Еңбегімен елге жаққан тұлғалар халқының мәңгі есінде қалады десек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты сондай тұлғаға жатқызуымызға әбден болады. Кең байтақ қазақ жерінің заман көшіне ілесіп, түрлі өнеркәсіп орындарының ашылуы мен жаһандық өркениет белгісі – үлкен қалалардың салынуы, ғылым-білімнің жетілуі және басқа да толағай табыстарымыз сол Д. Қонаев есімімен тығыз байланысты. Халық жадынан мәңгі өшпейтін тарлан тұлғаның биылғы 100 жылдығын атап өтуді халық былтыр-ақ бастап кеткен еді. «Д. Қонаевтың 100 жылдығына – 100 шара» қолға алынып, еліміздің әрбір аймағында түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Биыл да жыл басталысымен сол шаралар жалғасын тауып, еліміз бойынша кең көлемде әлі де аталып өтіп жатыр.
Соның бір айғағы – жуырда қалалық Мәслихат депутаты, Д. Қонаев атындағы «Сауап» қоғамдық-қайырымдылық қорының президенті Дәулет Әбенов пен Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров және бірқатар танымал азаматтардың ұйытқы болуымен тарихи тұлғаға арнап ас берілді. Мұсылмандық жолмен асқа имам шақырылып, марқұмға бағышталып құран оқылды.
Көрнекті мемлекет қайраткерін еске алу кешіне жиналғандар қарасы көп болды. Кезінде қайраткермен бірге қызметтес болған Кеңес Аухадиев бастаған бір топ үзеңгілестермен бірге қалалық Мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай, Д. Қонаев атындағы университет ректоры Өмірәлі Қопабаев, Димаш Ахметұлының туған қарындасы Сара Қонаева, «Дәуір» республикалық полиграфиялық баспа кешенінің бас директоры Светлана Назарбаева, Қонаев атындағы қоғамдық қордың басқарма мүшесі Жанна Асқарова және басқа да қоғам қайраткерін қадір тұтқан азаматтар бас қосып, көзін көргендер бірге болған жарқын сәттерін еске алды. Елі үшін еңбегін аямаған дара тұлғаны естен шығармай, осынша құрмет көрсетіп жатқан жандарға «Ағамыз туған елі үшін жанын аямай қызмет етті. Елін шексіз сүйген адамға сіздердің де осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңыз үшін дән ризамын», – деген Сара Ахметқызы шексіз алғысын білдіріп, ағынан жарылды.
Еске алу кешінде Мәслихат депутаты Дәулет Әбенов алдағы уақытта Д. Қонаев атындағы қор, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров, бірқатар қалалық Мәслихат депутаттары және басқа да белгілі қоғам қайраткерлерінің қолдауымен Д. Қонаев атындағы мешіт құрылысын бастау қолға алынғалы отырғанын мәлім етті. Болашақ салынатын ғибадат үйінің эскиздік жобасы да көпшілікке таныстырылды. Әзірге жоба күйіндегі мешіттің құрылысына қоғам болып атсалысу халықтың өз басшысына деген ілтипаты. Сондықтан, Алла үйінің құрылысын бастауға қауым-ел болып қол ұшын созуға шақырған Дәулет Тоғайұлы халыққа арнаған Үндеуін оқыды. Сол Үндеуді назарларыңызға ұсынып отырмыз:
Үндеу
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Бұл тарихи мереке республика көлемінде тойланып жатыр. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылдың 24 ақпанында Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы жарлығында кешенді іс-шаралар жөнінде айтылған еді. Атап көрсетілген іс-шаралар бүгінгі күнге толығымен жүзеге асырылды. Дінмұхамед Қонаев есімімен республикамыздың әр аймақтарында мектептер мен университеттер, әсем даңғылдар мен көшелер, скверлер және ескерткіштер ашылған. Еліміздің бірнеше облыстарында оның арнайы қоры құрылып, Алматы қаласында мұражайы ашылды.
«Дінмұхамед Ахметұлы – айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек. Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі. Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірибесі ерекшелеп тұратын. Ол өзіне біздің халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қасиеттерін сіңіре білді. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық ақиқат. Ол кісі – бәрімізге ұстаз болған ұлы адам». Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған үлкен салтанатты бас қосуда сөйлеген сөзінде Елбасымыз осылай деді. Д. Қонаевтың Қазақстан мен қазақ халқы тарихындағы еңбегін жоғары бағалады. Мемлекет басшысының бұл сөздері асылын ардақтай алатын елдік қасиетіміздің келісті көрінісі. Елбасының осы сөздерінен Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан тұғырлы тұлғаға деген бүкілхалықтық шынайы құрмет, асылын ардақтай білетін елдік қасиетті айқын көрсетті.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 2012 жылды «Алматы қаласының мәдениет жылы» деп жариялады. Бұл шара мың жылдан астам тарихы бар Алматының мәдени және рухани дамуын тағы да бір жоғары сатыға көтеруіліне үлкен себеп болары айқын. Осы игі бастамалардың аясында өзі дүниеге келген, бүкіл саналы ғұмырын өткізген, көркейіп, гүлденуіне өзінің қомақты үлесін қосқан Алматы қаласында бүкіл Қазақстан халқы болып, жұмылып, Дінмұхаммед Қонаев атындағы мешіт салуды жөн санап отырмыз. Бұл әрі сауапты, әрі ұрпаққа өнегелі іс болар еді.
Қонаев атамыздың есімінің Алланың хақ діні мен оның сүйікті Пайғамбарының атын біріктіріп тұруының өзі Димекеңнің ата-бабасының және ата-анасының дінге берік, имандылығы жоғары болғанын көрсетеді. Димаш атамыз өмірінің соңына дейін Исламға үлкен ілтипатын білдіріп, құлшылығын жасап өтті.
Сондықтанда, барша жұртшылықты, зиялы қауымды, партиялар мен қоғамдық ұйымдарды, сондай-ақ, кәсіпкер, іскер азаматтарды Дінмұхаммед Қонаев мешіті құрылысына атсалысып, жан-жақты қолдау көрсетіп, азаматтық танытуға, сол арқылы ел бірлігіне, халық руханиятына қызмет етуге, Алланың және ата-бабаларымыздың аруағы алдында сауапты іс жасауға шақырамыз! Димаш атамыз көптің қалаулысы, елдің сүйіктісі еді.
Ол Қазақстанда өмір сүріп жатқан көп ұлтты және көп дінді халықтың ынтымағымен бірлігін жарастырып, бәрін бірдей бауырына басты. Сондықтан бұл игі шараға бүкіл қазақстандықтар атсалысатынына сенеміз



