Екінші әңгіме:
Ананд АМАР
КҮННҮ ҰЛЫСЫНЫҢ КЕЗЕҢІ
/Түп нұсқадан қазақ тіліне аударған, түсіндірмелерін жасаған Жүкел ХАМАЙ/
Моңғол ұлты қай кезден бастап тарихи жазбалардан таныла бастады, қай жерлерді мекен етті деген сұрақтарға жоғарыда жауап берген едік. Енді моңғол ұлты қай кездерден бастап, тарихи мемлекет құрғаны жөнінде айталық.
Моңғол жерінде ерте шақтардан бастап моңғол , түрік, шүршіт деген үш әулет мекендеп, кезекпен төр ұлысын орнатып, қайбірі басшылық етсе, қалған екеуі соның құрамында болып келгені жөнінде де жоғарыда айтылған еді. Моңғол ұлтының төр мемлекет тарихын баян еткенде аталмыш екі ұлттың да, қатар сөз болатыны сондықтан. Және де осы үш ұлыстың ортасынан құрылған ең алғашқы мемлекет – Күннү ұлысы . Сондықтан моңғол тарихын зерттеуші ғалымдардың көбісі Күннү тарихынан сөз бастайды.
Қытайдың көптеген тарихи жазбаларында Күннү ұлысын – моңғолдың бабалары деп белгілейтіндіктен, күннү моңғолдың ата тегі екендігі дау тудырмайды. Әйтсе де, кейбір ғалымдардың еңбегінде, ертедегі күннүлердің тілі түрікке ұқсас екендігі айтылады. Және де бірер қорғаннан табылған күннү болуы мүмкін деген адам сүйектеріне жүргізілген зерттеуге қарағанда олардың бойы ұзын, танауы биік келетіндіктен моңғолдарға ұқсамайды деген де болжам айтылыпты.
Күннүлердің кезінде жасаған Қытайдың бір ханы күннүлердің басын алдыруға үкім шығарғандықтан ұзын бойлы, биік танаулы қытайлар көп өлтірілді, «нағыз Хор моңғолдың бір елінің басшысы күннүлердің басын алып беруге қытаймен келісімге келеді» — деген әңгімелер күннүлерді түрік нәсілінен екенін аңғартады. Сондай-ақ, Еуропаның кейбір жазбаларында Күннү ұлысынан қалған көне қорғаннан қытай әрпімен жазылған жиырмадай сөз табылғанын ғалымдар зерттеп, көбісін түрік сөзі десе, кейіннен өзге бір ғалымдар оны қайталай зерттеп, моңғол сөзі дегені жөнінде де деректер сақталыпты. Бұған қарағанда тіл жағынан күннүлерді моңғол емес деп тура айту дәлелсіз болғанымен, көне қорғанды зерттеу барысында ондағы жазылған сөздің көбісі моңғол сөзі екені анықталғандықтан, күннүлер мен моңғолдарды тегі бір деуге қыйсыны келеді. «Бойы ұзын, танауы биік» — деген дерекке жүгінсек, ұзын бойлы, биік танаулыларды жаппай моңғол емес, аласа бойлы кішкене танаулыларды күннү емес деп айыруға тағы келмейді. Әлгінде айтылған «биік танаулы қытайлар көп өлтірілді» дегенге мән берсек, қытайлардың ішінде де ондай танаулылар көп болмады дейсіз бе? Сол сияқты қорғаннан табылған адам сүйегін де күннү деп дәлелдеуге келмейді. Дәлелденді дегеннің өзінде, бір-екі адам сүйегінен ғана түгел күннүлердің барша ұлтының бітім-болмысын анықтауға болмайды. Сол кездегі Күннү ұлысының адам саны және әскери жасағының күш-қуатына қарағанда оның құрамында бірлі-жарым ғана ұлттың емес, сан түрлі ұлт, ұлыстың өкілдері болғаны байқалады. Олай болса, көне қорғаннан табылған сүйекті де сол көп ұлт өкілдерінің бірінікі деп түсінген жөн. Нағыз Хор моңғол күннү адамдарының басын қытайларға келісім бойынша өткізіп тұрғаны туралы деректі зерттегенде, ең әуелі соны жасатқан әулет басшысының нағыз моңғол, Тобаның өкілі екендігін анықтап алу қажет. Егер де, ол моңғол болғанның өзінде, көне ерте кезді қойып, күні кешеге дейін өзгелерге жағынып, өз ұлтының обалына қалған талай надан жан алғыштар болғанын ұмытпау керек. Сондықтан да, жоғарыда айтылған деректердің қайсы бірі де Күннү ұлысын құрушылар кім деген сұрақты толық анықтай алмайды. Сол себепті біз енді нақты тарихи деректерге жүгінеміз.
