Көне Шам елінің шырқын бұзуға ниетті алпауыт күштер дегеніне жетпей тынбайтын сыңайлы. Бұл майдандасудың ақыр-соңы ғаламдық шарпысуға әкеп соғатын сұрапыл соғысқа айналатын түрі бар. Олай деп кесімді тұжырым айтуымызға себеп, көне өркениет ошағы саналған «Қосөзен» сағасында бір жағынан АҚШ бастаған НАТО-ға мүше мемлекеттер Сирия көтерілісшілерін айтақтап отырса, екінші жағынан Ресей, Қытай мемлекеттері мен Иран қолтығына су бүркіп отырған Хизбуллах секілді халықаралық ұйымдар арандатуды үдетуде. Бір-біріне айбат шеккен сан түрлі күштер Шам халқын қос бүйірден қысып, тынысын тарылта бастады.
Жығылғанға жұдырық, Батыс алпауыттарының арандатуына базбір сунниттік мүддені жақтаушы мұсылман мемлекеттер қосылды. Осы күнге дейін көтерілісшілерді Батыс ойыншылары қолдап келді десек, маусым айында өткен суннит көсемдерінің жиын-құрапатынан кейін Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ, Египет сияқты кейбір мұсылман елдер де Голан жотасында шиттік-сунниттік майдан бар екенін ашық мойындады.
Қайр қаласында өткен суннит мұсылман ғұламаларының тағанақ кеңесінде олар Сирия көтерілісшілерін жақтайтын, 8 қарардан тұратын мәлімдемені бекітті. Бұл мәлімдемеден Ислам әлемінде бір-біріне қарама-қарсы, сунниттік-шииттік майдан пайда болғандығын анық аңғарамыз.
Бұқара мұсылмандар емес, беделді суннит ғұламалары шығарған бұл шешім түптің түбінде мұсылман жұрағатының берекесін қашыруы мүмкін (Құдай оның бетін ары қылсын дейміз). Себебі бұған дейінгі шииттік-сунниттік дүрдараздықтың шежіресіне көз жүгіртсек, діни жіктелістің түп-төркінінен тұрмыстық кереғарлықтан гөрі адам қанын судай ағызған қандауыр қырғынға көбірек себеші болғанын көреміз.
Нағында, президент Башар Асад Шииттік Алауиттер тобынан шықты деп саналғанымен, Сирия сунниттік мемлекеттердің санатына жатады. Жалпы, Сирия халқының 90 пайызы мұсылмандар болғанда, оның 87 пайызы – сунниттер. Ал шииттер (яғни, Нурсай-Алауия, Иснашария және Дүрзия топтары) бар-жоғы 13 пайызды құрайды. Тегі, көне Шам елінің діни тұғырын қирату әрекеттері өткен ғасырда Батыс алпауыттарынан басталған еді.
Франция 1922 жылы һашимит Файсал билеушіні жеңіп, Сирияны доминион елге айналдырған кезден-ақ, елдің терістігінде – Алауия, орталық аймағында – Сунни, ал күнгейінде – Дурзия мемлекетін құруды жоспарлаған еді. Дегенмен, сол кездегі діни және ұлттық жіктеліске орай (яғни, арабтар, күрдтер, армияндар, түркімендер, шеркестердің топтасуына байланысты), Сирия мемлекеті Жебел, Дурзи, Шам, Алеппо, Лазкия атты уалаяттарға бөлінген-ді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сирия егемендік алғанымен, бір кездері отаршылдардың жүргізген жікшілдік саясаты Шам елінің рухани біртұтас мемлекетке айналуына бәрібір кері әсерін тигізіп бақты.
Тәуелсіздік жариялаған соң да Сирияда ішкі саяси талас-тартыс толастамады. 1956-1961 жылдар аралығында Таяу Шығыстағы сионистік саясатқа қарсы Египетпен бірігіп, Біріккен Араб Республикасы деп аталған кезі де болды.
