1659 жыл. Сол заманның ең қуатты бес мемлекетінің бірі — Моғол империясында көзі тірі патша Шах Джаханды үйқамаққа отырғызып қойып ұлдары таққа таласып соғысып жатыр. Мыңдаған әскердің, бейбіт тұрғынның қаны шашылып, ағайындылар бір-бірін асқан қатыгездікпен талауға тырысады. Бұл соғыста күйрей жеңілгені — жыртқыштық қасиетінен ғалымдық қабілеті басым, империядағы барша этникалық топтар мен діни қауымдарға тең қараған, ғылым мен өнер иелеріне демеу жасаған үлкен ханзада Дара Шукоһ болды. Көпшілік жұрт «екінші Акбарға» айналады деп үміт артқан тақ мұрагерін туған інісі Аурангзеб бір жылдан астам уақыт артынан қуғыншы салып жүріп ақыры өлтіртеді. Жаңа жеңімпаз император өз ағасының басын кішкентай ғана кездікпен кесіп алуға бұйырады (бір інісін түрмеде, екіншісін қуғында өлтіртіп, ересек немере інілерін кейін билігіне таласпау үшін соқыр етіп, я христиан дініне зорлықпен кіргізеді). Ал өлерінен бұрын жасауылдар үстіне шоқпыт кигізіп, жынданған пілге мінгізіп астананы аралатқан Дара Шукоһқа араша түсеміз деп мыңдаған Дели тұрғыны әскер қолынан қаза табады. «Қан көше-көшемен өзен боп ақты» дейді куәгерлер. Халық ішінде Дара Шукоһты төбесіне тұтқан барлық жақсы мен жайсаң түгел жазаға тартылады. Олар да ханзада сияқты «Құдайдан безді» деген айыппен жазаланады. Сол қырғынға ілініп кеткен Сармад есімді бір шайырдан жендеттері басын шабар алдында соңғы сөзін айтуды бұйырады. Сонда Сармад:
«Бір дыбыс естіп, дүниеде өзгеріс бар ма деп көзімді ашып ем,
Сол баяғы даңғаза шу екен — енді көз жұмсам да болады» депті.
Егер бүгін Сармад қайта тіріліп, тас дәуірінен бері адамзат бойында бар қатыгездік пен надандықтың 21-ғасырда Шығыс Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы адам өртеу, я бас кесу науқандары кезінде сол қалпында қайта лап етіп тұтана қалғанын көрсе, еш таң қалмаған күйі мәңгі ұйқысына қайта шомады екен-ау.
Сармад Кашани — мұсылмандықты қабылдаған тегі еврей ирандық саудагер. Моғол империясына сауда-саттық жасауға келіп, елдің мәдениетіне тәнті болып біржола қалып қойған. Өлеңдерін парсы тілінде жазған ғажап шайыр.
Galym Bokash тің facebook парақшасынан алынды