Моңғолдарды қытайлар «ху», тибеттер «хор» деп атайтынын жоғарыда айтқан едік. Ендеше, сол қытайлар күннүлерді де «ху» деп атаған. Күннү ұлысының тұсында дәуірлеп тұрған Цинь Ши Хуан : «Цинь ұлысы билігін Хулар құлатуы мүмкін» деген бір сөзден күдіктеніп, Күннү ұлысын солтүстік қиырға қуалап, ұзын қорған салдырады» — деген деректемеге сүйенсек, Күннү қағанатын Ху атағаны расталады да, күннүлермен қатар өмір сүрген Хан ұлысының ғалымы Сы Мазинь: Цинь Ши Хуанды теріске шығарып, «Цинь Ши Хуан күннүлерді тым алысқа қуғандықтан, хулар жылқысын ілгері келіп, өрістетпейтін болды» — деп жазады. Және де, Күннү ұлысының шауашылығы мен салт-санасы қазіргі кездегі моңғолдардан айнымайтын, үнемі мал өсіріп, көшіп-қонып жүрумен қатар садақ, жебе, найза, қылыш ұстап, сауыт киетін. Бұл жөнінде Грумм Гржимайло: «Күннү аймағының салт-санасы мен ежелгі моңғол салт-санасында соншалықты айырмашылық болмаған, сондықтан ерте кездегі моңғолдардың салт-санасы жайлы айтылмай қалған сөзді күннүлерді толықтырып айту арқылы түгелдеп алуға болады» — дейді.
Күннү дегені – Ху; Ху дегені – моңғол екені жөнінде осы айтылған деректерден өзге де, көптеген деректерді келтіруге болғанымен, соның бәрін тәптіштеп жатудың пайдасы шамалы. Күннү ұлысының құрамында жеке бір ғана аймақ емес, қаншама аймақ, тайпа, ру, ұлыстар болғаны себепті солардың құрамында моңғолдардың да болғаны шындыққа саяды. Сондықтан, Күннүлерді «моңғол» немесе «моңғол емес» деп дауласып, уақыт алдырудың қажеті жоқ. Күннү ұлысы бір ұлттың емес, бірнеше ұлттардың күш-қуатымен орнап, соңында тайпа басшыларының жеке-жеке хандық құруының салдарынан бүлінгендігі анық . Бұлардың алғашқысы Модұн қағанның тұсында бір хандыққа бағындырылып тұрғанымен соңында жеке-жеке бөлініп, ыдырап кетеді. Осы кездегі моңғолдардың жағдайы туралы қытай деректерінде; Сяньби мен Тоба ұлыстары жайлы айта келіп, Сяньби мен Тоба ұлысы Батыс Хань ұлысы тұсында ұлыстың шығыс бөлігіндегі көптеген аймақтар өзара қырқысып, бір топ аймақ жеке бөлініп, сол түстікке барып, Сяньби, Ухань дейтін екі тауды сағалайды. Олар Дун Ху деп аталатын Сяньби және Ухань ұлыстарынан құралатын.
Тоба әулеті Сяньби ұлысына қарасты Сүтао деген жеке аймақ құрады. Кейіннен Зинь ұлысының Ухуандиінің тұсында осы Сүтао аймағының маңындағы Ди деген жерде Ху ханды биік таққа қондырып, ұлыс атауын Ди деп өзгертіп атайды. Ди ұлысының жері деп жүргені ежелден Күннү ұлысына қарасты Ши Сянь ванның көп аймағының өлкесі. Бұған Тоба аймағы да кіреді. Бұлардан кейін иелік құрған Цинь ұлысы Ди ұлысымен соғысып жеңеді де, ұлысты шығыс және батыс деп екі аймаққа бөліп, шығыс аймағын Лю Гожэнь, батыс аймағын Лю Вэйчэнь-ге басқартып, Цинь ұлысының құрамына енгізеді. Лю Вэйчень Күннү ұлысының аймақ уәзірі болады. Сол тұста он жеті жыл бойы өзеннің оңтүстігіндегі Күннү ұлысының аймақтары түгелдей Ди ұлысына бағынып тұрған» — деп жазады. «Кейіннен Сүн ұлысының кезі, Бэй ұлысының иесі, тоба әулетті Вэнь Ди ханның тұсында өзеннің шығыс және батысы, сондай-ақ, солтүстігіндегі аймақтарды жартылай иеленіп, осы жерлерде мекен ететін Күннү ұлысының Ху адамдары түгелімен соларға бағынады. Сондықтан да, кейбірі Шивэй Ху аталатын болған» — деп жазады. Бұл өзен деп отырғаны – Сарыдария дейтін Қатын өзені. Және де, ганьму жазбасында күннүлер туралы: «Хань ұлысының Гуань У ханының тұсында күннүлер оңтүстік пен солтүстікке екі бөлініп отырған. Сол кезде күннүлердің сегіз бірдей аймағының уәзірлері бас қосып, кеңес ашады. Кеңесте орталарынан бір шаньюй сайлап, солтүстік хуларға қарсы соғыс ашуды ұйғарып , оны ханға жеткізеді» — деп жазады. Осы дерекке қарағанда Солтүстік Күннү құрамында хулар болғаны анық сияқты. Және де оңтүстік Күннүлердің құрамында да моңғолдар болған. Осы оңтүстік Күннүдің кейінгі ұрпағы – немере, шөберелерінің кезінде мықты, шыдамды адамдар кезек-кезегімен туылып, кейбірі Қытай ұлысының төр иелігін жаулап алуды да көздеген. Қытай жазбаларында бұлардың барлығын Күннү ұлысының ұрпағы, Худың адамдары деп жалпылай жазады.
