Өзбекстанның Бұхара облысы Тамды ауданыда жасайтынбыз. Тамдыны Тауелібай деп те атайды. Тамды ауданы негізі қазақтың жері болса да, Кеңес өкіметін орнату кезінде Өзбекстанға беріліп кеткен. Аудан халқы — кіші жүздің Шөмекей аталығына жататын қазақтар.
Шәмшіні білмейтін қазақ жоқ. Ал оның әндері төрткүл дүниені кезіп жүр. Сол атақты өнер иесімен бір болған азаматтың әңгімесіне назар аударсақ, арада өткен 41 жыл ештеңені ескірте алмайды.
Атақты ағамен сапарлас болған қылыш телғараев ағамыз сөзін былай бастады:
-Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында маған қазақ вальсінің королі, қазіргі егемен Қазақстанның мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов ағамызбен бір күн сапарлас болу бақыты бұйырып еді. Атақты Шәмшімен кездесіп, сұхбаттасамын-ау деген ой ол кезде өңім түгіл түсіме де кірмеген болатын. Бұл сапар сол кездегі студентке аспаннан түскендей бір сый болды. Енді сол кездесу жайлы естелігімді оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.
Ол кезде біз Өзбекстанның Бұхара облысы Тамды ауданыда жасайтынбыз. Тамдыны Тауелібай деп те атайды. Тамды ауданы негізі қазақтың жері болса да, Кеңес өкіметін орнату кезінде Өзбекстанға беріліп кеткен. Аудан халқы — кіші жүздің Шөмекей аталығына жататын қазақтар, басқа ұлт өкілдері жоқтың қасы. Бүгінгі күнде біздің елдің халқы жүздеген жылдар аялап сақтап келген тіліне, ұлттық болмысына, жас ұрпақтың болашақ тағдырына қатер төнген соң, атамекеніміз Қазақстанға қоныс аудара бастады. Мен де 2007 жылдан бері Қазақстанда, Ақмола облысының Степногорск қаласында тұрып жатырмын.
Иә, Қылыш ағамыз осы әңгімені тағы жалғады. «1974 жылдың жазында ауданымызға Шәмші Қалдаяқов келді. Шәмшіні еліміз төбесіне қойып күтті, ауданның біраз шаруашылықтарында, өңірлерінде болды. Шәкеңнің ауданда жүргенін естігеніммен, ол кісімен кездесе алмаған едім. Ұмытпасам сол жылдың 3-қыркүйегі болу керек, Тамдының әуежайында Шәкеңді ауданның басшылары шығарып салып тұр екен. Тамдыдан Бұхара арқылы Ташкентке ұшақ қатынайтын. Сол күні менде Ілияс Талқанбаев деген жолдас жігітпен бірге Ташкентке ұшпақшы едім. Ол кезде біз Ташкентте институтта оқитын студентпіз. Құдай сәтін салып Шәкеңмен Ташкентке дейін жолдас болып қалдық. Ұшаққа шыққан соң дереу Шәкеңнің жанына отырып алдым. Әңгімелесіп кеттік. Бастапқыда атақты адаммен қалай сөйлесуді білмей қысылыңқырап едім, сөйлесе келе үйренісіп кеттік. Өте қарапайым кісі екен. Шәкең Тамды халқының қонақжайлылығына, қазақтың әдет-ғұрпын сол қалпында сақтап қалғандығына өте риза екенін айтты. Тамды туралы бір ән шығарамын деп халыққа уәде бердім деді».
Сөз арасында бір аталары Бұхараның атақты Көкелдаш медресесінде оқығанын, сол жерді көре алмай бара жатқанын айтып қалды. Елге барған соң «атаң оқыған жерді көрдің бе» деп сұрайды-ау деді. Маған бір тосын ой келді. Ұшақ Бұхарада 20 минут тоқтайтын. Әуежай қаланың шетінде орналасқан еді. Осы аз уақытта Шәкеңе Бұхараны, Көкелдаш медресесін көрсетпек болдық. Ұшақ қонған бойда Ілияс жүгіріп барып такси ұстады да, мен Шәкеңді ертіп барып, машинаға отырдық. Жүргізушіге бар-жоғы жиырма минут уақтымыз барын, сол уақытта Көкелдаш медресесін, үлгерсек Бұхараның басқа да жерлерін қонаққа көрсетейік дедік. Жылдамдатып жүріп келіп ең бірінші Көкелдаш медресесін көрсеттік, ішке кіруге уақыт тығыз. «Атаңыз осында оқыған» дедік. Сағатқа қайта-қайта қарай отырып, жүргізушінің жәрдемімен Бұхара әмірінің сарайын, басқа да тарихи ғимараттарды тек сыртынан ғана көрсетіп таныстырып өттік те, әуежайға қайта тарттық.
Ұшағымызға кіріп отырған соң Шәкең біздерге қарап: «Мен елдеріңнің көрсеткен құрметіне риза болып келе жатыр едім, ал мына сендердің көрсеткен қызметтерің бір бөлекше сый болды-ғой. Енді мен ұялмастан атамның оқыған медресесін көрдім деп барамын» деді. Ол кезде Шәкеңнен қайсы атасы Бұхарада оқығанын сұрамаған едім, кейін анасының ағасы Шәді төре Көкелдашта оқығанын интернеттен оқып білдім.
