Бүгін қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұланның туған күні! Ол ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, қазақстандық ғылымға еңбек сіңірген қайраткер.
Әлкей Хақанұлы Марғұлан – 1904 жылы 11 мамыр күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1925-1931 жылдары Ленинград қаласында Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды, бұларға қоса Өнер тарихы институтында дәріс тыңдайды. Осында оқып жүргенде КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Қазақстан мен Алтай халықтарының тарихын зерттеу экспедициясына қатысып, адайлар мен наймандардың әдет-ғұрпы, тұрмысы мен өнерін зерттейді. Оқуды бітіріп келгеннен кейін Қазақстан Оқу Халық комиссариатының жанындағы Жаңа Алфавит комитетінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.
Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қалалардың орнына алғаш рет археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, содан жинаған материалдар негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» атты монографиялық еңбек жазады.
«Хандар жарлығының тарихи-әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, көне қыпшақ тарихын зерттеудегі құнды ғылыми еңбекті дүниеге әкелді.
Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институты археология секторының меңгерушісі болып тағайындалған Әлкей Марғұлан К.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, А.М.Оразбаевтармен бірігіп, «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарады. Ұзақ жылғы зерттеу нәтижесінде жарық көрген еңбек жоғары бағаланып, оның авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.
Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларын жинастырып, оны бес том етіп шығаруға басшылық еткен. Қазақтың ежелгі жыр-аңыздарын жинастырып, зерттеген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірген.
Тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жариялаған.


