Жәркен БӨДЕШҰЛЫ
«Қиянат! Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе аппақ болса, қаралап тастауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға, не нәрсе адал болса, арамдап тастауға әуес жұмыр басты пенденің өз оңбағандықтарынан ақталар “ақиқаты” әрқашанда дайын»
О. Бөкеев
Әлқиса
Алданбай шикі қиял түс, елеске,
Бір шындық шыр айналып түседі еске.
Бауырынан өр Алтайдың түлеп ұшқан
Оралхан құрыш топшы құс емес пе?!
Ой салды маған осы қос тақырып,
Тамырлас, өзегі бір, дос шақырып.
Оралдым Оралханға таң алдында
Алтайдың бал ауасы баста тұнып.
Оралдым.
Амалым жоқ оралмасқа,
Кімім бар жаны жақын одан басқа.
Кетеді арқам қозып, санам самғап,
Аһ ұрып асқар Алтай борандатса.
Менің де жоным жауыр, жолым соқпақ,
Оны айтсам тағдырластар қолын соқпақ.
Тағы да шықтым ұзақ бір сапарға
Байырғы Алты Алаштың жоғын жоқтап.
Айналып алған демің от жалынға,
Дегейсің жолың болғай жортқаныңда.
Арым пәк,
Көңілім адал,
Жүрек таза.
Оллаһи, арам тамшы жоқ қанымда.
Көтерген қара нардай арман жүгін,
Қалдырмас орта жолда тарлан жырым.
Көзімен Оралханның көріп тұрмын
Дүниенің жар соқтырар жалғандығын.
Ғасырдың қаталдық бар қабағында,
Көріп тұрмын айласын, қамалын да.
Құдай үшін емес-ау, мұнай үшін
Алпауыттар жан беріп, жан алуда.
Түсінем бақ бар жерде қайғы барын,
Мезгілсіз шыңылдаған қай құлағым…
Көріп тұрмын заманның құбылғанын,
Көріп тұрмын адамның айнығанын.
Аттыға жол, сөз бермес ауыздыға,
Көріп тұрмын қанды қол жауызды да.
Көріп тұрмын баукеспе ұрыларды,
Тонаған ауыл-аймақ, тауымды да.
Қасқырлары ұлыған боздақ қырдан,
Көрдім «Жетім ботаны» боздап тұрған.
Көрдім «Қарабураны» зіркілдеген
Қарсыласқан пендеге қан қаптырған.
Қыт-қыттап күресінде күрке тауық,
Тас төбеден барады үркер ауып.
Менің де «Ұйқым келмейді» қос бүйірден
Бір қауіптің тап беріп, түртері анық…
Сөндірмек боп үмітті, отымды да,
Жалған молда дұғасын оқыр жылда.
«Көрмедім» деп жалт берген, «көрмедім» деп,
Көріп тұрмын санасыз, соқырды да.
Көріп тұрмын. Тағы да көргім келді.
Асқар тау, тасқынды өзен, мөлдір көлді.
Ойымен Оралханның көкті шарлап,
Оралханның көзімен шолдым жерді.
Табынғаным емес бұл, шағынғаным,
Орақ тілді бауырымды сағынғаным.
Ұлт тағдырын шешетін қан майданда
Ерлік деп біл қасынан табылғаным.
Ұйқасты өлең, ұйқассыз қара сөзім,
Екеуің бір өнердің баласы едің.
Қаз басқан бал бөбектей жаутаң қағып,
Көріп тұрмын тәуелсіз Алаш елін.
Ұлы сапар алдында
Есебінен мезгілдің жаңылмаған,
Алматыға май келді мамырлаған.
Найзағайдың селк етіп жарқылынан
Ұйқысынан оянды ару қалам.
Алабұртып атқандай ғашық таңы,
Тамырымда жастықтың тасып қаны.
Бүршік жарды сезімтал сәмбі талдар,
Сабырлы емес абдырап, асықпады.
Өбектеп саумал самал сүймек еді,
Жас шырша омырауын түймеледі…
Шетке шыққан шетенді көпшіл қайың
Қауымдасқан орманға сүйреледі.
Асыр салып сай-сайдың бал бұлағы,
Нұрға бөгіп, гүлдердің жанды бағы.
Сұңғақ шынар, самырсын құзға өрлеп,
Орта бойлы алма ағаш балбырады.
