
Алдымен мына сұраққа жауап іздейік: Елімізге интернет қайдан келіп тұр?
Ел ішінде бұл бағытта «теріскейдегі көршіге тәуелдіміз» деген қорқыныш басым болатын. Ресейдегі кикілжің бізді интернетсіз қалдырмай ма деген қауіп те бар-тын.
Өзім бақандай 5 жылымды телеком саласына арнағандықтан, мұндай сауалдарға жауапты да көптеп дайындадық.

Негізгі халықаралық интернет-трафик бізге бірнеше бағыт арқылы келеді. Олардың ішінде Франкфурт пен Гонконг сияқты ірі телекоммуникациялық тораптар арқылы жалғанған бағыт бар. Бірақ Ресей арқылы өтетін солтүстік бағыттың үлесі шынында орасан.

Бірақ енді бұл карта өзгергелі тұр.

Дәл қазір Қазақстан мен Әзірбайжан Каспий теңізінің табанымен өтетін жаңа талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеп жатыр.

Мұны шын мәнінде тарихи мегажоба деп айтар едім.
Әрі бұл процесті мен іштен көрдім. Ол кезде Қазақтелекомда істеймін. Ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған Каспий ТОБЖ жобасы Қазақтелекомға жүктелді. Мемлекет басшысы бұл жобаның маңызына ерекше екпін қойды.
Жобаға қан жүгірді. Бірден Әзірбайжанмен келіссөздер басталып кетті.
Осы кезде теңіз түбімен 380 шақырым желі төсейміз деген жоспар мүмкін еместей көрінген.

Бірақ қазір алып кемемен зілдей желілерді су астына түсіріп жатқан процесті көріп, қуанғанымнан осы постты жазып отырмын.

Сонымен бұл теңіз асты желісі нені өзгертеді?

Ойлаңызшы, суасты желісінің өткізу қабілеті 400 Тбит/с.

Секундына! 400! Терабит! Қазіргі 4G жылдамдығынан 4 млн есе артық. Сіз көзді жыпылық еткізгенде суасты желісі 10 млн фотоны сапалы өткізіп тастап, қарап тұрады.

Бірақ Каспий желісінің көтерер жүгі бұл емес. Ішкі тұтыну деген ол үшін тым қарабайыр болар еді.

Бұл желінің алар асуы асқақ. Ол — Қазақстанның цифрлық транзиттік әлеуетін мықтап бекітіп беретін желі.
Цифрлық инфрақұрылымды әртараптандыру үшін маңызды. Мемлекеттің келешегі үшін маңызды.

Бұл жерде еліміздің географиясы да артықшылыққа айналды. Біз Қытай мен Еуропаның ортасында тұрмыз.

Қытай – Қазақстан – Каспий – Әзербайжан – Кавказ – Еуропа. Енді осы географиялық бонусты цифрлық транзитке айналдыра алмасақ бізге сын ғой.

Интернет трафик те транзиттік жүк. Еліміз халықаралық трафик транзитіндегі үлесін келер жылы 1,5%-дан бірден 5% арттыруды көздеп отыр. Бұл дегеніміз, елімізді деректер тасымалдайтын хабқа айналдырып осы ағыннан экономикалық пайда түсіру.
Былайша айтқанда, мұрын ұшындағы мүмкіндікті миллиардтарға айналдыратын желі бұл.

Мемлекет басшысының цифрландыруды жай ғана экономиканың бір саласы ретінде ғана емес, оны елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын бірден бір стратегиялық бағыт ретінде айқындауы міне бүгінгі Каспий ТОБЖ жобасынан да айқын көрінеді.

Айтпақшы, Каспий ТОБЖ жобасын толық іске қосу осы жылдың соңына жоспарланған.