
Сезімге бөлеген сенсация
Мен ол кісінің атын ең алғаш Нұрдәулет деген жергілікті қандас бауырымыздан естідім. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын Нұрдәулеттің жасы небәрі жиырма үште. Биыл Орталық Қытай Ұлттар университетін тәмамдады. Ұлт мәселесін қатаң қадағалайтын Қытай елінде жүрсе де, ұлт идеясын ұлықтаудан аянбайды. Өзінің замандастарының, құрдастарының бастарын жиі қосып, мерекелік шаралар ұйымдастырады, қайырымдылық көрсетеді, қазақылыққа баулиды. Қазақ ұпайын түгендеуге үлес қосқан азаматтарды құрмет тұтады. Олардың барлығын өзінің туғанындай көреді. Бейжіңге «Қазақстан» телеарнасының тілшілері келді дегенді елден бұрын естіпті. Құшақ жайып қарсы ала алмаса да, жүздескенше асық болыпты. Алғаш кездескеннен-ақ бізді «ағалап», жанына жақын тартты. Өзінің байланыс нөмірлерін беріп, қай уақытта мазаласақ та, қолдан келген көмегін аямайтынын айтты. Содан бастап біз жергілікті қандастарымызға қатысты жаңалықтардың біразын Нұрдәулеттен біліп отыратын болдық.

Былтырғы сәуір айының ортасы еді. Біздің Бейжіңге келгенімізге жарты жыл болған. Осы уақыт ішінде талай оқиғаны бастан кешірдік. Қытай Компартиясының 18-съезіне қатыстық. Жаңа көсем Си Цзинпинь сайланды. Қытайдың мәдениеті, саясаты, даму үрдісі және т.б. тақырыптарда түрлі материалдар дайындадық. Кейде қызықты ақпарат ағыл-тегіл болып жатады да, кейде көрерменнің көңілінен шығатын жаңалық таппай қиналып қалатын кездеріміз болады.
Жаңалық, ақпарат деген көп қой, бірақ заңы қатаң Қытай елінде шетелдік журналист болсаң, камераңмен еш жерге еркін бас сұға алмайсың. Аннан рұқсат, мұннан рұқсат керек. Ол рұқсатты алу үшін пәленшенің атына түсірілім қай мақсатта қажет екенін, таспаға қандай көріністер ілінетінін, оның толық мазмұнын үтір-нүктесіне дейін көрсетіп, хат жазасың. Ол хаттан соң тиісті орындардың жауабын тағы күтесің. Кейде жауап қайтарылмайтын кездер де болады. Осы күрделі процестен өтем дегенше, жаңалықтың сиқы бұзылады, тіпті жаңалық емес болып қалады. Мұндай сәттерде қасымдағы операторым Мұратбек екеуміз құрал-саймандарымызды асынып алып, көше жағалап кететінбіз. Ел арасына еніп, тыныс-тіршілігімен танысамыз.
Сол әдетке салып, бұл жолы да Бейжіңнің көшелерін кезіп келеміз. Менің арқамда – салмағы шамамен тоғыз келі тартатын қара штатив. Мұратбектің қолында – өзінің қалталы телефонынан кейінгі тұрақты аксессуарына айналған «Сони ИксДи» камерасы, арқасында – қосалқы жабдыққа толы, зілдей көк рюкзак. Жалпы, тележурналист пен оператордың арасында жазылмаған заңдылық, үнсіз келісім бар. Сюжет түсіруге шыққанда, тілші оператордың құрал-саймандарының біреуін көтеріп жүруі тиіс. Дағды солай. Түсірілген материалдың негізгі бастамашысы, авторы журналист екені даусыз. Бірақ түсірілім барысындағы бар ауыртпалық оператордың мойнында. Зілдей аппаратураны көтеріп, бұрыш-бұрыштан көрініс алам деп жанығады. Камераны біресе иыққа, біресе төбесіне көтеріп, енді бірде штативқа орнатып, ары-бері шауып жүреді. Онымен қоса тілшінің ойындағысын ұғып, оның ырғағына ілесіп, үлгеріп отыру керек. Сол ауыртпалықты сәл де болса жеңілдету үшін тілші оператордың микрофоннан басқа бір құралын көтеріскені абзал. Әдетте, ол құрал штатив болады. Басқасын қайдам, өз басым шетелден арнайы алдырған, құны пәлен мың доллар тұратын камераны көтермек түгіл, жанына жолауға батылым жетпейді. Оқыстан қолыңнан шығып кетсе, жеп отырған наныңнан айрыласың. Сондықтан ол пәлеге мүлде жақындағым келмейді. Асылы, соның тілін білетін, қолы үйренген оператордың ұстағаны дұрыс. Ал штативің деген рахат, үстінен мәшине өтсе де майыспайтын үш бұты бар шойын темір.
