Сарқытқан Қастер
Абай атындағы ҚазҰПУ
pH D докторы, доцент
Әлемде 3 мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар бар, ал мемлекеттердің жалпы саны 196 шамасында. Сондықтан болар дүниежүзінде бір ғана ұлттан тұратын мемлекет жоқ, барлық елдер байырғы халықпен бірге диаспоралардан (ұлт шашырандылары) құралады. Әлемде ең дара ұлтты мемлекет саналатын Жапонияның да 100 пайыз жапондар емес, бір пайыздан артығы басқа халықтар[1]. Қазақстандағы жағдай Жапониядай болмаса да жыл өткен сайын қазақтардың саны артып келеді. Мәселен, 2009 жылға халық санағының нәтижесін алып қарасақ, қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,0 пайызға өсіп 10096,8 мың адамға жеткен. Өзбектер саны 23,3 пайызға өсіп, 457,0 мың адамға, ұйғырлар 6,8 пайызға өсіп, 224,7 мың адамға жеткен. Орыстар саны 15,3 пайызға азайып, 3793,8 мың адамды құраған. немістер мен украиндарда азайған. Ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі 63,1 пайызды құраған[2].
Жалпы алғанда қазақтардың ата қонысы, жер бетіндегі жалғыз тарихи отаны Қазақстандағы қазақтардың саны осындай, бірақ, біз қазақтардың тарыдай шашырап әлемнің 40 елінде жасап жатқанын білеміз. Тұтас ұлттық мүдде тұрғысынан олардың санын білу, мәдениеті мен экономикасын, тұрмыс-тіршілігін зерттеу, қайғысы мен қуанышын бөлісу қара шаңырақтағы қазақтардың басты борышының бірі және бірегейі. Алайда, шетелде қанша қазақ бар деген сұраққа күні бүгінге дейін толық қанды жауап табылмай келеді. Оның себебі де түрліше, көптеген елдерде санақ жүргенімен ұлттардың саны жеке-жеке көрсетілмейді немесе саясатқа байланысты өзгертіліп кетуі де мүмкін мәселен, Түркия, Иран, Ауғанстанда, Өзбекстан және кейбір Еуропалық елдерде осындай. Бізге белгілісі Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және Моңғолия сияқты елдер. Мысалы, Қытайда 2010 жылы өткен алтыншы кезекті халық санағы бойынша қазақтар шоғырлы қоныстанған Шыңжаңдағы халық саны 21 милион 815 мың 815 адамға тұрақтап, жалпы мемлекет халық санының 1,6 пайызын құраған. Ұлттық құрылым бойынша есептегенде қазақтар әдеттегідей алдыңғы үштіктің ішінде, ұйғырлар 10 милион 1302 болып, 45,84 пайызды, қытайлар 8 милион 829 мың 994 адам болып, 40,47 пайызды, ал қазақтар 1 милион 418 мың 278 адам болып, 6,5 пайызды иелеген[3]. Қазақтардың 51,15 пайызы ерлер, 48,85 пайызы әйелдер екендігіде анықталды. Бұл көрсеткіш Қытайда 2000 жылы өткен санақтан бергі 10 жыл ішінде қазақтар санының 167820 адамға өсіп, 13,42 пайызға артқанын көрсетіп берді. Моңғолиядағы халықтың саны 2,75 миллион адам болған. Оның –145 мыңы қазақтар. Еуропа мен Түркия қазақтарының жалпы саны – 20 мыңның айналасында деген дерек айтады. Өзбекстанда бір жарым, Ресейде бір миллион қазақ бары жазылып та, айтылып та жүр[4]. Қорыта айтқанда, Қазіргі таңда әлемде 5 миллионға жуық қазақтар бар екені анық. Кейбір әдебиеттерде 6 млн. деп те айтылады
Осы қазақтар қоныстанды деген елдерге зер сала қарасақ, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы дамыған АҚШ, Франция, Англия, Германия, Швеция елдерімен қоса, жақсы даму үстіндегі Түркия, Қытай, Ресей елдерінде де, одан гөрі нашар дамыған Моңғолия да, Орталық Азия елдерінде де, тіпті Ауғанстан мен басқа да соғыстан көз ашпай, саяси және әлеуметтік жағдайлары барынша шиленіскен аймақтарда да қазақтар мекендеп отыр. Оның ішінде Қытай, Ресей, Оратылқ Азия елдері мен Моңғолиядағы қазақтар өздерінің тарихи отанында отыр[5]. Ал қалған елдерде диаспора ретінже жасап келеді. Диаспора дегеніміз тағдырдың жазуымен өзге елде жасап жатқан, өзінің тарихи отаны бар ұлт немесе этнотар. Олдарды өз тарихи мекенінде жасап келе жатқан қазақтармен салыстыруға және бәрін бір тұжырым астында жинауға болмайды.
