Түсінемін, тіл мәселесінің талқылауы әдетте дауға айналып кетеді. Бірақ біз оған басқа қырынан қарап көрсек.
Егер мемлекет аппаратының ішкі жұмыс тілі біреу ғана болса, нақты не өзгерер еді? Соны ойланып көрейік. Бұған тіл мәселесі деп емес, мемлекетті басқару жайлы сұрақ деп қарасақ.
Қазір жүйе қалай жұмыс істейді?
Елестетіңіз, бір министрлік бұйрық дайындауы керек. Алдымен құжаттың мәтіні әзірленеді, артынан екінші тілдегі нұсқасы жасалады. Екі мәтінді салыстырады, сәйкестігін тексереді. Егер негізгі мәтінде бір сөз, не бір сөйлем өзгерсе, екінші тілдегі мәтінді де өзгерту керек. Оны қайта тексеру керек. Яғни бір құжаттың мазмұны бірнеше циклдан өтеді. Әр цикл қосымша уақытты, қосымша шығынды арттырады. Циклдарды көбейте беру қарапайым азамат үшін қандай құндылық береді? Ешқандай. Керісінше, оның уақытын алып, жүйкесін тоздырады.
Ал мемлекет аппараты бір тілде жұмыс істесе, не өзгереді?
Ең алдымен — процесс қысқарады. Құжат бір рет әзірленеді, бір рет құқықтық сараптамадан өтеді, бір рет келісіледі, бір рет бекітіледі. Ал құжаттың аудармасын қайта-қайта келістіріп, қайта-қайта бекітіп жүрудің қажеті болмайды. Себебі мемлекет аппараты өз ішінде бір жұмыс тілінде ғана істейді. Ал азаматтардың ыңғайы үшін кез келген құжаттың, заңның аударма нұсқасы болады.
Одан кейін — жауапкершілік айқын болады. Екі бірдей “теңтүпнұсқа” мәтінге жауапты адам кемі екеу болады, кейде тіпті одан да көп. Яғни жауапкершіліктен қашу, жауапкершілікті аудара салу ықтималдығы артады. Ал бір ресми түпнұсқа құжат болса, жауапкершілік тізбегі қарапайым: бір автор, бір мәтін, бір жауапты құрылым. Бұл құқықтық айқындықты күшейтеді.
Сосын — шешім қабылдау жылдамдайды. Нақтырағы шешім қабылдау циклы қысқарады. Себебі екі тілдегі құжаттың қайта-қайта айналып жүре беруі — шешім қабылдауды ұзартады. Ал бір тілдегі түпнұсқа құжатты бекіту шешім қабылдау уақытын қысқартады. Бұл мыңдаған нормативтік және әкімшілік құжатпен жұмыс істейтін мемлекет аппараты үшін өте маңызды. Жұмыс тиімділігі артады.
Айтпақшы — бір тілді модельге көшсек, қазақ бюрократиясының бірыңғай стилі қалыптасады. Қазір әр орган өз ыңғайына қарай жазып жүр. Терминдер әркелкі, көбі аудармашыға тәуелді, аудармашы ауысса, термин де ауысады дегендей. Егер бір тілді модельге көшсек, оның бәрі ортақ стандартқа көшеді. Бұл бүкіл жүйенің сапасын арттырады.
Тағы айтатыны — мемлекеттік қызметке қойылатын талап айқын болады. Қазіргі жүйеде екі тілде құжат жүргізе алу — бейресми кәсіби артықшылыққа айналып кеткен. Бірақ оны ашып ешкім айтпайды, дегенмен жұмысқа аларда орысша құжат жүргізу қабілетіне баса назар аударады. Егер бір тілдік модельге көшсек, мемлекеттік қызметкерге талап анық болар еді.
Мемлекет аппаратын бір тілге көшіргенде қарапайым азамат не жоғалтады? Ештеңе. Кез келген азамат мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы тілде алу құқығын сақтап қалады. Кез келген құжаттың, заңның аударма нұсқасы да сақталады. Оны түсіндіру жұмыстары да екі тілде жүре береді.
Өзгеретіні — қарапайым азаматпен сөйлесу тілі емес. Басты өзгеріс мемлекеттің ішкі жұмыс істеу архитектурасы дейсіз бе, алгоритмі дейсіз бе, сол. Болды.
Ең маңызды өзгерісті айтайын. Мемлекет қоғамға көпірме сөзбен емес, нақты ісімен, тәжірибесімен сигнал береді. Егер ақорда, министрліктер, әкімдіктер және ұлттық компаниялар ішкі жұмысын қазақша жүргізсе, қоғам “мемлекеттік тіл — шешім қабылдайтын тіл” деген қорытынды жасайды. Мұндай әсерді ешбір ұран мен жарнама, үгіт-насихат алмастыра алмайды.
Айтпақшы, аппаратты бір тілде жұмыс істеуге қарсы адамдар “қазақ тілі ондайға дайын емес” деген уәж айтуы мүмкін. Бірақ біл уәж кез келген тіл дайын болып барып, мемлекетті басқару тіліне айнала ма, әлде мемлекетті басқару тіліне айналған соң ғана дами бастай ма деген сұрақ туғызады. Әлем тілдерінің тәжірибесіне қарасақ, көбіне екінші жол дұрыс деп көрсетеді.
Өйткені терминология кабинетте отырып өзінен өзі қалыптаспайды. Ол күн сайын мыңдаған мемлекеттік қызметкер қазақша құжат жаза бастағанда қалыптасады.
Мемлекет аппаратының бір жұмыс тіліне көшуі — бір тілді екінші тілден жоғары қою деген сөз емес. Бұл мемлекет аппаратының ішкі жұмыс процесін жеңілдету мәселесі дер едім. Сол кезде жауапкершілік айқындалады, шешім жылдам қабылданады, аппарат жұмысы азаяды, құжат айналымы қысқарады, жұмыс тиімділігі артады. Мемлекеттік тіл басқару тіліне айналады. Мемлекетті басқару тиімділігін арттыру жаңа бөлім, департамент, министрлік ашудан емес, бюрократия жұмысындағы артық циклдарды алып тастаудан басталады.


