ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР АРАСЫНДА АЙТЫЛАТЫН «ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫНЫҢ НҰСҚАЛАРЫ
| Автор в статье сравнивает варианты песни «Козы корпеш – Баян сулу» встречающегося среди казахов Китая. Сравнивая топономические названия, встречающиеся в песне, автор показывает местом рождения этой песни местность Ор Алтай. | Yazar Çin kazakları arasında söylenen ‘Kozı Korpeş-Bayan sulu’ destanın nüshalarını karşılaştırır. Destanda adı geçen mekanlar örnek göstererek destanın Ör Altayda doğduğunu öne sürer. |
«Қозы көрпеш – Баян сұлу» жыры – қазақ халқының ертедегі өмірін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін аңғартатын көркемдігі биік, халықтық шығарма.
«Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырын зерттеуші ғалымдар ХVІ–ХVІІ ғасырда жарыққа шыққан, яғни жоңғар шапқыншыларының зобалаңы әлі де қазақ даласынан арыла қоймаған кезде туған десе [1], жырдың тағы бір вариантына үңілсек, мұндағы адам аттары, «Балталы» «Бағаналы» елінің ауызға алынуы ноғайлы еліне тәуелдейтін зерттеушілердің көзқарасына тура келеді. Ал Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар» еңбегіндегі башқұрт нұсқасына қарағанда [2] бұл жырды түркештер дәуіріне де апарып тіреуге болатын көрінеді. Әйтсе де бұл ретте менің пікірім өзгеше. Жастар баспасынан шыққан «Қазақтың ғашықтық жырлары» [3] атты сегізінші кітапқа енгізілген 1915 жылы Дәуіт ақынның «Ғашықтық ғаламаты» атты дастанына үңілер болсақ:
Ал Дәуіт қалам ұста ұшын теже,
Көңілге бір парылды қойма тежеп,
Бұрынғы ноғайылының заманында.
Сөйлейтін бір қисадан келі кеңес,
Он екі ру өзбек деген ел бар екен.
Дейтұғын Алтай-Қаңқай жер бар екен, –
деген жолдарынан ХV-ХVІ ғасырлардағы ноғайлы елінен өрбітіп отырғанын айқын байқаймыз. Мұндағы Дәуіт – 1870 жылдарда Құлжаның Көкқамыр өңірінде дүниеге келген, ел ішінде заңгі (билік) болған, Құлжа санғұнның (лауазым) ақылшысы, мәтен амбыға (лауазым) еріп, ел-жер жайында талай жұмыстар тындырған ақын әрі діндар адам екен, қызай руынан. 1920 жылдардан кейін дүниеден өткен. Ақын осы дастанда:
Құлжаға бір сәудәгер келген шетте,
Жәһәнгез ел аралап жүрген көптен,
Қиыр басып әрі жерден көрген өктем,
Көне тұрпан мекені шала қазақ.
Пысық жігіт мал тапқыш даңқы кеткен.
| Б.Жұмабайұлы. Қытайдағы қазақтар арасында айтылатын… |
Сол жігіт Тарым-Жұңғар аралапты,
Саудамен әр аймаққа қолы жеткен.
Сол жігіт Лопнорға барған екен,
Қотан дейтін шаһардан арман екен.
Үндістан жеріне таяуырақ,
Соған да сауда жолын салған екен,
Еліне Қарабайдың кірген екен,
Сол елдің қал-жағдайын білген екен.
Сарт пен қазақ арасы қырғызға ұқсас,
Бөтенірек сөйлейтін тілден екен,
Жүздей-ақ ауғанда тұтын екен.
Қазақта естек деген еліміз дейді,
Әйтеуір діннен кетпей күтулі екен… –
дейді. Саудагер Әбділ латыптың өзіне Қарабай елінің баяндап бергенін, өзі сол бойынша осы шығармасын жазып шыққанын айта келіп:
Жудым әбден сабындап,
Әңгіме үшін жабындап.
Айтуға да көруге,
Осындай болса таза еді.
Шариғат емес, қиса емес,
Обал дейтін азабы, –
деп өз шығармасында ғашықтардың оқиғасына сүйіне отырып, жанашырлықпен оларды мұратына жеткізіп, махаббат ләззатына кенелтіп өлтіргенін де жасырмайды.
