Қазақстан тарихына қатысты көне дерек көздерін жинастыру мақсатында осы жылдың тамыз айында Қытайдың бірнеше өлкесінде ғылыми сапарда болдық. Пекин, Хөххот, Шиань, Донхуаң қалалары және ҚХР Ішкі Моңғол Автономиясы Иньшань тауы мен Дархан-маумиң даласында қазақтың ежелгі тарихына қатысты маңызды деректерді іздестіріп таптық.
ДОНХУАҢ ҮҢГІРІНЕ ҮҢІЛГЕНДЕ…
2013 жылы 5 тамыз күні пойызбен Донхуаң қаласына жақын Лиуюань бекетіне жетіп, одан ары қарай такси арқылы Донхуаң қаласына бардым. Бұл қалаға келудің өзіндік себебі бар. Донхуаң – Қытайдағы әлемде аты бар ең байырғы қалалардың бірі, сонымен қатар Могау үңгірлері бүкіл әлем көз тіккен ежелгі мәдениет ошағы болып саналады. Ежелгі Жібек жолы бойындағы Шығыс мәдениеті мен Батыс мәдениетін, әсіресе, Қытай мәдениеті мен Орта Азия мәдениеттерін бір өзекке тоғыстырған алтын арна да осы болып есептеледі. Могау үңгірлерін ең алғашында буддаға сенетін түріктер жасаған деген деректер де бар, қазіргі кезде Қытайдағы түріктанушы ғалымдар да сол деректерді растайтын ғылыми тұжырымдамаларын ортаға салып жүр. Могау үңгірлерінің ішінде будда бұрқандарының мүсіндері қойылып, үңгір қабырғаларына түрліше суреттер салынған. Ол суреттердің мазмұны сан алуан, айтар болсақ діни аңыздарға байланысты суреттер, тарихи оқиғаларға байланысты суреттер, тарихтағы әйгілі адамдарға байланысты суреттер, шығыс және Орта Азиядағы халықтардың тұрмыс салттарына байланысты суреттер, ұлттар мен ұлыстар туралы суреттер, соғыс туралы суреттер, би және музыкаға байланысты суреттер сияқты көздің жауын алатын ерекше мәдени мұралар. Одан да маңыздысы ном-кітаптар жасырылған үңгірден табылған ежелгі заманның қолжазбаларына бай. Аталмыш қолжазбалар Қытай иероглифтерінен тыс соғды, көне ұйғыр, көне сирия, тибет, таңғыт, кидан жазуларында жазылған. Алда құрған жоспарларым бойынша тек қабырға суреттерге мән бердім. Солардың қатарынан ежелгі Қытайдың терістігі мен батысындағы ұлттардың салт-дәстүрлері және түр-тұлғасы бейнеленген суреттерді қарастырдым.
Сонымен бірге жыл санаудан бұрын Қытайдың хан патшалығы тұсында ағаш шыпталарға жазылған шекара мәліметтерінің Донхуаң жеріндегі археологиялық қазбалардан табылған бөлшектерін зерттедім. Өйткені ол жазбаларда ежелгі ғұндар мен қаңлылар туралы шекара мәліметтері жазылған. Осы іздеген мұралардың біразын Донхуаңнан таптым, фото көшірмелерін алдым.
ХӨХХОТ МАҢЫНАН ТАБЫЛҒАН КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗУЫ
Пекиннен Хөххотқа 16 тамыз күні азанда келдім. Бұл қала бүгінгі Ішкі Моңғол Автономиялық ауданының орталығы. Иншань тауының оңтүстік баурайына орналасқан Хөххот талай тарихқа куә болған ежелгі қала, моңғол тілінде «көк қала» деген мағынаны білдіреді. Б.з V ғасырында осы жерді ежелгі теле тайпасы мекендеген, телелерден қалған «Теле жыры» дәл осы жерде шығарылған, сол жырда айтылатын Теле өзені бүгінгі таңда Қара су деп атанып, қаланың ортасын қақ жарып, терістіктен түстікке қарай ағып жатыр. Телелерден кейін бұл жерді түркілер мекенденді, түркілердің жазғы астанасы болған байырғы Түндік қаласының орны да осы Хөххот қаласында, одан кейін кидандар, жүржіндер, моңғолдар мекендеді. XV ғасырдағы моңғолдың Алтынханының астанасы да осы Хөххот қаласы болған.
