
ШЕТЕЛДЕГI 5 МИЛЛИОН ҚАНДАСТЫҢ ҚҰНЫ КӨК ТИЫН БОЛҒАНЫ МА?
Соңғы жылдары шеттегi қандастардың елге оралуын түрлi кедергiлер арқылы қиындатқан қазақ үкiметi бұл жолы қазақ көшiн мүлде тоқтататын түрi бар. Өткен аптада “Еңбек миграциясы туралы” заң жобасын мақұлдаған сенат осыны дәлелдеп бергендей. Заң жобасын парламент үйiнде таныстырып қорғаған Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Ерболат Досаевтың айтуына қарағанда, ендi елге келген қандастарға азаматтық бес жылдан кейiн бiр-ақ берiлмек. Квотаны былай қойғанда, көшiп келгендерге заң бойынша тиесiлi 10 сотық жер де бес жылдан соң ғана тиедi.
Осы жағымсыз жаңалықты естiген шеттен көшiп келген қандастарымыз сыртта қалған ағайын-туыс көшiнiң ендiгi қамына қапалы. Редакциямызға қандастар атынан арнайы келген Мұқан Мамытхан, Қайрат Байтолла және Ибрагим Қошқари атажұртқа әне-мiне ораламыз деп жүктерiн буып-түйiп отырған Қытайдағы бiршама отандастарымыз бұл ақпараттан кейiн “өзiмiздi өгейсiткен елге қалай келемiз” деп елеңдеп қалғанын айтады. Досаев ведомствосы әзiрлеген заң жобасына ашынған қандастырымыз бұл қазақ көшiн тоқтатудың қитұрқы амалы дейдi. Ал сырттағы қазақты отанына келтiрмеудiң артында, олардың ойынша, қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтермеу, қазақ ұлтының санын көбейтпеудiң пиғылы жатыр.
Бұған дейiн қазақ үкiметiне атажұртына қайтқысы келетiн қазақтарға тiркеуден шығып кел, ықтиярхат ал, сотталмады деген қағаз әкел дегендей түрлi қағазбасты кедергiлер келтiретiн. Қытай Халық Республикасыың тәртiбi бойынша, сотталған адамға төлқұжат берiлмейдi. Әрi төлқұжаттың соңғы бетiнде “Егер ҚХР азаматтары шетелге қоныстанатын болса, сол елдiң заңы бойынша азаматтығын алуына қарсылық жоқ” деп жазылған. Сөйте тұра, қазақ билiгi қандастардан ықтияр хат талап ететiн. Ендiгi жерде шетелден келетiн қазақтарды босқындармен теңестiретiн заңды қабылдап жiбердi. Заңдағы “тұратын мерзiмiне қарамастан ұлты қазақ адамдар үш ай iшiнде азаматтық ала алады” дегендегi ұлты қазақ деген сөз алынып тасталмақ. “Мұның астарында “елге оралмай-ақ қойыңдар” деген ашық емеурiн жатыр” дейдi редакцияға келген жанашырлар.
“Сенаттың бұл әрекетiн естiп, түнi бойы көз iлмей шықтым. Шетелдегi қазақтар елге келсе, Қазақстан азаматы бола алмайды, соған сәйкес жұмыс iстей алмайды, үй алуына мүмкiншiлiк жоқ деген сөз. Ал бұл шетелдегi 5 миллион қазақты ендi алмаймыз дегендi бiлдiрiп тұр. Бұл – қазақтың мемлекетi. Қандастар жейiн, iшейiн, байиын деп келiп жатқан жоқ. Елiмдi, жерiмдi қорғайын, ұрпағымды отанына қосайын деп келедi. Осы қазақты кеудесiнен итерсек, қандай мемлекет болғанымыз?” – дейдi “Отандас ел” республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Мұқан Мамытхан.
Елiмiз қазақ көшiне тәуелсiздiк алғалы берi жол ашқанымен, 20 жылдан берi атажұртқа оралған қандастар саны 1 миллионға жетер-жетпес шамада. Өз отандастарын қабылдаған Германия шетелдегi 3 миллион немiстiң 2,3 миллионын көшiрiп алған. Отандастарына есiгiн айқара ашқан Ресей мен Израиль көшiп келген азаматтарын түгел баспана және жұмыспен қамтып, барлық жағдайын жасап отыр. Олай болса, оралмандарды елге қайтаруды Ата заң арқылы бекiтiп, “дүниежүзiндегi қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан” деген президенттiң өз аузынан шыққан сөзi қайда қалды?