Демек, қытай ғалымдарының күннүлерді моңғолдың ата-тегіне жатқызатындығы шындыққа саятындықтан, моңғол тарихын зерттеуші өзге ғалымдардың да моңғолдың ұлыс, мемлекеттік тарихын осы күннүлерден бастайтыны дау тудырмас дұрыс қадам.
Күннүлер Шыңғыс ханнан 1416 жыл бұрын, адуын Цинь ұлысынан көп бұрын Сарыдария дейтін Қатын өзенінің оңтүстігіндегі қазіргі Ордас жерін мекен еткен. Сол кезден сәл ертеректе болған Қытайдың жеті ұлысының құрамындағы Жао, Янь, Цинь ұлыстары күш біріктіріп, күннүлерді кері қуалап, ұзын ақ қорған орнатады. Содан Шыңғыстан 940 жыл бұрын Цин Шихуан күннүлерді түгелдей /түстікке қарай/ қуып, ұзын ақ қорғанды жаңартып салады.
Күннү ұлысының алғашқы ханы Түмен деген шаньюй дәрежелі кісі болған. Күннү ұлысы ханымдарын яньжи деп атаған. Түмен ханның үлкен ұлы Модұн еді. Әйтсе де, кіші ханымының сөзіне көніп, хан тағын үлкен ұлы Модұнға емес, кіші яньжиінен туылған ұлға беруді ұйғарады. Бұған ашуланған Модұн әкесі Түмен ханды кіші яньжиі, одан туылған ұлдарымен қоса өлтіріп, Шыңғыстан 1370 жыл бұрын өзі хан тағына отырады.
Модұн, Ду Ху деп аталатын шығыс моңғолды иеленіп, батыс тарапқа Қатын өзенінің батысындағы Сихэ дейтін жердегі Юйвэйди деген ұлысты да жаулап алады.. Содан Қытайдың иелігіне кеткен байырғы ата-баба жерлерін түгелдей қайтарып алып, солтүстікте Байқал теңізі, оңтүстікте батыс Алтайға дейінгі кең аралықтағы көптеген тайпаларға билік жүргізеді. Модұн хан Хань ұлысы мен Чу ұлысының соғысын көріп, отыз түмен әскермен Хань ұлысына қарсы соғыс ашып, оның қолбасшысы Хан Ван шаниді өзіне қаратады.
Тайюань аталатын қаланы басып алады. Содан Хань ұлысының ханы Гао Зу Күннүлерге қарсы соғысуға келеді де, Бэтянь деген қалада Модұн ханның қоршауында қалады. Гао Зу жеті күн бойы қамауда қалып, Модұнға сый-сияпат көрсетіп жүріп, қоршаудан әзер құтылады. Бұдан соң ол Модұнға сұлу бегімін сыйға беріп, күннүлермен мықты қарым-қатынас жасайды. Жыл сайын үзбей алым-салық төлейді. Модұн хан өлгеннен кейін оның ұлы Лао Шан таққа отырады. Ол әскерін көбейтіп, ұлысын қуатты етеді. Хань ұлысына қатерлі де күрделі жазылған жасырын хаттар жібереді. Өзін Күннү ұлысының ұлы Шаньюйі деп жариялайды. Содан бастап Күннү ұлысының дәуірлеген атақ-даңқы келесі бірнеше шаньюйлерге дейін жалғасады. Күннүлердің ерлері сәйгүлік ат мініп, тау-тас, өзен сулардан өткенге, садақ тартып, оқ атқанға асқан шеберліктерімен маңайындағы ұлыстарға үрей тудыра бастайды. Қытай ұлысын дүркін-дүркін шабуылдап, мал-мүліктерін, қала-кенттерін тартып алады. Хань ұлысы да есе берместен тіресіп, әуелі қалың әскерін ойсырата жеңіп, жеңілген кезде сұлу бегімдерін беріп, алым-салық төлеу арқылы татулық келісімдерге келумен талай жылдарды өткізеді. Кейіннен Хань ұлысының әскери қуаты қайта артып, Вэй Цин Хо Циюбинь деген қолбасшылар әрқайсысы бес түменнен әскер жинайды.
Вэй Циннің әскері күннүлердің жеріне баса көктеп кіріп, екі түменнен астам адамын өлтіріп, содан Тәңір тауындағы күннүлердің жинаған астығын өртеп тастап, қайтып кетеді. Хо Циюбиннің әскері екі шақырымдай жер жүріп, Ланхуйсюй тауынының маңына топырақтан төбе тұрғызып, белгі қалдырып, Ханьхай теңізіне жетіп, Күннү ұлысымен соғысып, жеті түменге жуық адамын тұтқынға алады. Осы екі шептегі әскердің мінген атының саны алғашында он төрт түменге жетсе, қайтқанда әскерінің саны үш түменге әзер жеткен деседі. Содан кейін күннүлер алыс жаққа қарай ығысып барып, күш-қуат жинайды да, Хань ұлысына қайтадан шабуылдайды. Ұлысты жаулап алып, халқы мен әскеріне егін салдырады. Дәл осы тұсты баяндайтын тағы бір жазбаларда, бұл соғысты болмаған, себебі, ол тұста күннүлерде соғысуға тұрарлық ат-көлік, әскер-сайман болмаған дейді.