Басқа емес, өзім туып-өскен Қытайдағы қазақтар туралы айтар болсақ, Қытайдың Чиң патшалығы мен Патшалық Ресей арасындағы 1864 жылғы «Қытай-Ресей Батыс-Солтүстік шекараны белгілеу келісімі» қазақтардың тарихи қалыптасқан еркін де толық ауқымды географиялық тұтастығының өз кезіндегі соңғы нүктесі болды[6]. Осы тарихи оқиғадан кейін, Патшалық Ресейдің қазақтарды өздеріне қарату мақсатындағы күш көрсету әрекеттеріне, Чиң патшалығының мүмкіндігінше сыртқа тебу саясатына қарамастан қазақтар өздерінің ата қоныс мекендерінде қалып қойды және күні бүгінге дейін сол жұртында жасап келеді. Кейбір адамдар айтқандай, Қытай қазақтарын түрлі тарихи дүрбелең жылдарында Қазақстанан шетелге мал-жанын алып қашқан «қашқындар» емес, олай деу білімсіздік және ұятсыздық болмақ. Қытай қазақтары өз ата мекенінде ерте замандардан бері тұрып келеді, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» сияқты тарихи зобалаң кездерінде уақытша бас амандағы үшін батысқа үдіре көшкенімен кешікпей қайта өз жерлеріне оралып отырған, оған атақты Бұхар жыраудың «Керей қайда барасың»-деген елге таныс жыры куә. Егер Қытай қазақтары өз тарихи отанында тұрмағанда Қазақстаннан түрлі кезеңдерде қашып өткен елге кім сүйеу болар еді, олар кімге сеніп шегара асар еді? қазақтардың тарихи шекарасын Қазақстанның бүгінгі аумағымен сипаттау тарих алдында жауапкерсіздік болып табылады.
Елбасының жалпы қазақ халқы және тарих алдындағы ең үлкен еңбегінің бірі шетелдегі қазақтарды тарихи отанына тару саясаты болды. Ел басы Н.Ә.Назарбаев халықтың басынан өткен қиындықтарды шынайы сезіне білді және соған орай мемлекеттің сыртқы саясатында қазақ халқының мүддесін қорғай білді. Оған ол кісінің сөзінен ситат келтірер болсақ: «…..қазақтар бет-бетімен таратылып, бір халық, бір ұлт, бір ел екенін атымен ұмытатындай күйге жеткізілді. Жер бетінде отаршылдық көрмеген халық кемде-кем, бірақ, алайда, бір ғасыр ішінде қазақтай тоз-тоз болған халық жоқ шығар«[7]. Міне осындай түсінушіліктің нәтижесінде еліміз үкіметінің жасаған бағдарламасына сай, 1991 жылдан 2011 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта 860,4 мың этникалық қазақ немесе 221,3 мың отбасы тарихи отаны Қазақстанға оралды. Бұл еліміз егемендігін жариялаған кезде қазақтың саны 38-39 пайыздан бүгінде 70 пайызға жуықтауына алыс-жақын шетелден оралған қандастарымыздың үлесі де зор болған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат ағамыздың сөзімен айтқанда:
Отанымызға оралған қандастарымыз қазақтың санын ғана өсіріп қойған жоқ, сонымен қатар қазақстандық өнерге, ғылымға, әдебиетке жаңа серпін, тың күш әкелді[8]. Демек, ЕлБасы мен еліміз үкіметінің күткен үміті мен еткен еңбегінің, жұмсаған қаржысының зая кетпегені міне осыдан көрінеді.
