Құралай көзден таматын мұңдар,
Құшақта естен танатын түн бар.
Жүсіп пен сұлу Зылиқа сынды,
Жүректе от боп жанатын мұң-зар.
Қараңқылықты қақ тілген шерлер,
Қара пердені ақ нұрмен зерлер.
Баянсыз болып қалмаса деймін,
Баянын тартып,бақ кірген жерлер.
Сұлулығына мастанған сырлар,
Сұңғыла әнін аспаннан тыңдар.
Тәуекелге шын жете алмай жатыр,
Тәкәппар көкті жастанған шыңдар.
Тауға барып қайтайық,тауға барып,
Сағынышқа біздегі тау да қанық…
Тазарайық тобырдың тозаңынан,
Жанымызды жалғаннан аулақ алып.
Тауға барып қайтайық,тауға барып,
Тау-биіктік,тағы да тау-даралық.
Тазарайық тағдырдың бар мұңынан,
Бауырында армансыз аунап алып…
Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім.
Мақамы сыршыл,назары жасын,
Махаббат саған сенемін!
Жауапсыз қалса жабықпа дер ем,
Жаныңның жалқы бір әні.
Көгіңде мендік қалықтап өлең,
Көкше шың болсын тұрағы.
Аңсары бөлек,талғамы биік,
Айдың да бар-ау бір мұңы?!
Қалмаса деймін арманы күйіп,
Қамығып жүрек бұлбұлы.
Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім.
Мақамы сыршыл,назары жасын,
Махаббат саған сенемін!!!
Болғаннан соң басқа арман,басқа мұң,
Мен өзіңді тастадым!
Болмасын деп табалайтын қастарым,
Мен өзіңді тастадым!
Жанбай жатып өшпесін деп жас жаным,
Мен өзіңді тастадым!
Жанарымның аяп асыл жастарын,
Мен өзіңді тастадым!
Өмірімде өкінбеуге қас-қағым,
Мен өзіңді тастадым!
Өрден құлап кетпесін деп асқарым,
Мен өзіңді тастадым!
Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін…
Тауменен,
Тамыр жалғаған,
Асып бір,
Аққан арнадан.
Көк аспан,
Көңіл көгінде,
Қағып бір,
Қанат самғаған.
Тағдырын,
Тастап асқардан,
Алтайдан,
Арман басталған.
Сақтардың,
Сазын тыңдаған,
Бағзылық,
Бал-бал тастардан.
Жорғалап,
Жорға мінетін,
Сырғасы,
Сылқ-сылқ күлетін.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Бағасын,
Бабын білетін.
Талайдың,
Тасын құлатқан,
Жауының,
Жасын шылатқан.
Табаны,
Таңда шық басып,
Жанары,
Жанған шырақтан.
Әні бар,
Әуен ,ырғақты,
Төсенген,
Төре сырмақты.
Көңілі,
Көктем,көзі нұр,
Анадан,
Абақ жұрнақ-ты.
Арына,
Адал қарайтын,
Баланы,
Бақыт санайтын.
Жартыкеш,
Жарық жалғанның,
Жыртығын,
Жырмен жамайтын.
Көздері,
Көктем көзіндей,
Сөздері,
Сөнбес сезімдей.
Талайы ,
Тағдыр кешкен бір,
Болмысы,
Болат төзімдей.
Керейдің,
Кербез қызымын,
Тектінің,
Терме ізімін.
Алтайдың,
Арғы бетінде,
Қалдырған,
Қара үй үзігін…
Адасып барып табатын бақыт,
Арман-мұңыма қанатым батып.
Байламы басқа жүректің үнін,
Бабын таба алмай түлеттім бүгін.
Шеңберде ғаріп бұлқыныстарым,
Шеңгелде қалып…тұр тыныстағым.
Кербездік менде кезігіп кекке,
Кешірім деген безініп шетке.
Жанарым жасқа толса да тегі,
Жанымның басқа болса да емі.
Өзімшіл екен өмір дегенің,
Өкінсем де мың сөгілмеп едім.
Шегіне жеткен шер екен деймін,
Шешек атқанмен берекем кей күн.
Күйреген күнім болмаған еді,
Күрескер рухым қолдаған мені.
