Тарихты тастан оқыған
(Баяхымет Жұмабайұлына)
Жел мүжіген, су шайған,
Тас обамен сырласқан.
Шыңнан оқып тарих.
Сан қиянға жол басқан.
Жағалауы Ертістің,
Киіз кітап ол үшін.
Үліңгірге үңілген,
Арнап өмір борышын.
Өшкен отты жандырды,
Арда туған елі үшін.
Бағзы заман қаз тұрды,
Берді еңбек жемісін.
Ойланса бір том туып,
Боталар ойдың баяны.
Кертөбел мінсе кежімдеп,
Соқтырған ескек аяңы.
Жел сөзге құлақ салмастан,
Арды биік ұстады.
Ұлтына жасау қызмет,
Өмірлік серті, ұстамы.
Тасада тұрып тас атты,
Қызылкөз аяр дұшпаны.
Шындық үшін тайынбай,
Әділдік туын ұстады.
Байтеркке айналған,
Бабамның аса таяғы.
Анамнан қалған астаудың,
Жұрнағы аман баяғы.
Тартынбай келіп қосылған,
Талмастан ұлы теңізге.
Аңсап бір жетті үйірін,
Тәңірім жауға жегізбе.
Қара орман халқы барында,
Жалғыздық көрді дегізбе.
Көктем
Көктем келді,
Қалаға, далағада,
Табиғатта түрленді даралана,
Ақ көйлекпен ойнап жүр
Асыр салып,
Қозы- лақпен қорада қара бала.
Ала бұзау,
Жас бота
Жирен құлын.
Қыраттарда жаруда,
Изен гүлін.
Көктем емес, келгендей
Жұмақ көшіп,
Әкелгендей ауылға
Қыздың жүгін.
Жусандардың жұпары аулақтатып,
Көкіректен айыққан боза мұңым.
Көктем келді,
Аталар қауқылдасқан.
Сырларынан өрілген,
Алтын дастан.
Апа, Әжелер
От салып ошағына,
Көже жасап,
Ән тыңдап жарқылдасқан.
Тау, жоталар
Арқасын күнге төсеп,
Аққу қаздар
Көлдердің мауқын басқан.
Құс біткеннің таңдайы,
Әнге жүкті,
Орман іші уда- шу қаңқылдасқан.
Көктем келді,
Қу қыздар сылаңдаған,
Ер жігіттер ойланбай
Тұра алмаған.
Жалынына өртеген жарлары,
Бір қуантып,
Соңынан мың алдаған.
Көктем осы,
Қырларда сағым қашқан.
Ақжал өзен арқырап,
Көбік шашқан.
Науырзда, Нарға жүк
Мұң айығып,
Қарсы алуың мүмкін бе?
Сағынбастан.
Осы күйді сидырып домбыраға,
Шанағында шайқалып бүкіл әлем,
Кім шертеді,
Пернеден жаңылмастан.
Араздасқан ағайын татуласып,
Алыстағы тустар бауыр басқан.
Охо хой көктем келді…
Ағажайға
Ұлым сенің бір жасқа толған күнің,
Міне қызық, қуаныш думан бүгін.
Өмір дейтін теңіздің жағасында,
Белді бекем буынып тұрғандығың.
Нағашыңның тарихы айбынды өктем,
Бастау алған баһадүр Райымбектен.
Әлмерек абыз бабаның жолы бөлек,
Бір түйір қан бар шығар саған жеткен.
Өз жұртыңда Көкжалдан кенде емес,
Бұқарбай, Тұрым, Зуқалар тек келмеген.
Ақындықта бар біздің шаңырақта,
Боғдабай атаң ешкімге дес бермеген.
«Үйдің жақсы болуы ағашынан,
Ұлдың жақсы болуы нағашыдан.»
Қыздың жақсы болуы анасынан,
Қымыздың жақсы болуы сабасынан.
Өс балапан тастүлек секілденіп,
Жас шынардай дауылдың өтінде өніп.
Батыр болмау саған сын қарлығашым,
Топ ортада қалмасын құтың кеміп.
Ата- деген тіліңнен айналайын,
Апада деген түріңде толған айым.
Қарсы келген бөгетті талқандап өт,
Сеніменен ертеңге жалғанайын.
Жаратушы жолыңды ашсын балам,
Айбатыңнан айныма тасқындаған.
Нағыз ерлер ез тірлік жасамайды,
Ерттеп мінген тұлпарын басқа ұрмаған.
Мынау аспан, кең аспан сенің еншің,
Отан дейтін ұяда сен көгершін.
Бабалардың тер тамған топырағы,
Бізді осал болмауға шақырады.
Қара шал мен сары кемпір арғы бетте,
Бір көруге өзіңді жете алмай құр,
Тұрмыс дейтін топан су бөгет бермей,
Атажұрытқа әзірге жете алмай жүр.
Қуаныштан шалқиды туады өлең,
Әнге салып әз анаң, жарылды ерен .
Сағынғанда иісің танауға кеп,
Түн ұйқымнан селт етіп түрегелем.
Бір жасыңды тойлауда нағашы атаң,
Елден ерек қуанды нағашы апаң.
Жақып дейтін жайдары кіндік атаң,
Күміс деген көңілді кіндік апаң.
Мен кигізіп қояйын туыстарға,
Осылайша құттықтап, жырдан шапан.
Көгедай Шәмерханұлы