Міне біз осы Дәуіт вариантынан жырдың ноғайлы дәуірінен екенін әрі Қарабай елінің әлі де Хотан өңірінде жасап отырғанын:
Жиырма жыл шамасы жаңа болыпты,
Одан бұрын еш сұрақ көрген жоқ-ты.
Хотаннан шянгуан деген ұлық шығып,
Сол қаратып Пекинге хабар соқты, —
деп жиырмасыншы жылдарда ғана (мұнда 1820-1920 жылдардың қайсы екені айтылмаған) Хотан аймағының қарамағына қарап ел болғанын айғақтайды. Міне бұдан біз «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жыры көп нұсқалы болғанымен әр нұсқасында әр дәуірдің белгісі аңғарылатындығын аңғарамыз. Әйтсе де, оқиға әуел баста ғашықтар туралы болса да, әрбір дәуірдегі жыр нұсқасын жаратушы халық оны өзі жасаған. Дәуірдің саяси ортасы мен тұрмыс жүйесіне түсіруге талпынса да тек жырдың тілін байыту, кейіпкерді толықтыру немесе ішнара оқиға желісін байыту мақсатына жеткенмен жырдың байырғы оқиғасы түпнұсқасын мүлде өзгерте алмаған. Әзірге жырдың жиырмаға жуық нұсқасы кездеседі. Осының бәрінде екі ғашықтың
| ТҮРКОЛОГИЯ, № 1-2, 2010 |
махаббаты жырланады. Екі жас армандарына жете алмай қыршынынан қиылады. Жырдың қанша нұсқасы болса соның көбінде осы ой жинақталады. Кей нұсқаларда ғашықтар өлмей мұратына жетеді. Өліп қалып қайта тіріледі немесе той жасап мұратына жеткен соң өледі. Тіпті реалдықтың аяқ астынан аңызға айналатыны да бар. Нұсқалардың мұндай айырмашылықтары кейбір оқырмандарға «бұл жыр аңыз болуы мүмкін» деген ой туғызбай қоймайды. Ал оқиғалар сәл өзгеріп аңызға айналған. Бөлімдері қалай да екі жастың өмір арпалыстарына сай сүйекті сырқырататын жанашырлықпен өзгеше нұсқа жаратып ғашықтарды мақсатына жеткізген болуы мүмкін. Міне бұған айғақ жоғарыда Дәуіт нұсқасында жазушының өзі айтқандай: «бұл өзгертуге болмайтын шариғат сөзі, не жазылып қалған дастан емес, халықтың оқуына берілетін оқиға болған соң, бұларды мұратына жеткізіп барып өлтірдім» -деген анықтамасы болса, енді бірде ақын Шөже жырында Жанақ ақынның жыр оқиғасын барынша өзгертіп, жаңадан кейіпкерлер қосып, кей кейіпкерлердің еңбегін айрықша көрсетеді, ал Абай нұсқасындағы «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жыры Жанақ пен Шөже жырының жаңғырығы сияқтанады. Жырдың орнын, мекенін, тегін айтып отырған Дәуіт нұсқасына қарасақ Қытайдағы Алтай халқының ішіндегі «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жайындағы әңгімелерге сүйене отырып неше жылдардан бері өзімнің де жырдың орны, дәуірі жайында қозғаған пікірімнің шындыққа айналып бара жатқанына көзім жетеді.
Біз пікірімізді растау үшін әуелі кейіпкерлер жайына тоқталайық. Мұнда жырдың бас кейіпкері Қодар – бір нұсқада Қарабайға жылқышы болса, енді бірінде жалшы немесе тазша болады, тағы бірінде бәстесу арқылы Баянды іздеп келеді де Баянның шынайы ғашығы болып көрінеді. Рас жоңғар өктемдігі ислам дінінің салтына құрмет еткен жоқ. Олар түркі тайпаларынан қыз алуды салтына айналдырып алды десек те жаңсақ кетпейді. Кейбір зерттеулер «Қодар мұңғұл тайпасынан» дей келіп, «Қарабайдың алдында құл болып, Баянды алу мақсатында жүрды» – дейді. Меңіңше бұл ағаттық, себебі жоңғарлар өктемдік етіп тұрған дәуірде мұңғұл азаматы болған Қодар қазақтың қызы Баян үшін құл болып жүре алмайды. Ал, жоңғарлардың жеңілуі мен ислам дінінің солғындау кезіндегі оқиға десек, Қарабайдың өз дінінен азып, бөгде діндегі кісіге қыз беруге риза болуы да мүмкін емес. Ендеше Қодар Шөже ақынның айтқанындай «Шақшақ байдың ұлы» – еді деп баяндауда негіз бар көрінеді. Өйткені қолымыздағы Дәуіт нұсқасында да:
Мұны естіп Әбдіжаппар қылды талап,
Қаракөк ат ерттеп мінеп манап,
Ол өзі ноғайлы да бір бек еді.