Ұшақта отырғанда Шәкең: «Құдай қаласа көктемге дейін Тамдыға арнап ән шығарамын» деді де, төс қалтасынан бір әдемі қыздың суретін шығарып, ойланып қарап отырды. Ол сурет туралы сұрауды әбес көріп, сұрамадым.
Ташкентке келген соң қаланың орталығындағы субұрқақтың маңында естелік үшін фотосуретке түстік. Ол суреттер менде сақтаулы. Жерлесіміз Жүсіп Әлқожаұлының 2008 жылы шыққан «Замандастар, тұстастар» деген кітабында басылып та шықты.
Суретте солдан оңға қарай: Ілияс Талқанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Қылыш Телғараев. Ташкент қаласы 1974 ж.
Шәкең Алматыдағы мекенжайын бізге жазып берді, біздің мекенжайымызды өзі жазып алды. «Тамды туралы ән шыққан соң әуелі сендерге жіберемін. Жолдарың түсіп Алматыға бара қалсаңдар үйге міндетті түрде келіңдер, енді мен Сарыағашқа барамын» деп, бізбен қоштасты.
Келер жылдың көктемінде Алматыда тұратын жерлесіміз Пәнсат деген ағай Ташкентке келіп, Ілияс екеумізді іздеп тауып: «Шәмші ағаларың Тамдыға арнап «Тамды аруы» деген ән шығарды. Ол әнді Тамдының қызысың ғой деп Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ұлт аспаптар оркестрінде шаңқобызшы болып жұмыс істейтін менің жұбайым — Гүлсара Елубайқызы Піржановаға ең алғашқы рет орындатып, таспаға жазып беріп жіберді. Өзбекстанда алдымен Ташкенттегі Қылыш, Ілияс деген студент жігіттерді тауып, соларға тыңдатарсың, сосын еліңе апарарсың деп қатты тапсырды» деді. Сол әнді Ташкентте оқып жатқан бір топ Тамды жастары болып рахаттана тыңдадық, таспаға жаздырып та алдық. Шәкеңнің бізге берген уәдесін ұмытпағаны үшін риза болдық. Пәнсат аға әнді алып Тамдыға кетті де, бұл ән Тамды халқына дереу тарап кетті. Бұл 1975 жылдың көктемі еді.
Сол кезден бері Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» әнін бірқанша әншілер орындап келеді. Қазір Гүлмира Ақүрпекова түпкілікті орындап жүр. Сол орындаушылар мен тыңдаушылар осы әннің тарихын біле жүрсе екен деген оймен қолыма қалам алдым. Әннің шығу тарихы жөнінде кейінгі кездері баспасөзде, интернетте әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреулер ән Жамбыл облысы Қаратау етегіндегі Тамды деген жерге арнап шығарылған десе, басқалар ән «Отырар сазы» оркестрінде істейтін біздің Тамдының қызы Гүлсараға арналған дейді.
Шәмші аға Алматыға келген соң осы әнді шығарып, ғажайып ақын Қадыр Мырза Әліге сөзін жаздырған. Қадыр ақын сол кезде Тамдыны көрмесе де, Шәкеңнің суреттеуімен әп-әдемі сөзін жазып берген. Әнге жарасып-ақ тұр. Бұл туралы Қадыр ақынның естелігін оқығанмын. Қадыр аға 1990 жылы атақты жырау балқы Базардың 100-жылдық тойында Тауелібайдағы Тамдыда болды. Сонда өзі осы әнге қалай сөз жазғанын тамдылық ақын-сазгер Бейсенбаев Календар ағайға айтып берген екен. Ол енді бөлек бір әңгіме.
Мен Шәмші ағаның өз аузынан «сендердің елің Тамды туралы ән шығарамын» дегенін, сол әнді шығарып, арнайы бізге, біздің елге жібергенінің куәсімін. Сонымен, Шәмші аға біздің елге берген уәдесін орындап, «Тамды аруы» атты әні дүниеге келген еді. Негізі осы ән ұшақта Шәкең суретін төс қалтасынан алып көріп отырған біздің Тамдының бір ару қызына арналған болу керек деп ойлаймын. Ол сурет әлі күнге дейін тап кешегідей көз алдымда. Сол қыз туралы кезінде Шәмші ағадан сұрамағаныма өкінемін.
«Тамды аруы» әнінің мен білетін тарихы осындай. Ал енді «басқа тамдылықтар» ән біздің жерімізге арналмаған екен деп ренжи қоймас деп ойлаймын. Шәмшінің қай әні болса да қазаққа ортақ, өлмес әуендері қазақтың аспанында қалықтай берсін.
Ал мен Шәмшідей тарихи адаммен аз уақыт болса да бірге болғанымды, сұбхаттасқанымды, естелікке бірге суретке түскенімді мақтан тұтамын».
Қылыш Телғараев осы әңгімені қызықты етіп айтудан жалықпайды. Біз де оны қалың оқырманға жеткізуге асықтық.
Полатбек ЖАНБАЕВ,
Степногорск қаласы, Ақмола облысы
«Kazaitys.kz»


