«Балапанды күзде сана» деуші еді. Серік Ахметов басқарған Үкіметтің жұмыс істегеніне де міне қоңыр күз, қыркүйек айының жиырма төрті күні тұп-тура бір жыл толыпты. Бір жыл да біраз нәрседен белгі беретін уақыт. Басынан түртіп санамасақ та, бір жылда істелген басты шаруалар мен бедерлі оқиғаларды бір шолып өтуге болады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы тоғыз Үкімет басшысы қызмет етіпті. Тоғызыншысы қазіргі Серік Ахметов. Бір емес, парламенттегі үш партияның өкілдері сенім артқан, халық та өзіндік үмітпен қараған Серік Нығыметұлы Ахметов әзірше сынға ұшырай қойған жоқ.
Үкімет ең алдымен түрлі саладағы стратегиялық жобаларды жүзеге асыратыны мәлім. Ел дамуының басым бағыттарын ту етіп қызмет атқарады. Алғаш С.Ахметов премьер-министрлікке тағайындалғанда «таза істің адамы, артық сөз, алыпқашпа әңгімеден аулақ, кландар мен қаржылық топтардың ықпалына ұшырамаған, саяси тартыстардан да тыс адам» делінген. Айтқандай-ақ С.Ахметов іс адамы екенін аңғарта бастады. Экономикалық өсім жаман емес. Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 5,1 пайызды көрсетті. Ең бастысы, «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент жолдауы бойынша 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияны жүзеге асыру тұрғысындағы жалпыұлттық жоспар жасалды. Сондай-ақ, 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы да бекітілді. «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған салалық бағдарламасының жобасы жасалды. «ЕХРО-2017» көрмесін өткізудің дайындық жұмыстары да Үкіметтің жіті бақылауында. Айта берсек, бұндай шаруалар шаш-етектен…
Әрине, елді көп елеңдеткен зейнетақы реформасы, зейнетақы қорларын бір орталыққа шоғырландыру жұмыстары да С.Ахметов үкіметі жасаған батыл қадамдардың бірі. Білдей бір министрді орнынан тайдырған әйелдердің зейнет жасы мәселесі ақыры кезең-кезеңімен 2024 жылға дейін толық жүзеге асатын болды. Ал, бірыңғай зейнетақы қорын құру азаматтардың зейнетақы салымдарына толық қатысуына мүмкіндік береді екен. Бұл туралы мемлекеттік телеарналардан арнайы сұхбат берген Серік Нығыметұлы еліміздегі жұмыс істеп жүрген 8 миллион 400 мың адамның жартысынан астамы қазіргі зейнетақы жүйесіне қатыспай отырғанын айтты. Ал жекеменшік зейнетақы қорлары тек бір-бірінің салымшыларын ауыстырып алумен ғана шектелетінін және олардың қаражатты тиімді басқара алмай отырғанын тілге тиек етті. Бұл табыстың төмендеуіне алып келетін жайт екенін түсіндірді. Әдетте мұндай нәзік мәселелер жұртқа ұнай бермейді. Осыдан болар басқа премьерлер қорғалап, қолға алмаған үлкен сынақты Серік Ахметов кабинеті сүрінбей атқарды. Үкімет ісінің келешек үшін маңыздылығын ғана таныды.
Айтпақшы, Серік Нығыметұлы алғашқы бір үкімет отырысын таза мемлекеттік тілде өткізгені бар. Бірақ, бұл батыл қадам жоғары-төменнен қолдау таппады ма тез тоқтады. Дегенмен, өзіне салса қазақ тілінде отырыс жасауға дайын екенін танытқан премьер-министрдің бұл ниеті, «қазақ елі түбі өз тілін үстем орынға шығарады» деген үлкен ойды аңғартқандай.
Батылдық демекші, бұл сөзіміз Байқоңырға зымыран құлаған сәтте де Үкіметтен анық танылды. Серік Ахметов еш мәймөңкеге келтірмей дереу үкіметтік комиссия құрып, келтірілген зиянды анықтау, соған сай өтелуге тиіс төлемді белгілеу туралы тапсырма берді. Ал, премьер-министрдің бастамасымен құрылған үкіметтік комиссия ресейлік тараппен табанды түрде сөйлесе білді. Мәселен, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров және өзге де комиссия мүшелері Байқоңырға барған сапарында ресейліктердің залалды анықтау барысындағы зерттеу жұмыстарына разы еместігін ашық білдірді. Сондай-ақ, осы мәселе шешілмейінше келесі зымыран ұшыру ісіне Қазақстан тарапы келісім бермейтінін шегелей айтты.
