Ә У Л И Е*
Өсіп кетсең кеудең ісіп талыстай
Ізгіліктен үзе қалсаң құйысқан
Әулиеге қыста бар…
Қиыршық тас,қасат қар бетті тіліп
Жынды боран жұлқылап аласұрып
Тұла бойға сумаңдап суық кіріп
Табаныңнан бүр кетіп желмен ығып
Ықтарсың кеп жалғыз түп қарағанды
Бүріскеннен басқа не шара қалды
Сол сәтіңде тәубеңе бір келерсің
Ширығарсың, бейкүнә күйге енерсің
Алтын нұрға бусанып бөктер-белі
Көкірегіңді кеңейтіп көктем желі
Көкпегінен бұрқырап күн иісі
Сарғалдағы сап-сары тартар желі
Шырын керіп тобылғы былқылдаған
Кәусар бұлақ шымырлап сылқылдаған
Бұйра түгі дөң-белдің қырқылмаған
Дала елтіп бұлбұлдан жыр тыңдаған
Қымыз ба екен,бал ма екен саф ауасы
Қай дертіңнің осында бар дауасы
Әулиеге жазда бар,барғын күзде
Барың болса қашпас-ты,жоғыңды ізде
Бір керемет болмаса мынау дөңдер
Сап түзеген қалайша құлан түзде
Мынау жалдар алынбас қамал ма екен
Әлде желдің өтіне амал ма екен
Сонау биік шойтасқа бабам шығып
Ұзақ-ұзақ қиырға қарар ма екен дем
Мынау тақыр бір кездің көлі ме екен
Мына аңызақ бабалар демі ме екен
Бір қасиет бары-хақ,әйтпегенде-
Әулие деп ат алу тегін бе екен
Әулие*-жер аты
Баба, Сіздің барған жер-Балқан екен
Бес күн жалған-бір дорба талқан екен
Дорба түбін қаққанша аттап баспас
Біздер үшін Сіздің жол-қалқан екен
«Балқан таудың басына бабам шыққан»-
Деп күпсініп басқаны аң-таң етем
Өйтетінім, мен үшін өлшем-мынау:
Кейде тоқ, кейде тесік қалтам екен
Үлкейгенде ұққаным- үлкен сөзі-
Дәмі ащы,дәруменді шалқан екен
Кезінде соны ұқпаған пендеңіздің
Жүрісі жер тескендей салқам екен
Көлдей патша көңілі дархан екен
Сөз де көлдей суала бастағанда
Басқа әуенді өлеңге арқау етем:
«Қаратаудың басынан көш келеді»
Қанша буын бұл жырмен өскен еді
Бізге үлкендер «ешқайда көшпе»- деді
Ен жайлауды ел жайлап төстемеді
Содан әлі боз тайлақ бос келеді
Құйрығынан ұстамай бүгінгі ерлер
Мұрындықтап жетелер қос кемені
Тегіне тартып туған жарлы байқұс
Қарынның құрышына өш келеді
Бұл сөзімді кім қалай хош көреді
Хош көрмеген мынау бір бөспе деді
Десе десін дәл қазір бұл шеріңнің
Қолында-айран сұрар бос шелегі
Шен орнына тағады төске нені
Құнсызданып барады дос беделі
Жазғанымды сынатсам бір мықтыға
«Бұл қағаздың орыны- пеште»-деді
Қағаз жанып жылытпас,бірақ, керек
Тамызық тұтанғанша өшпегені
Ақылды ойлар көп жайда мүлде келмейд
Келгенінде қашанда кеш келеді
…Ермек қылам мен сонда кешке нені?..
— Ерке Күршім, сылқылдап назданып неге ағасың?
— Сұлулықты жұрт былғап кемітпесін бағасын
— Жас көктем іреп жатқанда кәрі қысты қолға алып
Дүлей Күршім,сен неге арнаңды бұздың долданып?
-Тыныштықтың көрпесін тарс бүркенген жандардың,
Қысты ұйықтаған аңдардың
Қылығына шамдандым
-Беймаза жаңбыр сіркіреп жылауық күз де жетеді
Қап-қара лай боп дүркіреп толқының алдан өтеді?
-Аз ба қоқыс арнамда тыншысам, түпке жиылар
Тулап бір сәтке алғанда тиылмаса да сұйылар
-Кіреуке тартып көк мұздан,ақ қардан көрпе жамылып
Бұйыға қалдың қыста сен өр күйіңнен жаңылып?
-Өрісті оймен жарысып озып кетсе тағылық
Қор болғанда кең ақыл дүлей күшке бағынып
Жүдеп кетем бір сәтке, қалады тауым шағылып
-Салмақты да сабырлы кең тыныстап дем алып
Ағасың жазда бойыңнан шымырлап бір даналық?