Жесір байғыз мазасыз сұңқылдайды,
Үкі әупілдеп, тоғайдан тың тыңдады.
Көлегейлеп ақ жүзін ұлы аспанның
Моншағын қарауытқан бұлт ұрлады.
Ақ бесікті арулар тербеткенде,
Аққу, қазын шақырды көл көктемде.
Аппақ бөбек талпынып, уілдеді,
Тербетеліп не жетсін ер жеткенге.
Адам түгіл Тәңір де құнығардай,
Алматының татиды түні балдай.
Жортуылға шығатын көкбөрідей
Орағаң да жүр әні тыным алмай…
Алаң болып қарайды айналаға,
Терезеден жел есті майда ғана.
Жер қозғалса, қозғалмас сабырлы еді,
Қайда ғана асықтың, қайда ғана?
– Ұлылыққа қашанда бас ұрамын,
Оны сенен несіне жасырамын.
Мағұлдай таңғажайып мемлекеттің
Жұрнақ жұртын көруге асығамын…
Маған біткен ет жүрек, ақын жүрек,
Ойлап қалма, сөз қуған ақылды деп.
Захир-ад-дин Мұхаммедтей падишаға
Құран оқып келемін ақырғы рет…
Күллі әлемнің аралап теңіз көгін,
Арғы тегін түріктің көп іздедім.
Әулиедей Темірдің текті ұрпағы,
Жаңғыртамын Бабырдың көне іздерін.
Салады тас-қияға ер соқпағын,
Сол ерден жоқ қой менің кем соқпағым.
Бабырдың рухындай бізге жеткен
Орысты қалтыратқан желтоқсаным.
Далиып дәруіштің қос етегі,
Тарихтың керуен-керуен көші өтеді.
Азаттық Алты Алаштың тұңғыш ұлы
Алматы кіндік кескен шешесі еді.
Бостандық, теңдік бер деп дабылдаған,
Жас Қайрат бағытынан жаңылмаған.
Тәуелсіздік бағдаршам адастырмас
Желтоқсан оқиғасы – Бабырнамам.
– Жықпай қоймас белдесіп алысқанын,
Жолың болсын, азулы арыстаным.
Елім деп еңіреген сендей ердің
Білемін жүрегінде намыс барын.
Аспандағы ой
Бірінші монолог
«Аспан болған соң ашығы жақсы»
О. Бөкей
Ләм демей өз орнына бекінді жұрт,
Ұшақ ұшты Делиге бетін бұрып.
Не жетсін ойға шомып отырғанға
Түнгі ойыңды аспанда жетілдіріп.
Білмеймін, әсері бар құсқа қалай?
Ұшаққа қону қиын, ұшқан оңай.
Пендені бір қатердің мысы басар
Алқымға төніп тұрған ұстарадай…
Көгілдір көк пен жердің арасында,
Тағдырмен дәрменім жоқ таласуға.
Қара тұман қарақшы ғайыптан кеп,
Жолың тосса, абдырап қаласың да…
Табиғаттың мінезі сан құбылып,
Талай мәрте болжаусыз салды бүлік.
Қонамын деп қос қанат қомданғанда
Мерт болғаны есімде тауға ұрынып…
Көңілің қобалжиды осындайда,
Бір ой келіп, бір ойға қосылмай ма?
Сонау жылы өртеніп кеткен жоқ па,
Бір ұшақ ұрынғанда тосын жайға.
Боздақтың жаны жанып, күлі қалды,
Біреудің қызы кетіп, ұлы қалды.
Қарғады шашын жайып мұңлық ана
Ұшақты ойлап тапқан ұлы жанды…
Мұнысы дәтке қуат болар, сірә,
Жолсерік қыз су берді жолаушыға.
Самғап ұшып барамыз бір қиырға,
Жетерміз жетер жерге қоналқыда…
Ғарышкер емес едім ай қараған,
Суырылып топырақтан қайда барам?
Қадірін жер ананың білсе игі,
Аспанда қорғалаған қайран адам…
Өзімді өзім алдап күн көруге,
Шүкірлік жерді басып жүргеніме.
Сәбилерді тәттімен алдандырып,
Нәр тамызып шөлдеген гүлдеріме.
Қиялға отырғанда ерік беріп,
Елестер үйіңдегі көрікті елік.
Анасы балалардың, жас жұбайым
Жүр екен нендей асқа жерік болып.
Құнарлы топыраққа қақ тұра ма?!