Осы кезде күннүлердің ішінде түрлі қырқыс пайда болады. Қатын өзенінің батысын билеп тұрған Күннү ұлысының Хан Шэнь Ван дегені қарамағындағы халқымен Хань ұлысының қол астына кіреді. Содан Хань ұлысы Іле бойын мекен еткен Усунь ұлысын жаулап алып, Күннү ұлысының батыс аймақтарына бөлінуді талап етеді. Бұған Дансяни мемлекеті де қосылсын деп, Усунь, Давэй, Даювэйди, Дасянь қатарлы он үш ұлысқа түгелдей жарлық жібереді .
Осы достасу жарлығынан кейін көптеген тайпа, ұлыстар түгелдей Хань ұлысының құрамына кіре бастайды. Бұған дейін олар Күннү ұлысына қарап келген. Бұл туралы Грумм Гржимайлоның жазбаларында: «…Қытайлар бұл жерге Шыңғыс қағаннан 1269 жыл бұрын (Христостан бұрынғы 108 ж.) әскери жасақтарын аттандыра бастаған. Кейіннен Шыңғыс қағаннан бұрынғы 1265-1261 /Христостан бұрынғы 104-100 жж./ жылдар аралығында қолбасшы Ли Гуаньли Самарқан Хожандының батыс оңтүстігіндегі Давань деген жерге, қалың әскерімен екі рет соғыс ашып, қайтар жолда Түркістанның барлық аймақтарын жаулап алады.
Бұл жорықты пайдаланып, қытайлар күннүлермен соғысуға қолайлы оң қанатын қауіпсіздендіріп алады. Және шөл дала арқылы күннүлерге көп күшпен, шабуылдауға қолайлы жаңа жол тапты» — деп айтылады. Күннү ұлысы солтүстік қиырға шеттеп барып, ат-көліктерін тынықтырып, қару-сайманын жасақтаған соң, Хань ұлысына қарсы соғыс ашады. Бұл соғыс сәтсіз аяқталады да, қайта дайындалып, соғысқан кезде Ухань және Усунь ұлысы күннүлердің оң мен солынан қатар шабуылдайды. Усуньдер Қытайлармен күш біріктіру арқылы Күннү ұлысынан Жунгар -ды тартып алады. Өйткені, Усуньға шабуылдаған Күннүдің әскерлері қарлы дауылға тап болып, және де Күннү ұлысының жеріне бір күнде адам бойынан асатын /екі құлаш/ қалың қар түскендіктен, мал-жаны көптеп шығынға ұшырайды. Осы орайды пайдаланған Динлин Ухань, Усунь аймағы күннүлерге үш жақтан қатар шабуылдап, онсыз да табиғат апатына ұрынған елді, одан әрі титықтатады. Әйтсе де, ержүрек күннүлер Қытайға қарсы шабуылын үдете түсіп, оларды жеңіп тынады. Сөйткен шақта күннүлер өз ішінен қайта бүлініп, бес бөлек шаньюй орнатып, бірімен-бірі қырқыса бастайды. Ақырында, Батыс Күннү, Шығыс Күннү деп екі ұлысқа бөлінеді. Екі Күннү ұлысының басшысы Хань ұлысына өз-өз ұлдарын жалшылыққа жібереді. Шығыс Күннү ұлысының шаньюйі мұнымен тынбай, Хань ұлысының қол астына бодандыққа кіреді. Бұған Батыс Күннү ұлысының шаньюйі Зи Зи қарсы болып, Шығыс Күннүмен соғысып, Орқұн өзенінің бойындағы Ханғай тауын тартып алады.
