Құрметті kerey.kz ! Сіздерге топтама өлеңдер жолдап отырмын,талап деңгейінен шықса, жарияласаңыздар екен деген тілекпен:
Құмарбек ҚАЛИЕВ
ШығысҚазақстан облысы
Күршім ауданы
Ү З І К – Ү З І К С У Р Е Т Т Е Р
Бұл күнде бәрі де о дүниелік болған, маған жақын осkereyы жандардың әрқайсысының әр кезде,әр жерде айтқандарын қағазға түсіргенім-тек оларға ғана емес, осы сұрапыл соғыстың қасіреті мен тауқыметін өз иықтарымен көтерген барша жандардың бүгінгі күнге жетпегендеріне- рухтарына тағзымым, бүгінде көзі тірілеріне-құрметім екенін білгейсіздер
Апам Зейнеп айтқан:
Құмашта* Әскер үйінде**
Май ма еді,әлде үйүн бе
Қарақағаз ап жатты
Күңіреніп дүйім ел
Зорға ұстап үміт тіреуін
Секемденіп тұр едім
«Ұлыңыз… ерлікпен…»-деген
Маған да берді біреуін
Сай-сүйекті қозғаған
Бір жайсыз үн боздаған
Дәл бүйірден шыққанда
Құлап қала жаздағам
Бет жыртып,жайып шашын да
Орамал жоқ басында
Өзіммен келген абысын
Зарланып тұр қасымда
Екі аттап жетіп бардым да
Жағасынан алдым да
Бір қолыммен бұрымнан
Сілкіп-сілкіп қалдым да
Сорлыға қамшы біледім
Қыстығып зорға тұр едім:
«Қоймасаң тақ осы жерде
Жоныңнан таспа тілемін
Сендегі қағаз менде бар
Осынау күллі елде бар
Боздауың жетсе құдайға
Ал, кеміңді жөндеп ал
Рас-ақ, қайғы тартыпсың
Жүрекке зілтас артыпсың
Жетіскен мұнда жан бар ма
Айт,кәне,кімнен артықсың»
Сорлыны жоқ қой ұрмағым
Жарамды осып тырнадым
Оны қайрап тұрғаным-
Өзімді қайрап тұрғаным
…Осылай тас боп қалып ем
Жүрегім күйіп налып ем
…Бірінші қарақағазды
Ерімнен былтыр алып ем…
*Құмаш-аудан орталығы, **Әскер үйі- әскери комиссариат ғимараты
Кіндік атам Тоқтағазы айтқан:
Бас көтермей жатырмыз қар үстінде
Қатарымда жаралы хал үстінде
Оқ борайды, алды-арттан топ жарылып
Бүгін «атаукеремді қана іштім»- де
Командирім жерде еді таяқ тастам
Қол бұлғады сол жаққа аяқ басқам
Жол ортаға еңбектеп жеткенімде
Жер сілкініп,төбемде айрылды аспан
Құлақ тұнып, бас қысад қақ жарылып
Кеудем күйіп барады дем тарылып
Командирдің орнында… үйдей шұңқыр-
Содан кетті дүние аударылып
Бір есімде-ұмтылып тұра алмадым
Тірі екем бұйрығымен бір алланың
Қарасаннан үзілген қан-қан аяқ-
Көрдім бе,әлде, елес пе-біле алмадым
Содан бір қаратүнек орнады да
Ес кіргенде көңілім солмады ма-
Бағанағы елестей қан-қан аяқ…
Шыныменен менікі болғаны да
Орнымда жатсам …-аман қалар ма едім
Командирге жетсем…-мерт болар ма едім
Жол ортада…- қос балдақ, ағаш аяқ-
Пешенеме жазылды солар менің
Нағашым Құнапия айтқан:
Кешелі бері тыныштық
Ас-су жоқ,біткен оқ-дәрі
Таң алды-жаттық тыныс қып
Ауғандай ұрыс бағдары
Команда «Шық окоптан»
Қараңғыда берілді
Сұраймын көрші Потаптан
«Ротныйға не көрінді?»
