АЙТАРЫМ БАР

Автор: Жәнібек ҚОЖЫҚ
Маңғыстаулықтар Қаратаудың ең биік шоқысы Отпан таудың басына 2008 жылы Адай атаға арнап үлкен ескерткіш-кесене орнатқан болатын. Биіктігі теңіз деңгейінен 532 метр таудың басына құрылыс салу, қара тауды қақ жарып жол жасау, ол жерді халыққа қызмет ететін тарихи-мәдени кешенге айналдыру — тек айтуға оңай шаруа. Мұндай алып құрылыс ел азаматтарының қажырлы еңбегінің, ел болып қолдауының арқасында салынып бітті. Бұл жобаның басты мақсаты — өткен ата-бабалар тарихына құрмет, оны кейінгі ұрпаққа мұра етіп, ұлттың рухани ұйытқысы болатын киелі орынға айналдыру еді.
Жыл сайын сегіз арыс Адайдан тараған ұрпақтары кезектесіп 14-наурыз күні Отпан таудың басында Амал мерекесін жоғары деңгейде өткізіп келеді. Бұл жер тек Адай ұрпақтарының ғана емес, Маңғыстауды мекен еткен барша халықтың бас қосатын мәдени орнына айналды.
Биыл Адайдың қара шаңырағы болып саналатын Мұңал ата ұрпақтары Амал мерекесіне қызу дайындалуда. Олар Отпан таудың басына «Адайдың Қара шаңырағы» деп аталатын үлкен шаңырақты үй салып жатыр. Былтыр Тобыш ата ұрпақтары Адай ата басына барар жолға қақпа салған еді. Бұның бәрі халықтың ортақ мүддеге жұмыла жұмыс жасағанының жемісі. Ендігі мәселе — елдің арқасында салынған кешен халыққа қалай қызмет көрсетуі керек? Бұл әрине, ақылдасып шешетін шаруа, қатып қалған қағида болмаған жөн, әркім өз ойын ортаға салып талқылағанымыз дұрыс.
Осы орайда «Отпан тау тарихи-мәдени кешенінде» Амал мерекесін өткізуді ұйымдастырып жатқан ел азаматтарына, айтар екі ұсыныс пікірім бар.
Біріншісі, Отпан таудың басына «Ұран отын» жағуға болмайды. Әрине, қазір ол «Ұран оты» емес, «бірлік оты» , «тағзым оты» деп атауын өзгертіп айтушылар табылар. Бірақ, ол бәрі-бір «Ұран оты» болып саналады. Ал, аталарымыз бейбіт заманда «Ұран отын» жағуға қатаң тиым салған. Неге? Сонда аталарымыз «Ұран отын» қай уақытта жаққан? Алдымен осыған тоқталайық. Адай елінде тұрақты әскер болмаған, Тосыннан шабуыл жасаған жаудан қорғану мақсатында, ең биік жерге арнайы қарауылдар қойып, отын үйген. Жаудың қарасы көрінгеннен бастап, биіктің басынан лаулатып «Ұран отын» жағатын болған. Күндіз түтінді, түнде жалынды көрген қарауылдар бір-біріне осылайша белгі беріп отырған. Маңғыстау елі жау шапқанынан әп-сәтте түгел құлағдар болған. «Ұран отының» жағылғанын көрген ел, тігулі тұрған үйлерін жығып, мал-мүлкін, бала-шағасын тасалау жерге тығып, атқа мінер ер азаматтары ұран оты жағылған орынға жиналған.
Жүйрік аттармен барлаушылар жіберген. Олар жаудың бағытын білгеннен кейін, қайтар осал тұстарына тосқауылдар қойылған. Сол «Ұран отының» арқасында ел талай жаудан аман қалған. Аталарымыз елі мен жерін осылайша сақтап қалған. Ал, ғалымдардың айтуы бойынша, «Отпан» деген сөздің мағынасы — от жағушы адам дегенді білдіреді. Маңғыстауда бұндай орындар көп: «Қонайдың үйігі», «Қарауыл күмбет», «Ақ үйік», «Отпан тау», « Үш шоқы» осылай жалғаса береді. Біздің жыл сайын 14-наурыз Амал күні Отпан таудың басына «Ұран отын» жағуымыз жақсы ырым емес, ол соғыстың белгісі.