Қазіргі нарықтық экономикалық жағдайда, дүниежүзіндегі ғаламдану үрдісі жүріп жатқан тарихи кезеңде «Адам капиталының» басты құндылықтардың біріне айналғалы қашан. Өркениетті елдерде бүкіл ішкі жалпы өнімнің 70-80 пайызын адам капиталы қамтамасыз етеді. Ресейде ол 50 пайыздың төңірегінде. Бізде әлі оған жеткен жоқ[9]. Жалпы, адами капиталды экономикалық тұрғыдан алғанда қоғамға пайда түсірудің, оны дамытудың бір көзі деп түсінетін болсақ, біз сол мүмкіндікті барынша толық ашуымыз және пайдаланауымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанымызда дүниенің төрт бұрышынан жиналған, әр түрлі елдің іскерлік қасиеттері мен білімі мен тәрбиесін қабылдаған қандастарымыздың нарықтық қатынастарға бейімделу деңгейі жоғары деп бағалауға болады.
Алайда, осы мәселемен айналысып жүрген арнаулы ғылым сала да немесе мемлекеттік месеме де жоқ елімізде. Бар болса естір едік. Өз басым тарихи отаныма оралғаныма 15 жылдан асты содан бері университтерде оқытушылық жұмыспен шұғылданып келемін. Өзімнің экономикалық-әлеуметтік және саяси география мамандығым бойынша студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік ету тұрғысынан шетелдегі қазақтарды зерттеуді шағын көлемде болса да жүргізіп келемін. Менің ойымша ел үкіметінің шетелдегі қазақтар туралы қабылдаған заңдары мен белгілемелері жақсы әрі уақыт талабына сай, толықталып келеді. Алайда, атқарушы тұлғалардың білімсіздігі мен өз туған халқына деген сезімінің саяздығынан ара-тұра қателіктерге бой алдырып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан мен, шетелдегі қазақтар туралы түсінікті, олардың тарихи орны мен маңызын, олардың өткені мен бүгінін, тұрмысы мен өндірісін, мәдениеті мен тап келіп отырған проблемаларын біз Қазақстандық жастардың бойына мектеп тәрбиесінен бастап бере бастауымыз керек сияқты. Сонда ғана олардың шетелдегі қазақтарға деген шынайы түсіністігі мен бауырмалдығы артар еді. Бұл еліміз үкіметінің жақында қолға алып отырған ұлттық тарихымызға байланысты үндеуіне үн қосқандық болып табылар еді.
Мектеп қабырғасынан бастауда әр түрлі пәннің мазмұнына мен деңгейіне қарай шетелдегі қандастар туралы мағұлматтар мен тәрбиелік мазмұндарды қосып отыру тиіс. Мысалы, өз мамандығым бойынша айтар болсам, жалпы білім беретін мектеп географиясы оқулығы 11 сынып оқушылары үшін «Дүние жүзіне аймақтық шолу» — деп аталады. Оқулықты Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бекіткен. Алматы қаласы «Мектеп» баспа үйінен 2007 жылы жарық көрген.
Оқулық мазмұны бойынша қарастырсақ, жалпы әлемнің аймақтарына шолу жасалған. Кіріспе, екі бөлім, бес үлкен тарау және 11 тақырып пен 61 параграфтан сондай-ақ қосымшалардан құралған.
Бірінші бөлім «Дүние жүзі елдеріне аймақтық шолу»-деп аталады. Бұл бөлімде қарастырылған аймақтар санатына:
1. Еуропа елдері:
Аталмыш аймақ аясында Еуропа елдеріне жалпы шолу және жоғары дамыған Батыс аймағы мен дамушы елдері орналасқан Шығыс Еуропа аймағы қарастырылған.
