
«Дегдар» сараптама орталығы алдыға уақытта ислам жайлы зерттелген әлемдегі бестсселер еңбектерді қазақ тіліне нақты ықшамдап аударып отыратын болады. Мынау — итальян ғалымы Джон Эспозитоның «Исламның болашағы» деген еңбегі. Батысты үлкен қоғамдық сілкініс тудырған еңбек. Ағылшын тілінен аударылды.
Италиян ғалымы Джон Эспозито «Исламның болашағы» деген еңбекте Исламның келешегіне былай сараптама жасапты. 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы әлемдегі талай мұсылманның тағдырын өзгерткен. Осы оқиғадан соң АҚШ бастаған бірнеше ел жаһандық терроризмге қарсы соғыс ашты. Ислам әлемін үрей мен қорқыныш билеп алды. Социологтар мұны «өркениеттер қақтығысы» деп бағалады. Енді бір ғалымдар «неден қателік кетті немесе мұсылманды үшін жек көреді» деген сұрақтың жауабын іздей бастады.
АҚШ-тың күш қолдануына мұсылмандар да қарап қалмады. Экстремистік топтар құрылып, олар да Батысқа соғыспен жауап беріп жатты. Қарымта қарсылықтар Исламофобияның асқынуына себеп болды. Осылайша Исламның болашағына қатысты сұрақтар көбейе берді. Италиян ғалымы Джон Эспозито бұл проблеманы ұзақ жыл мұқият зерттейді. Оның айтуынша, ол зерттеу жұмысын бастағанда Батыста мұсылмандар мәселесі бұлай қатты шиеленіспеген екен. Олардың саны да аз, әрі саясат пен қоғамға ықпалы да әлсіз болыпты. Тіпті Ислам туралы деректер тапшы болған. Академиялық ортаның өзінде Ислам туралы деректер сирек кездескен. Кітапханада 1970 жылға дейінгі мәліметтер көбірек сақталыпты. Тек 2001 жылғы оқиғадан соң ғана мұсылман мәселесі қоғамның ең көп талқылайтын тақырыбына айналған.
Жұрт бұл шиеленіскен ахуалды жаһандық терроризм мен Батыс арасындағы қақтығыс деп түсінген. Енді бірі «дәстүршіл, діншіл, билік құмар, анти-батыстық радикалдар мен заманауи, демократиялық, капиталистік көзқарас ұстанушылардың арасындағы теке-тірес» деп бағалаған. Ал, сыни көзбен қараушылар «Демократия, плюрализм, адам құқықтары сияқты модернистік идеялармен Исламның бір қазанда басы піспейді» дейді. Эспозито мұндай сыни көзқарасты былайша түсіндіреді: «Көптеген Ислам мемлекеттері автократтық билік орнатып алған. Адамдардың сөз бостандығы мен азаматтық құқықтары шектелген. Сөйте тұра, мұсылмандар өздерінің исламдық дәстүрлері мен құндылықтарын сақтау – қоғамда демократияның күшейуіне, оның дамуына жол ашады деп есептейді. Бұл құбылыс «Шиеленіскен мәселелердің шешілмеуі Исламның өзінде жатқан жоқ па» деген ойға жетелейді».
Ислам және Исламшылдар?
Ислам адамды рухани жігерлендіріп, өмірден мән тауып, рухани бағыт-бағдар сыйлаушы дін ғана емес. Ол, сонымен қатар, саяси және қоғамдық көзқарас қалыптастыратын қуатты идеология. Себебі, кейбір мұсылман қозғалыстары өздерінің саяси көзқарасы мен діни ұстанымын заңды түрде бекітіп алу үшін дінді пайдалана береді. Осы себептен мұсылман қоғамы екіге жарылып жатады. Бір жағы исламды мемлекеттен бөлек еткісі келсе, енді бірі оны ел басқару механизміне барынша ендіргісі келеді.
Әдетте, Ислам жайлы айтқанда оның діни танымына немесе көптеген қырына тоқталамыз. Ислам діни, мәдени, экономикалық және саяси мәселеде сан-алуан қырынан көріне береді. Мұсылмандар 57 елдің негізін құрайтын, көптеген ұлттар мен тілдер, этникалық және тайпалық топтар мен дәстүрлерден тұратын үлкен қауым. Сондықтан, әлемдегі 1,5 миллиард мұсылмандардың көбі арабтар емес – азиялықтар мен африкалықтар екенін түсінуіміз керек. Мұсылман қауымының басым бөлігі Сауд Арабиясы, Египет, Иранда тұрмайды. Олар Индонезия, Бангладеш, Пәкістан, Үндістан сияқты халқы көп елдерде тұрады. Сонымен қатар, мұсылман тілі – араб тілі ғана емес. Парсы, түрік, урду, индонезия және қытай, сондай-ақ ағылшын, француз, неміс, дания және испан тілдері де кіре алады.
