Күнделікті тіршілігімізде дәстүріміз қандай рөл атқарып отыр? Әсіресе, ұлт болып ұйып, бірлігімізді сақтауымызға дәстүріміздің ықпалы қаншалықты? Міне, осы сияқты сауалдар әр қазақты ойландыруы керек. Бірақ біз оған аса бас қатырып жатпаймыз. Біле білсек, жеңілетін де, ұтылатын да тұсымыз дәл осы жер. Дәстүрдің мәні мен мағынасын терең түсініп, оның ойы-қырына көз жүгірткен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханұлы мырза «ЖЕБЕ»-нің бүгінгі қонағы.

ЖЕБЕ: Дидахмет аға, жалпы дәстүр дегеніміз не? Оны дұрыс түсініп, өмірімізге дұрыс қолданып жүрміз бе ?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Философияда себеп пен салдар деген категория бар. Біз кез келген оқиғаның, құбылыстың, жайдың салдарын ғана көреміз, ал себебіне мән бере бермейміз. Ал, салдар деген көз алдымыздағы ғана дүние. Ал, біз кез-келген оқиғаның, құбылыстың, жайдың 3-4-ақ себептерін білеміз. Ал, себеп – шексіз. Оны да бір Алла ғана біледі. Бұл жаңағы себеп пен салдар туралы категорияның жалпы ұғымы ғана. Бүгінгі біздің әңгімеміз дәстүр туралы. Дәстүр әрі-беріден соң үлкен философиялық ұғымды білдіреді. Не нәрсенің, оқиғаның, құбылыстың, белгілі бір жайдың анық-қанығына, терең түбіне бойлау үшін оның ең алдымен себептеріне көз жүгірткеніміз жөн. Мынау дәстүрді үлкен мағынасымен алып қарасақ, жаңағы ойға саяды. Бұл мемлекеттің, қоғамның, ұлттың дамуы қазіргі уақыттағы қоғамдық әр түрлі құбылыстардың түбіне, себебіне үңілуіміз керек қой. Сондықтан менің себептен бастап отырған себебім де сол. Енді жеке адамдардың өміріндегі субъективтік мәселелерді сөз ететін болсақ, дәстүрдің біздің өмірімізде, күнделікті тіршілігімізде алатын орны зор. Дәстүрді біз өте қысқа ұғыммен түсінеміз. Жұрттың көбі дәстүрді ұлттық дәстүр деп ғана түсінеді, ал оның қайдан пайда болып, қалай қалыптасқанына оншалықты мән бермейді. Айталық, дәстүрді ата-бабаларымыздан келе жатқан, тіпті бір ғана отбасында жалғасып, қайталанып отырған дүниелерді де дәстүрге әкеп сыйғызады. Ұғымды осымен шектейді. Ал, дәстүр дегеніміз тамыры әлдеқайда терең, мағынасы арыда жатқан түсінік. Ең алдымен дәстүр, қазақтағы көрегенділік, оның ар жағында тектілік, одан кейін ғана дәстүр қалқып бетіне шығады. Қазіргі көзқарас таразысына салып қарасақ, бір қарағанда осы аталғандар жай ғана синоним сияқты көрінеді, бірақ, ол синоним емес! Дәстүрге жақындау синонимдік дүние, ол – көргенділік, біреуге риза болса, әй, мынау көрегені бар екен дейміз біреуге ренжісек, әй мынау көргенсіз екен дейміз. Көргенділік қайдан пайда болады? Көргенділік қанмен емес, ата-бабадан келе жатқан, іс-тәжірибемен күнделікті өмірде болып жататын дүние. Мысалы, отбасының өзінде де сол дәстүр қалыптасады. Қоғамда да, ұлтта да сол сияқты. Сондықтан да мен дәстүрге кең ұғыммен қараймын. Дәстүрдің түп-тамырын білу не үшін керек ? Ол кез-келген дүниенің себебін білуіміз үшін, адамға, қоғамға баға беру үшін керек. Оны кең ұғыммен алсақ, мысалы, ұлттық дәстүр қайдан пайда болады? Дүние жүзінде қанша халық, ұлт болатын болса солардың әрқайсысының ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын дәстүрлері болады. Ал ол қайдан пайда болады ? Басты сұрақ осы жерде. Дәстүр сонау ата-бабамыздан келе жатқан атакәсіпке, айналысқан шаруашылықтарына сай қалыптасады, одан кейін ұғым орнығады, содан келіп ұлттың белгілі бір дәстүрлері шығады. Американың кемеңгер қайраткері, ұлы тұлғасы Томас Джефферсонның «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген керемет сөзі бар. Біз бәрін заңға бағындырып жібергенбіз, дәстүрде қағаз емес, кәдімгі өмір болады. Сол өмір ұласа келе заң ретінде қабылданып кете барады. Яғни, ол санада, ұғымда заң түрінде қалады, сіңіседі, тіршілікке біте қайнасып кетеді. Ал, қағазға түскен заңның барлығы да белгілі бір қатып қалған қағиаға бағындырылып, тоғытылып қойылған дүниелер… Демек, ол заң бәріне ортақ, жалпақ күйде қалыптасады, міне, дәстүрдің қанатын қиып, оның мүмкіндігін шектейтін де осы! Дәстүрді заңға бағындыруға болмайды! Дәстүрге кедергі осыдан басталады десем, артық болмас. Сөзіме дәлел келтірейін… Бұрын мысалы, билер соты болғанын, ақсақалдар алқасы дегеннің дәуірлеп тұрғанын бәріміз де білеміз. Олар белгілі бір жерде тәртіп орнату үшін ата-бабадан келе жатқан салтты дұрыс пайдаланған. Айталық, Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны өлтіруі… Бұған терең үңілу керек, қазір ол оқиғаға басқаша көзқараспен баға беруіміз керек. Неге дейсіз ғой? Себебі мұның түбіне үңілсек, ол да дәстүрге келіп саяды. Өйткені белгілі бір қоғамның өзінің қалыптасқан қағазсыз заңы бар. Ал Қодар мен Қамқа сол заңды бұзды. Еңлік пен Кебек өлімі де осы сияқты. Олар да ата-бабадан келе жатқан дәстүрді бұзды. Ал, оған сол заманда қағаздағы заң бойынша емес, дәстүр бойынша жазалады. Көрдіңіз бе? Көзқарасымыз басқаша болуы керек деп жаңағы айтып отырғаным осы себепке байланысты. Яғни, олар ғасырлар бойғы шаруашылығымызға, тұрмыс-тіршілігімізге, ата кәсібімізге байланысты ата-бабамыздан келе жатқан, әбден қалыптасқан ата-дәстүрді аттап өтті. Сол үшін жазаланды. Егер оны философиялық тереңірек пайымдасақ, жазғыру себебіміз осы. Мағынасы сол, бір-екі адамды жазалау арқылы біз дәстүрімізді аман алып қаламыз. Осы тұста Түркия мемлекетіне зер салайықшы… Олардың әр түрлі фильмдері қазір Қазақстанның арналарын, Орталық Азиядағы көптеген елдердің экрандарын жаулап алған. Ал, ол фильмдердің көбі да өз елдерінде көрсетілмейді, түріктер оны көрмейді, көрсеткізбейді. Оларда әлі күнге дейін отбасын ұйытып отыратын ақсақал, әже, абыз деген болады. Қазіргі олардың сериалдары дәл сол даналыққа, дәстүрге қарсы жүргізіліп жатқан жылмысқы әрекет сияқты. Тек ол саясат сыртқа шығарылып жатыр, біз сияқты іргесін ашып тастаған елдерге…Шын мәнінде кез келген ұлттың, халықтың дәстүрін бұзу – сыртқы ықпал жүргізушілер үшін өте қолайлы амал. Біріншіден ол тәрбиені бұзады, әр отбасына іріткі салып, ұлтты аздырады, тоздырады, азғындатады, сөйтіп қалаған мақсаттарына жетеді, сосын жерін, байлығын уысына алады. Бір сөзбен айтқанда, қарусыз, бұл рухани жаулап алудың ең сұмпайы түрі. Ата тегінен, салт-дәстүрінен ажырату, ұлттың тамырына балта шабу т.б. Оның ішінде ең бастысы, ықлым заманнан бергі дәстүрін бұзу!