1963 жылы Сирияда тұңғыш рет демократиялық жолмен билікке Баас партиясы келді. Олар ел тұтастығын күшейтуді көздеген еді. Алайда 1971 жылы қорғаныс министрі Хафез әл-Асад қарулы күш қолданып, Шам тізгінін қолға алды. Өзін аһли-байт санайтын (яғни, Пайғамбардың (с.а.у) ұрпағымын деп жариялаған) әл-Асад отыз жыл бойы мемлекет билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.
Оның тұсында Сирияның басқарушы элитасы негізінен Нурсайия-Алауия діни жамағатынан құрала бастады. Кейбір мұсылман елдерде Хафез әл-Асадтың режимінің «Нурсайия-Алауия империясы» деп аталуы кездейсоқтық емес. Әйтсе де, билік басында Алауиттердің отырғанына қарамастан, әл-Асадтың тұсында Сирияда сунниттік ілім (фикһ пен сопылық) кең қанат жайды. Оның себебі жергілікті мұсылмандардың басым бөлігін сунниттер құрағанында болуы мүмкін.
Хафез әл-Асад 2000 жылы қайтыс болғаннан кейін сириялық элита Хафездің ұлы Башар Асадты билікке алып келді. Мұның өзі Конституцияға едәуір өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асты, нақтырақ айтқанда, президенттікке сайлану жас шегі 40-тан 34-ке төмендетілді.
Ұзақ жылдарға созылған авторитарлық жүйеден қажыған, халқының 20 пайызы кедейшілікте ғұмыр кешіп жатқан елдің басым көпшілігі монархиялық билікті құптай қойған жоқ. Әдепкіде, 2001-2003 жылдары Башар Асад бұлғақ тудырғысы келген бүлікшілерге кешірім жасап, оларды қатаң жазадан босатты.
Осындай шешімдерден кейін Башар Асадтың Сирияны жан-жақты көркейтуге бағытталған жоспарын аузы дуалы суннит ғұламалары да қолдады. Бірақ Президент қолға алған бағдарламалар әлеуметтік-экономикалық ахуалды біршама дұрыстағанымен, АҚШ-тың ықпалымен иек астындағы Саддам Хусейн режимінің құлауы түптің түбінде сириялық оппозициялық күштердің монорхиялық-авторитарлық жүйеге қарсылық тудыруына айтарлықтай әсер етті.
Әуелі Тунисте шымылдығы түрілген «Араб көктемі» революциясы іле-шала, яғни 2011 жылдың басында Сирияға келіп жетті. Елде жаппай белең алған жұмыссыздық пен кедейшілдік (шамамен 20 пайыз), макро-экономикалық көрсеткіштің төмендігі, жемқорлық, адам құқығының сақталмауы, жариялықтың жоқтығы, қырық жылдан астам уақыт бойы қатал монорхиялық-авторитарлық биліктің орнауы Сирия халқының «Араб көктемі» эстафетасын іліп әкетуіне түрткі болды. Әу баста Дәрғада тұтанған көтеріліс өрті артынша елдің өзге ірі қалалары – Хомс, Алеппо, Лазкия, Хама, Байда, Банияс, Дәр-әз-Зорда жалғасын тапты.
Башар Асадтың көтеріліс ошақтарын снарядтармен бомбалап, ереуілшілерді шынжыр табан танкілермен таптап, аяусыз жазалауына куә болған халықаралық қауымдастық бірте-бірте одан бойын аулақ салды.
Ал, Башар Асадтың діни тегінің Алауит екенін желеу еткен сыртқы күштер қарасы қалың сунниттерді президентке қарсы айдап салды. Осылайша, арандатушы алпауыт күштер Сириядағы шииттік-суннитік майданд жасады.
Кімнің тарапынан іске қосылғаны әлі белгісіз, өткен айда Дамаскі маңында қолданылған химиялық қарудың салдарынан 1429 адамның шейіт болуы жуық арада АҚШ пен НАТО-ға мүше бірқатар елдердің Сирияға әскер кіргізуіне сылтау болуы мүмкін.