Ер жігіт өз жақынын жат қылар ма?!
Сәулемді жерік қылған сол асыл зат
Ертегілер елінен таптырар ма?!
Іздегеннің бәрі бар нұрлы аспанда,
Нұрлы аспан қандай жақсы сырласқанға.
Ай жарық,
Жұлдыз түгел,
Күн шуақты,
Сыймайды сұлулығы бір дастанға.
Жарық бар,
Жылылық бар,
Бұлт та бар.
Қиялым Ақбозатқа құрық салар.
Ақ Шолпан түн қойнынан мені көрсе,
Алма мойынын үш мәрте бұрып қарар…
Болғасын ойым ұшқыр, көңіл нәзік,
Жинаймын күндіз-түні өмірге азық.
Жел,
Дауыл,
Күмән,
Күдік,
Тұманнан да
Келеді адастырмай Темірқазық.
Мен әлі талқанымды тауысқам жоқ,
Сұңқардай көк жүзімен қауышқам кеп.
Ғарышта не жоқ десең, мен айтайын:
Қарға жоқ.
Жапалақ жоқ.
Сауысқан жоқ…
Алланың құдіреті неткен күшті ең,
Жанжалсыз алмасады көктем мен қыс.
Тілегі адамзаттың қабыл болып,
Төрт кітап төңкеріліп көктен түскен.
Күмбез көк көк мешіттей құтым деңіз,
Жарылмас ол екіге бүтін негіз.
Алланың шапағаты тисін десең,
Алайып аспаныма түкірмеңіз.
«Өз отын өшірмеген» ел өлмейді,
Өршіл рухы аспанға көп өрлейді.
«Тортай мінер ақбозат» кісінесе,
«Жетім бота» еліктей елеңдейді.
Бұл сапар аңғартқандай болар жайды,
«Аспанға ұшқан алты қаз оралмайды».
«Терісаққан» тебіреніп толқыса да,
Еңіреген Ертістей бола алмайды.
Ұлы сапар паш етті талай жайды,
Өмір, өлім, уақыт, адам жайлы.
Тексіз «Текетірестер» болар тағы
«Мынау аппақ дүние» қараймайды.
Сот жүрмес жазып қойған жазмышқа,
«Біздің жақтың қысы ұзақ», жазы қысқа.
Сүйгізіп аязына екі бетін
«Қар қызы» еркелейді кәрі қысқа.
Құрыш топшы, қас қыран, көкте жүрген,
Тоқайласар жердегі көк бөрімен.
Таусылмас «Екі әйелдің әңгімесі»,
Көрсе де торғай жәбір бөктергіден.
«Жұлдыз жауған түндерде» «Жылымық» бар,
«Жылымық» бар, заманның сырын ұққан.
«Сарыарқаның жаңбыры» толастамас,
Сөз нөсерін төккенде ұлы Мұхтар.
Авторлық баян
Мынау қатал нарықтың маңдайымнан,
Табаннан тұрғанымен сызы өтіп,
Қайғыланып қан жұтып,
Мұнарланып мұңайман.
Рамазан айында Қадыр түнін күзетіп,
Ағыл-тегіл шабыт бер деп тіледім,
Сөз маржанын тауып бер деп тіледім.
Боз інгенді сауып бер деп тіледім.
Құдіреті күшті Құдайдан.
Тілемедім аттан сап,
Артық байлық, тақ, мансап.
Алғай да бұлағай баянсыз сұм жалғанда –
Алғандаймын жоғалтып, өзімді өзім іздедім:
Орман-тоғай,
Тау-тастан,
Мұхиттардан, шөлдерден,
Асу-асу белдерден,
Өзендерден, көлдерден –
Таптырмай жүр іздерім.
Таптырмаса іздерім, іздей берем табамын.
Өкшелерім ойылып, таусылғанша табаным.
Түбінде бір табамын
Жыртылғанша балағым,
Жұмылғанша жанарым.
Табамын.
Табамын.
Табамын.
Мынау жалған дүниенің азабына көнсем де,
Мазағына көнбедім.
Санам ояу,
Көзде мұң.
Бойкүйездік дертінен жұлын жүйкем айыққан,
Ақ тілегім қабыл боп, шабыт келді ғайыптан.
Ақ қағаздың бетіне қаламымды қайрадым,
Көзі ашылған бұлақтай бұрқ-сарқ етіп қайнадым.
