Шығыс Түркістандағы Өр Алтай көтерілісі кезінде Оспан батырдың оң қол балуаны болған батыр, мерген Дәлелхан Мешелұлы жайында
Балуанның қытай түрмесінде 25 жыл отырып шыққаннан кейінгі суреті
Сеңгірін мәңгілік мұздықтар құрсаған, аспанға бір табан жақын жатқан Ағажай Алтайдың алтын тауларының басын алғаш шыққан күн шалады, батар күн де соңғы шапағын соған төгеді. Жер жаралғаннан бергі мызғымас маңғаздығы мен асқақтығын сақтап, басына Алтайдың ақиық қыраны ғана жететін заңғарлығымен тек қана түпсіз аспанға бой ұсынып тұр әлі.
Заулаған замандар мен сан қилы тарихи болмыстарды басынан кешкен қайран Алтайдың қара құрттай қаптаған қалың қытайдың құрсауында қалған құйқалы шығыс бөлігін мекен еткен рухы биік, қайсар қазақтың ұрпағы да бұл күнде тамырына балта шабылып, тарихы бұрмаланып, жәдігерлері қолмен бүлдіріліп, қысық көздердің қыл тұзағында қалуда.
Сол қазақ даласының шығыс бөлігін жан сала қорғаған жаужүрек елден шыққан қас батырларының кейбірін атап өтер болсақ, ХVІІІ ғасырда қазақ пен қалмақтың бір-бірімен барымталасып, мал қуысып, кек қайтарысып, қандасып тұрған дәуірінде өмір сүрген Арқалық батыр Бөрібайұлы, Абылай хан тұсында Қабанбай, Бөгембайлармен бірге жауға шапқан ханның бас батырларының бірі Ер Жәнібек батыр Бердәулетұлы болған. Сол есіл ерлердің ізін жалғап қазақ үшін жанын пида етіп, ақиқатты оқпен өлшеген әлемге әйгілі күрескер, ұлт азаттығы жолында көшбасшы болған соңғы батыры Оспан батыр Сіләмұлы еді. Ол қаһары мен заһар уын қатар төккен қытаймен қазақ жерін, елін қорғау үшін жан аямай алысқан, аюдай ақырған орыс пен айтаққа ерген моңғолдан қаймықпай тұрысқан ер. Елі үшін жанын пида еткен Бөке, Зуқа бастатқан батырлардың тарихы да том-том болып жазылды. Есімхан, Ырысхан, Ақтеке, Сүлеймен, Сұлубай, Бүркітбай, тағы басқа да батырлармен бірге Ошың Алашорда боздақтарының ардақты басын қайтаруды ысқырған сталиннен талап еткен. Сол қайран ерді қытайлар қапыда қолға түсіріп, «Атуға болмайды» деген қытай орталығы Бейжіңге түскен халқаралық шұғыл телеграмманы екі сағат кешіктіріп, сайқалдықпен ойланбастан атып тастаған еді. Бұл 1951 жыл болатын. Ел бастаған ер дидарын соңғы рет бір көріп қалуға қан сасыған Үрімжі қаласындағы қазіргі күнде «Халық алаңы» аталып кеткен ату майданына шұрқырай жиналған қазақтың саны қырық тоғыз мыңға жетіп еді. Бұл қанды оқиғадан кейін азаттық үшін күрестің жалғастырушысы атақты батыр, жауырыны жерге тимеген балуан Дәлелхан Мешелұлы болатын.