Білмейді ол, білмейді ешкім де
«Ер соңымнан»-ереміз
Қалың орман ішінде
Сүріне басып келеміз
«Тоқта»,әрине, тоқтадық
«Қаруды таста бір-бірлеп»
Командир жүр боқтанып
Қайталап бұйрық дігірлеп
Қаруды үйіп бір жерге
Не істерге білмей тосылдық
Тағы біраз жүргенде…
Көп әскерге қосылдық
Мың-сан адам біргеміз
Көңіл-пәс,жүйке-бос екен
Айнала қоршап тұр… неміс-
Қолға түскен осы екен
Жиенжан ағам айтқан:
Пәгөншікпін,*аңызда ұйықтап қаппын
Өгіз қаңғып кетіпті зорға таптым
Айғай мен ат дүбірі естілгенде
Жанталасып соқаны жегіп жаттым
Запыс болғам бригадир таяғынан
Нан жоқ кез, қамшы жеймін баяғыдан
Арқа-басым құрысып,ішім тартып
Діріл буып әл кетті аяғымнан
Содан қойшы..,көп дүре кетті жауып
Бетім басам,қамшы ұшы-көзге қауіп
Менен басқа жылай ма тағы біреу-
Шатастым ба мен әлде, есім ауып
От-қамшыға жармасып басу сұрап
Әкең екен шырылдап жүрген жылап
Көрші аңыздан жүгіріп жеткені екен
Болмаған соң,үстіме түсті құлап
Мені қорғап ап-арық денесімен
Дос бейнесі кетеді неге есімнен
Таяқ жеп,жылап болып айдалада
Үміт еттік келер күн елесінен
Бригадирдің құтылып қамшысынан
Асығымыз түскендей алшысынан
Ал,кеп күл салтақ-салтақ бетімізге
Шаңды айғыздап аққан жас тамшысынан
-…Соғыс бітед… Көреміз…-Төсті керем
-Қали аға келгенде…- Бөстім ерен
-Келмейді ол!-Дос ышқынды жер бауырлап
Қарақағаз келіпті. …Естімеп ем
Тәтем Жүрсін айтқан:
Ағам кетті хабарсыз
Жеңгем бір күн амалсыз
Шешемнен рұқсат сұрады
Кімге кінә тағарсыз
«Артыңа сөз ерген жоқ
Артық қылық көргем жоқ
Барсаң- бағың ашылсын
Ұлдан да қалғам, өлгем жоқ»-
Деп шешем жұтып арманды
Тас мүсін боп қалған-ды
Ауылдың арғы шетіне
Басқа үйге жеңгем барған-ды
Мүжілген іштей анамнан
Қорқамын,амал таба алман
Жүргенде сөйтіп-бір күні-
Хат келді. Кімнен? Ағамнан!
Оқысам… Ағам-тірі екен
Тұтқыннан шыққан түрі екен
Ден сау болса, жуықта
Қайтқалы елге жүр екен
Бұдан кейін халімді
Айтпаса да мәлім-ді
Дүйім ауыл дем сәтте
Біздің үйден табылды
Қуаныш-қайғы арасы
Қас-қағым сәт-ау,шамасы,
Дала қандай жап-жасыл
Күн жап-жарық,қарашы
Кеңейіп кетті үй неге
Жүрміз бе мініп күймеге!