Әмірімен ноғайлы жүрген тарап
Сонымен Әбдіжаппар құл болады,
Жылқышы болып мал бағып жорғалады.
Әбдіжаппар бек аты ұмыт болып,
| Б.Жұмабайұлы. Қытайдағы қазақтар арасында айтылатын… |
Қодар құл болып аттанып қурағаны
Баянға қайтсем тәуір көрінем деп
Отын алып, бие сауып зыр қағады, –
деген жолдарында-ақ, Қодардың негізгі аты Әбдіжаппар екенін, оның ноғайлының бір бегі екенін анықтауына жүгінсек те жетерлік сияқты.
Ал Қарабай болса: «Қарабай Қалтай деген елден екен, қаракөк жеті атасы кеңінен екен» деген Дәуіт нұсқасындағы сөз Қарабайға анықтама болғанымен, «қалтай» руының қайсы тайпаның табы екенін анықтай алмадым.
Қозыке – Сарыбайдың ұлы, яғни жырдағы Қозы Көрпеш. Әсіресе осы Дәуіт нұсқасында барлық жерінен «Қозы Көрпеш» есімі екі-үш жерден кезігеді де, негізінен бастан-аяқ Қозыке атымен аталады.
Нәрбике – Сарыбайдың бәйбішесі, Қозыкенің шешесі. Майлыбай – Сарыбайдың досы болған адам. Жандос – Майлыбайдың ұлы Қозының жан досы, Таусары шешен – Қозыкеннің ақылгөй, жанашыры. Сарыбай – «Сарыбай бағас деген рудан болып, екеуі де дәулетті болған екен» деген Дәуіт нұсқасында айтылып анықталғанмен, шежіреден қай жүзге қарасты ұсақ ру екені білінбейді. Тек «бағас» – деген уақ тайпасынан кезігетін ру екен.
Сағынбай – Қарабайдың бәйбішесінен туған ұл, мейірімді Қозыке мен Баянға күйінеді.
Қоған – Қарабайдың екінші ұлы, Қодардың досы, Қозыкеге дұшпан, Баянды жақтырмайды.
Айсұлу – Баянның ағасы Сағынбайдың әйелі, Қозыкенің жанашыр қамқоры.
Баян – Қарабайдың тоқалынан туған қыз, Қозыкеннің ғашығы, яғни Қодардың да ғашығы.
Месжан – Қодардың досы, Баянның Қозыкеге кеткен хабарын Қодарға жеткізеді.
Шағатай – Қодардың досы, ең соңында «айғақтың беті қара» деп, Қодармен бірге ел оны өлтіріп өртеп жібереді.
Міне бұл Дәуіт нұсқасы бойынша көрсетілген кейіпкерлер, жырдың әр нұсқасындағы кейіпкерлерге салыстырар болсақ нұсқа сайын өзгеріп отырады. Мысалы, Жанақ жырында жоқ Айбас Абай жырында кемеңгер болып баяндалады. Сөйтіп енді бір жырда Шағатай, Месжандар кезікпесе, енді бір жырда Айжан, Айсұлу атымен кездеседі. Ал кейіпкерлерден сырт оқиғаның өзі бір жырда Қозыкені Қодар атып кетсе, тағы бірінде Қодарды Қозыке өлтіреді. Енді бірінде Қодар Қозыкенің басын кесіп алып кетсе, ол бас Қозыкенікі болмай шығады. Бір нұсқада Қодарды Баян өлтірсе, енді бірінде Қозыке мен Баян мұратына жетеді. Жырдың уақиғасынан, кейіпкерлердің мұндай өзгеріске бастапқыда айтқандай әрбір жырды жаратушы өзі жазған дәуір шеңберімен, ондағы халықтың тілегіне қарай
| ТҮРКОЛОГИЯ, № 1-2, 2010 |
жыр шығарып отырғанын аңғарамыз. Бұл сөзімізге жоғарыдағы Дәуіт ақынның жырды жазу барысы куә болса, енді бірі Шөже ақынның Шоқан Уәлиқановтың айтуымен:
Құдай берді сұлтанды қамал қылып,
Данышпан мәртебелі адал қылып.