Негізі, Байқоңыр туралы батыл сөзді одан бұрынырақ Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев айтқан. Сенатта заң жобасын таныстыру барысында ол «Байқоңыр ғарыш айлағын еліміз өзіне қайтарып алу жағын қарастыруда»,- деген еді. Ол ғана емес, Ресейдің илеуінде бола бермей ғарыш державасы болуға әрекет жасау қажеттігін, ертең Ресей Байқоңырды қоқыс темірдің ортасына айналдырып кетпеуі үшін ұтымды әрекет жасау керектігін батыл сөз еткен. Тіпті, Ресейдің зымыран ұшыруын екі есеге шектейтін ұсыныс жоба да дайын екенін білдірген. Алайда, сол «батыр» Талғаттың, Талғат Мұсабаевтың «Протон» зымыраны құлаған кезде «Ресейдің ішкі шаруасы» дегенін жұрт түсінбей қалды. Орыстың жарылып кеткен зымыранына байланысты өткен жиында Ахметов Мұсабаевтың «комиссия құрудың қажеті жоқ» дегеніне қарамастан жұмыс комиссиясын жасақтағаны бар. Нәтижесін ел біледі. Мұндайда «Бәрекелді!» деп қоямыз іштей.
Осы тұста бір қызықты жағдайды айтайық. Ол былай: Қазақ елінің бұрынғы Үкімет басшылары Ресеймен арадағы интеграцияларды біз ойлаған сипатта жүреді деп ойлаған тәрізді. Талай келісімдер жасалған Ресеймен. Бірақ, Путин билігінің сыры өткен жылдан бері анық белгілі болды бізге. Экономикалық интеграцияларды өзге жұрттың бәрі Мәскеуге бағынатын саяси сипаттағы одаққа айналдырғысы келетіні байқалған. Дәлірек айтқанда одақ емес, Мәскеу ТМД-ның біраз елін қайтадан бодан етуді көздейтінін ұқтырған сыналап болса да. Ресейдің бұл саясатына біздің билік жағынан қарсы уәждер де соңғы бір жылда көп айтылды. Көп жағдайда сөзінде пәтуа бола бермейтін экс-кеңесші, яғни Президенттің саяси мәселелер бойынша бұрыңғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та, «Нұр Отан» ХДП хатшысы қызметін атқарған Ерлан Қарин де ресейліктердің пиғылдарын әшекерелеп, қарсы уәж айтқан. Оған Сенаттан экс-сенатор Ғани Қасымов та қосылған. Кедендік одақ мәселесінде. Мәжілісте Мәулен Әшімбаевтың үн қатқаны бар. Бірақ, атқарушы билік үн-түнсіз болатын. Талғат Мұсабаевтың әу баста Байқоңырға қатысты айтқаны Үкімет мүшелерінің де Ресеймен арадағы кейбір мәселелерге келіскісі жоқ екендігін көрсетіп еді. Бірақ, шілдедегі әңгімесінің ауаны өзгеріп сала бергені өкінішті. Одан соң министрлер Мыңбаев пен Қаппаров, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев үн қатқан. Кейін бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев қосылды олардың қатарына. Бірі мұнай мен газды, бірі «Протонды» сылтау қылып Ресейге наразылық білдірген. Өкініштісі, Мыңбаев жұмысынан кетті. Бірақ қалғандары орынында. Бұл нені көрсетеді? Біздіңше бұл Ахметов үкіметінің ұстанымы нақты екендігін, қажет кезінде батылдық таныта алатындығын байқатып отыр. Тіпті, Ресейге қарсы уәж айтқан шенеуніктердің ресми лауазымдары да бір-бірінен жоғары тұрыпты бір жыл ішінде. Алдымен агенттік төрағасы, одан соң министрлер мен облыс әкімі, соңында бірінші вице-премьер Қазақ елінің Кедендік һәм Еуразиялық одақты саяси сипатқа енгізуге қарсы ұстанымын көрсетті.
Айта берсек, Ахметов басқарған Үкімет мүшелерінің батыл шешімдері бұл ғана емес. Бірақ, кейде сондай батыл қадамдардың салқыны болатындығын да аңғарып қалады біздің жұрт. Естеріңізде болса Мұнай және газ экс-министрі Сауат Мыңбаев та газ турасында өз пікірін бүкпесіз айтып, егер бағасына келіспейтін жағдайда еліміздің газды Ресейге емес, Қытайға саудалайтынын айтып салған. Мүмкін, соның бір шалығы тиді ме, С.Мыңбаев іле орнынан түсті. Бірақ, айтарын ірікпеген Сауат мырзаның сауаттылығын жұрт ұмытқан жоқ.