Сонда Отпан таудың басында одан басқа не істеуге болады? Менің ұсынысым — Отпан таудың басына, қазіргі Ақтау қаласының орталығы «Ынтымақ» алаңында тұрған қазақ елінің көк байрағындай етіп көк туымызды тіксек. Жыл сайын Амал мерекесінде «Ту көтеру» салтанаты рәсімі жасалса. Үш жүздің елге сыйлы үш ақсақалы, үш абыройлы азаматы, үш баласы болып бірігіп «Ту көтеру» рәсімін жасаса, Елдің ұраны айтылса. Туымыздың тұғыры биік, тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ, үш жүздің баласы бөлінбей «бір тудың астына жиналайық» деген мағынаны білдірмей ме? Біз рулық санадан, рулық деңгейден биік тұруымыз қажет. Сонда ғана тілі де, діні де, рухы да мықты ел боламыз.

Екінші ұсынысым, 14-наурыз күнгі Отпан таудың басындағы мерекелік шараны уақытша болса да 1-мамыр күніне ауыстыруымыз керек. Неге? 14-наурыз Маңғыстауда қасиетті Амал күні болып саналады. Бұл талай ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Біз осы күнді жыл сайын асыға күтеміз. 13-наурыз күні үйімізді, ауламызды тазалап, құда күтетіндей дайындаламыз. 14-наурыз Амал күні ерте тұрып дастархан жайып, тәуір киімдерімізді киіп, аналарымыз сандықтың түбінде жатқан құнды бұйымдарын шығарып, ел көретін жерге іліп қояды. Ал, жастар үй-үйді аралап көрісіп шығады. Жасы үлкен ақсақалдар мен әжелеріміз, үйдің қақ төрінде көрісе келген жастардың сәлемін алып, батасын беріп, өз үйінде отырады.
Ел аяғы саябырсыған кезде, өздерінен жасы, жолы үлкен кісілерге, не төсек тартып ауырып жатқан адамдарға барып көріседі. Бұл талай ғасырдан бері жалғасып келеді. Сол себепті, көп ақсақалдарымыз Амал күні Отпан таудың басына бара алмай жүр. Олармен де санасу керек.
Бұл тәрбиелік мәні бар халықтық мереке болғандықтан балаларымыз міндетті түрде қатысуы қажет. Тәрбие, үлгі-өнеге бірінші жастарға қажет. Бірақ, жыл сайын біздің мектепте оқитын балаларымыз Отпан таудағы мерекеге сабақтан қашып кетпесе, қатыса алмайды. Көбіне жұмыс күніне сәйкес келгесін жұмыстағы жастарымыз да бара алмай қиналады. Сонда бұл мерекеге ақсақалдарымыз, балаларымыз, жұмыс жасайтын жастарымыз бара алмаса, бұл шара кімдер үшін жасалып жүр? Егер де осы шараны 1-ші мамырға ауыстырсақ орынды болар еді. Барлық адамдар қатысуға жағдай бар, күн демалыс, әрі 1-мамыр татулық, бірлік, халықтар достығы мен ынтымақ күні, біздің де мақсатымыз сол емес пе? Күн де жылынып, жер көктеп, мал төлдеп, жер аяғы кеңіп, Отпан таудың үсті гүлге оранып, ерекше құлпырады. Жасалып жатқан құрылыс сапалы өз уақытында аяқталады.
Бұл әрине менің жеке пікірім, ұсыныс, бәрі де жақсы болсын деген адал ниеттен туған ой ғана. Ал, сіз бұл ұсыныстарға қалай қалайсыз қадірлі оқырман қауым?
«Нехабар?!» газеті, №8 (69) 25 ақпан 2015 жыл.