Сонымен, Бейжіңнің Ванфучжин орталық арбатының бойын жағалап жүріп келеміз. Далада бақа-шаян қақтап, кәуап қылып сатып отырған 2-3 саудагерден басқа қызықты көзіміз шалған жоқ. Аңға шыққан кәнігі аңшылар секілді, жан-жаққа елеңдеп қоямыз. Камерасының шаң басқан тетіктерін шұқып, қол орамалымен сүртіп, демімен үрлеп келе жатқан Мұратбек айналаны еріне бір шолып өтіп, сәл үнсіздіктен соң: «Шіркін, қазір Шыңжаңда болғанымызда ғой… Сол жақтың қазақтарын бір түсірсек, біразға дейін азық болар еді» деді. Мен де оны қолдағандай болдым: «Иә, шамалы фактілер жинап, жоспарын жасап, басшылықтан сұранбасақ болмас..» Соны сөз етуіміз-ақ екен, қалтамдағы телефоным шыр ете қалды. Нұрдәулет екен:
– Аға, Бейжіңдесіздер ме?
– Иә, осындамыз, бауырым!
– Сіздерге шұғыл хабарым бар. Қазір Бейжіңде 17 баланың әкесі атанған қария жүр. Сол тақырып сіздерге қызық бола ма деп…
– Мәссаған! Қазақ па?
– Қазақ болғанда қандай! Қытайдың қазағы. Осында балаларын емдетуге ертіп келіпті. Бүгін Шыңжаңға жол жүргелі отыр. Нәби деген қария. Бүгін кездесіп қалмасаңыздар, келесіде қашан келетінін кім біледі. Байланыс телефондарын қазір «SMS-пен» салып жіберем.
Сөйлесіп болған соң, дереу қалтамнан халықаралық байланысқа шығаратын картамды алып, бастықпен хабарласуға асықтым. Қуанышты хабарды Мұратбекке айтып жатырмын. Ал сол сәтте сұқ саусағым «Айфонның» сенсорлы экраны бойымен сырғанап, Астанадағы тілшілер қосынының нөмірін тере бастады. Екеуміздің қуанышымызда шек жоқ, бір-бірімізге ыржалаңдап қарай береміз. «Сенсация! Бір баладан артық иемденуге тыйым салып отырған Қытайда 17 баланың әкесі атаныпты. Және ол қазақ екен! Қытай үкіметінің тосқауылына тоқтамаған қария!… Бұдан артық не жаңалық керек?! Ақылдаса келе, көп балалы қартты ем алып жүрген кезінде мазаламай, ауылына қайтқанда артынан еріп барып, бала-шағасының ортасында отырғызып түсіруге келістік.
Әлеуеті мол әулет
Нәби атаны іздеп телефон шалдым. Қыздарының кенжесі Мүбәрак көтерді. Өзі сыпайы сөйлейтін, кішіпейіл келіншек екен. Біздің атамекеннен келген тілшілер екенімізді естігенде, қатты қуанғанын байқадық. Дереу әкесіне айтып, оның келісімін алып берді. Сонымен, көп балалы қазақ туралы бейнебаян түсіруге Шыңжаң аумағына іссапарға аттанатын болдық…
Бейжің-Үрімші бағыты бойынша ұшқан «Боинг» (СЗ6996 рейс) Үрімші қаласына қонды. Бейжіңге көктем келсе де, қыстың сызы әлі кете қоймаған-ды. Үрімші болса жазды бір-ақ шығарыпты. Ұшақтан түсе салысымен, сырт киімдерімізді шешіп тастап, Нәби атамызға хабарластық. Телефон арқылы Мүбәракпен қайта сөйлесіп, мекенжайды сұрастырдық. Үрімшіден шамамен, 350-400 шақырымдай жерде орналасқан Майтау қаласында тұрады екен. Әуежайдан қонақүйге жетіп, артық жүгімізді тастадық та, керекті қару-жарағымызды алып, мәшине жалдап, Майтауға тарттық. Жол бойы Мүбәракпен телефон шалысып, жолымызды бағдарлап отырдық.