Әлемге ықпал еткен барлық діндер мен идеологиялар сияқты Исламның ықпалы мен мәдени қабаттары да бірде дамып, бірде құлдырап отырған. Оның да тарихы өзге діндерге өте ұқсас. Яғни, Ислам патшалық құрған аймақтарда бөтенге жаны ашу, адамгершілік, ізгілік сияқты гуманистік идеялар алаңсыз салтанат құрған жоқ. Ислам тарихында да әділетсіз халифтер елде үреймен билеп, саяси һәм діни ұстанымы бөлектерді қудалап, басып-жаншып, талай адамның қанын нахақ төккен.
Бүгінгі таңда, көптеген батыс жұрты «мұсылман», «Ислам» десе – «Ирақ, Пәкістан, Ауғанстандағы әйелдер мен балаларды қорлаушылар, мешіттер мен мүсіндерді қиратушылар, өзін-өзі жарып жіберетін жихадшылар немесе сүнни һәм шиға бөлініп, қырылып жатқан елдің тұрғыны» деп ойлайды.
Кейбір христиан журналистері мен саяси сарапшылары Исламды «зорлық-зомбылықтың діні, ал Мұхамбет пайғамбарды 9 жасар қызға үйленген арсыз адам» деп көрсетіп жатты. Осының кесірінен батыстың көбі Исламды «әлемде проблема туғызушы» дін деп таниды. Washington Post/ABC news-тің мәліметінше 2006 жылы амарикандықтардың жартысы дерлік Исламға жағымсыз көзқарастарын білдірген. Бірақ, біз Америкада тұрып жатқан мұсылмандар жайлы не білеміз? Назар аударып қарасаңыз көптеген деректер сізді таң қалдыруы мүмкін.
Америкадағы мұсылмандар
Бүгінде Ислам Африка мен Азия, Еуропа мен АҚШ-та ең жылдам өсіп келе жатыр. Әлемде 1,5 миллиардтан астам мұсылман бар. Олардың Еуропа мен АҚШ-та саны аз болса да қоғамдық мәселеде маңызды рөл ойнайды. Еуропада қазір 20 миллионнан астам мұсылман тұрады. Ислам діні – Еуропада екінші ірі дін болып саналады. АҚШ-та 8 миллионға жуық мұсылмандар өмір сүреді. Ислам АҚШ-та да қарыштап өсіп келе жатқан қуатты дін.
Исламды зерттейтін Gallup орталығының 2009 жылғы «Американдық мұсылмандар және олардың ұлттық келбеті» деген баяндамасында американдық мұсылмандардың 28 % ақ нәсілді, 18 % азиялық, 35 % афро-америкалық, 18 % аралас нәсілден құралғандығы айтылады.
АҚШ-тағы мұсылмандар бұл елге сан түрлі себеппен келген. Олар өз елінде саяси және діни қысымнан қашқандар, баюды көздегендер, білім алғысы келгендер, енді біреулері өз елдерінде құқықтары үшін күресіп, шыңдалып шыққан қайраткерлер. «Азиза» журналының бас редакторы Тайбия Тейлордың пікірінше – мұсылман жамағатының сан алуандығы қоғам үшін өте пайдалы. Себебі, әр тараптан келген сауатты мұсылмандар көптеген проблеманы шешу кезінде идеяларды молынан ұсынуға қабілетті келеді. Бұл өз кезегінде талантты адамдарды көптеп туғызады. Көптеген мұсылмандар балаларын оқытқан кезде олардың болашақта демократиялық құндылықтарды сақтап қалуына үлес қосқанын қалайды. Себебі, олар АҚШ-тың негізгі қуаты тап осы демократиялық процестің тоқырамауына тәуелді екенін жақсы түсінеді. АҚШ-та еврейлерден соң ең білімге құмар, сауатты діни қауым ретінде мұсылмандар танылған. Олардың 40 колледждің дипломы бар. Бүкіл АҚШ-тың жоғары білімді азаматтарының санына шаққанда олар 29 % құрайды.