Осы теке-тіресте Сауд Арабиясы мен БАӘ, сондай-ақ көршілес Түркия мемлекеті көтерілісшілерді қолдайтындықтарын ашық білдірді. Түркияға босқындардың лег-легімен тоқтаусыз ағылуын, Сирия әскерінің елді әлденеше мәрте снарядпен бомбалауына байланысты Тайып Ердоғанның Б.Асадты қатты айыптап мәлімдеме жасауын ақтауға болар.
Ал Сауд Арабиясы мен БАӘ-не не жорық? Әлбетте, сунниттік бағыттағы мұсылман құқығы ілімі ілгерлеген елде бей-берекетсіздіктің орнағаны уахапшылдықты ту қып көтерген күштер үшін өте тиімді. Әйтпесе, Сирияның мәшһүр сунниттік ғұламасы Рамазан әл-Бути жарылыстың кесірінен жан тапсырғанда, Сауд Арабияның әл-Харам мешітінің имамы қуаныштан шүлен таратар ма еді?
Расында да, Сириядан сунниттік фикһ ілімінің теория-методологиясын дамытқан көптеген ғұламалар шыққан. Рамазан әл-Бути, Вахбе Зухайыл сынды суннит ғұламалары неохарижиттік (суририя-мадхалия) бағыттың қарқын алуына ғылыми тұрғыдан барынша кедергі келтіріп келген-ді. Ендеше, уахапшыл араб шейхтарының дүркін-дүркін Башар Асадтың режимін сынауының бір ұшы осында жатыр десек, қателеспейміз
Ислам әлемінің бір бөлшегі саналатын Алаш елі осындай ымырасыз майданда қандай ұстанымда болуы тиіс? Астана қандай рөл атқарады? Әлбетте, осыған дейін қалыптасқан дәстүрлі жолына сәйкес, Қазақстанның діни тұрғыда шиеленіскен мәселелерге тікелей араласпай, бейтарап күй танытқаны жөн.
Біз сунниттік мұсылман ел болсақ та, Атазаң бойынша, ешқандай діни сипат телінбеген зайырлы мемлекетпіз. Оның үстіне, Ханафия мазхабында әскери сипаттағы діни амал-әрекет жасау құзыры мемлекет басшысына ғана тән. Осы қағиданы негізге алсақ, Сириядағы сұрапылдан Қазақстанның шет қалуы ең оңтайлы шешім болмақ.
Әйтсе де, Сириядағы қанды қырғында күн сайын жүздеген мұсылмандардың көз жұмуына, халықтың босып кетуіне немкетті қарай алмайтынымыз ақиқат. Қажет болса, Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсеткен абзал. Екі жылдан бері қанды қырғынның кесірінен өндіріс орындары тоқтағандықтан, жергілікті халық аш-жалаңаш.
Қалың бұқара ыңыршағы айналып, тіске басар талғажу таппай, жан-жаққа үдере көшуде. БҰҰ Сирия босқындарын реттеуге қатысты бірнеше рет арнайы қарар қабылдағанымен, сабылған көш тасқынына төтеп бере алмай отыр.
Бүгінге дейін Сириядағы соғыстан жүз мыңдай адам опат болып, ұзын-ырғасы он миллион адамның зардап шеккендігі айтылуда. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артпаса, кемімейтін тәрізді.
Ал, бұдан аз уақыт бұрын еліміздің ақпарат кеңістігінде Сириядағы «шииттік-сунниттік» майдандағы «жихадқа» шақырған үндеулер, сондай-ақ, «жихад» деп желіккен жастарды сынаған ғаламтор материалдары жарық көрді. Бұл жағдайда діни арандатуға жол бермес үшін еліміздің ақпарат құралдары, әсіресе Қазақ Ғаламторы бірігуі керек деп ойлаймыз.

Мұхан Исахан,
заңгер-дінтанушы
Ұлт порталы