ЖЕБЕ: Осы жерде жаңа ғана өзіңіз айтқандай, іргемізді ашқаннан кейін ағылып келген түрлі діни ислам ағымдары ата-баба салт-дәстүріміздің тұтастығына да нұқсан келтірген жоқ па? Кеңес заманында да имандылығымыз бен ұлттық санамызды ұстап қалған да әрі-беріден соң осы салтымыз, дәстүріміз емес пе еді ? Бір ғана жұма сайын пісіретін шелпекті алыңыз. Дәлел ғой. Осының өзі де дәстүріміздің үзілмеуіне себеп болған жоқ деп кім айта алады….Дидахмет мырза, осы жаңа ислами ағымдардың дәстүрге кері әсері туралы пікіріңіз қандай?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Мен дәл осы жайлы айтайын деп отырғанмын. Бұл өзі бір өте маңызды, жанға бататын мәселе. Айталық, ата-бабамыздан келе жатқан келіннің үлкендерге сәлем салуын «олар» ширк дейді. Ал, біз үшін ол имандылық, инабаттылық, ибалық, ата-анаға бас иіу. Адамға табыну емес! Айналып келгенде үлкенге, ата-анаға құрмет көрсету, оның алдында кішірейіп, оған бас иіу. Ол – Аллаға мойынсұну. Демек, қазақ салт-дәстүрінде исламға қайшы ешқандай әрекет, қылық көрінбейді, керісінше қарапайым ғана тәрбие мектебі. Тағы бір мысал айтайын, ежелден келе жатқан дәстүріміз бойынша әулиелі жерлерге, онда ағаш болса, бұтақтарына түрлі шүберектер байлау салты бар. Алыстан келе жатқан жолаушы бұны көріп, аялдап, суы болса, суынан ішіп, құранын оқып, әулиелі жер деп, имандылық дегенге тағы бір тағзым етіп ары қарай жүретін. Мұнда тұрған қандай әбестік қандай Аллаға серік қосушылық бар? Ондай қазағымыз әулиелі жер деп атап қойған орындар тек жаңағы ұғымды ғана білдірген. Осы ширк дегеннен шығады. Ақтөбе облысында Қыз әулие деген жер бар, соны әлгі ислам ағымдарының өкілдері бұзып, ағаштарын қопарып кетіпті. Алматы облысындағы Панфилов ауданында да Әулие ағаш деген өте кәрі, жуан ағаш бар еді, оған біреулер қол көтерген… Бұл түсінген адамға ағашқа емес, дәстүрімізге балта шабу. Оны істеп жүрген өз қаракөздеріміз екені өкінішті, саналары уланып, ата-анасына қарсы шығып, тіпті зираттарды да қопарып, елді әбден дүрліктірген жайларды естідік ғой… Мұның дәстүрге қандай қатысы бар? Егер де дәстүрді бойға сіңіру о баста отбасынан басталса осындай жан түршіктірер жайлар болар ма еді, ойланып көрейікші….
