– Дәулет Болатұлы, күрес 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта еніп, дүниежүзіндегі осы спорт түрінің жанкүйерлері қуанышқа кенелді. Күрес бізге де жат емес. Сондықтан Аргентина астанасынан жеткен қуанышты хабарға біз де мәз болдық. Бастан-аяқ осы дүрбелеңнің басы-қасында болдыңыз ғой. Енді соны қысқаша тізіп шықсаңыз.
– Күресті сквош және бейсбол түрлерімен қатар қойғандары мүлде дұрыс болмады. Бірақ оның өзіндік себептері де болды.
Бұған дейін Халықаралық күрес федерациясын (FILA) басқарған Швейцария азаматы Рафаэль Мартинетти Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) саясатын дұрыс ұстанбады.
Өзінің көзқарасы, өзінің саясаты болды. Әрі ХОК-тан келіп жатқан хабарларды бізге жеткізбей, FILA-ны вакуумда ұстады.
Мәселен, ХОК күрес ережелерін өзгерту керек; күрес көрермендерге тартымды және түсінікті болсын; Халықаралық күрес федерациясы аясында спорт департаменттерін ашу керек; теледидардағы жарнама жағын күшейту керек; төрешілер алқасы FILA-ға бағынбай, тәуелсіз болуы керек деген және т.б. ұсыныстары мен талаптарына немқұрайды қарады.
Содан ХОК биылғы жылдың басында күрес түрлерін 2020 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін кепілді спорт түрлері қатарына енгізбей тастады.
Бұл хабарды ести сала, біз FILA-ның кезектен тыс жиынын өткіздік. Наурыз айындағы сол жиында 11 адам қарсы шығып, 10 адам қолдап, Мартинеттиді қызметінен кетірдік.
Оның орнына серб Ненад Лаловичті уақытша сайладық. Ал мамыр айында FILA-ның Мәскеуде өткен кезектен тыс конгресінде оны бұл қызметке бекіттік.
Әрі ХОК-тің бізге қойған талаптарының бәрінің шешу жолдарын қарастырдық. Арнайы бағдарлама қабылдап, соны жүзеге асыруға білек сыбана кірістік.
Ал жаңа басшы жөнінде айтар болсам, Ненад үш тілде сөйлейді (ағылшын, француз және орыс тілдерінде). Кәсіпкер азамат, күреске қатысы жоқ. Бірақ ұйымдастырушылық қабілеті бар.
Әзірше бір жылға сайладық. Ал келесі жылы әлем чемпионаты кезінде кезекті сайлау өтеді. Сонда жаңа басшыны алты жылға сайлайтын боламыз.
Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен ХОК-тің 125-сессиясында күрес сквош пен бейсболдан көп дауыс жинап, Олимпиада ойындары бағдарламасына қайта енді.
Біле білсек, Олимпиаданың тарихы осы күрес түрлерінен басталған. Бүгінде Еуропаның 40-тан астам мемлекетінде, Азияның 20-дан астам елінде, Американың да 20-дан артық мемлекетінде, Африканың бірқатар елінде күрес түрлері қарқынды түрде дамып келеді.
Сонымен күрес түрлері Олимпиада ойындары бағдарламасында қалып, бұрынғысынша 18 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болды. Бірақ еркін күрес пен грек-рим күресінің әрқайсысынан бір салмақ дәрежесі әйелдер арасындағы еркін күреске берілді.
Сөйтіп, 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарынан бастап, әр күрес түрінде алты салмақ дәрежесі болады. Яғни әр күрес түрінде алты медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Күрестің Олимпиада ойындары бағдарламасына қайта қосылуына еңбек сіңіргендер аз болған жоқ. Бұл жерде бәрінің жұмыла қимылдағанын ерекше атап өткім келеді. FILA-ның барлық бюро мүшелерінің де, барлық демеушілердің де еңбектері телегей-теңіз болды.
Ең бастысы, 2020 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына таласқан елдердің де рөлдері ерекше болғанын айтуға тиіспіз. Бұлар – Мадрид (Испания), Стамбул (Түркия) және Токио (Жапония).
Өздеріңіз білесіздер, соңғы екеуінде күрес өте жоғары деңгейде дамыған. Түркияның да, Жапонияның да әлем және Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері болған балуандары жетерлік. Алысқа бармай-ақ, өткен Лондон Олимпиадасын мысалға алар болсақ, жапонның төрт балуаны 2012 жылы алтынмен апталған болатын.