Динлиндер дәуірлеп тұрған кезінде Байкөл -ден Алтайға дейінгі кең алқапта иелік етіпті. Күннүлердің күйреуіне Динлиндер үлкен әсер еткен. Оларды ҮІІІ-ІХ ғасырларда моңғол жеріне иелік құрған, ұйғырлардың арғы тегі деседі. Сонан Хань ұлысы Же шаньюйге көмектескенін естіп, Усунь ұлысымен күш біріктірмек болады. Усуньдер бұл тілекті қабылдамай, арнайы жіберген елшісін өлтіргендіктен, Зи Зи қалың әскерін Усунь, Уцюй, Динлин, Гяньчун ұлыстарына қарсы аттандырып, соғысып жеңеді. Қырғыз ұлысын астана қылады. Хань ұлысына жіберген ұлын алдыртады. Сонан Усунь ұлысымен қайта соғыса бастаған тұста, қарлы дауылға ұрынып, Қытайдың айласына түскен Зи Зи шаньюй қаза табады. Сөйткен шақта Шығыс Күннү ұлысының шаньюйі Хань ұлысына күйеу болып, бітімге келеді. Бірақ та, Хань ұлысының тағын уәзір Ван Ман тартып алып, Күннүлерге қарсы қыспақ көрсете бастайды. Бұған көнбеген күннүлер қайта бірігіп, Қытайға қасы аттанып, оның шеткері аймақтарын жермен жексен қылады. Сөйткеннен кейін Күннүлер қайтадан өз іштерінен қырқысып, оңтүстік, солтүстік болып, екіге бөлінеді. Оңтүстік Күннүлер Қытай ұлысына бодандыққа енеді. Солтүстік Күннүлер Қытайлармен бірде соғысып, бірде бітімге келіп жүрген шақта Оңтүстік Күннү, Ухань, Сяньби үшеуі күш біріктіріп, қарсы шабуылға шығады. Бұлардың сыртында батыстан Динли, шығыстан Сяньбидің өзге тайпалары қоса шабуылдағандықтан, Оңтүстік Күннүдің 58 аймағы жаулардың қолында қалады. Бұдан кейін Хань ұлысының уәзірі Ту Сянь қайта шабуылдап, Оңтүстік Күннүлер Силу шань деген тауда үлкен жеңіліске ұшырайды. Барлығы 81 аймағы жау қолына түсіп, 20 түменнен астам адамынан айрылады. Бұл жеңіске масаттанған Ту Сянь Ганбин деген жерден аттанып, үш мыңнан астам шақырымдағы Ян, Тяньшан тауларына өрмелеп, биік жартасқа Хань ұлысының мәртебесін дәріптеген белгі қалдырып қайтады. Содан ол Солтүстік Күннүлерді шабуылдауға Хан Гуй Жаньшан дегенді аттандырып, Синьвэйшань тауын бөгеп, қатты соққы береді. Шаньюйі қашып жүріп өледі. Қытай әскері сол екпінімен бес мыңнан астам шақырым жерге барып орналасады. Хань ұлысы әскерлі болғалы бері, мұндай алысқа шабуылдамаған. Синьвэйшань тауы Дадан ұлысының жері деп жазады, Қытайдың көне жазбаларында. Демек, Синтвэйшань тауы деп – қазіргі Алтай тауының батысындағы Тарбағатай тауын айтқан сияқты.
Бұдан кейін Солтүстік Күннү ұлысы мүлде жойылып, қалған он түмен адамды Сяньби ұлысы қол астына алады. Бұл Шыңғыс қағаннан 1068 жыл бұрын болған оқиға. Ұлы Күннү ұлысының жойылғанын осы күнмен есептейді.
Оңтүстік Күннүлер бодан болғанына қарамастан, дүркін-дүркін Қытайға қарсы соғысып, кейде Сяньби мен Ухань ұлыстарымен күш біріктірсе де, Қытайдың қалың қолына төтеп бере алмайды. Қытайлар Күннү ұлысын бес аймаққа бөліп алып, әлсіретеді. Сөйтіп, Шыңғыс қағаннан 871 жыл бұрын осы Күннү ұлысын шығыстағы аймақ басшысы Лю Будың ұлы Лю Юань деген мықты билеп, бес аймаққа басшы болады. Содан Лю Юань өзінен бұрынғы аталары Хань ұлысының бегімдерін алып келгендіктен, өзін сол Хань ұлысының жиенімін деп жариялап, хуанди тағына отырады. Ұлысын Хань деп атайды. Ол Қытайдың батыс Зинь ұлысының екі ханын тұтқындап, елдерін өзіне қаратып алады. Кейіннен оның баласы Лю Цун таққа отырып, Чаньань қаласын астана етіп, ұлыс атын Жао деп өзгертіп, Күннү мен Жао ұлысының билігін қатар ұстайды.
Бұдан кейін неше буын өткен соң, сол елдің уәзірі Ши Лэ Жао ұлысын жойып, өзі хан тағына отырып, Солтүстік Жао ұлысын орнатады. Соңынан төр ұлысы ыдырап, билік Цинь ұлысына ауысады. Күннү ұлысының соңғы қалдығы осылайша құрыйды.
Күннүлердің салт-дәстүрі туралы ғалымдар былай деседі. Күннү ұлысының жарғысы жеңіл, қолдануға қолайлы, хан, уәзірлермен қатысуға кедергісі аз барша ұлысты басқару бір ғана адамды басқарған сияқты, жоғарғы, төменгі деп бөлінбейтін, салық өндіріске көптің күшін зая етпейтін, адамдары әшекей, сәнге құмарланбайтын, тек қана малмен өмір сүретін ел. Күннүлер көбінде әскери жаттығу, ойын-сауық, аң аулаумен уақыт өткізеді. Мінездері әсте қатаң сезілгенімен, ел ішінде қылмыс атаулы болмайтындықтан, жазалылар қай кезде де, ондық сандардан аспаған. Әскери қарулары садақ-жебе, қанжар, қылыш, сауыт, дулыға болған.