Тордан шыққан бұлбұлдай емін-еркін сайрадым.
Өткінші жыр толассыз ақ жауынға ұласты.
Шөлі қанып қапысыз қауашығын гүл ашты.
Күңіренген қобызым,
Күмбірлеген домбырам оркестрге қосылып,
Еркін жайдым құлашты.
Тілегенім Алладан осы еді ғой, осы еді,
Көңілім қандай көрікті, ойым қандай көшелі.
Сахнасы өнердің табанымның астына қалы кілем төседі.
Көк тұйғыны Жайырдың өр Алтайға шарқ ұрды,
Бөкеевтің өзені көкірегіме сарқылды.
Ошағымда балқыттым көшіп жүрген алтынды,
Ақиықтан үйрендім, шарықтауды, шалқуды.
«Ән салады шағылдар»,
Шағылдардан үйрендім,жаңғыруды жасарып.
Қарағайдан үйрендім, жап-жасылтон киюді,
Сәмбі талдан үйрендім,сылаңдаңдауды жасанып,
Боранындай Алтайдың алды-артымнан бораған,
Қайран менің, Ор-ағам!
Қайран менің, Ор-ағам!
Маған сеніп аманатқа қалдырған,
Жырларыңа оралам,
Жыр бағына оралам.
Сұлулыққа тағзым
Екінші монолог
Қымсынып ұялды ару, көп қарап ем,
Басынан жүрген жандай түк кешірмей…
Ақ маңдайға жарасқан қап-қара мең
Махаббаттың ең соңғы нүктесіндей.
Ақ көйлегі лебімен көлбең етіп,
Диірмендей бөксесін дөңгелетіп,
Мың бұралып, құбылып билегенде ол,
Көгілдірдей сыңсыған көлге жетіп.
Қарашығын әдеппен төңкереді,
Түтіндемей кеудесі өртенеді.
Қос тізесін бүккенде шарт жүгініп,
Сұлулықтың көкесін көрсең еді.
Күлмейді. Жымың қағып күлімдейді.
Қызыл ерні үлбіреп гүл іздейді.
Сахнаны шаңдатып, сықырлатып,
Тайраңдап әрі-бері жүгірмейді.
Көмейіне қойғандай маржан тізіп,
Ақситпайды азуын арзан күліп.
Алдамайды. Арбайды сұр жыландай
Қимылында жоқ мүлде жалған қылық.
Сахнадан тапқандай әнге серік,
Уілдейді қабағын сәл көтеріп.
Қос анары тепсініп, тебіренгенде,
Шамаң келсе төбеңе ал көтеріп.
Қолаң шашын ширатып өрген кезде,
Ұқсайды егіз шынар тербелгенге.
Жүрегің лүпіл қағып, есің ауып,
Өзегіңді өрт шалып шөлдер демде.
Шайтанның кебіне еніп, алдамайды,
Бармағынан у емес, бал жалайды.
Ішімнен сан қайталап тебірендім
Ән төресі «Дудар-ай», «Қарғам-айды».
Үзілмеген тұқымын Қаракөктің,
Алтайыма келеді ала кеткім.
Жұпар иісі аңқыған ақ маңдайын
Қалада емес,
Қиялмен далада өптім.
Алған демі жүрекке зәру, дәрі,
Дәрісін тегін бер деп қинама сен.
Үндінің толықсыған арулары
Қазақтың қыздарындай ибалы екен.
Өтпейді жолын кесіп ер кісінің,
Көркіне масайрайды көңіл демде.
Сырт көзден жасырады тал мүсінін,
Балтырын көрсетпейді көрінгенге.
Сыңғырлатып алтынын, күмісін де,
Кетпейді көше кезіп түн ішінде.
Бір мін жоқ қимылында, жүрісінде,
Ертеңге қалдырмайды бір ісін де.
Көбелек көлбеңдемес гүл ашылмай,
Қапаландым мойныма қыз асылмай.
Үндістан менің Қазақстанымның
Алыстан сыйласатын құдасындай.
Басымда тұра бермес осы жалған,
Қалтырап, қартаймайды досы бар жан.
Жігіттің төресі ғой Нұртөре інім,
Қыз аулап кеткен жоқ па осы маңнан?!
Жаралған салт-дәстүр, ырым-құттан,
Күйеуге біздің қазақ құлын жыққан…
Жігіттер, қам жасаңдар, қапы қалмай,
Тұқым алып қайталық сұлулықтан.