Ол Оспан батыр қосынындағы батыр сарбаздардың бірі болған. 1947 жылы Көктоғай ауданының шәні (шән – қытайша аудан басқарушысы) қасына мұздай қаруланған сенімді жасағын алып Ошыңмен «қару тапсыру» үгітін жүргізу үшін келіссөз өткізуге жиналады. Қытай басшы: «сендер қаруларыңды өз еріктеріңмен тапсырып, бізге бағыныңдар, әйтпесе қырып тастаймыз», – деп зілденеді. Сонда Ошың: «шөп қоректі қоян жүрек қытайдан қоқатын біз емес! Біз даланың көкжалдарымыз. Есің барда жерімді босат та, тайып тұр, болмаса тұрысатын жеріңді айт. Біз ақиқатты оқпен өлшейміз!» – дейді. Тап осы тұста қыр астынан бір үйір жылқыны дүркіретіп, қиқулап айдап шыққан 17 жасар бозбала Дәлелхан жылқыны шырқ иіріп, ішіндегі кекілі көзін жауып, жалы жерге сүйретілген, кескіні үлкен, қаз мойынды тор айғырдың құйрығынан шап беріп ұстап, бір лоқып тартады да, құлақтап басып тұрып мойнын бұрап жығады да төрт аяғын буып, тік көтеріп әкеліп қытай басшысының алдына тастай салады. Бұндайды тарихта көргенді қойып естімеген, тіпті қиялына келмейтін қытайлардың қысық көздері осы өңірге келгелі тұңғыш рет тырысқан терісін жыртардый бақырайып, ауыздары ашылып қалады. «Мынауың кім» дейді сасып қалған қытайлар. «е, біздің қостағы жылқышылардың бірі ғой, саған асыңды іш те, табаныңды жалтырат деп ескертіп тұрған» деп кекесінмен қарайды Ошың. Бағанағы қырамын, жоямын деп түгін қампайтып отырған жаудың жүні жығылып, «бір қырқаның астынан шыға келген жай жылқышысының өзі мынау болғанда, анау сан жетпейтін сай-сала мен таулардың артында кімдер барын «Бұрқан» бабам білсін» деп ойлайды да, «кейін тағы келісерміз» деп ес-ақылынан айырыла, аудан орталығына қарай зытып береді.
Дәлелхан 1930 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағының Балбағай ауылында туған. Руы Керей ішінде Қарақас. Жауырынынан құймышағына дейін қаракөк түсті жалы бар шекесі торсықтай ұл дүниеге келгенде ел-жұрт арқасындағы жалын көріп, тағы да бір ержүрек батыр дүниеге келді деп ақсарбас айтып сойыпты. Өскен жері Көктоғай ауданының Далаауыз елді мекені. Далаауыз сан ғасыр тулап ақса да топырағын шаймаған, суы еш уақытта лайланбаған Ертіс өзенінің солтүстік жағына орналасқан адыры мен жазығы аралас бұдырлы жер. Етегі Жоңғар ойпатымен жалғасатын Құбы құмынан басталып, жазықтан адыр, адырдан бөктерлі жон болып ұлса беретін Өр Алтайдың бірінші биігіне аттайтын табалдырық тәрізді мекен. Жаз жайлайтын жері Қыдыраты деп аталатын асудың баурайы Серікбай деген жайлау.
Дәлелхан әкесі Мешелдің ел ішінде болған талай ас пен тойдағы күрестерін көріп өскен. Мешел Еренқабырға өңірінде дүниеге келген. Замандар бойғы түрлі қырғындарды басынан кешірген керей елі аумалы-төкпелі замандарда үркін-қорқындарман Шығыс Түркістан аумағында ерсілі-қарсылы ұзақ жылдар бойы көшіп-қонып жүрген. Тағдыр дәмі кейін Боғда бетіндегі Сеңгір атты шағын елді мекенінен бұйырған Мешекең де арғы бетке атағы шыққан күш иесі болыпты. Істеген ерлік істері мен көрсеткен күшін айтпағанның өзінде бір жегенде екі тоқты немесе бір еркек қой жейтін адам екен. Туа бітті қара күштің иесінің аңызға айналған күш өнері ел аузында. Ол өмірінің соңына дейін Сеңгірді мекен етіп, сол жерден мәңгілік тұрағын тапқан.