Әшім деген таксист жігіт темір тұлпарын ұйтқытып отырып, 4 сағатта жеткізіп салды. Қалаға кіре берісте бізді жол полициясы тоқтатты. «Не бүлдірдік?» дегендей Мұратбек, Әшім үшеуміз бір-бірімізге қарастық. Сәлден соң сақшы формасын киген орташа бойлы қазақ жігіт келіп: «Ассалаумағалейкум!» деді. «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшілерісіздер ме? Мен Нәби атаның кіші күйеу баласымын. Есімім – Ахат» деді. Біз дереу мәшинеден шығып, қол алысып амандастық. Ахат сөзін жалғастырды: «Қош келіпсіздер! Мен – Мүбәрактың күйеуімін. Сіздер қалаға жетіп қалды деген соң, алдарыңыздан шығып күтіп алайын дегенім ғой… Қазір атамыздың өзі де келеді…» Арада екі-үш минут өткенде, тағы бір ақ түсті автокөлік ұйытқып келіп, дәл алдымызға тоқтады. Жасы бізбен шамалас жүргізуші жігіт алдымен шығып, артқы есікті ашты. Көліктен Нәби атамыз, бізге қарай аяңдады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал келіп сәлем береді» деген, қазақылыққа салып, алдарыңнан шықтым. Ал ассалаумағалейкум, қош келдіңдер!» деп өзі алыстан қол созды. Біз жүгіріп келіп, ақсақалдың қолынан алып, амандық сұрап жатырмыз. Сол жерде танысып, хал-жағдай біліп алғаннан соң, Нәби ата соңынан еруді бұйырып, қасындағы шопыр бала екеуі жүріп кетті. Шопыры өзінің кенжесі Айдын екен. Су жаңа аппақ автокөлігін жұлқа тартып, жол бастап кетті ол. Біз соңынан ілестік. Үлкен үйге қарай бет алып келеміз…
Қатар-қатар салынған, бір-бірінен аумайтын аласа, көпқабатты үйлерден құралған аулаға кірдік. Аулаға кіре берісте орналасқан бес қабатты қызыл үйдің бірінші подъезінің үшінші қабатына көтерілдік. Үйдің есігі айқара ашық екен. Ішке бас сұққанымыздан-ақ, «Балалы үй базар» деген сөздің толық мағынасын ашатын көрініске тап болдық. Кішкентай кезімізден көгілдір экраннан талай көрген «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді бірімен-бірі жарыса жүгіріп, жамыраса сөйлеген майда балалар, әзіл-қалжыңы аралас әлденені әңгіме қылып, ермек етіп отырған ересектер, шәйдің қамын ойлап зыр-жүгірген жас келіндер… Бұл көріністің ішінде бесіктен белі шықпаған нәрестеден бастап, жетпіс жастың жетегіндегі қарияға дейін, түрлі жас шамасындағы адамдар бар. Барлығы да бір үйдің кісілері, бір үйдің балалары. Біз есіктен кіргеннен бастап дабырлай амандасып, хал сұрап жатыр. У-шу, қыбыр-қыбыр қимыл, күбір-күбір әңгіме. Енді, рахат!
Аман-саулықтан кейін үстел басына отырып, дәм ауыз тидік. «Ал балалар, қош келіпсіңдер! Уақыттарың тығыз екен, сондықтан да бірден жұмыстарыңды бітірейік. Мен өзімнің шаңырағым туралы айта берейін, сендер керектісін түртіп аларсыңдар» деп бастады қария. Онысына біз қуана келістік. Шынымен де, уақыт тығыз еді. Сөйтіп, ұрпақтарын жағалай отырғызды да, шетінен таныстырып әкетті. Балалары толығымен жиналмапты. Кейбірі қызмет орындарынан шыға алмаған көрінеді. Дегенмен, жиылғандардың да қарасы едәуір қалың болды. Атамыз түгел таныстырып шығам дегенше, біз көбісінің атын, қай баласы екенін ұмытып қалдық. Бірақ атамыздың жады жаман емес екен. Әр баласының, немере-шөбересінің атына қоса туған күндеріне дейін айтып шықты.