Батылдық жүрген жерде аяқтан тартатын қорқақтар да көбейеді. Жас министр Серік Әбденовтың абыройын түсірмекке әрекеттенген әлдебір қандендердің ісі соған дәлел. Десе де, бұндай инсидент те Ахметов үкіметіне тән бір оқыс оқиға ретінде есте қалды. Бірақ, дұрыс түсінген адамдар өз бастамасын жүзеге асыру жолында үлкен кедергілерден қорықпайтын Үкіметтің айқын қадамын таныған-ды. Дегенмен осы оқиға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовті орын босатуға мәжбүр етті. С.Әбденов қана емес, жоғарыда айтқан Сауат Мыңбаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтар да министрлік орындарынан кетті. Мұнай және газ министрлігіне тәжірибелі маман Ұзақбай Қарабалин келсе, сеңі қозғалмайтын, бірақ реформасы көп Білім және ғылым министрінің креслосына жас басшы Аслан Сәрінжіпов отырды. Жұрттың бір қуана қолдағаны да осы соңғы ауыс-түйіс екенін айта кетейік.
Шола қарағанда Үкіметтің қарқыны көңілге қонымды. Бір жылда бәлендей бір баға айтатын жұмыс та атқарыла қоймас. Дегенмен аз сөзді, іске бейім, аймақтың да, орталықтың да жайын жете білетін, мінезі салмақты Үкімет басшысы Серік Ахметовтың қызмет стиліне қарап, өнімді еңбек екпінінің жалғаса беретініне сенім мол. Мінезі салмақты демекші, Ахметов мырзаның талап қойып, қатаң тапсырма бергенде өзіндік ашу шақыра алатынын да байқадық. Мұртынан жымия беретін Мәсімов секілді емес, айтатын жерінде айтып, ұрсатын жерінде ұрсып тастайтын бүкпесіздігі де іс адамына лайық секілді. Мәселен, Индустрияландыру бағдарламасын орындау тақырыбы бойынша өткен бір басқосуда Серік Ахметов атқарушы органның мүйізі қарағайдай басшыларына сын айтып, қатаң міндеттер жүктеген еді.
Қысқасы, өткен бір жыл Үкімет үшін қайнаған еңбек қазаны болды. Үкімет басшысының өзгелерге от беретін бұл қайраты әлі де ұзаққа жалғасары даусыз. Шетелге де сан мәрте сапарлап, ел ішін де жатпай-тұрмай аралайтын Серік Нығыметұлының кабинетте күн өткізбей, жұмыс басында жігер танытатын басшы екені байқалады. Алда міндет көп, тұрғын үй, жастар мәселесі, қайта соғу қаупі бар дағдарыс, Дүние жүзілік сауда ұйымына кіру т.б ауқымды жұмыстар Үкіметтің үлкен көлемде жұмыс істеуін талап етеді. Және ел дамуын өрге сүйреп, болашаққа батыл қадам жасайтын Серік Ахметов командасы бұл талаптарды да тайсалмай мойынға алады деп сенеміз.
Мұрат Алмасбекұлы, Астана

Берік ӘБДІҒАЛИ, саясаттанушы
ЖЕКЕЛЕГЕН МИНИСТРЛІКТЕР БОЙЫНША ТАЛАПТЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК
– Бұл Үкіметтің бір ерекшелігі – елімізде бұрыннан қордаланып қалған мәселелерді шешуге бел шеше кірісуі. Дағдарысқа қарсы жауап ретіндегі бір мәселе зейнетақы реформасы болатын. Әрине, бұл бастаманы біреу түсінді, біреу өзінше бағалады. Бұл бұрыннан айтылған шаруа болғанымен ешкім батылы жетіп қолға алмаған еді. С.Ахметов басқарған Үкімет қиындыққа қарамай осы мәселені іске асыруға қам жасады. Себебі, біз бұны кешіктіре берсек, болашақта Греция немесе Еуропаның басқа да мемлекеттері сияқты дефлот болып, жекелеген зейнетақы қорлары банкротқа ұшырауы мүмкіндігін болжай білді. Яғни, күрделі, жауапкершілігі мол, халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер ететін жұмысты қорықпастан бастады. Тек ол ғана емес экономика мен әлеуметтік саланың басқа тұстары, мәселен тарифтік жағдай, коммуналдық төлемнің жаңғыртылуы секілді өте жіңішке мәселелерді қиынсынбай алға қойды. Сол арқылы елімізді болашақ экономикалық қиындықтардан сақтап қалуға қам жасай білді. Сонымен бірге аймақтардың дамуына көңіл бөлуі, соған қажет бағдарламаларды бір жүйеге келтіріп, арнайы министрлік арқылы нақты іске көшуі де тиімді жасалған әрекет болды.