Қазақ даласына қытайдың шығыс және орта бөлігінен «Батыста алтынды күреп алуға болады» деген пасық та надан сеніммен неше он мыңдап шүршіттей шыпырлаған шүршіттер ауа бастады. Бұл сонау 1970 – 1980 жылдар еді. Қазақ қоныстанған құйқалы өңрлердің пұшпақ-пұшпағына дейін індеттей қабындап кірген сол қара қытайлар осынау өлкедегі Сеңгір атты кішкентай елді мекенге де келіп қоныс тепкен. Жердің жыбырлаған құрт-құмырсқасынан бақа-шаянына дейін талғамсыз теріп жейтін ашкөздер енді қазақ жерінің майлы топырағын көргенде қарап тұра алуы мүмкін емес еді. Сол құныққан құлқынмен Сеңгірдің бөктері мен жазықтарын аз уақыт ішінде айқыштай тіліп егістік алқабына айналдырып үлгірді. Сол егістікке таудың сорғалаған сүтті суыларын бұрып әкеліп суаруға тау бөктерін ыра тіліп тоған жасайды. Осы кезде тоған сорабы Мешекең және сол мекендегі жұрттың талайлаған ата-бабасы жатқан қабырлық үстіне тура келіп, амалсыздан «Үкімет» қаулысымен қабір үстін басып өтуге тура келеді. Жердің тапшылығын әбден көрген, ата бабасына топырақ үйіп белгі қалдырып көрмеген, адам сүйегін өртеп суға шашып, желмен ұшыратын тегі гүманды қытайларға бәрі бір еді. Көзқарақты ауыл адамдары амалсыздан сүйектерді қыр басына көшіруге мәжбүр болады. Осы істің басы-қасында болған ауыл ақсақалдары мен жұртшылығы Мешекеңнің бас сүйегін басына киіп көргендердің басы ішінде қолқылдап бос жатқанын коріп: «Апырау, осындай да алып адам болады екен-ау!»,-деп қайран қалыпты. Соған қарағанда қандай адам болғанын түсіне беруге болады.
Дәлелханның кіші әкесі, Мешелдің інісі Тотпақ Алтай мен Сауырға атағы жеткен балуан болыпты. Көбінде түзде болатын төртпақ Тотпақтың айырықша бітіміне еліктеп өскен Дәкең бала күнінде ел аузында жыр болып айтылатын «күресте балуанның бәрін шақ келтірмеді, атан өгіз, түйе көтеріп тамам жұрттың таңдайын қақтырды, тайыншаны көкпар қылып ойнатты» деген оқиғалардың талайын көзімен көріп өсті. Тотпақ та «мынау түбінде балуан болады» деп оған күрес туралы әңгімелерін үнемі айтып отырады екен. Тотпақ балуан 1942 жылы Моңғолия жеріне қоныс аудармақшы болып бет алған. Сол көш жолында таудың тасқынды өзенінен сал жасап өтіп бара жатқанда өзеннің еңістеп буырқана жөңкілген асау ағысы ала жөнеліп, тастан тасқа соғып салды аударып кетіп мерт болыпты.
Ұзақ жылғы «Халықтық» және «Коммунистік» болып екі партияға бөлініп алып бірін бірі қырғындаған берекесіз қытайлардың ішкі соғысы да қазаққа оңай тиген жоқ. Соңында коммунистік партия жеңіске жетіп, 1949 жылы азаттық жариялағаннан кейін, біртіндеп ел ішінде «тазалау» жүргізе бастады. Оспан батыр атылғаннан кейін алтай қазақтарын «тыныштандыру» үшін 1955 жылдың соңында ел серкелерін жинап, оның ішінде Көктоғай ауданын негіз етіп, Қалман қазы, Дәлелхан балуан бастатқан бір топ адамды орталық Бейжіңге құрылтайға шақырған. Сол құрылтай барысында ел ішіндегі түрлі мәселелерді талқылай келіп, саны жағынан аз болса да ерлік тарихы мыңдаған жылдардан қытай жазбаларынан белгілі Көктүрік ұрпағы саналатын қазақтарға көзқарасы айырықша болады.