Бұрын жазған жоқ едім мұндай сөзді,
Адай сұлтан жаздырып саналы қылып, –
деп Шоқанның талабымен өңдеп қайта жазғанын ескертеді [4].
Қорытып айтқанда, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырының қанша көп нұсқасы болғанымен, нұсқалардың кейіпкерлері мен уақиғасы қанша көп өзгертілгенмен, екі ғашықтық кешірмесінің еш өзгеріссіз жетуі, әрбір нұсқадағы жер аттары, уақиғаның шын сырын ашып, жырдың өміршеңдік қуатын арта түсіруде. Сондықтан ендігі жерде жырдың ешқашан аңыз емес, реал өмірде болғандығына көз жеткізуімізге жырдағы жер аттары мен қазірге дейін өзгермеген жер аттарын салыстырғанда барып көзіміз жететіндігін аңғарамыз.
«Қозы көрпеш-Баян сұлу» жырының әрбір нұсқасын қарап отырсақ, күрделі оқиғалар, көп кейіпкерлерімен таныса келіп, жырдың туған дәуіріне аз да болса жіп үшін тапқандай боласың, ал жырдағы жер аттарына үңілсеңіз, Қарабайдың көш жолы сорабын, Сарыбайдың мекенін, ғашықтардың махаббат кешірмелерін айқын көргендей боламыз.
Кей нұсқаларда кейбір жер аттарын тыңнан қосқанын аңғарсақ та, Қарабай ауылының тұрағы шырайланып жүріп ноғай елін іргелеп, «Аякөз» бен «Оралтай» аралығында болады. Қозыкенің Баянды Аякөзден іздеп табуы, қайтадан өр Алтайға бет алуы, жыр жолдарына айқын айтылған. Жырдың алғашқы нұсқалары болған Сегіз сері, одан кейінгі Шөже, Дәуіт нұсқаларында, Қарабай мен Сарыбайдың тұрағы, Сарыбайдың өлген жері, Қарабайдың көшу бет алсы, Қозының Баянды іздеп шығуы бәрі-бәрі Өр Алтай арқылы басталып Аякөзге бет алып қайта қайтады. Ендеше біз жырдың нұсқаларына бағайық:
Мұнда тұрсаң әркімнен тайынасың,
Көшіп барсаң бұл жерден жаңыларсың.
Аякөзде ноғайдың көп жұрты бар,
Тұл қатынмен жетімді не қыласың, —
деп Баянды ежелгі жұртынан айнытса:
Көресің қырық бір күнде Аякөзді,
Тілімді алмай барасың Баянды іздеп.
Аякөзде бағыпты ақсақ кемпір,
Сол кемпірден білесің нағыз сөзді, —
| Б.Жұмабайұлы. Қытайдағы қазақтар арасында айтылатын… |
деп Қозыны Баянды іздеуге Аякөзге жолға салады.
Өзім молла қожамын және өзім бай,
Сауда қылып келемін барып Қытай, —
деп кезіккен жолаушы Қозыны Аякөзге бастаса, Дәуіт нұсқасында:
Он екі рулы өзбек деген ел бар екен,
Дейтұғын Алтай, Қанқай жер бар екен.
Қанқайға сансыз моңғол мекендеген
Атақты Мөңке, Шеңгіл жер бар екен, —
деп ХV ғасырдағы ноғай елінің бір бөлігі Өр Алтайға келіп қоныстанып жатқаны, осы кезде жоңғарлардың қарсылығына тап болып, кейде ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, бірде ақыл-айламен, тарту-таралғымен қоныс алған мұндағы елдің тарихи жағдайларын көрсетеді. Және жырда:
Алтайдың баурайында Сары өзен,
Сары Ертіс, Қара Ертіс бар,
Айыркезең, Бала Ертіс және ағып қосылады,
Үстінен Жайсаң көлдің кетер төмен,
Ол жердің атын сонда Қыран қойған,
Үріккен ел үрей қумай жиды ма үйді,
Оған да байыз таппай көшіп еді.
