Басты мәселе – Үкіметтің оралмандарға деген ұстанымында, көзқарасында. Яғни Үкіметте «шетелдегі қазақтарды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қайтіп қатыстырамыз, қалай тиімді пайдаланамыз» деген ең болмаса бес-алты беттен тұратын айқын бағдар-тұжырымдама болуға тиіс. Әзірше ондай ештеңе байқалмайды. Керісінше, бұған мүлдем керағар пікірлер айтылады. Мысалы, оралмандар міндетті түрде жоғары білімді маман болу керек деген мәселе көтеріліп жүр. Мұның қайдан шыққан әңгіме екені маған түсініксіз. Өйткені жоғары білімді мамандар бізде жетіп-артылады. Мысалы, жыл сайын Қазақстандағы қаптаған университеттерді сан мыңдаған жастар бітіріп шығады. Міне, осылардың кем дегенде жартысы өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды. Себебі жоғары білімді дипломы бар мамандар өте көп, ал ондай мамандарды қажет ететін жұмыс орындары әлдеқайда аз. Жалпы, Қазақстан Республикасы әр он мың адамға есептегенде жоғары білім алатындардың саны жөнінен Жапония, АҚШ сияқты ең дамыған елдердің өзін артқа тастап, әлемдегі ең алдыңғы қатарға шыққан. Яғни бізде жұрттың бәрі жүз пайыз жоғары білім алу керек деген ұғым-түсінік халықтың миына әбден сіңген. Ал оған керісінше, жастарға арнаулы орта білім беріп, белгілі бір кәсіпке бейімдеу барынша кенже қалған. Соның салдарынан Қазақстанда егін егетін, мал өсіретін, құрылыс салатын, түрлі жөндеу жұмыстарымен айналысатын, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін мамандар өте тапшы. Осыған орай, қазір Қазақстанда адам таңғаларлық жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, қай жерге, қай ауылға барсаңыз да, жұрттың бәрі «жұмыс жоқ, бос жүрміз» деп сары уайымға салынған әңгіме айтады. Ал бірақ көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан жыл сайын сан мыңдаған «гастарбайтер мигранттар» Қазақстанға келіп, жұмыс істеп, айтарлықтай табыс табады. Мұның себебі неде? Себебі – халқымыздың орта кәсіпті игеруге мән бермей отырғанында. Бізде қарапайым үй салатын дұрыс маман табудың өзі қиын. Тіпті кейбір ауылдарда қазақтар өз малын өзі бақпай, шеттен келгендерге бақтырып, той тойлап, сайран салып жүреді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, шетелдегі ағайындарымыздың басым көпшілігі ауыл шаруашылығынан бастап шағын және орта кәсіпкерліктің кез келген саласында жақсы жұмыс істей алады. Бұған Қазақстанға келіп орналасып, тіршілік етіп жатқан оралмандардың еңбегі айқын дәлел. Соған орай, оралмандар туралы сөз болғанда ең алдымен олардың осы пайдалы жағын ерекше ескергеніміз жөн. Көші-қон және жұмыспен қамтуға қатысты заң жобасын талқылап, қабылдағанда да осыған айрықша назар аудару керек.
Сұлтанәлі Балғабаев,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер
namys.kz



