Құлын кезім, ғажап еді сол бір шақ,
Бойымда от, жалындаған алғыр сәт.
Қонақ етті ауылдағы бір ақын,
Алдымызда тұрды самсап «бар жұмсақ».
Мақтадық па үй иесін көпіріп,
Кім біледі, соның дені өтірік.
Ортамызда Еркін ағам елеулі,
Ерекем де сөз сөйледі лепіріп…
Асын іштік, арасында «жүздеттік»,
Ойламадық жасайды-ау, біз көптік.
Ерекеңде еркін сөйлеп отырды,
Тағдырынан сыр шертеді мың беттік.
Өмір жайлы, Өлең жайлы толғанды,
Бастан кешкен қиын-қыстау жолдарды.
Әуезовті алған кезде аузына,
Жанарына жас ілуге сәл қалды.
… Жас кезіміз жалындаған өрт кеуде,
Жыр оқимыз «жыртыңдаймыз» көп кейде.
Сайран салдық «Көкбазарда» топ сері,
Айналғандай «бақырымыз» жетпеуге.
Әрі-сәрі ошарылып күй кештік,
Жайсыз сәтке тап еткендей білместік.
Достарымның көзі түсті шапанға,
Сатайық та, құтылайық, «жүр дестік».
Сөйтіп шапан, қолды болды өзгеге,
(Бақыт болып қонғаны шын кезбеге).
Талантымды тұрғанымды тапсырып,
Мен бейшара, сол бір сәтте сезбегем.
Бағым бірге кеткен екен сонымен,
Тағдырымның тарылды да жолы кең.
Сілкінтіп ем «Қойшылармен» қазақты,
Күйге түстім арылғандай бәрінен.
Содан, содан отыз бес жыл «көз ілдім»,
Жаза алмадым, жаттай бейне сезіндім.
Енді ояндым, тоқтата алмас мені ешкім,
Ұлы Мұқаң түсіме енді өзімнің.
Түсіме енді сол баяғы қалпында,
Жымияды маған қарап өр тұлға.
…Таба алмаймын сол шапанды амал не,
Айырбастап алар едім алтынға.
Түсіме енді кешіргендей ұлы Ағам,
Құтылдым мен енді барлық күнәдан.
Мұқаңдарға мүсін қоям жырыммен,
Жер бетінде тірлік кешсем дін аман…
Деді дағы… алдындағы тосты алды,
» Мұқаң жайлы бастадым деп дастанды».
Жатқа оқыды біз де жатқа білетін ,
Қызған кезде оқитын сол «Бастарды».
«Бастар, бастар»деп жыры да басталды,
Ол да тағы «жүздетумен» қосталды.
«Басталды» деп жымсияды бір ақын,
Естірте алмай, Ерекеңнен жасқанды.
Жолға түстік , көңіл деген мәз-мәйрам,
Еркін барда, тие қойсын сөз қайдан.
Асып-тасып отыр ақын бір ғажап,
Арамдықтан ада таза, өзге ойдан.
Бір інісі білемдеді білегін,
Бір інісі салды сойқан сүреңін.
Жолға тастап кеткісі бар олардың,
Есіме алсам иттігіне күлемін.
… Ерекең жоқ, мәңгілікті бетке алған,
Жырлары бар қоламтадай шоқтанған.
Еркін жайлы естелік сыр шертеді,
«Сол інілер» әңгіме етіп жоқ-бардан…
Серікжан ҚАЖИ, ақын