“Бiз 90-жылдары Қытайдағы мансап, қызметтiң бәрiн тастап көшiп келдiк. Президент айтқан “қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан” деген сөзiне сенiп келдiк. Ендi келiп бiрте-бiрте квотаны жойды, азаматтық алуға кедергi келтiрдi. Сенаттағы жиын мүлде төбеден ұрғандай болды. “Бұл қалай болды? Бiз бүгiн-ертең келетiн едiк” деп буынып-түйiнiп отырған Қытайдағы қазақтар бiрiнен кейiн бiрi хабарласып жатыр”, – дейдi жеке кәсiпкер Қайрат Байтолла.
Ал “Көршi” журналының редакторы Ибрагим Қошқаридiң пiкiрiнше, бұл – орыстiлдi билiктiң қазақтарға қарсы жасаған қиянаты.
“Қазақстан сырттан мал әкелуден, маман әкелуден бiрiншi орында. Мал мен маманға жұмсаған ақшаны шетелден қандастарға неге жұмсамасқа? Тiптi жұмсамай-ақ қойсын, өз аяғымен келiп азаматтық алам дегенге неге кедергi келтiредi? Парламенттiң қазақ тiлiн менсiнбейтiнiн көрiп жүрмiз. Солардың балалары үшiн бiз қандастарды бодауға беруiмiз керек пе?
Үкiмет пен парламент мұның салдарын бiле тұра әдейi жасаса, бұл – қазаққа қарсы саясат. Олай болса, оралмандарды обалды қылмасын. “Елге алмаймыз, көшiрмеймiз” дегендi ашық айтсын. Елдi сандалтпасын”, – дедi Қ.Байтолла.
Сырттан келген қазақтар елге не бередi дегенге келсек, редакцияға келген қонақтар жылына ел қазынасына қанша қаржы құятынын санап, тiзбелеп бердi. Мәселен, Мұқан Мамытхан 2003 жылдан берi 87 гектар жерге салық төлеп келе жатыр. Он жылдан берi бұл 170 мың теңгеге жеттi. Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы үйiне жыл сайын төлейтiн 12 мың теңге жер салығы тағы бар. Зейнетақы қорына ай сайын 1500 теңгеден аударып отырғанның өзiнде жылына төлейтiн сома 18000 теңгеге жетедi. “Қытайдан әйелiм екеумiз ай сайын 6500 юань, яғни 150 мың теңге шамасында зейнетақы аламыз. Оны Қазақстанда айналымға саламыз. Сонда есептей берiңiз. Бүкiл салық пен шығынды қосқанда зейнетақы қорында 250 мың теңге + 170 мың теңге салығым + 120 мың теңге үй салығы + 1 млн 800 мың зейнетақымды есепке алсақ, 2 миллион 250 мың теңге көлемiнде пайда келтiрiппiн. Есесiне, мемлекеттен квота, үй алғаным жоқ. Бұдан бөлек балаларымның оқуына төледiм. Мен тәрiздi еңбек етiп жүргендер қаншама. Мәселен, Шелек ауылына 3500 отбасының көшiп келуiне мұрындық болдым. Олардың iшiндегi ең жарлысының өзi кемiнде екi қой байлап отыр. Жер телiмдерiн игерiп, жүгерi, бұршақ егiп отырғандар баршылық. Мыңнан артық қой ұстайтын шаруа қожалықтары да ай сайын бюджетке салық төлейдi. Ендi бұдан артық қандай пайда керек?” – дейдi ол.
Егер президент заң жобасына қол қоятын болса, бұл онсыз да қаңтарылып қалған қазақ көшiне нүкте қойылады деген сөз. Ұлт жанашырлары мен сырттан оралған бауырларымыз әуелi президент атына хат жазуды жоспарлапты. Ал бұдан нәтиже шықпаса, наразылық акциясына шығуға бекiнген.
З.ЖЫЛҚЫБЕК.
zhasalash.kz


