![]()
Құрманбек Зейтінғазыұлы 1941 жылы Қытай халық республикасының Шіңгіл ауданында дүниеге келген.
Өр Алтайда туып сол даланың такаппар тауларына қарап бой түзеп өскен Құрманбекті тарғалаң тағдыр мен тас өткелді күндер қажыта алған жоқ. Әсет пен Біржанның арда күреңіне жабысқан шабытты жас өлең өлкесіне қарай дүркірей шапқан арғымақтар шоғырына қосылып, тұлпар мінез танытты. Ендігі жерде ол жәй ғана Құрманбек емес, «Қазақтың Құрманбегі» болды. Милиардттар елінде отырып:
Әсет те, Біржан да емес Құрманбекпін,
Келеді өз тұсымда думанды өткім.
Адаммын. Жасамақпын адамша өмір,
Қорқуға қорлануға туған жоқпын. –деп толғайтын.
Осы шумақ-ақ оның туған халқына, өнерге деген өзек жарды сырын, кіршіксіз сезімін, ерлік рухын бүкпесіз ақтарып тұрған жоқ па!?
1980 жылдардан кейін ес-ақылын жиған қытай зиялылары қатарында қазақтың ұл-қыздарының да кеткені келіп, кемтігі толды. Әдебиет пен мәдениеттің беті бері қарап, қаламгерлердің де күні туды. Сол қатарда қырандай сілкініп орнынан тұрған Құрманбек Зейтінғазыұлы айтыс ақындарының дауылпазына айналды. Қазақы өлеңді қарша боратып, әріптестерін теңселтіп, тыңдармандарын толқытты. Сан реткі айтыста шашасына шаң жұқпай, жыр дүлдүліне айналды.
1991 жылы Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1994-1996 жылдары Моңғолияда, 2006 жылы Гермения, Франция, Голландия елдерінде өнер сапарымен болып, алыстағы ағайындармен өнер құдіретін бөлісті. Әсіресе «Ағажайлап» шет жұртқа босып кеткен талай қандасының көңілін толқытып, көзіне жас үйірлітті.
Көп сәлем қыран ұшқан шыңдарымнан,
Құмында құлан жортқан Жұңғарымнан.
Ертіс пен екі Шіңгіл суларынан,
Ойнаған бұғы-марал нуларымнан, — деп сөз бастаған ақын, естен кетпейтін ескі өмірдің сүркей шақтарын:
…Тозақтан шайтан оты жанса маздап,
Жер — жесір, жетім бота қалса боздап.
Араны жауыздықтың қайта қоздап,
Қиылды қыршынынан қанша боздақ.
Қасқырдай адамда адам талаған күн,
«Бұйдасын жау кескенде қара нардың».
Өксіген ән әуені ағажайдың,
Мұң-зары бабалар мен аналардың.
Қан сасып қайран мекен қаңырады,
Қарқ боп қарға-құзғын жабылады.
Шашылған сынығынан танылады,
Шағылған қара орданың шаңырағы… – деп жырлағанда талай қарттың көз жасы көл болып ақты.
Құрманбек ақынның орайы келгенде қазақстандық айтыс ақыны Ханыша Райысоваменде сөз сілкілесіп алғаны бар. Ханыша:
Жыртсада жел табан күн ұлтанын мың,
Сетілтпей бір тал жібін ырғағының.
Сақтаған Сара әуенін жетісулық,
Мен өзім дәл Сараның ұрпағымын. – десе, Құрекең:
Мәнді сөзді Ханыша, аңғарыпсың,
Әуеніңді бұл-бұлдай таңнан ұқтым.
Төкпе өлеңге төпелеп дес бермеген,
Інісімін, шырағым, Таңжарықтың.
Өлең деген тұлпарды сетерлеп ек,
Ел шығарды төбеге көтермелеп.
Ара шалғай болған соң алаңдаушы ем,
Сахнаңа бір шықпай кетем бе деп. — деп төгілтеді.
1993 жылы «Қаламқас» ансамблы Қытайға бара қалғанда Құрекең:
Қуаныштың құйылып тамшылары,
Махабатқа жанымыз малшынады.