Күннүлердің тұрмыс-салты қазіргі кезгі моңғолдардан ешбір өзгеріссіз еді. Тәңірлік дінін ұстанып, аруаққа сиынып, аспан, күн, ай, жерге табынатын. Дүниеде сан жетпес пәле-жала, көзге көрінбес құдірет бар деп, тірліктегі жан-жануар, өсімдікке табынуға жасалған көптеген сенім орындары Ордастан ілгері Қатын өзенінің бойында бертін уақытқа дейін болған десе, тағы бір тарихи жазбаларда: «Хань ұлысының әскелері Күннү ұлысының әскерлерінің тәу етіп жүрген Бұрқан бейнесін тауып алғаннан кейін, Хань ұлысы Бұрқан дінін ұстанатын болған» — дейді. Бұған қарағанда күннүлердің ішінде Бұрқан дінін ұстағандар болғанға ұқсайды.
Түсіндірмелер:
[1] Мұнда сол кездегі көшпенділерге қатысты әңгімелер жалпылама «моңғол» деп айтылған. Бұл атауды көшпенділер немесе сол кездегі атауымен «хулар» деп атасаңыз, Үйсін хандығына дейінгі қазаққа қатысты әңгімелер айтылғанын аңғарасыз (Аудармашы).
[1] — Күннү ұлысы – «Күннү (Ғұн) империясы», «державасы» деп түсінген жөн.
[1] — Цинь Ши Хуан — Цинь ұлысының иесі.
[1] — Хулар – бұл жерде моңғолдар. Негізінен қытайлар жалпы көшпенділерді осылай атаған.
[1] — Бұл жерде автор Күннүлердің бір кездегі әлсіреген тұсын сөз етіп отыр. Қуатты Күннү мемлекетінің күйреуі — Модұн шаньюйдің Қытай шаруасының қызын қалыңдыққа алуынан басталған қателік, қытайдың жеке хандықтарға қыздарын беру арқылы оларды біртіндеп «іштей іріту» саясатының әсерінен болатын.
[1] — Модұн – Күннү қағанатының Түмен шаньюйдің (ханының) ұлы. Модұн (б.з.б. 209-176жж.) өзінің қайрат-жігер, ілімімен әкесінен билік тізгінін тартып алып, әйгілі Күннү ұлысының негізін қалаған. Модұн ханның тұсында Қытайдың Хань ұлысы 50 – ге жуық жыл Күннү хандығына бағынып тұрған. Б.з.б. 199 жылы Хань ұлысының ханы Гаоди кеңесшісі Лю Цзиннің ақылымен Модұн шаньюйге «өз қызым» деп, алдап, қарапайым шаруа қытайының қызын ханымдыққа береді. Оған қоса жыл сайын тұрақты алым-салық төлейді. Ханым болған қытай қызы арқылы күннүлерді қытайландыру саясаты неше жүз жылға созылады. Ақырында Гаоди ханның жиендері өз тектерін Лю деп өзгертіп, өздерін қытайлармыз деп жариялап Күннүдің хан тағы үшін күрес жүргізеді. Нәтижесінде Күннү ұлысы екіге бөлініп, Оңтүстік күннүлер тегіне тартып, қытайларды жақтап соғысып, қытайға сіңіп кетеді. Солтүстік Күннүлер Еуразия кеңістігін бойлап, Сақ, Алан, Ғотұттардың самсаған қалың қолдарын жеңумен жүріп, Еуропаның тереңіне бойлап қоныстанады. Сол жерде Әтиллә ханның қуатты қол астына бірігеді. Ромды тізе бүктіреді.
[1] — Сяньби – Сяньбилердің ата тегі ежелгі Дун Хулардың бір бұтағы. Сяньби аймағының бұл үлкен құрылымы б.з. І ғасырында құрылған. Сяньбилер б.з. І ғасырынан ІІ ғасырына дейін Орта Азияға билік жүргізіп, дәуірлеп тұрған. Сяньби аймақтарының бұл құрылымы б.з. ІІІ ғасырынан ҮІ ғасырына дейін жасаған. Сяньбилердің кейінгі жұрағаттары Шивей, Қидан сияқты моңғол аймақтары болып есептеледі.
[1]- Батыс Хань – Хань мемлекетінің негізін қалаған Любан биліктен айрылып, Ван Ман (б.з.б.8 ж) билік құрғанға дейінгі аралықты тарихта Батыс Хань ұлысының кезі (б,э.б. 206-8 жж.) деп атайды.
[1] — Зинь ұлысы (265-420 жж.) – 265 жылы Сы Мацянь деген адам Вэй ұлысын құлатып, Батыс Зинь ұлысын (265-316 жж.) орнатыпты. 315 жылы батыстағы көшпелі аймақтардың шабуылынан жеңіліп, ұлыс астанасын оңтстікке көшіріп, Солтүстік Зинь ұлысы кейіннен Зинь ұлысы (317-420 жж.) аталыпты.
[1] — Ухуанди – Батыс Зинь ұлысын (265-290 жж.) орнатушы.
[1] — Цинь ұлысы – ІІІ-ҮІ ғасырларда қытайдың солтүстігін мекендеген көшпелі аймақтар құрған «бес тағының 16 ұлысы» — ның бірін айтқаны сияқты.
