Шыңжаң өлкесінің Баркөл аймағында Кармыш дейтін құсбегі өмір сүрген екен. Оның Сары құсы асқан қырандылығымен елге әйгілі болыпты. Ол қарақұйрық, арқар сияқты даланың қоңыр аңдарында алатын қыран екен. Содан болып бірнеше тұяғынан да айырылыпты. Кармыш құсының сынған тұяқтарының тұғылына сақиналатып қолдан жасап жез тұяқ салдырыпты.
Бір жылы ел Ойтаудың қоңыр адырынан түлкі бейнелі біртүрлі аң көргендігін аңыз етеді. Бұл аң ақша қардың бетінде қашып бар жатқанда екеу болып сағымдалып көрінеді екен. Небір қыран бүркіттер оны ала алмапты. Сағымдалып екеу болып көрініп бара жатқан бұл аңды бүркіттің көз жанары жыға айыра алмайды қалады екен. Шүйілген құс аға емес сағымына түсіп, жер сипап қалып қояды екен.
Мұны естіген Кармыш құсбегі бүркіт баптап, алғашқы ақша қарда осы аңның ізіне түсіпті. Қан сонарды қойып, қара жердің өзіне аңның ізін айырып, бағыт-бағдарын білетін құсбегі ақыры әлгі тылсым аңды Сары құсына алдырыпты.
Аңды тұмсығынан көтерсең жүні құйрығына қарай, ал, құйрығынан көтерсең жүні басына қарай төгіліп тұратын таңғажайып жануар екен. Кармыш құсбегі бұл аңды Қобданың күнгей бетін билеп тұрған торғауыт төресі Ламжаға тарту етеді. Бұған ерекше қуанған Ламжа төре: «Мынау жаннат деген аң. Бұл қара жаннат, қызыл жаннат деп екіге бөлінеді. Мынау қызыл жаннат екен»-дейді.
Кармыш құсбегі Сары құсы ұстаған аңның не екендігін сонда ғана біледі. Ламжа оған жүз оғы мен бір мылтық және құла жорға атын қосып тарту етеді.
Содан Кармыш құсбегі Сары құсын көтеріп, дала кезіп келе жатып, құмда қонып жатқан керуенге кез болады. Бұлар Қытайдың ішкі өлкесіне сауда жасауға кетіп бара жатқан үкімет кіресі екен. Қу далада сап ете түскен құсбегі мен құстан қорыққан сақшылар оған оқ атады. Кармыш атының басын бұрып тұра қашады. Бірақ оның жауырынан оқ тиіп, жарақаты ауырлап, ауылына жете алмай далада өледі. Иесісің өлі денесін Сары құсы ит-құсқа жегізбей бір апта күзетеді. Елден еш хабар болмаған соң өзі ұшып ауылға келеді де, ауылды бір айналып қайта ұшып кетеді.
Кармыштың балалары ұшқан құстың бағыты бойынша іздеп шығып әкесінің сүйегін тауыпты. Көп ешіепей ел үркіп Гансуге ауғанда, Кармыштың балалары Сары құсқа бір қой сойып беріп, жұртқа қалдырып кеткен екен. Бірақ Сары құс көк аспанда қаылқтап көшпен ілесіп отырады. Арада бірнеше күн өткеннен кейін қашқан елді моңғол-қытайдың бірлескен ұшақтары бомбылайды.
Сары құс осы әлем-тапырық шайқаста елді бомбалаған ұшаққа ұмылған екен. Жаудың ұшағымен шайқасқан Сары құсты таудың бөктеріне биікке шығып алып, бекінген ел көзбен көреді.
Тоқтар Жетпісбай
namys.kz



