22 ақпанда Монакода әлем чемпионы атағын қорғап қалған қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді қолдау үшін Еуропаға Шымкент пен Қарағандыдан арнайы барған жанкүйерлер болды.
32 жекпе-жегін жеңіспен өткізген Геннадий Головкиннің ұлыбританиялық Мартин Мюррейден үстем болғанына қазақстандық жанкүйерлер ерекше қуанды. Монте-Карлоның Salle des Etoiles спорт кешенінде өткен кездесуден тікелей блог-трансляция жасаған Азаттық тілшісі Руслан Меделбектің фотогалереясын ұсынамыз.
Геннадий Головкин мен Мюррейдің кездесуінен көрініс. Монте-Карло. 22 ақпан 2015 жыл
Геннадий Головкиннің төртінші раундта Мартин Мюррейді құлатқан сәті. Мюррей бұл соққыдан ес жиып, кездесуді жалғастырды.
50 жастағы қарағандылық Алтай Кенжетаев (суретте ортада тұр) Головкин-Мюррей жекпе-жегіне келу үшін бір жылдай ақша жинағанын айтады. «Головкиннің былтырғы жекпе-жектеріне баруға мүмкіндік болмады. Биыл қалайда осы кездесуге барамын деп мақсат қойып, арнайы келдім. Бір Қарағандының өзінен Головкинді қолдауға 30 шақты адам келдік. Бүгін Головкин жеңетініне сенемін. Бірақ кездесу ерте аяқталмаса деймін. Біраз шоу көргіміз келеді » деді ол.
Головкин рингке шымкенттік 57 жастағы Әбдімәжит Сыздықбеков сыйлаған шапанмен шықты.
11-раундта Мюррейдің басы мен денесіне Головкиннің жасаған үдемелі соққыларынан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.
Матчты көруге келген қазақ жанкүйері Головкиннің жеңісіне қуанып тұр.
Головкин фанаттары отырған сектор. Монте-Карло, 22 ақпан 2015 жыл.
Бәсекелесінен жеңілген соң британдық Мартин Мюррей: «Қолымнан келген әдістің бәрін қолдандым. Шыдадым, тырыстым. Бірақ талпынысымнан ештеңе шықпады. Головкиннің шеберлігі өте жоғары» деді.
«Мюррей — мықты қарсылас. Кездесуді жетінші раундқа дейін созу, кейін нокаутпен жеңу басты тактикам болды» деді бүгінгі жекпе-жек жеңімпазы Геннадий Головкин.
azattyq.org


