Шымкент қаласында жыл басы, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі ҚМДБ-ның ОҚО өкілдігінің орталық мешітінде аталып өтілді. Осынау айтулы іс-шараның өткізілуіне ҚМДБ-ның ОҚО өкілдігі мұрындық болды. Салтанатты іс-шараны ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары М. Естеміров ашып, жүргізіп отырды.
Сан ғасырлардан бері халқымыздың ұлттық құндылығымыз Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған іс-шарада алғашқылардың бірі болып ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б. Құрманғали және ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы А. Керімбек сөз сөйлеп, келген қонақтарды «Наурыз мерекесімен» құттықтады.
ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б. Құрманғали: «Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын деп басып айту қиын. Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрып-тары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. Әз-Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Ендеше, бұл ұлық мерекеге бір сәт өзгенің көзілдірігімен емес, өз көзімізбен қарасақ қана даурығуды қойып, салт-дәстүрдің даналығын терең сезіне алмақпыз. Осынау жыл басымен, ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекелеріңізбен құттықтаймын» — деп атап өтті.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы А. Керімбек: «Міне, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі де келді. Әз-Наурыз мерекесі келгенде адамдар күнделікті қарбалас тіршілігіннен бір сәт бас көтеріп, тағы бір жылды аман-есен артқа еңсергендеріне Аллаға шүкіршілік айтады. Күллі Шығыс әлемі үшін «Жаңа жыл» саналатын Наурыз – бірлік берекенің, шаттықтың, қуаныштың мейрамы, қаһарлы қыстан мысқалдап шыққан халықтың жанын жадыратар Көктем мерекесі. Қазақ мәдениетінің ұлы нышандарының бірі болған осынау Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Алланың бары рас. Оны барлығымыз мойындаймыз. Бірақ, діннің жөні осы екен деп ұлттық ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тас атпауымыз керек. Бұл өзіміз отырған бұтақты өзіміз кескенмен бірдей ағаттық. Сан ғасырлардың иірімінен тамыр тартқан қасиетті мейрамымызды дінімізге жат деу – санасыздық, зердесіздік, өз ұлтының тарихына, салт-дәстүріне немқұрайлы қараушылық болмақ» — деп ислам діні мен салт-дәстүрімізді ұштастыра отырып, келген қонақтарға кеңінен мағлұмат беріп кетті.
Сонымен қатар мерекелік іс-шара барысында ҚМДБ-ның ОҚО өкіл имамының орынбасары Б. Әміре ақсақал мен «Ықылас» қарилар даярлау орталығының төрағасы Қ.Матжанов мырзалар сөз сөйлеп, мерекемен құттықтап, ақ баталарын берді.






