Атырауда экстремизмді насихаттады деген күдікпен 16 жасында екі әйел алып үлгерген жеткіншек сот алдында жауап беруде, деп жазады Экспресс-К басылымы. Бұл ерекше құбылыс туралы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұқара алдында берген есебінде мәлім етті. Оның айтуынша, жеткіншектің бірінші әйелі бүгінде үшінші баласына жүкті екен. Үш баланың әкесі бола тұра, боз бала бәйбішесімен мүлде араласпайтын көрінеді.
Әкімнің айтуынша, дәстүрден тыс діни ағымдарды уағыздайтын жастардың көбінде мектепте оқығанына басқа жоғары білімі де, жұмысы да жоқ екен.
Бұған дейін облыстық прокуратура Атырау өңірінде шетелден діни білім алып келген елуден аса тұрғын барын мәлім еткен болатын. Өткен жылы прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдардың ұйымдастыруымен өткен алдын алу шаралары барысында осындай 17 адам облыс тұрғындары арасында лаңкестік идеясын таратпау, оны қаржыландырмау, лаңкестік топ құрмау және оның жұмысына араласпау туралы ескерту алды. Сонымен қатар атыраулықтарға осындай әрекеттерге барғандарды заңнамаға сәйкес қандай жауапкершілік күтетіні түсіндірілді.
BNews.kz