Зарығып бір бурасы сонда өлді,
Ол жердің атын қойып «Бура асу»,
Тоқтамай толғатқандай жөнеледі,
Қонады одан өтіп Бақынсуға,
Өржәрдің маңайынан жақын суға,
Тегінде ұйғұр тұрған мекен етіп,
Мұңғұлдар атайды оны Қатынсуға,
Қара Ертіске жетеді бәрі зулап,
Басына Қарабайдың келіп қонды,
Әруағына сиынды аунап-қунап.
Үліңгір көліне жетті екпіндетіп,
Қалмақтар сиқырменен жолды бөгеп,
Талай күндер сауырдай тауға келді.
Көрмеген жер, сары батпақ қауға келді.
Қырық бір күні Қобыққа қондырады,
Сілкініп тұс-тұсына жұтынады.
Ат-көлігін тыңқитып мініп алды,
Асуға Шағаноба қойды қадап.
Бірқанша мезгіл жүрды Емілді асып,
| ТҮРКОЛОГИЯ, № 1-2, 2010 |
Батысқа келе жатыр құлдай басып,
Ұржар сол қалмақтың мекені екен.
Уаң қаны сейіл құра келеді екен,
Қанша күндер арада жатып-тұрып
Ұшып келген секілді Өр Алтайға.
Міне жырдағы жер аттарына үңілер болсаңыз көштің Өр Алтай (Көктоғай, Шіңгіл) өңірінен құлдап кеткен сорабын, Өр Алтайға қайта келе жатқан ғашықтардың ізін нақ көргендей боласыз. Жырдың көп бөлімінде уақиға Көксеңгірге, Текетауға тән (екеуі Көктоғайдағы тау, сай аттары). Осы тауға сүйіншілей келген адамның «әйелің ұл тапты» дегеніне қуана шыққан Сарыбай аттан жығылып өледі. Міне, бұл қазіргі Көктоғайдың Тауқарабұлғын аталатын жерлері болып, 1956 жылға дейін сыртынан аттың қылы желкілдеп тұратын төртбұрыш қабірді жергілікті халық «Сарыбайдың қабірі» дейді екен. 1935 жылдары ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлы мұндағы қабір басына құран оқып, осы Қозы көрпеш, Баянға қатысты оқиғаны төңірегіндегілерге баяндағанын 1994 жылдары 85 жасқа келген Замзи қария куә болып, «мен сол кезде ат ұстап берген бала жігіт едім» – десе, сонау XVIII ғасырда ежелгі мекендеріне Жәнібек батыр бастап, Ертіс өрлеп, қоныс алып жатқан Керей, Найман рулары ондағы байырғы мекендерінқайтарып алу барысында бұл өңір ата қоныстары екендігіне айғақ ретінде де осы өр Алтайдағы «Қозы көрпеш – Баян сұлудың» қабірі мен оған қатысты оқиғаларды куә еткені, әсіресе XVIII ғасырда жасаған Ызғұтты батыр Баян сұлу қабіріне қойылған сәукеленің саудырап төгіліп жатқан алқа-моншағынан «бір керегі болар» деп абдырасына сақтап қойғаны, бұны 1924–1930 жылдар аралығында мұңғұл, қазақ арасындағы тағы бір дауда манчжуря жояндарының алдында қазақ ұлықтары осы заттық фактілерді көлденең тартып, Ызғұтты батырдың немересі Айдардың сандығынан сол алқа-моншақтарды айғаққа алдыртып қарсыласын жеңгендігін, осы дауда сол алқа-моншақтардан бірнешеуін алып апасына әкеліп бергені, апасы оны көзі ауырған адамдардың немесе босана алмаған әйелдерге шипа ретінде істетіп жүргенін, 1958 жылы Үрімжі Бажңқу түрмесінде қолда жатқан молқы руының биі Момынбай айтқандығына Шәйқасын Жәңгірұлы куә болса, 1960- жылдары осы Көктоғай көлінің бойында ел отыра қалғанда 90 жастағы Малика деген апамыз қозы-лағы сол қабір жаққа кетсе балаларын жұмсағанда «Сарекең жаққа кеткен қозы-лақты қайырып келуді» бұйыратын дейді Дәлейбек Алдажарұлы 1990 жылы.
