
27 Наурыз 2015
Жапония жұртшылығы Хақ дінмен сусындауда
Жапонияның ең көне мешітінде тегін саяхат қызметі іске қосылды. Экскурсия барысында Ислам дініне қызығушылық танытып, ден қойған туристер ислам жайлы толыққанды ақпарат алу мүмкіндігіне ие. OnIslam-ның мәлімдеуінше, жапондық екі азаматтың бастамасымен қолға алынған шара «Токио-джамии» мешітінде өткен жылдың сәуір айынан жұмыс істеуде.
Мұнда мешіт меймандарына ислам дінін түсіндірумен қатар, намазға қатысуға да рұқсат етілген. Сириядағы ИШИР содырларының дін желеуімен түрлі әрекеттермен әлемді шулатқаны мешітке экскурсия жасаушы адамдар қарасы көбеюіне себеп болған. «Аталмыш жағдайдың салдарынан көптеген жапондықтар ислам діні жайлы білмекке мешітке көптеп келе бастады» дейді «Токио-джамии» мешітінің экскурсия жетекшісі Сигэру Симояма (Shigeru Shimoyama). «Сириядағы жағдайларды естігенімде, дін жайында түсінігім басқа еді. Мешітке келіп, Ислам жайында еш хабарым жоқтығын түсіндім» дейді Юки-Обаяси (Yuki Obayashi) есімді студент өз ойымен бөлісіп.
Әдетте «Токио-джамии» мешітіне демалыс күндері орта есеппен 20 адам келсе, экскурсия ашылғалы келушілер саны 100-ге жеткен. Токия жапон мұсылман қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, Жапонияда 80-ге тарта мешіт халыққа қызмет етуде. Ал «Токио-джамии» мешіті – Жапониядағы ең ірі құлшылық үйі саналады. Аталмыш мешітті 1938 жылы Ресейден келген татар өкілдері салған. Мешіт ғимаратының апатты жағдайына байланысты 1986 жылы ғимарат сүріліп, 1998 жылы Түркия дін істері басқармасының қолдауымен мешіт 2000 жылы қайта жаңарып, бой көтерді. Ал Жапон жерінде 1920 жылы Ресей елінен қоныс аударған татар ұлтының келуімен Ислам діні де тарай бастады. Бүгінде 120 000 шамасында мұсылман үмметі осы елді мекендейді.
Бактияр Оспанов
ummet.kz-ақпарат