[1] — Сүн ұлысы – 420-479 жж. Қытайдың оңтүстігінде орнап тұрып, 479 жылы Ци атанған ел.
[1] — Шивэй – моңғол текті көшпелі аймақтың атауы. Шивэйлер негізінен Кидандармен тектес келеді. Сондығынан елдің солтүстігіндегілерін Шивэй, оңтүстігіндегілерін Кидан деп атапты. Шивэйлер қазіргі Мүгден (Шэньян) қаласынан артқа қарай, Қарадариядан Әмударияның ортаңғы сағасына дейін Хянған тауынан кең Сұңғар дарияға дейін Жасыл өзенді мекен еткен деседі.
[1] — Ганьму жазбасы – Қытайдың солтүстік Сүн ұлысының тарихшысы Сы Маяуан (1019-1083) 403-953 жылдары қытай жерінде болған уақиғаларды қамтып, 1066-1084 жылдары жазған жазбасын «Зы Жи тунзянь Ган му» («Төр билігіне көмекші айна сөз») деп атапты. Ол шығарма төр ұлыс, әскери оқиғаларды негіз етіп, әлеумет пен мәдени уақиғаларды қысқаша ғана баян еткен. 294 тараудан тұратын жазба дерек. Мұны моңғолдың тарихи шежірелерінде Ганьму жазбасы деп атайды.Революциядан (1921 ж.) бұрын моңғол ғалымдары ганьмужазбасын манжұр тіленен моңғолшаға тәржімалаған.
[1] — Гуань У – Шығыс хань ұлысының (25-225 жж.)ханы. Ол 25-78 жылдар аралығында иелік құрған.
[1] — шаньюй – аймақ басшы, кіші қаған атауы.
[1] — Бұл жерде қытай қыздарынан туған, солардың ықпалымен тәрбиеленген қытай патшаларының жиендерінің солтүстіктегі таза текті көшпенділер хандарына қарсы бағытталған, жасырын әрекеттері айтылып отыр.
[1] — Түмен (шаньюй) — Күннү ұлысының тарихындағы алғашқы шаньюй. Кейіннен б.з.б. 209 жылы өз ұлы Модұнның қолынан қаза тапқан.
[1] — Яньжи – Күннү хандарының ханымын «Яньжи» деп атайды. Бұл күннү сөзі сияқты.
[1] — Сихэ – Хэси жерін айтқан сияқты. Хэси – Қытайдың Сарыдариясының батысындағы өлке.
[1] — Юэчжи немесе Юйвэйди – б.з.б. Ү ғасырда Хэсиді мекен еткен көшпелі аймақ. Олар б.з.б. ІІ ғасырда күннүлерден ығысып, орта Азияға қарай барып, Бактр ұлысын иеленген. Юэчжилер Соғдылардың ата тегі. Ювэйди-лерді Ари тілді ұлт болған деседі.
[1] — Хань ұлысы мен Чу ұлысы – Қытайдың жаугершілік ұлыстарының кезіндегі (б.з.б. 403-222 жж.)Хань, Чу ұлыстарын меңзеп отырғаны сияқты. Хань б.з.б. 403 жылы құрылған.Хэнань өлкесінің орталық, батыс жағымен Шаньси өлкесінің оңтүстік батысында орнап тұрған. Хань ұлысының астанасы Хэнань өлкесінің Юйсянь қаласының Яньшан бөлігінде болған деседі.
[1] — Тайюань-Цинь (б.з.б. 221-207 жж.) ұлысының тұсында құрылып, Хань (б.з.б. 206 – б.з. 8 жылдары) ұлысының тұсына дейін болған өлкелік құрылым. Өлкенің орталығы Зиньян қаласы.
[1] — Гао Зу – «Биік бала» деген ұғым беретін лауазым атауы. Хань ұлысын құрушы Лю Банды алғаш марапаттаған атақ.
[1] — Бэтянь — Хань ұлысының тұсында құрылған Сианның атауы. Сианның орталық қаласы Шаньси өлкесінің Датунь қаласымен іргелес болған.
[1] — Лао Шан – модұн шанюйден кейін әкесінің тағын жалғастырған кісі. (б.з.б. 171-161 жж.) Әкесінің ішкі, сыртқы саяси ісін жалғастырушы.
[1] — Вэй Цин — Хань ұлысының У Ди ханының әскери қолбасшысы. Тірі кезіндегі лақап аты – Жун Цин, өлгеннен кейінгі аты – Ле Хоу деп аталған. Күннүлерге қарсы жеті мәрте соғыста қолбасшылық еткені үшін Қытай тарихында ерекше орын алған. Ол б.з.б. 106 жылы қайтыс болған.
[1] — Хо Циюбинь (б.з.б. 140-117 жж.) – Хань ұлысының У Ди ханының кезіндегі әскери қолбасшы. Күннүлерге қарсы табанды күресіп жүріп, 24 жасында қаза тапқан. Қайтыс болғаннан соң Зинь Хунь Хоу деп даңқы артқан адам деседі.