Тастауға дәтім жетеді білгің,
Тағдырын,тағы мекенін гүлдің!
Сенерімді білмесем де сендім тек,
Серпер таңда сен түсіме ендің кеп.
Мұғжизасы тәрізденіп тәңірдің,
Мұқағали Мақатаев менмін деп…
Қарын ерітіп қасат мынау қаланың,
Қасқа жолда былғанса да балағың.
Қасқайып бір қарсы алдымда тұрдың сен,
Қалыбына сыймай жан мен сананың.
Бақыт көрдім көре алмаған басқа адам,
Жақұт көрдім жанарымды жасқаған.
Жан дүнием жарқырап бір кеткендей,
Бағасы жоқ баран тірлік ластаған.
Сенерімді білмесем де сендім тек,
Серпер таңда сен түсіме ендің кеп.
Мұғжизасы тәрізденіп тәңірдің,
Мұқағали Мақатаев менмін деп!
Жалқылық бар,
Жалын-от бар жанымда,
Бабалардың,
Бар намысы қанымда!
Кешегі өткен,
Кербез сұлу Тұмардың,
Өжеттігі,
Өрлігіне құмармын…
Қылышынан,
Қына тамған қыздардың,
Ізін жалғар,
Ірілік пен ізгі ардың.
Мен ғұндардың,
Мерейі үстем ұрпағы,
Жамалынан,
Жарық шашқан нұр табы.
Дұшпанын да ,
Душар еткен сүюге,
Тәуелді еткен,
Тәубамен бас июге.
Сөздерінен,
Сөнбейтұғын жанып шам,
Көздерінен,
Көкіректер зар ұққан.
Аналардың,
Аманатын көтерген,
Бабалардың,
Барын сақтап өтем мен!
Тірліктің,
Тіксінткенмен ақ-қарасы,
Дүние,
Дүрліккен бір тақ таласы.
Мен сонау,
Мерейі үстем Томиристің,
Көзімін,
Көшіп өткен сақ бабасы!
Жауының,
Жапырақтар жанын мыңға,
Тамырым,
Тау-тасымда,қаным ғұнда.
Сесімнен,
Семсер қылыш көрінеді,
Мені сен,
Менмен жалған таныдың ба?!
Намысы ,
Найзағайдан жаратылған,
Кездігі,
Кек отына жалатылған.
Батырлық,
Батылдықтың ұрпағымын,
Тағдыры,
Таймаған еш тағатынан.
Жалында,
Жалаулатқан арғымақтың,
Далама,
Даңқ әперіп,қарғып ақтым.
Өрлігім,
Өжеттігім өшетін жер,
Тек ғана,
Теңдесі жоқ алды Хаһтың!
Үкілі кер атым-ай арманы ұшқыр,
Үзенгісі үміттің жалғанып тұр.
Алтайыма апаршы аңсадым ғой,
Алатауың амал не алданыш жыр…
Үкілі кер атым-ай бағы басым,
Үздіктіріп жүректі неғыласың?!
Тұмса сұлу жұмақта жүрсең дағы,
Туған жерді аңсайсың,сағынасың…
Үкілі кер атым-ай күміс қанат,
Үзіледі көз жасым мұң ұстап ап.
Өр Алтайдың өрінде туған өлең,
Өр Алтайдың өрінде тыныстамақ…
Қиналыстардан тұратын мынау сәттердің,
Қияңқы неге қиялшыл келген мінезі?!
Махаббат үшін ашылған анау дәптердің,
Мазасыз жырын оқиды тағы түн өзі…
Жанымның асқақ биігі неге төменге,
Жанары жасып қарауы керек ұқпадым.
Асқақ қарасам аспаным биік,өрем де,
Арман,мұңымда білемін тағы құт барын…
Күйреуге бейім емеспін рас сезгенім,
Күдерін үзбес күндердің жазып бір әнін.
Кекті кездерде өрлігімнен де безгемін,
Кеңдігін аңсап жалғанның келді жылағым…
Таласқа түскен жанымның жарық нұрын мен,
Тағынан мүлдем түсірмесімді ұғар кім?!
Өрлігі үшін өмірде сансыз сүрінген,
Өртеніп өтер ақынның бірі шығармын?!