Алты жасар алыстан бала келсе,
Алпыстағы алдынан шал шығады.
Семей десе кім білмес жыр құндағы,
Қазақстан халқының бір гүл бағы.
Алдарыңнан шығайын ала таңнан,
Абай атам ауылының бұлбұлдары… — деп ақ жүрегін ала ұшып, жыр шашуымен қарсы алған болатын.
Көл-көсір жырға ерік берген асау шабыттың иесі – қазақтың Құрманбегі осылай жырлаушы еді. Ақынның тап бермеде айтқан тапқыр өлеңдерінен бірнешеуін оқиықшы.
Қытайдағы «мәдени төңкеріс» кезінде үйінен өгіз мініп, бесік өңгеріп шыққан Құрманбекті жол бойында еңбек етіп жүрген бір топ ер-әйел қаумалап алыпты. Әйелдер жағы сылтың ғып: «алдында бесігі болған соң әйел ме екен десек, басында жаулығы жоқ. Басына қарап ер ме екен десек, алдында бесігі бар. Бұл кім өзі?» деп сөз шығарыпты. Сонда Құрекең қолма-қол:
Құрманбек менің атым бесік алған,
Бесікті түсінеді есі бар жан.
Ұл тауып Керімбайдың келіншегі,
Кіндігін бәйбішеміз кесіп алған.
«Орамал тон болмайды, жол болады,»
Қалжаның терісі мен төсін алған.
Кездеме осы күнде арзаншылық,
Үстіне торғын көйлек қосып алған,
Сәбидің бесігі жоқ дегеннен соң,
Жасауды мен бір бесік есіме алғам.
Бесікті осы ғұрлы қузалайтын
Бұл бесік қатындардың есін алған?!
Өңгерген бесігімнің жайы осылай
Сол болса жұмыстарың тосып алған, – деген екен. Әйелдер жағы қарқ болып қала беріпті.
Құрманбекпен өмір бойы әріптес болып өткен Жамалхан Қарабатырқызы бірде:
Мен сені қыран дейін қырағы шын,
Қиырға қанат қағып шығамысың.
Жердегі жеті жоқты бірден-бірден,
Әріптес түсіндіріп шығамысың, — деп тап бергенде, Құрманбек қолма-қол:
Жамалхан сұрауыңның қатасы жоқ,
Күйеудің қайын жұртқа батасы жоқ.
Құста сүт, жылқыда өт болмайды екен.
Иттердің сыйласатын атасы жоқ,
Ойласаң су біткеннің сүйегі жоқ.
Тоқтаусыз соққан желдің тиегі жоқ,
Таста тамыр болмайды өсімдіктей,
Шықты ма бұл шешуім жүйелі боп, — деген екен.
Құрманбек ағамен талай дәмдес болып, арындаған ақындығы мен төкпе жырына куә болып едім. Тосын шақтарда тұтқиыл қойылған сұрақтарға өлеңмен жауап беріп, еш іркілместен жұп-жұмыр жыр шумақтарын төгіп-төгіп тастайтын еді. Тау суындай мөлдір, тентек төгілген шабытты жолдарға қайран қалатынбыз.
Қайран Құрекең! Отыз жылдан астам уақыт талмай шауып, сөз додасының саңлағына айналып еді. Айтыс сахналарында ғана емес, той-томалақ, күнделікті күйбең түгелімен өлеңмен өріліп, айналасына шуағын сыйлады. Жүрген жері өлеңге айналды.
Кейігенде шағамын жырыма мұң,
Маздаған ошағыма жылынамын.
Жырдан бұрын мен өлсем бақыттымын,
Менен бұрын жыр өлсе құрығаным.- деп толғаушы еді. Қадірлі Құрекеңнің қайтыс болғанына да жылжарымнан ауып барады міне! Қазақ сөзінің қаймағын қалқып айтқан жырмұрасы халқының рухани өміріне әлі талай азық болары күмәнсіз! Оның жыры өлмес жыр!
Жаның жәннатта болғай!