ЖЕБЕ: Ал, осы дәстүрдің елді ұйытуға, ынтымақ-бірлікте ұстауға, тіпті басқаруға ықпалы қаншалықты?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Біз өмір бойы көптеген империялардың отарында болып келдік. Бізде ел басқарудың дәстүрі үзіліп қалған елміз. Өз билігіміз өз қолымызға осы 20 шақты жылда ғана тиіп отыр. Кейде Елбасымызға, үкімет басындағыларға өкпе-наздар айтылып жатады, ал шындығында бәрі де осы себепті түсінбегендіктен туындайды. Шығысымызда айдаһарымыз, түстігімізде аюымыз отыр, АҚШ пен Араб елдері де асты-үсті байлығымызға көзін салып жатыр. Осылардың барлығынан қорғану қандай қиын? Олай болса ел басқарудың үзіліп қалған дәстүрін жаңғырту керек. Ұлтты, елді қалай басқарудың тетіктері дәстүрмен бітісіп тұруы шарт. Кез келген мемлекеттің, ұлттың дәстүрін дамыту арқылы ғана ол мықты ел болып дамитынын ұмытпау абзал. Бізде жалтақтық басым. Бір шағын ғана ауылдың өзін басқару үшін де ата-салтын ескерген жөн. …Әрине, баяғы заманның дәстүрін қаз-қалпында сақтап қалу, жеткізу мүмкін емес, ол дұрыс та емес. Тек заман ағымына сай, жаңа сипатта түпкі тамырын солдырмай сақтап, кәдемізге жаратуымыз қажет. Мәселе, осында. Дұрыс жаратуда. Неден ажырап қалдық, дәстүріміздің несінен айрылдық, неге дау туады деген мәселе тұрғысынан қарасақ, жауабын табу қиын емес.
ЖЕБЕ: Дәстүрдің маңызды элементтерін бөліп айтуға бола ма?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Әрине болады. Айталық, ақша ұстау дәстүрі. Қазіргі күні қазақта ақша ұстау дәстүрі жоқ. Неге дейсіз ғой? Себебін түсіндірейін. Ата-бабамызда ақша орнына мал жүрген, айырбас жүрген. Қазақта «Кедейдің байығанынан без, тексіздің ел билегенінен без» деген нақыл бар. Тура айтылған. Қарапайым адамға билік берсеңіз, оның ар жағы көргенсіздік, көргенсіздің арты тексіздік, яғни дәстүрі жоқ деген сөз. Ақша ұстау дәстүрі жоқ деп отырғаным, 90-шы жылдардағы жекешелендіру кезінде мемлекет байлығы талан-тараж болып, кім көрінгеннің тістегеннің аузында кетті… Зауыт, кәсіпорын, тіпті оқу орындарына дейін жеке меншікке өтті. Жекешелендірудің дұрыс жүргізілмегені, жоспарсыздығы өз алдына, сол қыруар қаржы көздерінің – мемлекет мүлігінің өмірінде бұрын ақша ұстап көрмеген, ақша дәстүрі, мәдениеті дегенді естімегендердің қолында кетуі әлі сан соқтырып отыр. Олар қарапайым халыққа көмектеспеді, өйткені мәдениет жоқ, қазір шетте қашып жүрген сол миллионер-ұрылар…Ал, өз күштерімен сауда-саттыққа бірден ден қойып, ақшаны орынды жұмсау тәсілін бірден алып кеткендер, кедей-кепшікке қол ұшын да беріп жатыр, өз кәсіптерін де дөңгелетуде. Өз басым ондай талай азаматтарымызды білемін, депутат Нұртай Сабильянов, қазіргі Мәдениет және ақпарат министрі, кезінде «Ата мұра» баспасын ашқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед немесе Бауыржан Оспанов сияқты қарапайым ғана қазақ жігіттері талай адамға көмектесуде. Мәдениет үйі, мектеп сияқты нысандар салып, халық қажетін өтеуде. Мен ешкімді мақтап, көпшік қойғым келіп отырған жоқ, айтайын дегенім, ақшаны орнымен, тиімді жұмсау, пайда келтіру, халықпен бөлісу ол – ата-бабадан келе жатқан ақша ұстау дәстүрін меңгеруден басталады. Кеңес әдебиеттері байларымызды сұмпайы, сараң, кедейге көмектеспейтін, зорлықшыл бейнедегі кейіпкер ғып ғана сипаттап келген. Шын мәнінде байларымыз өз ауылының жесірін де, жетімін де жылатпаған…