Сыртқы шекарасын айқындап алған қытай мемлекеті енді өз территориясында өмір сүріп жатқан ұлттарды біртіндеп аздырып, қытайландыру саясатын жоспарлап қойған еді. Сондықтан да қазақтың енді сүйенері де, бас көтерері де жоқ деп түйіп, «қой мен шошқаны будандастырып көп төл аламыз, мал шаруашылығын өркендетудің бірден бір жолы осы» деп Алтай бетіне бұл іс-шараны жалпыластыруды ортаға қойып, оған Қалман қазы, Дәлелхандарды басшылық етуге ұсыныс жасайды. Бұл тіпті адамзаттың түсіне де кірмейтін сұмдық еді. Ұсыныс-талаптан есеңгіреп қалған ерлер бұған еш жауап қатпастан, «Біздің қолымыздан келетін мәселе емес»,- деп Алтайға қайтып кетеді. Ел ішіне жеткен соң, кәпірлердің сұрқия саясатының енді діни сенімнің тамырына у құйып, ұлтты құрдымға жіберудің торын жая бастағанын айқын аңғарады. Ақыры қорлыққа шыдамаған ерлер 1956 жылдан бастап қайтадан қытайға қарсы 500 атты сарбаз жинап, заман қалай болар деп майлап, киізге орап тау-тасқа тығып қойған қаруларын алып көтеріліске шығады. Не бір қанды қырғындарды басынан кешкен боздақтардың көбі мұздай қаруланған қытайдың қалың қолымен соңғы деміне дейін шайқасып, шаһит кешеді. Ал кейбіреулері өз еркімен саптан шегініпті. Дәлелхан болса қасында ең соңғы екі сарбазы қалғанша шайқасты жалғастырып, 1959 жылы Сұпты деген жерде жау қолына түседі. Сонымен Алтай бетіндегі рухы өр қазақтың айдаһармен алысқан аңызға бергісіз ерлік күресі аяқталды.
Дәкеңді қолға түсірген қытайлар оған барлық айыптауларды тағып, «өлім жазасына» кеседі, кейін саяси қылмыстыларды қайта тұрақтандыру барысында өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырып, Тарым құмындағы мемлекеттік бірінші түрмеге қамайды. Аталмш түрмеде 25 жыл абақты азабы мен қан қақсатқан қинауларды, таңнан таңға созылған қитұрқы тергеулерді басынан кешіп, 1984 жылы 11-кезекті орталық комитеттің үшінші жалпы мәжілісінен кейін, ішкі саясат тиянақтанып, рақымшылыққа ілігіп, туған ел-жұртымен қайта қауышады. 29 жастағы шымыр, төртпақ денелі, көзі оттай жайнаған атпал азамат сұм саясаттың құрбаны болып, ердің жасы елуден асып, саз түрменің қандаласына қоса таланып, бұрынғы қапсағай денесі солып, әбден жүдеп шықты.
Дегенмен қытайдың темірдей тәртібі мен рақымсыз жазасы қайсар мінезді қазақ баласының сағын сындыра алмады. Ділін бұзып, дінін аздыра алмады. Бір Алладан елінің амандығын, дүниенің тыныштығын тілеген есіл ер тас түрмеде де бес уақыт намазын қаза қылмаудың қамын жасаған аса діндар адам болыпты…
Бұл, батыр жүректі, балуан білекті атамыздың басынан кешкен тағдырының шолуы ғана. Оның талай реткі қырғын шайқастарда болғаны, атақты балуандармен күрескені, атан түйе көтергені, оншақты жігіт қаптаған кезде бір-бірінің үстіне үйіп тастағаны, Қу үй жайлауына көшіп бара жатқанда көш жолына көлденең жығылған қарағайды 5-6 жігіт жылжыта алмағанда, ат үстінен еңкейіп бір жағына лақтыра салған кезде астындағы атының жығылып түскені сияқты тағы басқа да ерліктері алдағы уақыттарда жеке бір үлкен тақырыпқа арқау болатыны сөзсіз. Ал ендігі әңгімемізді Дәлелханның жойқын күшін көрсеткен ерліктерінен, оның ішінде аю ұстағаны мен балуан тас көтерген тұстарына арнамақпыз.