Міне, осы елдер 2020 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу құқығына таласқанда, «егер біз Олимпиада ойындарын өзімізде өткізу құқығын жеңіп алсақ, ХОК-ке айтар бір өтінішіміз бар, ол күрес түрлері біздің елімізде өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасында болсын» деді.
Олардың бұл тілектерінің де рөлі жоғары болды. Және біз осы шешуші кезеңге жан-жақты дайындалып, бір еуропалық жарнама компаниясымен келісімшартқа отырғанбыз. Осы компанияның да атқарған жұмысы орасан зор болды.
Мен бұл жеңіс тек FILA-ның және бюро мүшелерінің ғана емес, 2020 жылғы Олимпиада ойындарын өз жерінде өткізу құқығына таласқан елдердің ұйымдастыру комитеттерінің ғана емес, дүниежүзілік күрес қауымдастығының, бүкіл күрес мамандары мен қайраткерлерінің, бүкіл күрес шаңырағының жеңісі дер едім.
Естеріңізде болар, жыл басында «Олимпиада-2020 бағдарламасына кіретін кепілді спорт түрлері қатарына күрес енбей қалды» деген суыт хабарды естігенде, көптеген Олимпиада чемпиондары, төрткүл дүниеге танымал күрес жұлдыздары өздерінің алтындарын ХОК-ке қайтарып беретіндерін айтып, наразылық білдірді. Яғни бұл – олардың да жеңісі.
– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, Ресей осы жеңіске өздері көп еңбек сіңіргендей сезінетіндей. Мамиашвили бастаған мамандарын көп айтады.
– Михаил Мамиашвили – грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы. КСРО құрамасының бас бапкері болған. Ресей құрамасының да бас бапкері болды. Қазір – Ресей спорттық күрес федерациясының президенті. Күресті жақсы білетін, білікті маман. Бұл кісінің де күрестің басына күн түскендегі еңбегі аз болған жоқ.
Жалпы, мақтанғаным емес, алғаш рет Рафаэль Мартинеттидің саясатына келіспей, оған қарсы шыққан мен болатынмын. Көптеген шешімдерімен келіспей, наразылық білдірумен болдым.
Оның нәтижесі белгілі. Таиландта өткен бюро мүшелерінің шұғыл отырысында Мартинетти орнынан кетуге мәжбүр болды. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне барлығының көздері жетті.
Ал сіздің сұрағыңызға оралар болсақ, Ресейдің күреске деген ықпалы зор. Күрестің үш түрі де Ресейде аса жоғары деңгейде дамыған.
Күрестің басына күн туғанда, Ресей күрес федерациясы ғана емес, Ресей Президенті Владимир Путиннің өзі алаңдаушылық білдіріп, ХОК-тің бұрынғы басшысы Жак Роггемен екі мәрте кездесті (Санкт-Петербургте және Сочиде).
Күрестің болашағы туралы мәселені көтеріп, ол кісі де өз үлесін қосты. Жалпы, бұл жеңіске Ресейдің де сіңірген еңбегі, қосқан үлесі аз болған жоқ.
– FILA-ның қазіргі президентінің сізге деген көзқарасы қандай? Қарым-қатынастарыңыз жақсы ма? Ол кісі осы қиын-қыстау кезеңдегі сіздің еңбегіңізді бағалады ма?
– Ненад Лаловичпен қарым-қатынасым жаман емес. Араласып жүрміз. Бір-бірімізге «сен» деп сөйлейміз. Бірақ Қазақстанда әлі болған емес. Бұйыртса, енді болатын шығар. Негізі, дұрыс азамат. Мен Мартинеттиге қарсы шығып жүргенде арамызда болған. Бәрін де көрген.
– Дәулет аға, бізге бір ұнамайтыны – Кавказ балуандары Олимпиада кезінде көптеген елдердің ұлттық құрамаларының мүшесі болып шыға келеді де, әр елдің атынан кілемге шығады. Мүмкін, күрестің беделіне селкеу түсуіне осы да әсер еткен шығар?
