
«Жаңаарқаға барсам, осында баруым керек» деп түртіп қойған жоспарымда екі нәрсе бар болатын. Бірі – сүйікті әншім Қорабай Есеновпен сұхбаттасу. Екіншісі – ұлт құндылықтарының жоқтаушысы Ақселеу Сейдімбектің бейітіне барып, құран бағыштау. Алланың қалауы шығар, осы екі мақсатым да орындала кеткені…

Жаңарқаға келе салысымен Ақселеу биігіне баруға асықтық. Иә, Жаңаарқаның Жезқазғанға қарай шыға берісінде төбе бар. Жергілікті жұрт бұл төбені бұрын Бәйге төбе деп атапты. Бұл жерде ат бәйгесі өтеді екен. Кейін Ақаңның құрметіне «Ақселеу биігі» деп атап кеткен. Сол төбеге жетуге асығып барамыз…


Айнала кең жазық. Сар дала. Атасу кентінен үш шақырымдай озғанда оң жақтан төбе көрінді. Ақселеу биігі. «Ақселеу аталарың осында жерленген», – деді жүргізуші жігіт. Трассадан оңға қарай бұрылып қара жолмен алға аяңдадық…

Қазақ руханиятынының ұстазы жапандағы төбеде жалғыз жатыр. Неге Ақселеу айдаладағы төбеде жерленген дейсіз бе? Оның да өз себебі бар екен. Негізінде, бұл төбеде жалғыз Ақселеу атамыз ғана жатқан жоқ. Төбенің төменгі жағында Несте деген кісінің ескі моласы бар көрінеді. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, Ақселеу ағамыз өзін сол кісінің аяқ жағына жерлеуді аманаттап кетіпті.
Несіп батыр мінезді адам болған дейді. Тіпті, патшадан бұйрық қағаз келгенде де лашығында жатып: «Менің башпайымның арасына қыстыра қойыңдар», – деп қымсынбай жата беріпті. Кім біледі, бәлкім Ақселеу ағамыз ол кісінің сол өжеттігін жоғары бағалаған болар.



Құлпытасы да өз болмысындай ғана. Ұлы Ернар қойдырған екен. Шариғат заңынан аттамапты. Не суреті салынбаған, не мүсіні орнатылмаған. Бейіт басына келіп Құран оқып, дұға бағыштадық. Ел үшін атқарған ерен еңбегін еске алдық. Құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады. Ақселеу» деп жазыпты. Жүректі ауыртатын-ақ сөз екен!

«Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңы бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кәтепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ақселеудің орнына кім жүре алады. Ешкім жүрмейді. Тек Ақселеудің өзі жүре алады». Әбіш атамыз қалай тауып айтқан а?! Осынша жүкті бір өзі ғана көтерген қара нардың жоқтығы бүгінде қатты байқалады. Иә, Арқаның айбынын асырған, Арқаның ғана емес-ау бүкіл Алаштың айбынын асырған Ақселеудің жоқтығы жанға батып жүр. Ақселеу биігінде Алаштың күйігі жатқаны жанға батады екен.
Маған Ақселеу биігі жолаушыларға жол нұсқап тұрған маяк секілді елестеді. Осы даламен әрлі-берлі өткен адамдардың жолдан жаңылмауына көмектесіп тұрған белгідей көрінді. Төбеден түсіп бара жатып: «Ақселеу биігі енді қаралы көшті қарсы алмаса екен», – деп тіледік.
#qazaqia2015 #блогсапар