Дәлелханның ел білетін бірінші ерлігі 1949 жылы 19 жас шамасындағы кезінде балалы аюды тірідей байлап қалаға алып келіп, қазақ, қытайы бар дүйім жұртты таңғалдырғаны еді ( бұл оқиға сол кездің өзінде хатқа түсіп, бұдан бұрын да Қазақстан, Қытай басылымдарында жарық көрген. Дәлелқан туралы Б. Бұлқышев және С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты Қыдырбек Рысбекұлы ағамыз құрастырған «Қазақ балуандары» («Ер-Дәулет» Астана-2006. 371-бетте) атты сүбелі кітапта тарихшы, жазушы Баяхмет Жұмабайұлының жазған естелігі бар.Қазақстанда жарық көрген жазушы А.Ә).
Оқиға былай болған:
Күздің қара басы. Жаз бойғы сары қымыз сапырып, бағылан жескен жайлаудың қызығы толастап, ел етекке түсіп, күз күзеуіне жеткен мезгіл. Қытайдың коммунитік партиясы билік басына келіп, халық партиясы Таиванға қашқан тұс. Сақылдап ажал бүрікіп, Алтайдың асқар тауларын күңіренте жаңғырықтырған қару дауысы бір сәт болса да тыныштық тауып, ел ішіне бейбітшілік орнағандай шағы деді бұл.
Дәкең ертемен атын жабдықтап, сары мойнақ бесатарын майлап, беліне атан өгіз терісінен төрт таспа етіп өрілген жуандығы жас баланың білегіндей қайыс арқанды байлап, қасына сайдың тасындай бес-алты жігітті сайлап, бірнеше темір тұзақты қоса алып Қадыраты жайлауының түктене біткен жыныс орманынан бағалы терісі үшін аю аулауға тау басын күн шалмастан аттанып кетеді. Ен жайлауға бет қойған жігіттер жол қысқарту үшін не бір әңгіменің басын қайырып діттеген жеріне жеткен соң ат белін суытып аз тынығып алады да, тұзақ құрар аумақтарын белгілеп іске кірісе бастайды. Сол кезде Дәкең асуға таман барып бір тұзақ құрып қайтамын деп жігіттерден жырылып тартып кетеді. Қарағайы құланжалданып тікірейген Қадыраты асуына тақаған жалдың бауырын ақ айылдап қиған көш жолымен иректей қапталдап келе жатады. Күреңсесі кекілдене сарғайған күңгей бетке күздін алғашқы күні бар жылуын зорлана төккендей, күн жақ қапталын аздап маужыратқан балуан бейғам қалғып келе жатады. Бұл жалға тақайтын, кеш көктемде өлі жүні жидіп түскен кәрі саулықтың бүйіріндей үлкен алаңқы еді.
Кенеттен астындағы аты қорс етіп өрге қарай ытқып кеткенде бейғам қалғып келе жатқан салмағы құйған қорғасындай төртпақ бозбала қапыда аттан ауып түсіп қалады. Орнынан атып тұрып артына қараса қонжық ерткен екі аю орман ішінен шығып өзіне қарай ұшып келе жатқанын байқайды. Мылтығы шошақ ердің алдыңғы ақасында ілулі қалпында кеткен. Қапыда құр қол қалған жігіт ойланып үлгіргенше жүндері қақтаған мыстай жарқылдаған таудың қоңыр аюулары арқан бойы жерге жетіп келеді. Қос аяғын тік көтеріп, бірде жерге дүрс-дүрс соғып, жуан мойның үйіре бұлғап, құлақтарын тігіп, аузын арандай аша түсіп, сілекейін шұбырта күркірейді. Әуелі аюдың кірекейі ақыра ұмтылады. Ақырған аюдың дауысынан көзі қанталап, арқа түгі тікірейе қалған жігіт кәдімгі шалт қимылымен түз тағысын жасқанбастан қарсы алып, қоян-қолтық алыса кетеді.