[1] — Хань хай – Шөл құмын /Гоби/ осылай атаған сияқты, Кеңес Одағы ғалымы В.С. Таскин «Хань хайды жыл құсы көп жиналатын Амурдаияның жоғарғы сағасы» деп те жазған.
[1] — Усунь – ақшулан сары шашты, көк көзді көшпелі халық. Б.з.б. ІІ ғасырда Хэси жерінен Жетісу жеріне көшіп барып, б.з. ІІІ ғасырына дейін мекен еткен. Усуньнің кейбір қалдықтары Тәңір тауына қоныс аударған. Сол жерде Сақ тайпаларымен араласып, Гуньмо деген біріккен аймақты құраған. Қазақ тарихында «Үйсін» деп аталып жүр.
[1] — Тарихшылар мұндағы айтылған Даювэйди мен Усунь ұлысын Арилердің тұқымы болуы мүмкін деп, белгілепті. Әйтсе де, бұлардың қайсысы түрік, қайсысы моңғол ұлты екенін ажырата алмаған .
[1] — Ли Гуаньли – Хань ұлысының У Ди ханының әскери қолбасшыларының бірі. Давнь деген жерге жорыққа аттанып, хан иесіне «тәңірдің атын» ұстап мінгізген деп атағы жайылған адам. Күннүлерге екі мәрте ұлы жорықты бастағанымен, екеуін де сәтсіз аяқтаған. Туыс-туғандарының өлім жазасына кесілгенін естіп, (Ли Гуаньли) күннүлерден жеңіліп, кешікпей б.з.б. 96 жылы қайтыс болыпты.
[1] — Давань — Орта Азия жерінде болған ұлыс. Бір атауы Ферғана, Қытайлар оны Давань деп атаған. Ферғаналықтардың тең жатысы диқандықпен, қалғандары көшпелі тәсілмен өмір сүрген. Ферғана Ұлы Жібек жолының түйілісіне орналасқан.
[1] — Зүүнгар – Жунгар – с.с. Сол қол.
[1] — Динлин – Б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. Ү ғасырына дейін Солтүстік Азияны мекен еткен түрік тілді аймақ. Алғаш Күннүлердің басқаруында болып, кейіннен жеке орнаған деседі.
[1] — Орхон – Орқұн (өзен атауы)
[1]- Байкөл – Байкал көлі.
[1] — Гяньчун – Қырғыздың қытайша атауы.
[1] — Лю Юань – Батыс Зинь ұлысының (265-316 жж.) қарамағында болған Күннү аймағының басшысы. 304 жылы Күннү аймағының басшылары оны шаньюй сайлапты. 308 жылы Шаньси аймағының Лишиш Силанның Зогочен қаласын иеленіп, Лю Юань өзін хан деп жариялап, ұлыс атауын Хань деп атайды. . 310 жылы Лю Юань дүние салып, оның тағын Лю Цун жалғастырады.
[1] — Батыс Зинь – 265-316 жылдар аралығында болған ұлыс. Сычы Маянь деген адам Қытай тарихындағы үш ұлыстың кезеңі (220-265 жж.) мен феодалдық қоғамның ыдырауын әзер бастан кешіріп, 265 жылы Батыс Зинь мемлекетін орнатыпты. Десе де, ішкі шиеленіс, батыс пен шығысындағы көшпелілердің шабуылына дүркін-дүркін тап болып, мемлекет астанасын оңтүстік Нанжиге көшіріп, орналастырғаннан соң Батыс Зинь ұлысы жойылып, Шығыс Зинь ұлысының дәуірі (317-420 жж.) басталады.
[1] — Жао ұлысы – 318-319 жылдар аралығында Қытайда орнап тұрған Хань ұлысын құрушы Лю Юань қайтыс болысымен оның ұлы Лю Цун ұлы тақты жалғастырады. 318 жылы Лю Цун қайтыс болысымен Хань ұлысы да күйрейді. Лю Цунның бауыры Лю Яо Чаньань қаласын иеленіп, өзін хан дәрежесіне көтереді. Ұлысын Жао деп атайды. Алғашқы Жао ұлысының құрамына Хэдун (Шаньси аймағының ішкі өлкесі) мен Юнжоу екеуі енетін. Соңғы Жао ұлысы 329 жылы алғашқы Жао ұлысын күйреткен деседі.
[1] — Ши Лэ – Зе аймағының адамы. Алғашында Лю Цудың армиясының қолбасшыларының бірі болған. Кейін әскер саны көбейіп, армия нығайған кезде 319 жылы Сянчо (Хэбэй аймағы, Синтай) қаласын иеленіп, Жао ұлысын орнатады. Бұл Жао ұлысы 350 жылы төңкерісшілер көтерілісінен күйрейді.
[1] — Цинь ұлысын – 350 жылдары Шаньси өлкесінде болған Ди аймағының басшысы Фу Зянь, Чаньань, Гуанжун қалаларын иеленіп, алғашқы Цинь мемлекетін орнатады.383 жылы алғашқы Цинь мемлекеті Шығыс Цинь ұлысынан жеңіліп, жойылады.
Zhukel Khamay facebook парақшасынан алынды