– Енді күрес түрлері, әсіресе еркін күрес Дағыстан, Осетия, Шешенстан, Ингушетия елдерінде өте жақсы дамыған. Жалпы, жекпе-жек өнерлері түрінде кавказдықтар Ресейде басты рөлде ойнайды деп айтуға болады.
Тіпті әлгі ережесіз төбелесте де тау халықтарының батыл жігіттері көп. Бірақ күрес тек Ресейдегі Кавказ халықтарында ғана емес, басқа елдерде де, атап айтар болсақ, Иран, Грузия, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттерінде де қарқынды түрде дамып келеді.
Жалпы, легионерлер мәселесі – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Бұл – жиі көтеріліп, жиі айтылып жүрген күрмеуі күрделі түйін. Ал ұлттық құраманы легионерлермен нығайту – үлкен спортта бар тәжірибе.
Мысалы, Артур Таймазов Өзбекстанның намысын қорғайды. Еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы болды. Өзбекстанда одан артық балуан жоқ болса, ал ол келіп осы елдің туын көкке көтеріп жүрсе, оның несі жаман?
Бізде де сондай шеттен келген балуандар бар. Біз легионерлерді шақырғанда қандай да бір салмақ дәрежесінде балуандардың жетіспеушілігінен осындай қадамға барамыз.
Шетелден келген балуан келген соң, спарринг-серіктес ретінде біздің балуандардың тез ысылуына септігін тигізеді. Ересектер сынына енді түсіп жүрген жастарымыз солармен бірге жаттыға жүріп, шеберліктерін ұштай түседі.
Егер өз жігіттеріміз сол шеттен келген балуанды жығып жатса, онда құрама сапына жергілікті спортшыны қосамыз, әрине.
Мысалы, Лондон Олимпиадасында грек-рим күресінен бір ғана жүлде алдық. Нұрмахан Тынәлиев те, Алмат Кебісбаев та жүлде ала алмай, мұндай жетістікке тек Даниял Гаджиев қол жеткізді. Ол болмаса, күрестің осы түрінен жүлде ала алмай қайтар ма едік?!
Иә, легионерлердің келіп, біздің елде өнер көрсетіп жатқандары дұрыс емес, әрине. Бірақ бұл шекеміз шылқығандықтан да емес. Асып-тасып жатсақ, легионерлердің қажеті қанша?! Онда ешкімді де шақырмас едік.
Осы ретте ашығын айтуымыз керек, біздегі бір кемшілік – білікті жаттықтырушыларымыз аз. Жастарымыз педагогикалық, ұстаздық жұмысқа бармай жүр. Әрине, оның да себебі бар шығар. Бәлкім, еңбекақысы аз болар, мүмкін, басқа да себептері болар.
Бізде осы мәселе әлі лайықты деңгейде шешіліп отырған жоқ секілді. Кеңес заманындағы білікті бапкерлеріміз жастары жетіп, зейнетке шығып жатыр. Ал олардың орындарын басып жатқан жастардың білімдері мен тәжірибелері балуандарымызды үлкен жеңістерге жеткізуге жетіңкіремей жүр.
Ешқашан үйренуден, оқудан ұялмауымыз керек. Тәжірибе бір күнде келмейді. Ол айлап-жылдап тер төгумен келеді. Осы ретте бапкерлердің біліктілігін көтеруге мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Әсіресе тауқыметі көп бапкерлік жұмысқа енді кіріскен жастарды ынталандыру мәселесін қарастыруымыз керек. Мәселен, пәтер беріп, жалақысын көтеріп, жағдай жасау керек дегендей.
Біреуі бір чемпион шығарса, оның спорттық дәрежесін көтеру керек. Жұмыстарын қызықты етіп, құлшыныстарын арттыра түсуіміз қажет.
– Дәулет аға, жыл өткен сайын күрес түрлеріндегі салмақ дәрежелері қысқарып келеді. Ерлер арасындағы күресте жеті салмақ дәрежесі бар еді, жаңа өзіңіз айтып өттіңіз, ол енді алтау болыпты. Аралары 10 келіден де асып барады. Осының пайдасы мен зияны қандай?
– Мен өзім күрескен кезде 10 салмақ дәрежесі болса, қазір алтауға дейін қысқарып отыр. Әуелі сегіз болды, одан соң жетеу еді. Бірақ мен балуандар арасында бәсекелестік артады деп сенемін. Бұрынғыдан да қызықты бола түседі деп ойлаймын. Мұны пайдасы деуге болады.