Жаз бойы қабан мен марал, берісі сарана, бек пен таудың танадай қарақатын сыпыра жеген күйлі жыртқыш күндей күркіреп екі аяғын тік көтеріп, аңыздардан естілетін алып күш иесіндей қаһармен апыл-ғұпыл тулай жөнеледі. Екі білегін шайнап үлгерген азулы жыртқыштың тісін басына дарытпай, шірене итеріп қалып, екі құлақтан шап беріп ұстап баса жөнеледі. Білегінен аққан қанды көргенде тіпті де бойына күш бітеді. Оң иығын бұлт еткізіп төмен салады да ашасынан кіріп тұрқы қысқа жыртқышты «әуп» деп тік көтеріп, басынан асыра лақтырғанда таудың нөсері ырып кеткен жырашық шұңқырға шалқасынан кептеліп түседі. Қарағайдың бұтағын аузына көлденең салып, беліндегі қайыс арқанның бір ұшымен тұмсықтап таңып, төрт аяғын қойша байлап тастайды. Осы кезде барып, сыңарының жеңілгеніне әбден кзі жеткендей аюдың еркегі тау-орманды басына көшіре өкіріп-бақырып тұра ұмтылады (негізі аюларда көбінде кірекей бірінші болып шабады. Бұл олардың табиғи заңдылығы спеттес). Ол туралы Дәкең өз аузымен: «бұл аю да келе жарғақ тонымның арқасын жұлып әкетті. Екі «қолынан» екі қолыммен мықтап ұстап, екі жаққа керіп тіресе кеттім, іштете кіріп төбеммен иегінің астынан тірей қалдым. Ол сәл ырықсыз күйге түскендей болды. Екеуіміз біраз уақыт осылай тірестік, дегенмен бішама жерге дейін мені шегіндіріп әкетті. Бір жағынан бұл да дұрыс болғандай, манағы аюуды жыққан жыраға әкелу маған да тиімді еді. Ептеп сол шұңқырға кептеп алсам, ары қарай көрмеймін бе дегенді түйдім. Алдыңғысына қарағанда тіпті үлкен екен, тік көтергенде арты салбырап жерде жатты. Бар күшімді жиып оны да шұңқырға атып ұрдым. Құдай қолдап ол да алдыңғысының қасына кептеліп барып түсті. Не көп иен орманда аяқ алып жүргісіз қарағай бұтағы көп, қолыма ілінген біреуін ала салып, тұруына үлгіртпестен үстіне міне кеп түстім. Шалқалап түскен аюдың бір қолы астында, бір қолы сыртта қалыпты. Бос қолын тіземмен басып тұрып қарағай бұтағын аузына салып, шуатылған ұзын арқанның екінші ұшымен тұмсықтап байлап тастадым. Бірақ қатты тулаған ол арқанды үзіп қашып кетті.» деп әңгімелеп отыратын дейді балуанның немересі қазір Астана қаласының тұрғыны Қизат Бақытханұлы.
«Уһ» деп демалып, терін сүртіп отырғанда аюдың ақырғанын естіп аттарын ентіктіре жетіп келген жігіттер осы оқиғаның куәсі болып, қара күштің қандай екенін алғаш рет көзімен көріпті.
Қорқып қарағай басына шығып кеткен қонжықты сырықпен түрткіліп түсіріп алған жігіттер екеуін ноқталап, тақымға салып тартады. Оған көнбеген балалы аюды алдыға салып, сырықтың ұшына кездік байлап, шабынан түрткілеп, бұзаулы сиырдай бүлкілдетіп желдіртіп Көктоғай қаласына айдап түседі. Мұны көрген қазақтар күш иесіне таңдай қақса, қытайлар аса сеніңкіремей: «Бұл қазақтардың тауда қол үйреткен аюлары болуы мүмкін», – деп шүбаланады. Сөйтіп бір қытай әскері қонжықтың қасына барып басынан сипап қалғанда қонжық оны талап тастап, көпшілік зорға айырып алыпты. Сол жердегі әскери базаның шағын бағына қамалған аюларды кейіннен Үрімжідегі хайуанаттар бағына алып кеткен. Ол аюлар бертінге дейін сол бақта болған.