Дәмі тартса ежелгі, іргелі елдің,
«Сағынғанда бір келермін,
Сарғайғанда бір келермін»
Көршілес қырғызымның осы әуені
Мәңгілік солмайтұғын гүл дер едім.
Пілге сенім
Үшінші монолог
Ізім қалмас білемін көкте менің,
Ұшақпен осы өлкеге жеткен едім.
Үнді жұртын ғасырлап арқалаған,
Алып пілге сенемін.
Бек сенемін.
Таңғалам алып пілдің аяғына,
Төрт діңгектей аспанды тіреп тұрған.
Сауырдың шыдар ма екен аязына
Жануар ыстық жерде түлеп, туған.
Нұрын шашқан әлемге күнге сенем,
Туған айға беремін түнде сәлем.
Қара нарға сенгендей жүк қалдырмас
Қара құмды қақ жарған пілге сенем.
Пілге сенем адамға қайыры көп,
Шөлде жүзген шаруаның қайығы деп.
Піл салмағын өлшетпес таразыға,
Өлшемі жоқ алыптың айыбы жоқ.
Қарашаңырақ жарасар қара нарға,
Керуендер түнемеген дала бар ма?
Оқ өтпес,
Қылыш батпас,
Сүңгі кірмес,
Сауыт киген піл ұқсас бабаларға.
Аунатқан дүлей құбыжық, тазды шаңға,
Пілге сенем сенгендей Қажымұқанға.
Пілге мінген кісінің жолы болар,
Қоңыраулатып жөнелсе жазғы таңда…
Жолаушының көңілінің қошы барда,
Жосылып жолға шықпай отырар ма?
Қайтайын ел-жұртыма пілге мініп,
Келіп ем ұшақпенен осы маңға.
Туған жерге барайын пілге мініп,
Бірде аялдап түнейін, бірде жүріп.
Жануардың астынан тау мұнартып,
Жанарынан тұрады күн көрініп.
Тұрғанда қолым жүріп, жолым жүріп,
Шалғайды бөктергідей шолып жүріп.
Бұқтырмаға тоғытып жануарды
Жайсаң көлге алайын шомылдырып.
Қолыма көгілдір түс ту алайын,
Жас баладай мәз болып қуанайын.
Қарақұмның шөлейтін көктей өтіп,
Қара Ертіске пілімді суарайын.
Ақ сәулесін аспаннан жамыратып,
Келеді тағы да бір таңым атып.
Үндістаннан естіген ертегімді
Балаларға айтайын аңыратып.
Көсегесін көгертіп ғаріп құлдың
Қараңғыны келеді жарық қылғым.
Алаштың кегі кеткен ата жауды
Табанына салайын алып пілдің.
Алып пілдің таптайын табанымен,
Мүрдесіне жабайын қара кілем.
Жағама қол тигізген дұшпанымнан
Мен осылай кегімді ала білем.
Арпалыс
Төртінші монолог
1993 жыл, майдың 16 жұлдызы, түнде
Дели қонақ үйінің 11-қабатындағы бөлмесінде қазақтың аймаңдай жазушысы Оралхан Бөкеев көз жұмды.
(Нұртөре Жүсіптің естелігінен)
Өкпем қысып, көк желкем шымырлады,
Жалғызбын, дәл қасымда әлдекім жоқ.
Құлақ шулап, шыбын жан шырылдады
Кәлләмды көтеруге дәрменім жоқ.
Таптырмады табанда дертке дауа,
Әттеген-ай…
Әттеген…
Әттеген-ай…
Мұндағы миллиард жанға жеткен ауа,
Әттеген…
Бір қазаққа жетпегені-ай.
Жетпегені-ай…
Жетпеді амал қанша,
Еңсемді өкінішім барады езіп.
Тымырсық тар бөлмеге қамалғанша
Әттеген-ай…
Өлсемші дала кезіп.
Не жетер өз Отаным, өз еліме,
Қайран Ертіс, Үліңгер, құба белім.
Бір тамшың тамып кетсе өзегіме
Орнымнан киікше орғып тұрар едім.
Жандаймын тірі де емес, өлі де емес,
Тек кірпігім кіртиіп қозғалады.
Бұл мүмкін түсім шығар өңім емес
Тұман басты боз тауды, боз даланы.
Ауа…
Ауа…
Қайдасың, салқын ауа?