ЖЕБЕ: Дәстүріміздің дұрыс қолданылуына зиялы қауымның қосар үлесі немесе рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Зиялы қауымның ең алдымен ұлттың бірлігін ойлауы керек, соның жолында еңбек етуі керек. Зиялы қауымның басқа міндеті білмеймін. Ұлтты сақтау – мемлекетті сақтау деген тұтас бір ғана ұғым. Біз мысалы, біртіндеп ұлт деген сөзді мемлекет ұғымында пайдаланып отырмыз. Мысалы, ұлттық кітапхана, ұлттық университет т.б. Ал сыртқы күштер бізді ірітуге, жан-жақты жұмыс істеуде, мысалы қазақтың өз ішіндегі ру мен жүзге бөлінуді олар қоздырып қояды, от көсеп отырады. Мен биыл еліміздің 5 облысын аралап, ұлт бірлігіндегі зиялы қауымның рөлі деген тақырыпта әңгіме өткізіп қайттым. Сонда көзім жеткені, жалпы зиялы қауым жетіспейді, шалғайдағы жұртқа осы ұлттың бірлігі деген түсінікті қарапайым ғана тілмен түсіндіретіндер жоқтың қасы екен… Тіпті «қазақ» деген 15-ші ғасырдағы мемлекеттің атауы екенін де елеп-ескермейді. Аңызға ғана сүйеніп, баяғыда бір Қазақ деген шал болыпты, оның Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш ұлы болыпты, сол ұлдардан үш жүз тарапты деп кете береді… Жоқ, ешқандай да «Қазақ» деген шал болған емес. Жаңағы жүздік ұғым да осы сипатта. Кезінде жүздік ұғымның аймақтың шекаралық бөліс кезінде айтарлықтай рөлі болғаны рас. Бірақ, қазір оның ешқандай туыстық та, экономикалық та мәні жоқ. Ол өзінің форматын әлдеқашан ақтап болған. Оның орнында қазір 5 аймақ бар: Оңтүстік, Батыс, Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан. Сондықтан алдымен ұғымды дұрыстып алуымыз керек… Енді ру ұғымына келсек, мысалы, найман руын алайық. Тарихқа үңілсек, найман деген – мемлекеттің атауы. Үйсін де солай. Оны руға әкеп тіреуге негіз жоқ. Демек, рулық сауатсыздықпен күресу керек! Зиялы қауымымыз осы мәселені терең түсініп, елді сауаттылыққа үндесе деймін. Батыс – кіші жүз немесе шығыс – орта жүз деп даурығу заманы баяғыда өткен дер едім. Әйтпесе аузы дуалы талай халық алдында сөйлеп жүрген зиялыларымыз «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп айтып алады да, сырт айнала батыстансың ба, солтүстіктенсің бе деп жүзін, руын сұрап «өз бауырым екенсің» деп бөліне бастайды. Ондай жалған ұраншылдықты қою керек! Жүз, ру туралы әңгіме өте нәзік дүние, оған аса абайлықпен, сауаттылықпен қарау дұрыс. Кез келген ортада мәдениетті, сауатты түрде, ғылыми дәлелге сүйене отырып ғана сөз тарқату орынды. Бауыр – ол бір тұтас қазақ ғана. Демек, «бар қазақ сенің – бауырың» деген сөз нағыз ұранға, қағидаға айналса қор болмаймыз.