Ал, екінші күш-қайратын көрсеткен ерлігі Балаертістің басында «Жүрек суы» деп аталатын қасиетті арасан бар. Күні бүгінге дейін халық ол жердің қасиетті суына емделуге барады. Сол арасанның басында Дәлелхан көтерген салмағы 800 келі шамасынан артық тартатын балуан тас жатыр. (Тастың биіктігі мен еніне және тығыздығына негізделіп өлшегенде 800 келіден жоғары болатыны анықталды. Оның ең аласа жерінің биіктігі-47см, ең қысқа ені-81см, ұзындығы 106см. А. Ә).
Дәлелхан балуан көтерген сандықтас. Үзеңгілес досы – Елісхан Марданұлы ойып жазған.
Ежелгі көшпелілерде балуандардың күшін соғыста және күресте ғана емес, тас көтерумен де сынайтын көне дәстүр болған. Бұл қазақпен «қиіз-туырлықтас» моңғұлдар да да бар дәстүр. Атақты моңғұл балуаны Бөкі Бурылдың: «Тас көтергенде асықпай бір-ақ рет қана сынау керек. Ырғап, салмағын көріп немесе жартылай ғана бір көтеріп тастаған соң қандай балуанның болса да жүрегі қайтып қалады» деген сөзі осыған дәлел.
Біздің қазақта бергі дәуірдегі аты жер жарғандар – Балуан Шолақ пен Қажымұқанның да тоннаға жуық шом тастарды шімірікпей көтергені есімізде. Көшпелілерге тән бұл дәстүр Алтай қазақтарында бертінге дейін сақталып келді. Сол ата дәстүрді жалғап, білек күшінен қалар белгі ретінде зіл тастарды көтерген Байқозы, Сыйршыбай, Қайысбай т.б. балуандардың аңызға айналған істері ел жадында.
Өзінен бұрын өмір сүрген, кейбірінің көзін көрген даңқты балуандардың дәстүрлі ізін жалғап талай үлкен тастарды көтеріп ел аузына ілініп жүрген Дәлелхан Мешелұлы 1952 жылдың жазында үзеңгілес досы, әлі күнге көзі тірі Елісхан Марданұлы бастатқан бір топ жолдастарымен «Жүрек суының» басында отырған елге келеді. Сол кезде «Жүрек суының» қайнар көзін басып жатқан сандық тас бар екен. Дәкеңнің күшін білетін арасан басына жиналған жұрт пен оның жездесі болып келетін Қалман қазы: «Балалы аюуды ұстап, ноқталап қалаға алып түскеніңді дүйім жұрт біледі. Бізде сол қара күшіңе куә болайық. Мықты болсаң қайнарды басып жатқан сандық тасты алып таста», – деп жан-жақтан кеу-кеулейді.
Дәкең онша бір құлық танытпай тұрады. Қалман жездесі: – ой, нәшар, жаман қарақас, осығанда шамаң келмей ме?- деп қағытады. Жезде қағытпасын білсе де топ ішінде намыстана қалған Дәкеңнің көзі қанталап, тістері шақырлап кетеді. Түспесі ұстап қалғанын көрген Қалман қазы енді оны тоқтату мүмкін емес екенін аңғарып, бірнеше жігітке үш тасты ошақтас етіп қойғызады. Содан кейін «Қаптағай, Қаптағай!» деп көпшілік ұрандай жөнеледі (Қаптағай – Керей ішінде Қарақас руының ұраны. А. Ә), ұран шыққанда білегін сыбанып, екі алақанына түкіреді де, жартылай ойма шұқырға кірігіп жатқан тасты жалаңаш қолымен ырғап-ырғап жұлып алады. Осы кезде аяғындағы керзі етігінің шұлығы сөгіліп башпайлары шығып кетеді. Оған да қарамастан тасты кеудесіне тік көтеріп, он неше аттам жердегі ошақ тастың үстіне қояды. Елісхан досы кейін тас бетіне: «Балуан Дәлелхан. 1952 жыл. Жазған Елісхан Марданұлы» деп өз қолымен ойып жазған. Дәлелхан сол кезде 22 жаста ғана еді.