Ендігі жерде Қарабай уәдесінен тайып, ауылын Ертісті құлдай батысқа жер аудартады. Әне осындағы көш ізіне назар салсаңыз жоғарыда (жырда аталған) жер аттары Өр Алтай (Көктоғай, Шіңгіл) өңірінен басталады да жырдағы «Бура асу» халықтық аңыздарда «Қарабайдың қос буыршын деген аты болған, қазіргі Алтайдағы «Буыршын» ауданы қос буыршынның бірінің арықтап өлген жері екен» – десе, тағы бір аңызда «Қарабайдың малының
басы болып жүрген тесік өкпе Қарақаймалдың ботасы жас буыршынды бура қоймақшы болып жүргенде өледі де, бұл жердің атын «Буыршын» қойған» дейді. Тағы бір аңызда «Буыршын Сарыбайдың жүйрік аты екен, Қозы Баянды іздеп мініп шыққанда осында өліп, бұл жердің атын Буыршын атапты» – дейді. Бұлайша аталатын жер аттары мол. Мысалы «Қодар қаздырған 40 құдық әзіргі Жеменей жерінде, «Ала айғыр» Баян мінген ала айғырдың өлген жері әзіргі «Көктоғайда» ал «Жауыр» деген жер аты Баянның атының жауыр болып қалған жері Көктоғайда. «Бел қайың» Қозының таяғынан өскен қайың екен – Бұл Көктоғайдың Тұрғын өңіріндегі жер аты. Кезінде «Қозы қайың» атанып, қазір «Бел қайың» атанған. Бұл қайың 1966 жылға дейін тұрған, ел ақтық байлап кие тұтады екен. «Алқабілек-Білезік» – бұл Баянның алқасы мен білезігі қалған жер делінеді. Қазір Қаба ауданында. «Қозыке» кезінде Қозыкенің туған жері екен делінеді, қазір Көктоғайдың Тұрғын ауылына қарасты жер. Бұл жөнінде 1860-жылдарда Өр Алтайға келіп жатқан қазақтар «Шалғырдағы» жерге мұңғұлдармен таласып қалғанда, мұңғұлдың ел төресі қазақты сынап: «Мұнда әкеміздің басы бар дейсің ғой, онда мына зираттың басындағы сайғақ тасты тіліңмен жалап шық» дегенде таласқа түскен қазақ: «Ой, құдай, мынау Қозы мен Баян деген ата-бабамның басына қойылған сынтас емес пе, бұны жалағанның күнәсінен гөрі сауабы мол» деп тілімен жалап шыққан екен. Сонда әлгі мұңғұл ұлығы айтқанында тұрып осы маңдағы жерді берген екен дейді.
Ал жырдың тағы бір варианттарында Қарабай ауылының мал мен жаннан айырылып, туған жері Өр Алтайға келе алмай Құлжа арқылы Дәуіт ақын айтқандай Хотанға бет алған көш жолына назар аударсақ, Боғда тауының шығысындағы «Таңсық», «Баянгуман», «Қашқанақ», «Ақкөл», «Қарасу», «Ұзын бұлақ» қатарлы жер аттарының кезігуінен парықталуға болады. Міне бұлардың бәрі жырдағы жер аттарымен мұндағы жергілікті ел аңыздарының үйлесім тауып тұрғанын көреміз де, ғашықтардың мекені жырдың туындау өңірі осы Өр Алтай (Көктоғай, Шіңгіл) өңірінде екенін еріксіз мойындаймыз. Ендеше біз пікірімізді тіпті де айқындау үшін жер аттарынан басқа, аңыздардан дерек алып шығуымызға болады. Мысалы: 1780-1820 жылдар арасында Өр Алтайға келген қазақтардың ішінде жер таласына түскенде болсын, рулар өз ара қақтығысып қалғанда болсын «Қарабай мен Сарыбайға жеткен жер бізге жетер», «Қарабай, Сарыбай от жаққан мекен» дейтін фактілерге жүгініп, сөзге жығылып отырған екен. Жоғарыдағы пікірімізді тіпті де растау үшін 1985 жылы «Шұғыла» жорналының сегізінші санында жаряланған «Шалғырдағы құлпытас – Қозы көрпеш-Баян сұлудың басындағы құлпытас» деген пікірімді тағы бір қайталап кеткім келеді.
