Қазіргі таңда Қытай елінің батысы, нақтырақ айтсақ, Шинжан Автономиялы Ұйғыр Ауданының шығыс қапталы саналатын: Өр Алтай, Баркөл, Мори, Ақсай өңіріне аты әйгілі Қайысбай Иісұлы деген әйгілі балуан өткен.
Балуанның немере баласы Астана қаласының тұрғыны Семсер мырзаның пайымдауынша: Қайсекең 1866 жылы Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келіп, 1960 жылы желтоқсан айында Шіңгіл ауданы, Бәйшін қыстағында 94 жасында бақилық болған дейді. Бұл жерде ескеретін жайт: балуанның өмір тарихын зерттеген қаламгер Баяхмет Жұмабайұлы балуанды 1890 жылы туған деп жазыпты. («Қытайдағы қазақ балуандары», Алматы. 2007 ж. 36-б).
Біздің пайымдауымызша соңғы дерек шындыққа жақын. Өйткені, күллі қазаққа аты мәшһүр таэквондашы Мұстафа Қабенұлы (Өзтүрік) осы Қайысбай балуанның үлкен қызынан туады. Таратып айтар болсақ, Мұстафаның анасы Қайысбайқызы Рәзия 1916 жылы туғаны белгілі. (Разия апамыз өткен жылы 86 жасында дүниеден өтті). Сонда Қайсекеңнің 26 жасында Рәзия өмірге келген болып есептеледі. Осыған қарағанда соңғы нұсқа шындыққа бір табан жақын…
Айтпақшы, сонау Алтайдан ел үріккен 1940-жылдары көшкен жұртпен бірге Қайсекеңде Ақсай-Гансу жаққа ауып барып, босқындар туған топырағын тастап Үндістанға өткенде, сол жерден атының тізгінін тартып, шекара маңында қалып қойған көрінеді. Екі қызы Разия мен Зария қашқан елдің көшімен бірге Үндістан өтіп, Түркияға жетіп, соңында Еуропадан бірақ шыққан. Бұл өз алдына үлкен тарих…
Сонымен айтағымыз: Қайысбай балуан 19 жасында арысқа түсіп Баркөл-Моридің «Ақтас» жайлауында ұйғырдың атақты балуаны Насырды жығып атағы шықса, одан кейін Алтай-Қобданың қазақ-қалмақ қатысқан аламан тойында ойрадтың атақты күш иесі Донғара балуанды жеңіп, заманында теңдессіз күш иесі атанған екен.
Жалпы Алтай-Қобда өңірін мекен етуші қазақтар салтында күш иесі балуан өзінен кейінгі ұрпаққа мықтылығын паш ету үшін ауыр тасты көтеріп белгі ретінде көрннкті жерге қойып кететін дәстүр болған. Мысалы, Қаба-Буыршын өңірінде атақты Қойлыбай балуаның көтерген тасы әлі тұрса, еліміздің тарихи өңірі Баянауылда Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз көтерген тас аудандық өлкетану мұражайының алдында тұр.
Осындай үрдісті Қайсакеңде аттап өтпепті. Бірде балуан атамыз Төлеубай бидің алқауымен үлкен асқа барып, күресіп бас бәйгеге ие болып келе жатқан жолында көреген би балуан атамызға қаратып: «Артыңызға бір белгі қалдырып кетсеңіз болмай ма? Болашақ ұрпақ сіздің күшіңізді көріп, қуатыңызды бағаласын» дейді.
Жоғарыдағы елағасының өтінішін қабыл алған Қайсекең ағып жатқан өзеннің арғы жағасындағы үлкен ақ сұр тасты құшақтай көтеріп әкеліп, жақын жердегі төбешікке шығарып қойған екен. Бұл кезде балуан шамамен 37 жаста болыпты.
Тас қазір Қытайдың Мори ауданның «Асырқай» ауылына баратын жолдың жиегінде тапжылмай жатыр. Мына суреттегі тасты құшақтап тұрған әйел адам Қайысбай атамыздың қызы Зария. Бұл апамыз 1981 жылы 26 маусымда Швецияның Стокгольм қаласынан туған жеріне келіп, әкеден қалған көз ақ сұр тасты құшып, мауқын басып тұрған сәті.
Жалпы Қайысбай атамыз қартайған шағына дейін бойынан күші кетпеген екен. Бұл әңгіме Қайысбай балуанның өмірінен ойып алынған бір ғана үзік сыр. Әлі де бізге жетпеген еріліктері жетерлік. Алдағы уақытта тағы да Қайысбай атамыз туралы айта жатармыз…
Ерлан АЛТАЙ
namys.kz




