немесе ел азаттығы үшін күрескен хан туралы не білеміз?
Қазақ мемлекетінің ортағасырлық тарихында ерекше орын алған қала Түркістан десек қателеспейміз. Түркістан қаласын алғаш астана еткен қазақ хандарының бірі Есімхан болды. Хиуа хандығының болашақ ханы, айтулы тарихшы Әбілғазы Есімханның Түркістан қаласындағы ордасына келіп үш ай бойы паналағаны белгілі. Түркістанға билік жүргізген қазақ хандарының бірі Тұрсын Мұхаммед (1613-1627) болды. Ол – қазақ хандары ішінде өз атынан теңге соқтырған хандардың бірі. Тұрсын Мұхаммед соқтырған теңгелер қазір Ресей Эрмитажында сақтаулы тұр. Шығыстанушы П.Лерх, Түркістан аумағына 1867 жылғы барған іссапарының барысында Қожа Ахмет Ясауи ұрпағының қолында билеушілер артықшылықтар берген он бес құжат ішінде Тұрсын Мұхаммед ханның һижра бойынша 1035/1625- 26 жылғы жарлығын көргенін жазады.
Түркістан қаласында қазақ хандары түрлі елшіліктер қабылдады. Орыс деректерінде 1694 жылдың 22-шілдесінде Тәуке ханның (1652- 1717) орыс елшілерін қабылдағаны сипатталады. Осы кезде өткен келіссөздер барысында қазақ ханы тең дәрежелі қатынастар болуын талап еткен. Тәуке хан түрік сұлтаны мен қызылбас (парсы) патшасын өзінен ешбір жоғары санамайтынын мәлімдейді. 1719 жылдан бастап 1724 жылға дейін қазақ хандарының басшысы болған Әбілқайыр (1718-1748) Түркістан қаласын өзінің астанасы етті. 1724 жылы Әбілқайыр әскермен келіп, Түркістан қаласын қалмақтардан азат етті. Бір жылдай ол қаланы және оның айналасындағы елді мекендерді жау қолына бермей тырысып бақты. Алайда 1725 ж. басында сан жағынан басым болған қалмақтардың қысымымен Оңтүстік Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болды.
Түркістан қаласында қазақ билеушілерінің хан көтеру салтанаттары өтті. Абылайды қазақтың аға ханы етіп сайлау жөніндегі дерек назар аударарлық: «…1771 ж. …біздің барлық текті және даңқты кісілеріміз, Үш алаш – қазақ жұртының хандары, қалалар мен далалық аймақтар және Түркістан жұртының текті кісілері мені хандардың басшысы етіп қоюды келісті. Біздің дәстүрімізге сай және алдынғы хандардың жолымен, біздің әулие әзірет Қожа Ахмет Ясауи дүние салған Түркістан қаласында, оның қабірі басында Фатиха сүресі оқылып, мені хан етіп көтерді…». Сонымен кейінгі ортағасырлық дәуірде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақтардың жоғарғы басшысын сайлайтын орын болды.
Қазақ хандарының Түркістан қаласына келуі үлкен салтанатпен атқарылды. 1744 жылы 24-маусымда жазылған хабар бойынша: «Әбілмәмбет хан қалаға жақындай түскенде қала ішінде бір адам қалмай қарсы алу ұйымдастырылды… сонымен қоса өз дәстүрімен ұзындығы саженьнен асатын мыс кернейлер ойнатылды және қыш табақтарға тері тартылғандай етіп жасалғандай даңғыраларды ұрды. Бұған қоса оған аса қуанышты қабылдау белгісі ретінде үш сиырды үш мәрте айналдырды… Хан қалаға бөлек кетті. Қалаға енген кезде біріншіден олар әулие жатқан бас мешітке барды…». Түркістан қаласы қазақтың бетке тұтарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны болды. Бір деректе қазақтың атақты биі Төле Әлібекұлының 1744 шілдесінде келгені көрсетіледі: «…Түркістанға Әбілмәмбетпен кездесуге Ұлы жүзден Ташкентте ханнан жоғары құрметтелетін қазақтың ең атақтысы Төле би келді».