«Шалғыр» – жер аты, Көктоғай ауданы мен Шіңгіл ауданының аралығында орналасқан қыстақ. Осы қыстақтың түстігіндегі ескі қабірстанның аяғын ала тұрған қос құлпытастың төңірегі жер болып бара
| ТҮРКОЛОГИЯ, № 1-2, 2010 |
жатқан ескі қабір екені беп-белгілі. Биіктігі екі жарым метр келетін екі құлпытастың аралығы 5 метрдей. Арасындағы дөңеске теріскен, көктікен өнген, әр екі құлпытастың басына күн суреті, одан төмен бұлт одан төмен бес құстың бөтегесінен жоғары сурет сызылған (бұл сызбаны әзір бұғытас деп атап жүр) құстардың алдында қазақтың мүйіз ою-өрнегі, әр тастың бір бетіне бес құстан, бір таста он, екі таста жиырма құстың суреті бар. Міне бұл құстар «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жырындағы қабірлерінің басында шырылдап тұрған торғай болуы ғажап емес. Мен «Қозы көрпеш-Баян сұлу» қабірі «Аякөзде» деуден көрі «Өр Алтайда» деп былай қорытындылаймын.
1. Жоғарыда айтылған Қарабай мен Сарыбайдың ежелгі жұрты әрі
Жырдағы өрбіген оқиғалар осы Өр Алтайда екендігі;
2. Жырдағы Қарабай ауылының Ертісті құлдап көшкен көш жолындағы
жер аттары әрі Баянды Қодардың қайтып Өр Алтайға әкеткен бет алысы, Қозының Баянды іздеп Ертісті құлдай кетуі, жырда Өр Алтай және Гәнсу, Шыңқай өңірі екендігі айқындалады.
3. Жырдағы «Қара Ертіске жетеді бары зулап,
Басына Қарабайдың келіп қонды.
Аруағына сиынды аунап-қунап, —
дейтін жолдары Қарабай қабірінің де Қара Ертіс бойында екендігін аңғартса, мұндағы ел аңызында да Қара Ертістің бойындағы дөңбек қабірді «Қарабайдың қабірі» деуі үлкен айғақ.
4. Жоғарыда айтылғандай, Сарыбай қабірінің Көктоғайдың «тау Қара
бұлғын», яғни әзіргі Көктоғай көлі тұрған орында екендігін дәлелдеу.
5. 1730 жылы осы Өр Алтайға келіп жатқан елдің алды болып келген
Жуанған мен соңынан келген Кеншеннің жайылымға таласқанда басқалардың: «Қарабай мен Сарыбайға жеткен жер ғой» деген сөздері мен мұндағы мұңғұлдармен жер таласқанда осы Қарабай, Сарыбайды көлденең тартуы.