Ал зиянына келсек, бізге, азиялықтарға, жеңіл салмақтың көп болғаны жақсы еді, әрине. Өйткені бізде Қажымұқан бабамызға тартқан алып балуандар аз.
15 қыркүйекте Будапештте бюро отырысы болады. Сонда салмақ дәрежелерін бекітеміз. Өз кезегімізде жеңіл салмақтарды ұстап қалуға тырысуымыз керек.
Мәселен, 50 келіден бастау керек деген сияқты. Жалпы, адам баласы бәріне көндігеді ғой. Ендеше, алты салмақ дәрежесіне де көндігіп, үйреніп кетерміз әлі.
– Күрес түрлері Олимпиада бағдарламасына қайта кіру үшін ережелеріне аздап өзгертулер енгізді. Қазіргі нұсқасы дұрыс па, әлде әлі де өзгерістер енгізу қажет пе?
– Жоқ, әлде де өзгерістер енгізу қажет. Әлде де үйлестіретін тұстары бар. Бәрін бірден өзгерту мүмкін емес. Спортта өзгерістер көп қой. Дзюдо тартымды болу үшін біраз өзгерісті басынан кешірді. Теннисте волейболға ұқсады.
Күрес қауымдастығы ережелерін қазір де өзгертіп жатырмыз. Бірақ алдымызда әлі қыруар жұмыс бар. Ең бастысы, күреспен айналысушылардың санын көбейту үшін оның ережесі қызықты болуы керек.
Екіншіден, жанкүйерлерге түсінікті және тартымды болғаны дұрыс. Үшіншіден, баспасөз құралдары да қызығушылық танытарлықтай болуы ұтымды. Теледидарға көп шықса, күрес жанкүйерлері де көбейеді. ХОК-тің бізге қойып отырған басты талаптары да – осы.
– Дәулет Болатұлы, бүгінгі таңдағы қазақ күресіндегі үлкен кемшілік – күрес залдарының тапшылығы. Заман талабына сай, бірнеше кілемді залдарымыз жоқ. Оқу-жаттығу жұмыстарының барлығын дерлік шетелдерде өткіземіз.
– Инфрақұрылым – қай спорт түрі үшін де басты мәселе. Бүгінгі таңда біз боксшыларымыздан үлгі алуымыз керек сияқты. Өйткені Тимур Құлыбаев бастаған бокс федерациясы әрбір облыс орталығында, тіпті аудан орталықтарында бокс залдарын салып, оларды халық игілігіне пайдалануға беріп келеді.
Біз бұған қызыға да қараймыз, өзімізге өнеге де тұтамыз. Әсіресе қазақ жастарына жақын, ауыл балалары әуес осындай спорт түрлерін дамытуымыз керек деп ойлаймын.
ҚР күрес түрлері федерациясының да осындай жоспары бар. Бұйыртса, Астана қаласында үлкен күрес орталығын ашу көзделіп отыр. Онда алты кілем болады.
– Дәулет аға, енді өзіңіздің спорттық карьераңызға көз жүгіртіп өтсек. Жеті-сегіз рет КСРО чемпионы атандыңыз. Тарихи деректерге жүгінсек, даңқты Карелин де Кеңес Одағын осынша рет бағындырмағандай. Қазіргі Қазақстан балуандарына қарап қызықпайсыз ба, сол алтындарыңызды Олимпиада чемпионы деген атаққа алмастырып жібергіңіз келмей ме?
– Менде үш мүмкіндік болды ғой. Үш Олимпиадаға қатыстым. 74 және 82 келі салмақ дәрежелерінде күрестім. Екінші, үшінші және төртінші орындарға ие болдым.
1988 жылы Сеулде күміспен күптеліп, 1992 жылы Барселонада қола жүлдегер атандым. 1996 жылы Атлантада 4-орынға ие болдым. Қазақша айтқанда, бағым жанбады ғой. Нағыз спорттық бабыма келген шағым Сеул Олимпиадасы еді. Бірақ бабым шапса да, бағым шаппады…
Кілемде өзімді сергек сезініп, көбінесе таза жеңіске қол жеткізіп жүрдім. Олимпиада ойындарынан басқа ірі додалардың бәрінде алтынмен апталдым. Әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атандым. Бірақ Олимпиадада…
– Кілемде өкініш қалды ма?