XVIIIғасырдың 60- шы жылдары Қазақстан мен Орта Азия аумағына қытай әскерлерінің еніп жаулап алу қаупі пайда болды. 1762 жылы Әбілмәмбет хан (1734-1771) мен Абылай сұлтанға қытай елшілері келіп, қытай билеушісі көктемде арнайы әскер жіберіп, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып құрбандық шалу жасамақ ойы барын жеткізеді. Осыған байла- нысты Түркістан қаласында 1763 жылы қазақ даласының ықпалды 6 мың тұлғасы қатысқан құрылтайы өтеді. Онда Қытай империясы тарапынан Орталық Азия елдерін жаулап алу қаупі төнуіне орай көрші мұсылман мемлекеттерімен, әсіресе, Ауғанстан патшасы Ахмадшах Дурранимен (1747-1773) бірге әскери одақ құру мәселесі қаралып мақұлданады. Орталық Азия мұсылман мемлекеттерінің бірігуі Қытай империясының Қазақстан мен Орта Азия жерлерін басып алу ниетінен бас тартуға мәжбүр еткен.
Түркістанда билік жүргізген казақ хандарының тарихы әрқилы болды. Олардың кейбіреулеріне тарихшылар жеке кітаптар арнап атақтарын шығарып зерттеп жатыр. Кейбіреулерінің аттары ғана жазылып атқарған қызметтері көмескі. Осындай тарихы көпшілікке беймәлімдеу хандардың бірі – Тоғай хан. Кейбір зерттеушілер оны Тоқай төре, Тоғай хан, Тоқай сұлтан деп те жазып жүр. Бұл – Түркістан қаласының соңғы қазақ ханы болған тарихи тұлға. Ол Ұзын оқты Ондан сұлтаннан тараған Тұрсын ханның ұлдарының бірі Құшық ханның немересі, ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде қоңырат тайпаларын басқарған Қарабас сұлтанның ұлы екені белгілі. Өкінішке орай, оның хан болып сайлану уақыты қазірге белгіз болып тұр. Ол шамамен ХІХ ғасырдың басынан, яғни 1800 жылдардан бастап 1816 жылы қоқандықтардың Түркістанды басып алғанынша қалада билік жүргізді.
Тоғай ханның Қоқан әскеріне қатты қарсылық көрсеткені орыс деректерінде жазылған. «Обозрение Кокандского ханства в нынешнем его состоянии» деген кітапта бұл жағдай туралы мынадай мәлімет беріледі: «Түркістанды жаулап алуға қатысқан және бір кездері Ташкентті де билеген қазақ хандарының соңғы үрімбұтақтарының бірі Тоғай төренің аса қажырлы және табанды қарсылығына қарамай, елінен ке- туге мәжбүр болды». Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғанда қала қатты өртенген деген пікір әдебиетте кездеседі. Махдумқажының «Тарихи-Түркістан» атты еңбегінде Әулие ата мен Түркістанды басып алу барысында адамнан көп шығын болғаны айтылады. Осыған қарағанда Тоқай хан жаулап алушыларға басын имей қала қорғанысын ұйымдастыра білген. Ол Түркістан қаласын тастап кетсе де қоңыраттарға хан болды, үлкен саясатқа араласып, қазақтың ханы Арынғазыны қатты қолдағандардың бірі болды. Ол Арынғазыға қазақтарға шабуылдап отырған Хиуа хандығына қарсы жорық ұйымдастырса әскери көмек беруге уәде еткен болатын. Арынғазының өсіп келе жатқан беделінен қорыққан орыс өкіметі оны алдап Ресейге алдырып Калуга қаласына айдауға жібергені мәлім. Ал Тоғай ханның соңына қоқандықтар түсіп алған соң ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары Бұқара қаласына қашуға мәжбүр болды.
1826 жылы Бұқарада, билік үшін болған соғыста, хан сарайы ішінде атыс барысында Тоғай хан оққа ілігіп қайтыс болды деген пікір бар. Өкініштісі, соңғы уақыттқа дейін ұрпағы жөнінде тарихшыларда ешбір мәлімет болмай келген. Тоғай ханның інісі Әликен қоқандықтарға қарсы оңтүстік қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарып хан болып көтерілген болатын. Ол 1858 жылы Түркістан қаласын қоқандықтардан азат етуге әрекет жасап бір айдай қаланы қоршап тұрды.
Біздің қолымызға түскен сенімді мәліметтерге қарағанда елді азат етуге елеулі еңбек еткен Тоғай ханның ұрпағы біздің Оңтүстік Қазақстанды мекен етеді. Тоғай ханды зерттеп оның қазақ халқы тарихындағы орнын белгілеп паш ететін уақыт келді. Ханнан қалған мұраларды туған халқы білуі керек.
Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымдарының докторы