-Бұлақтан алып бастауды дарияға жеткізіп
Мұхитты тұщы қылсам деп теңізден әрі өткізіп
Күндіз де ақтым, түн де ақтым бір тілек кернеп арнамды
Қуандым көріп жағамнан бақыттан мас жандарды
Құттықтадым ақ таңмен орман,дала,тауларды
Бәріне мені сүйреген мынау жарық дүниеге
Іңкәрлік атты арман-ды…
К Е Й С Ә Т Т Е
Сірескен қымтап жабығын
Сұр аспанды сұрқай күз
Суық сорған жарық үн
Сүреңсіздікті шырқаймыз
Бүріскен бұта өтінде
Боздата жел жүр аттандап
Безерген дала бетінде
Безілдей көшкен көп қаңбақ
Аспаннан ба, жерден бе
Аяздың демі жеткендей
Алаң да жоқ кеудемде
Ақтара тонап кеткендей
Бар арман-бір от қана
Бар арман-бір ық-пана
Барлаймын көзім шоқтана
Барлаймын көзім шықтана
«Төзу керек»-деймін мен
Түңіле терең күрсініп
«Төзім берші,-деймін мен-
Түнере түскен тіршілік»
А Б А Й Д Е С Е…
Куә болған көшіне сан ғасырдың
Сайын дала, қаншама таңды асырдың
Сөзге берік, сертке мәрт кең кеудеңе
Қаншама сыр,қаншама жан жасырдың
Сен сыр ашсаң- төсіңді сел басар ма
Сен серт бұзсаң-жер мен көк жалғасар ма
Ғұламалар сауатсыз сәби болып
Дана орнын кем ақыл шал басар да
Сонан да Алла теңдік, кеңдік беріп
Пендесіне сыйлаған зейін, ерік
Мың жылда бір жаратып сүйген құлын
Соларменен әлемге берген көрік
Соның бірі-Абайды-маң далаға
Өкіл қылған десе-Әлем шамдана ма,
Әлде Абайлы Далаға таң қала ма
Ал,Абайсыз маң дала- санда ғана
Даланың қазақ атты иесі бар
Сол халықтың биесі,түйесі бар
Сиынатын пірі бар,киесі бар
Мыңжылдық тарихының жүйесі бар
Ғаламшардан Жер атты қоныс теуіп
Әлемнің ризығынан үлесі бар
Соның бірі-өнер мен білім деген
Өнерлі елдің іргесі бүлінбеген
Білім-жарық сәулелі,ол болмаса
Надандықтың түнегі түрілмеген
Бұл ілімді қазаққа еккен Абай
Ертеңінен елінің түңілмеген
Батыс,Шығыс білімін тасып,үйіп
Абай өткен тарихта асып иық
Пайғамбардан кем бе екен, айта алмаймын,
Ал, пенденің ішінде-басы биік
Абай жырын ұран ғып өскен елі
Бүгін әлем жұртының өскелеңі
Төсіне ұлы ақынын мүсіндеді
Кезінде өзі болған Өскемені
Абай әнін қарт Шыңғыс қалқытып тұр
Алып Ертіс айдыны толқытып тұр
Ту қылып төбесіне шығыста Алтай
Төрткүл дүние төріне шалқытып тұр
Абай-мақтан қазақтың бас-басына
Абай- ортақ қазақтан басқасына
Әлемге ұл болған соң жазылмай ма
«Ұлы» болып тарихтың таспасына
Қ А Р Ғ А Н Ы А Қ Т А У
Қарға деген құс едің
Мойыл қара түсің де
Жамандығың сыртыңда
Жақсылығың ішіңде
Қыдырма шал секілді
Ұнамсыздау ісің де
Қайда да сенің мекенің
Аспан асты,жер үсті
Басқаға оғаш тірлігің
Бір өзіңе келісті
Самғамадың биікке
Ұшасың да аласа
Нәпақа тапсаң қарқылдап
Қуанасың балаша
Ағайынды шақырып
Бөліп жейсің таласа
Кім айта алар бетіңе
«Тірлігің мынау- бекер»-деп
Өлекседен жер үсті
Сенсіз шіріп кетер ме ед…
Қыран жейді өлексе
Жылан жейді өлексе
Балық жейді өлексе
Тауық жейді өлексе
Бөрі жейді өлексе
Бәрі жейді өлексе
Сонда да «қара тізімге»
Сен іліктің ерекше
«Аспан-ала,бұлт-шола
Жердің үсті тар-дейсің-
Тарылмаса бұл жалған
Бір орын маған бар»-дейсің
Арыстанға-төр табақ
Төре табақ-бүркітке
Бәрінен сарқыт-сенікі
Тек сәтін тос,үркітпе
Ұзақ туған бауырың
Туыс-ау қараторғай да
Өзіңе қыста түстіктен
Ыстық сәлем жолдай ма
Талтаң-талтаң жүресің
Жебеуші киең қолдай ма?..
Қыранға өштер көп шығар
Аққуға құштар көп шығар
Ал,дәл осы өзіңнің
Дос-дұшпаның жоқ шығар
Сыйлаған үш жүз жыл ғұмыр
Жаратқан- жалғыз әміршің
Көпті көрген көнесің
Пейілді жазбай танырсың
Сонан да барша тірлікпен
Дос болмасаң,тамырсың
Ежелден қарға тамырлы
Қазақ ем,жоқ бөтенің
Кей-кейде «қ-а-а-ғғқ.., қ-а-а-ғғқ»-деп
Сені де әндеп кетемін
Құмарбек Қалиев
Шығыс-Қазақстан облысы
Күршім ауданы
Күршім ауылы
kerey.kz