6. Қазіргі ел ішінде келе жатқан аңыздар, мысалы: халық «Бұлдыр тау»
деген күй шертіп, аңызын былай баяндайды: «Ертеде бір жігіт оңтүстіктен бір қыз алып қашады. Ол өзінің соңынан қуғыншы түскенін аңғарып, елсіз даламен тасалана жүрып, әбден арып-ашыққан соң амалсыздан ел бар жаққа бұрылады екен. Күн сайын сырқаты ауырлаған қыз «жетер жеріміз қанша қалды» деп амалсыз сұраған соң, жігіт төр алдында тұрған домбыраны алып бір күй шертеді. Күйдің сарынында: «Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр тау, саған қашан жетем-ау, шу-шу жаным, шу-шу жаным» деген мұңлы да зарлы сарын ағытылғанда, үй толы жан көздеріне жас алып: «Я, қарағым, сол бұлдыр тауға тез жетіп армандарыңа жетіңдер!» деп ауыл ақсақалдары баталарын береді. Бірақ жолға шыққан ғашықтар көзеулі бұлдыр тауға жете алмай қаза болады. Әне сол ғашықтың жетем деп армандаған бұлдыр тау қазіргі Шіңгіл, Байтік маңындағы «Арманты» тау екен. Бұлар Армантыға таяп қалғанда соңынан қуғыншылар қуып жетеді» деп аңызды толықтай түскен бөлімінде: «осы қашып келе жатқандар Баян мен Қозы екен. Соңынан қуып келе
| Б.Жұмабайұлы. Қытайдағы қазақтар арасында айтылатын… |
жатқан Қодар екен, Қозы қуғыншы келіп қалған соң, Баянды алдына жіберіп өзі жаумен алысады. Бірақ көп жауға топырақ шаша алмай Қозы қаза болады. Баян келіп Қозының сүйегін құшақтап зар еңірейді. Қодар оған өзіне тию талабын қояды. Баян оған Қозының басына өнершілерге екі құлпытас орнаттыруды айтады. Құлпытас орнаған соң Баян өзін-өзі өлтірген екен» деп аңыз аяқталады. Міне осы аңызға ұқсас тағы бір аңыз былай: (әуелі бұл Алтайға уақ келді,соңынан кереи, найман шулап келді» деитін заман 13-14 ғасырлар екен. Өр Алтайға келген уақ елінің ішінде бір-біріне ғашық болған қыз бен жігіт махаббаттаспақшы болғанда, елдің ақсақалдары: «Руласымен некелену елдігімізге намыс, ата заңына қайшы» деп, екі ғашықты күнәсі үшін атқа сүйретіп өлтіреді. Бірақ ұзамай бұл өңірде табиғи апат болып малмен жаннан зор шығын болады. Ауыл қариялары Тәңірге жалбарынып, тасаттық бергенмен еш тосу болмаған соң, бұлар: «Қыз бен жігітті жазықсыз өлтіргенімізге Тәңір қаһарланып жатқан ұқсайды, енді бұл өңірден бізге бақыт жоқ, осы екі ғашықтың мүсінін тұрғызайық та, өзіміз жер ауайық. Бұл жерге бақыт-байлық орнағанда бұл екі мүсінге жан кіреді. Сонда біз де қайтып келеміз», – деп екі ғашықтың мүсінін тастан шауып, орнатып өздері көшіп кетеді. Ал әлгі шабылған екі мүсін, билеп тұрған қыз бен қанжарына қолын апарып тұрған мүсін тастың 1956 жылдары Шалғар өңірінде тұрғандығын, 1958 жылы ел атқа сүйретіп бұзып, үйдің іргетасын құюға пайдаланып, жоғалтқандығын қарияларымыз растайды. Ал және бір аңызда (қазіргі Көктоғайдың Құсты деген орта жайлауында Баян сұлу қаза болған, Қозы Баян сұлуды іздеп келіп, оның дүниеден өткендігін естіп, күндіз-түні егілумен болып, құсадан өлген екен. Содан осы жерді Құсты қойған дейтін аңыз бар. Мен осы бірнеше фактілер арқылы жырдың шығуы мен ғашықтардың мекені, сөзсіз, Өр Алтайда деуге болатындай. Алайда ұқсамаған көзқарастағы «бұл дәлелдер аңыздар» дейді. Егер аңыздың тегінде шындық жататындығын ғалымдар мойындайды екен, онда бүгінгі халқымызға жетіп отырған аңыздар мен жырдағы жер аттары және өр Алтайдағы жер аттарының бір-бірімен ұштасып жатуы – ғашықтардың қабірі Өр Алтайда екенін дәлелдей түскендей.
Қорытып айтқанда, Қарабайдың көш ізі, Сарыбайдың қабірі, екі ғашықтың мүрдесі Көктоғай, Шіңгіл өңірінде Шалғар яғни Алтай, Іле, Гәнсу, Шыңқай өңірінен айналып Аякөз сынды құйқалы мекендерде шиырлап жатыр демекшімін.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Мұқтарұлы С. Шоқан және өнер. Алматы, 1958.
2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар. «Мұра» жорналы, 1990.
3. Қазақтың ғашықтық жырлары. 8-кітап, Шинжяң жастар өрендер баспасы, 2001.
4. «Қозы көрпеш- Баян сұлу» варианттары. Алматы.