Жасы жетпіс үшке шықса да қариямыз қарттыққа мойымаған, әлі тың. Жүрісі шапшаң, сөзі де, өзі де түзу, белі бүгілмеген, еңсесі көтеріңкі, мінезі салмақты, орнықты кісі екен. Тек сәл естімей қалатын көрінеді. Оқта-текте кей сөздерді құлағы шалмайды. Құлағына қыстырылған аппарат арқылы естиді. Бет әлпетінен де қарттықтың белгісі байқалмайды. Тек ауыр, қатаң тағдырдың басқан таңбасы секілді көзінің астына әжім түскен. Бірақ қалың қастарының астынан салмақпен қараған қою қара көздерінен әлі де өше қоймаған, қайрат-жігердің ұшқыны аңғарылады. Өмірінде темекі мен арақты аузына алмаған. Нағыз қазына кеуде қазақ қариясы алдымызда отырды.
Арасында: «Аяулы, амансың ба, қандастарым?! Аман ба, ауыл-аймақ, мал-бастарың? Алдыменен аман-сәлем ата салтым, Сондықтан осылайша сөз бастадым» деп өлеңдетіп қояды. Салмақты да сабырлы қарттың мұңлы әңгімесін тыңдап отырмыз…
Жыл сайын – шілдехана…
Нәби қария 1941 жылы Шыңжаңның Шиху ауданындағы Бұртажы ауылында дүниеге келіпті. Өзі Қытай жерінде туған ұрпақтың сегізінші буыны көрінеді.
– Сегізінші атам атамекендегі Абыралы тауының маңайын мекен етсе керек, аты Абыралы екен. Әкесі Нұғымар кіндіктен тоғыз ағайынды. Бес бауыры, үш апа-қарындасы болыпты. Бірақ олардың бәрін сұм тағдыр ерте жұтып тыныпты. Бірі – жасында, біреуі – есейгенде өмірмен қоштасқан. Бірі байдың қолындағы таяқтан, екіншісі аурудан, үшіншісі аштықтан кеткен. Бүкіл шаңырақты жайлаған індет дүниеге төрт ұрпақ әкелген Нұғымарға да шеңгелін салған. Нәби сол төртеуден тек жалғыз өзі тірі қалыпты. «Ағамның аты – Сағи, інімнің аты – Қами, қарындасымның аты – Қадуан еді…» деп, бір ауыр күрсініп алды да: «Алды бір жас, арты оннан асқанда кетті. Сонымен, бауырларымның, туған-туыстың түгелінен айрылдым. Атамның кіндігінен тараған 9 ұлдан мен ғана қалдым, жалғыз тікендей болып өстім» деп әңгімесін жалғады.
…Ол аз болғандай тағдырдың соққысына төзе алмаған анасы он жас шамасындағы Нәбиді тастап, бір еркектің ізінен еріп кетіпті. Сөйтіп, тірідей жетім қалған Нәби Әбіл мен Мәмилә деген ата-әжесінің қолында өседі. Алайда қос қария қаршадай балаға ыстық ілтипатын төккеннен басқа қамқорлық көрсете алмады. Керісінше, немересі оларға қолқабыс етті. Отынын жарып, малын бағып, үй шаруасын өз мойнына алды. Осылайша, жастайынан жоқшылықтың тақсіретін тартып, ерте есейеді Нәби. Біреудің босағасында жүрді, малын бақты, жалданып жұмыс істеді, әйтеуір өз күнін өзі көрді. «Бала кезіңде байқалмайды екен жалғыздық… Кейін есейгенде жапа шектім одан» деп тағы бір күрсінді қария. Жан-жағындағы ұйып тыңдап отырған бала-шағасын көздерімен шолып өтті. Алдындағы суып қалған шәйдан бір ұрттады да, сөзін жалғастырды: «Қарасаң, біреудің ағасы, біреудің апасы, інісі бар, туысы бар, ал менде ешкім жоқ… Ешкім қатарына алмайды, ізіне ертпейді. Есігінен сығалатпайды. Тіпті кейде балалармен жұдырықтасып қалған кезде мұңымды шағып, жұбаныш іздейтін адамым болмады. Бұл жалғыздық қатты батты маған…».