Қателеспесем, жақында ауылды қалпына келтіру бойынша да арнайы тапсырма берілді. Енді соған сай шешім де шығуы керек. Қазір шағын қалалрдың даму жайы да басым бағыттардың біріне айналғаны қуантады. Қарап отырсаңыз халыққа қазір қиын секілді сезілгенімен, жақын уақыттарда тек қолайлы өмір сүруге жетелейтін бастамалар күн тәртібіне қойылуда. Жалпы, Серік Ахметов тәжірибелі басшы екені рас. Ол Үкіметке жаңадан келсе басқаша болар еді. Бірақ, Серік Нығыметұлы министр болды, премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды, сөйтіп осы салада үлкен біліктілік танытты. Жұмыс жақсы жүріп жатыр, тек кейбір жекелеген министрліктер бойынша сәл талапты күшейту керек секілді.
Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері
ОН БЕС МЫСЫҚҚА ОН БЕС МЫСЫҚТЫ ҚОССАҢ БӘРІБІР ЖОЛБАРЫС ШЫҚПАЙДЫ
– Мен өзім білім саласында жұмыс істеп жүргендіктен осыған байланысты айтайын. Бұл салада түрліше жаңа бастамалар бар. Бірақ, мен соларды тиімді көріп отырған жоқпын. Әсіресе, оқу орындарын оңтайландырамыз деп бірін-біріне қосып, ЖОО-лардың санын азайтуға қызмет жасауда. Бірақ, сапасы туралы әңгіме жоқ. Мәселен, Ақтөбеде педагогикалық иниститут пен университет қосылып жатыр. Екеуі де ортан қол оқу орындары. Екі орта деңгейдегі оқу орнын қосқанмен жоғары деңгейдегі университет болмайды ғой. Он бес мысыққа он бес мысықты қоссаң бәрібір жолбарыс шықпайды емес пе?!. Сол сияқты сан азайту жағынан ғана бір жетістікке жету дейтіндей қадамдар ғана жасалуда.
Екінші бір үлкен мәселе мемлекетіміздің инновациялық экономикаға көшу жағдайы. Өте дұрыс бағыт-бағдар алға қойылып отыр. Бірақ, біздің инновациялық талпынысымызда ілгері жылжу жоқ сияқты. Шын мәнісінде батпаққа батып, дөңгелегі құр айнала беретін машина секілді. Басқа салада қажеті шамалы, бірақ, инновация, ғылым-техника саласында революция керек. Белгілі бір жағдайда кәдімгі стратегиялық бағытымызды өзгертіп, жаңа бір жолға шығудың амалдарын іздеу. Осы салада да мен жаңалық көріп отырған жоқпын. Инновация деген не өзі? Инновация – жаңа бір техникалық, технологиялық идеялардың негізінде жаңа өнім жасау. Әлемде жоқ өнім шығару. Біз Ресейден көлік әкелсек, Батыстың кейбір құрал-жабдықтарын елге кіргізсек соны инновация дейміз. Ол біз үшін инновация. Әлемдік деңгейде инновация емес. Көп жағдайда ол кешегі күннің өнімі. Сондықтан мен өзіме жақын ғылым-білім саласында ілгері жылжуды көріп отырған жоқпын. Біз әлемде технологиялық даму жағынан артта қалған елміз. Және солай болып қала береміз бе деген қорқыныш бар. Себебі, Үкімет басшысы, Ұлттық банк жетекшісі өз сөздерінде «біз келесі дағдарыстан аман шығамыз, себебі, мұнайдың, пайдалы қазбалардың бағасы төмендеген жоқ» дейді. Біз дамыған техника мен үздік технологияның арқасында дағдарысты жеңеміз демейді. Бұл біздің даму стратегиямызды анықтауда әлі ойланатын мәселе. Аталған жағдай бір жылда шешіле салмайтын шығар, бірақ, оның күн тәртібіне қойылмай жатқаны бізді алаңдатады. Үкімет елдің экономикасын, дамуын өрге сүйрейтін моторы, жүргізуші күші. Сол моторды жүргізетін азаматтар әлсіздік танынтпауға тиіс.
zhebe.com


