Бағылан би. Алтын Орда хандығындағы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ол Тобыл өзені бойын мекендепті. Обаған өзенінің Тобылға құяр жерінде Бағылан тоғайы, Бағылан талы, Бағылан қара суы, Бағылан көлі, Бағылан томары, Бағылан қыстауы, Бағылан шоғы, Бағылан өзегі деген жер – су аттары болған. Бағылан баһадүр қартайып, өз есімімен аталатын тоғайды мекендейтін өз аулында ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегі Тобыл өзенінің жарқабағына жерленген.
Бағылан бидің Бопай есімді әйелінен Архат, Фархат, Сарымұрат атты ұлдары дүниеге келеді. Фархат батырдың Гүландам есімді әйелінен Танаш, Аббас, Манас туады. Осы күнгі Қостанай облысының Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарын, Солтүстік Қазақстан облысының және Қазақстанның басқа да жерлерін мекендейтін Ашамайлы Керейлер осы Танаштың ұрпақтары. Танаш Алтын Орда хандығының көрнекті адамдарының бірі, әділқазы би атаныпты. Танаш бидің Балға, Балта, Едіге атты балалары батыр, би, әскер басы болған. Бағылан бидің бейіті орналасқан қонысқа 1734 жылы жазда Звериноголовскі атты сауда пункті салынды. Ол кейін казак-орыс мекеніне айналған. Осы күні бұл мекен Ресей Федерациясына қарайтын Қорған облысының Притобол ауданының орталығы.
1723 жылы жазда жоңғар басқыншылары Бағылан бидің қонысын тартып алып, 1734 жылы жазда Ресейге қару – жараққа айырбастапты. Елінен, жерінен айырылған қазақ қосындары тек он жылдан кейін қайта оралып Дәстем Сал Қарабасұлы басқарған қол Зверинканы қоршауға алады. Қамал комендаты және осы жердегі шіркеудің дінбасы көпестерді ұйымдастырып, қазақ әскерінің алдынан дәстүр бойынша нан мен тұз алып шығыпты. «Звериноголовка бүгіннен бастап бекініс те емес, казак-орыс станицасы да емес, қазақ пен орыс сауда жасайтын базар, жәрмеңке орталығы орны болсын! Соған келісім – шарт жасайық, дос болайық. Жер-су сіздердікі екенін мойындаймыз!»- деп тілек қойыпты. Бұған келіскен қазақ рубасылары әскерін кейін қайтарыпты. Шарт жасасып, келісім-шартқа екі жағы да қол қойыпты. Дәстем салдың талабы бойынша базар қазақ кенті мен орыс кентінің аралығында болатын боп көрсетіледі. Звериноголовкада тәртіп орнату Амандос Ерменұлы (Көшебе керей) бастаған мұсылман жасағына міндеттеліпті. Осының бәрі шартта көрсетілген.
Қаратай Биғожин