Хөххотқа келісімен осы қалада тұратын атақты археолог, тарихшы ғалым Гайшаньлинді іздедім. Археолог, тарихшы Гайшаньлин ақсақалға сәлемдесудің сәті 19 тамыз күні түсті. Ол кісіні іздеуімнің де өзіндік себебі бар еді. Ол кісінің үлкен ғылыми монографиялық шығармасы «Иньшан оңғыттары» атты кітапты мен қазақ тіліне аударып шыққан болатынмын, 2009 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасы бастырып шығарды. 2013 жылы Алматыда шығатын «Шыңғысхан» журналы да «Иньшан оңғыттарының» аудармасын және менің мақаламды бірге қосып жариялаған болатын. Сөйтіп ол кісінің біздің елімізде жарияланған дүниелерін де өзіне табыстаудың ақыры бір сәті түсті. Қытайдағы петроглифтерді алғаш ғылыми айналымға енгізген Гайшаньлин еді. Ол 1976 жылы көктемде талай ғасырдың куәсі болған Иньшань тауын сағалап, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген кезінде тас бетіндегі суретті алғаш көзі шалады. Дәл сол күннен бастап 1981 жылға дейінгі 11 жылдың ішінде трактормен, атпен, өгіз арбамен, тіпті жаяу да жүріп Иньшанның сай-саласын, қуыс-қуысын жалықпай аралап, қажымай ізденуінің арқасында 15 мыңнан астам петроглифті хатқа түсіреді. Ақсақал өзінің шәкірті Ішкі Моңғол Автономиялық ауданы ұлттық мұражайының директоры Талаға телефон соғып, менің көргім келетін ескерткіштердің барлығын көрсетуге ұстаздық тұрғысынан талап қойды.
Сол күні түстен кейін мұражай директоры Таланың қабылдауында болдым. Мұражайда кезіндегі Иньшань оңғыттарынан қалған сирия жазуындағы бірнеше ескерткішті фотоға түсіріп алдым. Сонымен қатар ерекше көзге түскені оңғыт бектігі тұсында қойылған мұсылман бейітінің сандықша тасы болды, тастағы гүлді өрнектер мен араб жазуы сол қалпында сақталған, бәрін асықпай фотоға түсіріп алдым. Осы аралықта сол мұражайда жұмыс жасайтын моңғол азаматы жас ғалым Тиркинбайрмен таныс болдым, аралықтағы бір әңгімеде одан осы өңірде «Руна жазуы жазылған тас ескерткіштер бар ма?» деп сауал қойдым. Ол менен руна жазуы қалай болады деп сұрады, мен оған алып жүрген дәптерімнің бетіне руна жазуларын жазып көрсеттім. Ол біраз қарап тұрды да, «бұл бар» деді. Мен алғаш естігенде аңтарылып қалдым, руна жазуындағы жәдігерлер Қытайда тек Донхуаңнан табылған «Ырық бітіктен» басқа болмаған. Мен Тиркинбайрдан анықтап отырып қайта сұрадым. Ол рас бар, бірақ алыс бір жерде деді. Қанша алыс деп ем осыдан төрт-бес жүз шақырым алыста деді. Мені ертіп барасың ба дедім, ол бастық рұқсат берсе барам деді. Екеуміз бірдей барып мұражай басшысы Таладан рұқсат сұрадық, ол кісі рұқсат берді. Сонымен қуаныштан жарылардай болған екеуміз жолға қамдандық.
20 тамыз күні түске қарай Хөххоттың нөсерлі жаңбырына қарамастан жолға шықтық. Иньшань тауынан астық, кешкісін Ішкі Моңғолдың терістігіндегі Дамау кентіне келіп жайғастық. Теркинбайырдың айтуына қарағанда әлгі түркі жазуы бар тасты өзі де көрмеген, тек сол өңірдегі малшылар оған суретін әкеп көрсеткен. Сол үшін әлгі малшыларды табуымыз керек болды. Бір жақсысы ол адамның жайлауына телефон шалып, алдын ала байланыс жасап алдық және сол жайлауды аралап, жол бастайтын адам және машина жалдап алдым. 