Бұл тас қазіргі күнде сол «Жүрек суы» арасанының басында жатыр. Көпшілік әлі күнге қасиетті арасан мен тасты құрметтеп, қасында өскен самырсынға ақтық байлап тұрады. Балуантастың астына қойылған ошақ тас жерге сіңіп, бетін құмайтты шағыл басып кеткен.
Алтайдың шымыр тасы талай тарихты ішіне бүгіп, сол кездің жалғыз жансыз куәсі болып, бетіне қашап жазылған жазуымен мәңгілік айғағын әйгілеп тапжылмастан қалпын сақтап әлі жатыр.
2011 жылдың тамыз айында Дәлелханның немересі Қизат Бақытханұлы ( 1984 жылы түрмеден келген кезінде туылған немересін балуан атамыз атын өзі қойып, қойнына салып алған. А. Ә) арнайы арғы бетке барып, киелі жерге ақтық байлап, атасының көтерген тасын суретке түсіріп қайтты. Қасына ертіп барған жолдастарымен жабылып, тасты қозғай алмағандығын айтты балуанның немересі.
Балуанның немересі Қизат Бақытханұлы атасы көтерген тастың басында.
Жыл он екі ай қары кетпей жататын Алтайдың көк тіреген қиыр тауларынан басталатын ұлы Ертіс өзенінің бастау алар тұсы – Балаертіс. Осынау бір сырлы да шипалы су басында балуантас Дәкеңдей тағы бір күш иесі келіп көтеріп алуын күтіп жатқандай әсер қалдырады адамға…
Негізі Көктоғайдың Ақоба деген жерінде де Дәкең көтерген, жиналған жүктей тас бар екен. Қытайлар бірнеше жыл бұрын жол құрлысы кезінде жәдігердің көзін құртыпты. Ел-жұрт білетін, тұсына келгенде тізгін тартып өтетін осынау салмағы қанша екенін ешкім өлшемеген жүктасты білетін қытайлар бір түнде жоқ қылып жіберген. Көміп тастады ма, жоқ әліде шағып жолға төсеп жіберді ме, ол жағы жұртқа жұмбақ. Қазақы салғырттықтан осылай бір үлкен жәдігер көзден ғайып болды. Алтайдың Шіңгіл ауданында және Боғда жерінде де көтерген тастары бар екен Дәкеңнің. Оны білетін адамдар да бар дейді, әзірше оған жете алмай отырмыз. Көз алдымызда қалғаны Дәкеңнің жалғыз Балуантасы! Алдағы күндерде зерттеп жазушылардың бірі басына барып нақты салмағын өлшеп, шынайы жанашырлықпен қорғауға алдырып, қысық көздер тағы құртып жібермей тұрғанда ұрпақ үшін сақтап қалар деген үмітіміз басым…
Дәлелхан балуанның соңғы түскен суреті
Сол Алтайдың аспан тіреген шыңдарындай рухы өр, жаны жайсаң, таудай мызғымас күш иесі Дәлелхан Мешелұлы Алланың әмірімен өзі туған мекенде 1998 жылы, 68 жасында дүниеден өтті. Ұйқыға жатқан балуан таңертеңінде намазға оянбаған қалпнда о дүниеге аттанған. Соңына ұрпақтарға мәңгілік өнеге болатындай ерлік дастандары мен Балуантасын қалдырды…
altyalash.kz