…Ел тарқай ертіп жолдасын
Жеңгем кірді имене
Шешеме жете құлады
Шөке түсіп жылады
«Кетпе деші-қалайын»-
Деп кешірім сұрады
Шешем: «Кеш не, кешірме
Соғыс салған кесір де»
Жеңгемнің нұсқап жолдасын
«Мына ұлдың отын өшірме»
…Ағам кеп бізді мәз етті
Көңілді бақыт таза етті
Төрт жылда алғаш осылай
Қуанышты жаз өтті
Күз жетті жаңбыр мезі қып
Уайым деген жегі құрт
Бақиға жеңгем аттанды
«Құсадан кетті»- деді жұрт…
Енем Күлбаран айтқан:
Артымызда шұбырған елден озып
Алдымызда адырдан-белден озып
Ескі етікті қолға ұстап жалаңаяқ
Үш қыз ұшып келеміз желден озып
Қанша уақыт жүгірдік кім біледі
Жер түледі құлпырып, күн күледі
Қуаныштан жүрегің жарылардай
Жарқыраған күллі әлем-бір күн еді
…Қарөзекте* жатыр ек егін егіп
Бригадир шал бір түрлі тебіреніп
Тұрды да «Соғыс бітті. Жеңіс!»-деген
Ал,жылалық,күлелік,егілелік…
«Жеңіс күні-бүгін дем аласыңдар
Қалағаның ауылға барасыңдар-
Деп бригадир сәлден соң қайта жиған
-Ертең ерте жұмыста боласыңдар»
Содан ұшпай ауылға тұра алам ба
Бұдан артық бақ бар ма тірі адамға
«Жеңіс… Жеңіс..!»-Айғайлап, ал, күлеміз
Бұл күлкіміз бергісіз жылағанға
Зулап өтіп қиын шақ қас-қағымда
Сәтте тірлік түскендей басқа ағымға
Дем алмастан Күршімге** ұшып жеттік
Қуаныш қанат бітірер жас шағыңда
Өзеннен бетті шайып, қанып іштім
Таяз жерден өткел бар ізге түстім
Жалғыз ағам соғыстан аман қайтып
Мені үйде тосқандай тағы ұштым
…Жеңіс-күні ед үміттің-сағыныштың…
*Қарөзек-жер аты
**Күршім-өзен аты (екеуінің арасы төтесінен он үш шақырым екен)
ҰЛЫ ТОЙ
Төрт жыл күтті ел толтырған кеңістікті
Совинформ ақпарын тегіс күтті
1945, 9-май,
Германия жеңілді, соғыс бітті
Соғыс бітті,біз жеңдік, сүйінші бер
Есі шықсын, қуансын,сүйінсін ел
Байлауышын тақсын да барын киіп
Ұлы тойға бар жерде жиылсын ел
Осы еді ғой неше жыл тосқанымыз
Айықты ма шынымен аспанымыз
Аман қайтса алты қыр асқанымыз
Тілемес ек тәңірден басқаны біз
Бұл күн үшін аз ба еді бергеніміз
Азап па,әлде тозақ па ед көргеніміз
Мыңдап қайтса тіріміз бұл жорықтан
Миллиондап қалды онда өлгеніміз
Қан болғанда,Ұлы Отан, бейбіт көгің
Тас қамал боп тұрды ғой миллион өрім
Өзі құлап өзіңді сақтап қалды
Миллион ерің- жауға атқан миллион оғың!
Есте Волхов орманы арасынан
Еділ бойы,Днепр жағасынан
Қара қағаз қарғадай қаптай ұшқан
Сталинградтан,Курск доғасынан
Ұмытады күл болған қаланы кім
Ұмытады өрт жапқан даланы кім
Ұмытады Освенцим,Саласпилста
Пеште өртенген ананы,баланы кім
Қиындыққа шыңдалып бұла кезден
Майдангердей жан бар ма,сірә,төзген
Соғыс жолын шарласа керзі етікпен
Бейбіт жолды-міне,ағаш протезбен
Ғасырға тең ұмыт боп жыл санадан
Жеңіс күтіп,ай емес күн санаған
Шөп маялап,жер жыртқан жесір менен
Масақ терген жетімді кім санаған
Дәруі едің сонан да жаралы елдің
Жұбанышы ең қазалы,қаралы елдің
«Күл де жыла, жылап күл , мен-Жеңіс»-деп
Байтақ елге қуаныш ала келдің
Содан бері өзіңнен басталатын
Бейбіт өмір қатайтқан жас қанатын
Азат елі ардақтап құрбандарын
Қашап жазған тарихқа тастан атын
Көңіл шіркін еске алса күйреп қалад
(Уақыт алға өмірді сүйреп барад)
Салтанатты шеруде жыл-жыл сайын
Майдангерлер қатары сиреп барад
Жеңіс құнын қастерлеп шын ұққандар
Сендер үшін сан атсын күліп таңдар
Қорғаны мен құрбанын Ұлы Отанның
Ұмытпасын ұрпағы, ұмытпаңдар!
kerey.kz