21 тамыз таңғы сағат 6-да орнымыздан тұрып, Алұнсұм жайлауларына қарай тартып кеттік. Құдай оңдағанда күн шайдай ашық болды. Күн шыға Алұнсұм жайлауының шетіне іліндік. Жолдан әлгі тасты білетін малшыны тауып, ілестіріп алдық. Моңғолдардың Шурын деген қыстаулығына келгенде машинадан түсіп, жаяу іздеуге тура келді. Сол жердің тұрғыны Наринбилгі бізге бірнеше төбелерді көрсетіп, осылардың бірінде, дәл қайсысы екенін ұмытып қалыппын деді. Біраз тастарды қарап едік, ештеңе кездеспеді, ақыры үшеуміз үш жаққа бөлініп, іздей бастадық. Наринбилгінің айтуынша, тас жерге тік тұрғызылған, өзге қарапайым тастарға ұқсамайтын көрінеді. Не болса деп мен де өз бетімше іздеп келемін. Құрып қалған көлшіктің жанына келгенде бір биік тас көзіме ерекше басылды. Құдайыма сыйына отырып тастың қасына бардым, дәл сол айтылған тас екен, тастың бетіне жазылған ежелгі түріктердің руна жазуы анық көрініп тұр. Мен ана екеуін айқайлап, малақайымды бұлғап жүріп, қасыма шақырып алдым. Тиркинбайыр келе салысымен, кеше кеште ұзақ оқыған намазыңның дұғасы қабыл болған сияқты, тасқа менен бұрын сен жолықтың ғой деп қалжыңдап жатыр. Сонымен тастың жан-жағын қарай бастадық. Тас жерге тік тұрғызылған. Биктігі – 190 см, кеңдігі – 140 см. Руна жазуы тастың шығыс жақ бетіне тігінен бір қатар етіліп жазылған және оның оң жақ шекесіне тәутекенің суреті қашалып, ойылып салынған. Жазулардың тігінен ұзындығы – 77 см, кеңдігі – 17 см. Жалпы 11 ірі руна жазуы тасқа қашалып, ойылып жазылған. Айналасы малта тастармен қоршалғанға ұқсайды, қалған жердің барлығы шөптесін жатық жер. Археолог Тиркинбайырдың айтуынша, бұл V ғасырға тән мұра болғанғанға ұқсайды. Сонымен жазуларды қағазға көшіріп, суретін сызып, фотоға анықтап түсіріп алдық. Сонымен оған Шурун түркі сын тасы деп ат қойдық.
ШИАНЬ МЕН ПЕКИННЕН ТАБЫЛҒАН ОЛЖАЛАР
Шиань қаласына 22 тамыз күні кеште сол жердің уақыты бойынша сағат 21-де Хөххоттан автобуспен жеттім. Келесі күні Шианьдағы атақты Датаң мұражайына бардым. Сол арадан ҚХР археологтары 2013 жылы сәуір айында табқан ұйғыр ханзадасының ескерткішін (VIII ғасыр) кездестірген. Ескерткіш мәтіні ежелгі түріктердің руна жазуымен және қытай иероглифтерімен жазылған. Бұл Қытайда алғаш байқалған руна жазуындағы бірден-бір ескерткіш. Мұндағы мәтіннің қысқаша мағынасы былай: Таң елі ордасы жынюанның 11 жылы (б.з 795 жылы) алтыншы айында ұйғыр ханзадасы Құтшорға арнап ескерткіш орнатты, ханзада Чананға терістіктегі даладан келді, небәрі 19 жасында дүниеден озды, ағасы Апошор келіп осында жерледі. Руна жазуындағы түрікше мәтін ескерткіштің сол жағына көлденеңінен 17 жолға жазылған. Фото суреті және мәтіндері толық көшіріліп әкелінді.
Пекин қаласында 5 күн болдым. Басты жұмысым – Пекиндегі Ұлттық кітапхананың ежелгі кітаптар бөлімінде сақталған Миң патшалығы заманында жасалған сөздікті іздеу болды. Пекиндегі ҚХР Ұлттық кітапханасында сақталған Қытайдың Миң патшалығы заманында XIV ғасыр да жасалған қытайша-түрікше (Алтай тауының оңтүстігі мен батысында б.з. ХІV ғ. өмір сүрген түркі тайпаларының) сөздіктің қазақ тілінің этимологиясын зерттеудегі алатын орнының ерекше екенін атап өтуге болады. Миң патшалығы заманында жасалған бұл сөздік қытайша «華夷譯語» (хуа ий ий үй) деп аталады, осындағы хуа деген сөз қытай дегенді, ий деген ежелгі қытай тілінде қытайға көрші елдердің жалпы атауын білдіреді, ендеше «華夷譯語» дегеніміз «Қытайша шетел тілдерінің аударма сөздігі» деген ұғымды береді. Сөздік Миң патшалығы тұсында (XIV ғасыр) Қытайға көрші ұлттар тілдерінің қытайша-түрікше (шағатай тілінде), қытайша-ұйғырша, қытайша-моңғолша, қытайша-тибетше т.б. шетел тілдерінің сөздігі ретінде жасалған. Бұл сөздікті Миң елін құрушы бірінші патша Жу юанжаң 1382 жылы Хуо юанжи, Машайық деген кісілерге өзі тіке бұйрық беріп жасатқан, сөздікті жасауға тура 22 жыл уақыт жұмсалған. Бұл сөздік түркі тілдерінің терминологиясы мен тарихи сабақтастығын зерттеуде таптырмайтын тарихи құндылық екендігінде дау жоқ.
Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ,
деректанушы ғалым.
qasym.kz