2. Азия елдері:
Мұнда Азияның жетекші елі ретінде Жапония, жаңа индустриялы ел мысалында Корея Республикасы және басты дамушы әрі іргелі елдері санатында Қытай мен Үндістан сондай-ақ елімізбен бауырлас халық саналатын Түркия Республикасы орын алған.
3. Америка елдері:
Бұл аймақ елдері екі ірі аймаққа топтастырылған. Біріншісі, дамыған елдер болса, екіншісі Латын Америкасының дамушы елдері.
4. Африка елдері:
Бұл аймақ әлемдегі экономикалық және техникалық тұрғыдан артта қалған елдер санының көптігімен және дамыған елдердің болмауымен ерекшеленетін аймақ.
5. Аустралия және Мұхит аралдары елдері:
Бұл аймақты Аустралия Одағын негіз етіп қарастырған.
Жоғарыдағы аталған аймақтардың барлығыда зерттеу тұрғысынан ортақ нысандар бойынша қарастырылған[10]. Оларды топтастырсақ төмендегідей:
Саяси картасы мен құрылымы; Табиғат жағдайы мен табиғи ресурстары;
Халқы; Еңбек ресурстары; Шаруашылығы; Ішкі айырмашылықтары;
Сыртқы байланыстары. Бұл көрсеткіштер барлық аймақтар мен елдерге тән ортақ нысан ретінде алынып, сол тұрғыдан аймақтар мен ондағы басты елдерді бір-бірімен салыстырып талдауда тиімді болған.
Осы аймақтар қарастырылып болған соң екінші бөлім «Адамзаттың ғаламдық проблемалары» орын алған. Басты проблемалар мыналар:
Бейбітшілікті сақтау; Экологиялық; Шикізат және энергетика; Дамушы елдер проблемасы және дүниежүзі мұхит проблемалары.
Оқулық қосымшасында көптеген мағлұматтар көрсетілген, айтар болсақ:
Дүниежүзі елдеріне байланысты анықтамалық деректер;
Дүниежүзі елдерінің экономикалық көрсеткіштері жылдық ішкі өнім негізінде көрсетілген;
Мұнай өндіретін жеткеші елдер т.б.
Қарап отырсақ, осы аталған мазмұндардың қай-қайсына да, тіпті қосымшасына да шетелдегі қазақтар туралы ізденістер мен мәліметтерді беруге болады. Тіпті, арнаулы бір тарауды арнасада артық болмас еді. Бұл пікірімді жауапты адамдардың және ғалымдардың назарына ұсынамын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. А.П.Горкин, Страны Мира, энциклодеия, М:. «Росмэн-Пресс»-2007-296
2. «Қазақстандағы халық саны» , ҚазАқпарат, 15 ақпан. — 2012 ж.
3. Ваң Лычуан. Батысты игерудегі Шынжаң экономикасы. Урімжі: Шынжаң халық, 2011.–464 бет, 3 б. қытай тілінде
4. Ерлік Ержанұлы, Ресей қазақтарының дәл қазіргі таңдағы басты мәселесі ана тілін сақтап қалу, ҚазАқпарат / 13.05.
5. Сарқытқанұлы Қастер. Қытайдың нарықтық шаруашылыының аумақтық тұрғыдан даму мәселелері-170// «Бастау» баспасы, 2005
6. Сарқытқанұлы Қастер. Ежелгі үйсін жері — Алтын көпір. «Хабаршы» Абай ат. Қаз.ҰПУ, № 4 /2010
7. Ә. Нысанбаев, Еуразиялық интеграция жүйесіндегі қазақтардың бірегейленуі.
8. www.alashainasy.kz маусым 2012
| 9. Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ , Көші-қонды реттеу қай жағынан да маңызды, «Айқын» газеті 25.02.12. |
10. Ә.Бейсенова қатарлы авторлар, География-дүниежүзіне аймақтық шолу. Алматы, «Мектеп»-2007 ж.



