бірақ хатта тексерілуі тиіс көп жағдай айтылған. Хатта Навмидин Нарметовтың бұл қылмысқа дейін көшеде кетіп бара жатқан келіншекті жəне тағы бір қазақ қызын үйінде зорлап кеткені жазылған. Ауылдағы тəжіктер есірткі егумен, сатумен айналысады, үйлерінде қару-жарақ сақтайды делінген. Құнарлы жерлер тəжіктерге берілген, амбулаторияның бас дəрігері, мейірбикенің жартысы тəжік ұлтынан,- деп жазған арызданушылар. Жалпы бұл ауылда ұлтаралық қақтығыстар үнемі болып тұрады, бірақ жергілікті полицейлер істі жауып тастап отырады,- делінген өңір жетекшісіне жолданған хатта. Бақытжан Артықовты 10 адамның қинап өлтіргенін айта келе, бұл оқиғаға əкелі-балалы Нуриев Хахар мен Саиттың куə болғанын, сөйте тұра көмекке ешкімді шақырмағандарын жазады. Əкімге жазылған хаттың салмағы ауыр, жауапкершілігі басым. Ауылда үнемі текетірес болып тұрса, онда осыған дейін қанша қақтығыс тіркелгенін, кімдердің жəне қанша жанның зардап шеккенін санап жүрген біреу бар ма? Бейбіт елміз деп сыртқа жар саламыз, ал ішімізде масқараның көкесі болып жатыр. Сондықтан, хатта жазылған жайды негізге ала отырып, тергеушілер дəлелді түрде не растауы не жоққа шығаруы керек. Іс қадағалаусыз қалмауы үшін еліміздің журналистерін, ақын-жазушылары мен басқа да белгілі тұлғаларын бірігіп, ішкі істер министрлігіне талап қоюға шақырамын. Бəріміз де бала-шағамызды жеткізіп, тыныш өмір сүргіміз келеді. Бірақ тыныштық бұзылған жағдайда, құқықты мемлекет ретінде заңды механизмдер қолға алынбаса іс насырға шаба береді. Жауырды жаба тоқығаннан нәтиже болмайды. Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Бақытжан Артықовтың жатқан жері жайлы, жаны жəннатта болсын! Туған-туыстарына сабыр тілеймін!
Мәди Манатбек facebook парақшасынан алынды