Осылайша өмірдің тұщысынан гөрі ащысын молырақ татты. Аш құрсақ, жалаңаш, жалаң аяқ, жападан-жалғыз өсті. Нәби сырлас жақыны болмаған соң, жұбанышты Абайдан бастап, қазақтың даналарының, зиялы тұлғаларының шығармаларынан іздеген. Сол кітаптардағы кейіпкерлермен мұңдас болған. Сол құндылықтардан өмірлік ұстаным алған, жақсылықты бойына сіңірген, солардың негізінде өз образын қалыптастырған. Осындай кітап кейіпкерлеріне мұңын шертіп, жалғыз өткізген түндердің бірінде жеті рулы ел болып, көп ұрпақ сүйсем деп ниет етеді. «Қатты бір қысым келіп, басыма күн туғанда ғана тоқтаймын, оған дейін Құдайдың берген баласын ала берейін» деп өз-өзіне серт берді.
Ел жағалап жүріп, он жеті жасында Нәби жұлдызы жанып, ауылдың мал шаруашылығы фермасының малшысы болып тұрақты жұмысқа алынады. Содан алдына жан салмай, аянбай еңбек етіп үздіктердің қатарына ілігеді. Қоғамдық жұмыстардан да қол үзбейді. Ата-әжеден қалған бірнеше тұяқты бағып, азығына, киім-кешегіне жаратып жүреді. Осылайша аяғынан тік тұрып, бала кезгі өмірінің шырқын бұзған асау тағдырдың тізгінін өз қолына ала бастаған кезде Құдай оны мәңгілік жары Биғайшаға жолықтырады. Жиырма жасында жарымен отау құрып, жиырма бірде тұңғышы Нұриланы құшады. Осылайша антына берік Нәбидің үйінде жыл сайын шілдехана тойланатын болды. «Сол заманда Мао Цзе Дун бір өкім шығарды: «Рын дуо лилян да» деген. Мағынасы: «Адам көп болса, қуат та үлкен болады». Бұл маған үлкен демеу болды. Ондай болса, мен сендерге қуатымды көрсетейін деп, қара домалақтарды топырлата бердім» деп Нәби бізге көз салды.
Осы уақытта орныққан үнсіздікті немерелерінің бірінің жылаған даусы бұзып жіберді. Оны жұбатам деп анасының үні қосылды, оған тағы біреуі сөйледі, сөйтіп сөзге сөз жалғасып, оған қоса кішкентайлар жарыса сөйлеп, қайтадан үстел маңы у-шуға ұласып кетті. Бағанадан бері бір Нәби атаның жүзіне бағытталған камераның шағын экранынан көз алмай, кірпік қақпай, қимылсыз тұрған телеоператорым Мұратбек аппаратын дамылдатып, маңдайынан сорғалап аққан терді қол орамалымен сүртіп жатыр. Бала-шағаның ызы-шуы аз болғандай, Нәби атаның құлағындағы аппараты да шуылдап, мазасы кетті. ««Сәл үзіліс жасап, шәй ішіп, дәм татып, дем алайық» деді ол.
Мен қытай қазақтарының үйреншікті тұз қосылған шәйін ішіп отырып үй ішіне көз жүгірттім. Көзім бірден жоғарыда ілініп тұрған отбасылық суретке түсті. Суреттің қақ ортасында Нәби атаның өзі мен Биғайша апамыз отыр, оларды отыз-қырық бала қоршап алған. Мектептегі мұғалімнің бүкіл бір сыныппен түсетін суреті секілді. Үй ішіндегілер жағаласа маған кімнің қайда тұрғанын баяндап, бұл сурет Нәбиден тараған ұрпақ құрған әр шаңырақта бар екенін айтты. Осы әулеттің төлқұжаты секілді екен бұл сурет. «Егер Шыңжаңның басқа жерінде жүріп осы суретті кездестірсең, Нәби ұрпағының үйінде отырғаныңды біл» дейді олар.