Қолым жетпей жатқаны-ай бал тұмаға,
Айтуға аузым бармайды шыныменен
Ауа жетпей ғұмырым сарқыла ма?
Мен қайда?
Алтай қайда?
Ауа қайда?
Дайын тұр сауалымның жауабы ойда.
Қазақтың тау жайлаған еркін ұлын,
Үндінің қапырығы дауалай ма?..
Куәсі еңіреген ерлігімнің,
Куәсі қуаныш, қайғы, шерлі мұңның.
Өмір деген не десем туған жердің
Бір жұтым ауасы екен енді білдім.
Тура келсе ажалдан ығыспайын,
Еңсемді Хантәңірдей тік ұстайын.
Жақын келші, Өр Алтай, Тарбағатай.
Самалыңмен бір сәтке тыныстайын.
Өсірген өрен едім тасқа гүлін,
Күн туды екіталай басқа бүгін.
Түбінде құлағымның кісінеші
Ай маңдай,
Құрыш тұяқ,
Қасқа құлын.
Құрғатып ыстық жалын таңдайымды.
Суық тер мұздатады маңдайымды.
«Кербұғы» өксіп-өксіп еңіреші,
Сезгендей мынау мүшкіл хәл-жайымды.
Ауа жетпей көз жұмды дегізгенше,
Өзің шағып өлтірші, сұр жыланым.
Жақындашы, қаламдас құрбыларым
Жақындашы, қара орман, нұрлы бағым.
Әнекей, қалды маған жақындап-ақ,
Бір сиқыр көрінбейтін арбап жатыр.
Дулығалы бас кескен қайран қазақ,
Бір ауыз жылы сөзге зар боп жатыр.
Үп етіп терезеден жел еспейді,
Жапырықтар сілейіп селк етпейді.
Жан жарым, екі балам елестейді
Айтқаның қызық аңыз, ертек дейді…
Ертек болса айтайын жалғастырып,
Тыңдасын үлкен-кіші малдас құрып.
Айтайын түнді таңға алмастырып,
Қалса да бел шойырылып, жамбас сынып.
Аңыз болса еселеп айта берем,
Тыңдасын байтақ дала, байтақ әлем.
Сынбайды майысса да қайсар емен,
Қайсарлықтың көкесін байқа менен.
Көтеріп иығына жұртым мені,
Алып бара жатқандай мәңгі баққа.
Жер айырылып, топырақ бүлкілдеді,
Бұл өзі шындық па әлде, сандырақ па…
Шындық болса дайын-ау «Атау керем»,
Дұғаңды оқы, ағайын, күңіреніп.
Көрімде кең көсіліп жатар денем,
Ақырғы айым батып, күнім өліп.
Тау сұлу кіршіксіз, пәк ақ қарымен,
Жер сұлу өзен, көлі, бақтарымен.
Өмір сұлу күлкісі, түрпісімен,
Өлім сұлу қинаған шақтарымен.
Қош, сұлулық.
Қош енді.
Көз жұмылды.
Мен енді көре алмаймын жамалыңды.
Осы емес пе айтылар сөз бүгінгі,
Елшілікке айта бар хабарыңды.
Қош енді, еркелеткен, елім ерен,
Мәңгілік рухым бір сеніменен.
Абай айтқан жәннатты кеттім іздеп,
Артымда «Мұзтау» қалды ерімеген.
Нөсер жауды
«Орағаң көз жұмған күні кешқұрым Үндістанда сұрапыл нөсер жауды».
Күнделіктен.
Нөсер жауды, нөпір бұлт ауа кернеп,
Нөсер жауды, найзағай салады өрнек.
Анау аспан боздады боз інгендей
Боз інгенді жер-ана сауа бермек.
Нөсер жауды салмағы қорғасындай,
Нөсер жауды көңілің болмасын жәй.
Нөсер жауды, айрылған арысынан,
Қазақтың сорғалаған көз жасындай.
Ауыр қаза иықты жаншып кетті,
Еңсе езіліп, жүрегім шаншып кетті.
Ұлы адамның рухы құсқа айналып,
Самғады қос қанаты шарпып көкті.
Самғады Алтын Алтай бармысың деп,
Жаңғырды саңқылынан қарлы шың көп.
Кетпейді күні бүгін көз алдымнан
Осынау мәңгі сурет, жанды сурет.
Жұлдыз
Әдеби көркем қоғамдық-әлеуметтiк журнал.