– Қалды, әрине (күліп). Бірақ балам Данияр өзім жетпеген белеске жетіп, үмітімді ақтай ма деп сенім артып едім. Болмады. Жарақаттары жар бермеді. Екі рет ауыр жарақат алып қалды.
Ол баланы өзіміз тым қатты қамшылап жібердік. Асықтырдық. Үш-төрт рет ота жасатып, кілемнен ерте қол үзді.
Қазір одан кейінгі ұлым Ерасыл күресіп жүр. Бірақ дзюдода. 15-тен асты. Үш рет жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы болды. Ендігі арманым – соның болашағы. Мен жетпеген белеске сол жетсе екен деймін.
– Биыл «Қазақстан Барысы» белдесуінің ақтық сынын көрдіңіз ғой. Не айтасыз?
– Биыл Айбек Нұғымаров жеңіске жетті Жеңімпаз балуанға тұрарлық жігіт. Үшінші жыл үздіктер қатарында болды. Биыл бағы жанып, жеңіске жетті. Дайындығы да жақсы болды.
Ал өткен жылғы жеңімпазымыз Бейбіт Ыстыбаев биыл спорттық бабында болмай шықты. Тіпті екінші айналымда Мұхит Тұрсыновты таза жеңе алмады. Екеуінің белдесуінің аяқталуына 10 секундтай қалғанда, оның қарсыласына ескерту берді. Ондай күресте жоқ еді. 10-15 секунд қалғанда ешкімді алып тастамаушы еді…
Ал жартылай финалда қарағандылық Ержан Шынкеев пен Бейбіт Ыстыбаев кездесті. Ержан күрес басталғаннан бастап шабуылдап, алға ентелеумен болды. Әрі Бейбітті бірден төрттағанға тұрғызған жоқ, құлатты. Ешқандай кідіріс (пауза) болған жоқ. Осы жерде төрешілер өрескел қателік жіберді.
Ұйымдастырушылар бізді, халық сыйлайтын жеті азаматты президиумға отырғызды. Біз сол мезетте төрешілердің осы шешімін дауысқа салдық. Өйткені халық улап-шулап, қазылар шешімімен келіспей, наразылық білдірді.
Неменеге бізді қызыл шапан кигізіп, безендіру үшін отырғызып қояды? Аузын буған мөшектей отыруымыз керек пе? Ал біздің дауысқа салуымыздың нәтижесі бойынша 5:2 есебімен Ержан жеңіске жетті.
Мен күрес маманы ретінде айтарым, биыл Бейбіт бабында болмады. Ол «Қазақстан Барысы» деген атағына сай болуы керек еді. Күш-жігер, техника, жылдамдық – бар жағынан өз атағына лайық болуы керек еді.
Енді қазақ күресі федерациясы жиналып, барлық мамандардың басын қосып, ұлттық күресіміздің елге түсінікті де тартымды ережесін түзуі керек. Мен осы федерацияның басшысы Серік Төкеевке өз ойымды бүкпесіз айттым.
Күрес ережесін өзгертпесе болмайды. Неге балуандар төрттағандап құлайды да, біз оларды тұрғызып жібереміз? Ешкім де өздігінен төрттағандап құламайды ғой.
Өз кезегімде осы жобаның ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы Арман Шораевқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Тамаша идея, тамаша бастама. Тек мұның рушылдыққа, жершілдікке бұрмалануына жол бермеу керек. Ешқандай саяси сиясы, астары болмай, тек нағыз мықты балуан жеңіске жетсе деймін.
Жалпы, биылғы «Қазақстан Барысы» белдесуінің бас төрешісі халық болды. Биылғы күрестің әділ бағасын «Сарыарқа» велотрегіне жиналған бірнеше мың көрермен шығарды. Бар айтарым – осы.
– Дәулет Болатұлы, Аргентинадан кеше түнде ғана келіп, тағы да алыс жолға жүрейін деп отырсаңыз да, уақыт бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңізге рақмет. Жолыңыз болсын. FILA-да қазақтың беделі мен абыройын асқақтатып жүре беріңіз.
Сұхбаттасқан Нұрғазы САСАЕВ
alasharena.kz



