
…Бір күні батылдығым жетіп, Марат ағамның алдына бардым. «Жасыл кітабымды» көрсетіп: «Менен бірдеңе шыға ма?», – деп сұрадым. Ол қалың қабағын көтеріп: «Мен кітап оқымаушы едім. Бір бетін ашып көрейін үйде. Оқылса, бірдеңе шығады. Болмаса, әдебиетпен қош айтыс. Ертең кел, жауабын берем», – дегені. Бірақ, ертеңіне емес, араға бір апта салып бардым. Есігінен сығалап едім, «кіріп, есікті құлыпта» деді. Мен төрге жеткенше, сейфінен жартылық пен қырлы стақан шығарды. Қол алысқаннан кейін «ақаңды» стақанға толтырып: «Мә, Жан, мынаны тартып жібер», – деп ұсынды. Көзді тарс жұмып, «тартып жібердім». Өзі ішпеді.
– «Заводной апельсинді» оқып па едің? – деп сұрады.
– Киносын көргенім бар.
– Лимоновтың «Это я – Эдичка» романын ше?
– Жоқ.
– Тауып алып, оқы. Стилің ұқсайды екен…
Екеуміздің әңгімеміз 1 сағатқа созылды. Марат ағаның әдеби кредосы «Бүйректен сирақ шығармаған» шығарма – шығарма емес» екенін сонда білдім. Оның боқауыз кітап жазып, «бүйректен сирақ шығарған» маған неге көңілі түскенін сонда түйсіндім. «Сиюге де стиль керек» деген сөзіне сүйсіндім. Ол өзіне бір кезде Ғабит Мүсірептің «ауыз әдебиетінен сусында» деп ақыл айтқанын там-тұмдап жеткізе келіп: «Саған айтарым да сол Ғабаңның ақылы – тіліңді байытудың қайнаркөзі ауыз әдебиеті екенін жадыңа түйіп қой. Әйтпесе, айтар ойың бар екен», – деді…
Содан кейін Марат ағамды 1998 жылдың қарашасында «Дат» газетінен бір-ақ көрдім. Ол біз сияқты редакцияда отырмай, тек мақаласын әкеп тастап жүретін. Нұрдәулет Ақышев, Құмарбек Қыбыраев, Ғалымжан Мұқанов, Сая Иссалармен бірге саясатты айтып дуылдасып отыратынбыз…
Zhankeldi Yestenbayev тің facebook парақшасынан алынды