АҚШ-та өмір сүріп жатқан мұсылмандарда саяси және экономикалық артықшылықтар да көп. Олар әр түрлі әлеуметтік-экономикалық салаларда қызмет атқарады. Мұсылмандар кәсіби мамандықтарда (дәрігер, заңгер, инжинерлер, мұғалімдер), үлкен корпорацияларда, жалдамалы жұмыстарда істейді. Сондай-ақ, өздерінің шағын және орта бизнестері бар. АҚШ-та мұсылманның 70 % жалақысы жақсы қызметке ілінген. Жұмыс істемейтін мұсылманның 31 % күндізгі бөлімде оқитынын айта кету керек. Ал, басқа Америка қауымдарының 64 % ғана жұмыс істейді. «Gallup» зерттеу орталығының дерегінше – жұмыспен қамтылған мұсылмандардың ең жоғарғы көрсеткіші Индонезияда – 59 %, ең төменгі көрсеткіші Пәкістанда – 31%».
2001/11 оқиғасынан соң АҚШ-тың барлау қызметі мен қауіпсіздік күштері өз еліндегі әрбір мұсылманды жіті бақылайтын болған. Оларды әуежайда қатал тексереді, сұрақтың астына алады, үйлері мен мешіттерін қатаң қадағалайды. Соның кесірінен олар қоғамдық орындарда өздерін жайсыз сезініп, мазасыз күй кешеді. Саяси һәм қоғамдық белсенділіктері төмендеп, пессимистік көңіл-күй билеп алады. Тіпті, сайлау кезінде мұсылмандар, әсіресе жастар жағы сайлауға өте аз қатысқан. Мұсылманның небәрі 51 % дауыс берген. Дегенмен, қазір ақырындап жағдай жақсарып келеді. Мысалы, мұсылмандар Американың саяси өмірінде анағұрлым белсенді. АҚШ конгресінде екі мұсылман мүше бар. Жергілікті штаттарда саяси қызмет атқарып жүрген мұсылмандар көп. Тіпті, көптеген мұсылман ұйымдары Конгреске ықпал жасап, елдің ішкі және сыртқы саясатына араласып отырады. АҚШ-тағы мұсылмандардың саяси көзқарастары да әр түрлі. Олардың 38 % заманауи құндылықтарды насихаттайды, 29 % либерал, 25 % консерватор.
Әдетте, реформалық қозғалыстар үлкен мәдени өзгерістер кезінде немесе билік жүйесі тығырыққа тірелгенде тіріледі. Жаңадан туындаған проблемалар сәтімен шешімін таппаса, реформаторлар жаңа проблемаларды шешудің тың жолдарын іздейді. Протестандық реформа да жаңа заманның әлеуметтік проблемасы шиеленісіп, әбден тозығы жеткенде басталған еді. Яғни, ел-жұрт кейбір қатаң діни догмалардың жаңа заманның талаптарымен толық қабыса бермейтінін ақыры түсінген. Сондықтан, бұл реформалар кезеңін «орта ғасырда орын алған арандатущылық өзгерістер» деп емес, «қоғамның модернизациялануы» деп қабылдаған жөн. Мартин Лютерді де сол заманның талабы туғызған діни реформатор деп танимыз.
Орта ғасырда болған дәл сол процесс қазір мұсылман әлемінде қайталанып жатыр. Бірақ, 16-шы ғасырдағы Еуропамен салыстырғанда бүгінгі ислам елдеріндегі модернизациялану процесінің хәлі өте мүшкіл. Себебі, мұсылман елдері тәуелсіздік алған соң қарыштап дами алмады. 70-80-ші жылдары төңкеріспен билікке келген мұсылман басшылар діни мемлекет құрды немесе автократтық режим орнатты. Одан бөлек, Батыс бұрынғы колонияларының ішкі саясатына әлі де ықпалын жүргізе алады. Сондықтан, Исламның болашағы аз ғана реформаторлардың белсенді іс-әрекетіне байланысты емес. Қандай да бір жаңалықтың самалы соғу үшін АҚШ пен Еуропа сыртқы саясатын реттеуі керек. Мұсылмандар да өз елдерінің басқару тетіктеріндегі кемшіліктер мен саяси тоқыраудың түпкі себебін түсінуі тиіс.
Сейілбек Мырзабай
Жалғасы бар
degdar.kz


