
Құнанбайдың бай болғанын білеміз. Ал Абай ше? Ақын бай болған ба? Жалпы, Абайдың қанша малы болған? Біз бұған қатысты тың дерек таптық.

Семейдегі Абай кітапханасының сирек жазбалар қорында 1914 жылы жарыққа шыққан анықтамалық бар екен. «Сельско-хозяйственный Обзоръ» деп аталады. Жинақты кітапхананың негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі Жаңылгүл Әділбекқызының рұқсатымен алып қарадық.

Міне, осы анықтамалықта Семей аймағына қарасты елдімекендерде қанша адам тұратыны, олардың қанша малы, қандай шаруашылығы бары жіпке тізгендей анық жазылған екен.

1900 жылы аймаққа статистикалық санақ жүргізіліпті. Сол санаққа сәйкес, Шыңғыс ұлысына қарасты аймақтың ауқатты адамдарының арасында Абайдың да есімі аталады. Кітапта Абай «Ибраи Кунанбай. Джидебай» деп белгіленген. Анықтамалықта Абайдың қарамағында 7 жеке шаруашылығы, бірнеше жалдамалы жұмысшысы, оншақты киіз үйі, 155 ірі қара малы болғаны жазылған. Қазіргі өлшеммен қарағанда мынадай дәулеті бар адамды шіріген бай деуге келмес. Бірақ, сол кездегі қарапайым кедейлер Абайды тобықтының ірі байларының санатына қосыпты.

Ал Мұхтар Әуезов Абайдың мал-дүние жимағанын айтады. «Кейбіреулерге қанша мал бітсе де, байлық бітпейді» дейді Абай. Байлық бітпеді деген сол шығар, ақын қолға түскен қаржысын балаларына, шәкірттеріне арнап отырыпты. Мысалы, Әбішті Петерборда оқыту үшін шығынға шаш-етектен батқан.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді Абай. Ақынның өзі осылай деп жазғанына қарағанда, байлықты мақсат тұтпаған сияқты. Әйтпесе, Абайдың басқалар секілді байлыққа белшеден батуға мүмкіндігі мол еді.
Serikbol Khassanov facebook парақшасынан алынды
#qazaqia2015 #блогсапар