ЖЕБЕ: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мақалдың оң-терісі бар ма, әлде…
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Дәстүр бір қалыпта өзгеріссіз тұра берейді, формасын, қалпын өзгертіп отырады. Бұл мақал негізінен дінге және шаруашылықтың даму сипаттарына сай қолданылып жатады. Ислам біздің жерімізге 10-шы ғасырлардан бастап ғана келе бастады, оған дейінгі шаманизм т.б. болды, сондықтан оның қалдықтары бүгінге дейін қалып қойған. Оны Шоқан Уәлихановтың шығармаларынан анық білеміз. Міне, осы орайда аталмыш мақал өз ретімен қолданылып, ырым-тиымды біртіндеп сұрыптап отыруға ықпалы тиді десек болады. Заманның ағымына қарай өзгеріп, жаңа сипат алып отыратын дәстүрлер осылайша мазмұнын жаңартып отырады. Әркім өз қалауына қарай дәстүрдің озығын алып, тозығын қолданысынан шығарады.
ЖЕБЕ: Сіздіңше, дәстүрді дұрыс насихаттаудың механизмі қандай болуы керек?
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ: Ең алдымен әрине дәстүрдің дұрыс насихаталуына, жоғарыда да айттым, отбасы жауапты. Отбасы шағын мемлекет дейміз ғой, міне, шағын мемлекеттер осы мемлекеттік дәстүрдің формасын қалыптастырушы күш. Өз басым «Бөріні көргенде ауыл иті бірігіп кетеді» деген мақалға дұрыс қараймын. осы мақалды әр қазақ, әр отбасы, зиялы қауым, жалпы қоғам өзінің өмірлік кредосына айналдырса деймін. Әсіресе, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына осы ұлттың мүддесін, мақсатын көздейтін, дұрыс жол нұсқай алатын адамдар ел ішінде жүрсе, исламда дағуатшылар дейді ғой, уағыз таратушыларды, міне сол сияқты ұлт игілігіне жұмыс істейтіндер болса, одан үлкен пайда болар еді халыққа. Меніңше, бір механизм осы. Содан кейінгі мүмкіндік БАҚ қолында деп есептеймін. Жалған ұраншылдықпен емес, қарапайым ғана ұлт бірлігін насихаттау әдістері, мысалы түрлі сипаттағы сұхбаттар жариялау, хабарлар даярлау т.б. Журналистердің қоғамдағы рөлі жоғары. Мысалы, бір мәселені даурықтырып, арандату пиғылымен журналист мақала жазсын делік, оны қоғамдық пікір өзі-ақ тұтандырып әкетеді ғой… Демек, игі істерді де солай лаулатуға болады, қажет жағдайда, мүдде тұрғысынан… Сондықтан да журналистердің қоғамдағы рөлін қашанда асқақтатып отыру ләзім. Атақты жазушымыз Оралхан Бөкей, керемет ақынымыз Кеңшілік Мырзабеков марқұмдар өздерін алдымен журналист санаған және соны жоғары қойған. Неге? Себебі журналистің халыққа етене жақындығы бір басқа, ол ұлтқа пайда келтіре алады. Қазақ баспасөзі қашанда сын айтса да, жанашырлықпен айтады. Ал, орыс тілді кейбір басылымдар жымысқы саясатты көздейді. Іштей ірітудің бір тәсілі ретінде ұлт бірлігіне қиянат жасайды. 1952 жылы Сталиннің Молотовты бір ғана Британ газетін шығаруға рұқст бергені үшін орнынан алып, өзіне кеңесші қызметінде ғана қалдырғаны есімізде. Сталин сонда: «Буржуазиялық идеологияны насихаттауға сізге кім рұқсат берді?» деген сұрақ қойған, сөйтіп Молотовты қатаң сөгіспен лауазымынан шеттеткен. Ал, бізде ше? Бір емес жүздеген, мыңдаған ақпарат құралдары емін-еркін есіп жүр… іргеміз ашық, қандай идеология жүргізем десең де еркің… Олай болса, біз шамамыз жеткенше ұлт бірлігін сақтауға, оның жауларына қарсы күресті тоқтатпауымыз керек деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, ұлт тұтастығы жолында қандай формада болсын күресе береміз…
ЖЕБЕ: Ұлт мүддесі жолындағы ашық әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан Тұмар АЛМАЛЫ
zhebe.com