«Сонша баланы қайтесің?»
Он-он бес минут үзілістен соң Нәби атаның бөлмесіне барып, оңашаланып алдық. Қария әңгімесін жалғастырды: «Сонымен, ұрпағым жылдан-жылға көбейе берді. Ал мен болсам, ферманың жұмысымен қоса жан-жақта қосымша еңбек етіп, нан тауып жүрдім…». Қызғаныштан ба, әлде шын жанашырлықтан ба Нәбиді көрші-қолаң, құрбы-құрдастары балаларының санының тым көптігін айтып қажай беретін болыпты. «Әй, бір үзім наныңды әрең жеткізіп, ылаждап отырсыңдар. Соншама баланы қайтесіңдер? Тоқтасаңдаршы!», – дейтін көрінеді. Сонда Нәби оларға жымиып қана, әзіл-қалжыңы аралас жауап қайтарады екен: «Әй, біз деген үрім-бұтағымызбен қойшы емеспіз бе?! Отар-отар қойды баққанда, оншақты балаға шамамыз келмей ме екен? Құдай бір ырзығын берер, шаруаларың болмасын!».
Баланың саны көбейген сайын, ақылшылар саны да арта түсті. «Не жазғанымды білмеймін, бәрі мені тоқтатқысы келеді» дейді Нәби ата. Кейіннен мұндай ұсыныстар мен артық сұрақтар Нәбидің жынына тиіп, зығырданын қайнататын болыпты. Сондай орынсыз сұрақ үшін атамыз бір күні Шәріп дейтін моңғол шопырмен сөзге келіп қалыпты…
Балалардың саны оннан асқан, көбісі мектеп жасындағы кезі. Ол кездерде Нәби отбасымен таудағы ауылда тұрады. Ауылдағы мектеп тек бес жылдық, ары қарай қалаға барып оқуын жалғастыру қажет. «Ол кездері көшпелі мектеп деген болды. Қала маңында жалғыз ғимарат салынып, оған халық ішінен үздік білімімен көзге түскен қалаулы кісіні сайлап, мұғалім қылатын. «Халық мұғалімі» деп атайтын оны. Өзім сияқты жағдайы жұпыны адамдарға арналған мектеп. Бүкіл біздің аймақ, аудан дегенде жалғыз тәуір оқу орны сол еді» деп еске алады қария. Өзі білім алуға мүмкіндігі болмай қиналып өскен еді. Балаларына өз тағдырын қайталатқысы келмеген ол барлығын да оқытуға бел буды. Ауыл қаладан алыста. Арада қатынас ауыр, жол жоқтың қасы. Ол мектепке жақын жерден бір асты-үсті бітеулі бір бөлмелі сарай тауып алады. Сырты жұпыны көрінгенмен қабырғасы тегіс, шатыры бүтін. Ішіндегі қоқыстың бәрін шығарып, ескі-құсқы керек-жарақтың біразын өңдеп, жиһаз бұйымға айналдырды. Сарай ішіне көрпе-төсек, азық-түлік жеткізіп, сегіз баласын сонда кіргізеді. Олардың ішіндегі ересектеуі әрі ең қаталдауы, үшінші қызы Гымыңгүлді «вожатый» етіп сайлапты. «Осы сендерге әке де, шеше де болады. Осының сөзіне бағынасыңдар, бар шаруаны ақылдасасыңдар. Оның сөзін алмаған, қарсы келген жағдайда маған шағымдануға құқы бар. Ал маған шағым түсті дегенше жақсылық күтпеңдер» деп, сарайдың кілтін Гымыңгүлге тапсырып кетеді. Өзіне артқан сенімге мұқият қараған Гымыңгүл сол күні-ақ әркімнің міндеті, тапсырманың орындалу уақыты көрсетілген кесте сызып, кіре беріске іліп қояды. «Біреуің құдықтан су тасисың, біреуің еден жуасың, үй жинайсың, тамақ істейсің» т.б. Вожатыйдың өзі де қарап отырған жоқ. Балалардың арасындағы даулы мәселелерді шешіп, олар қиыншылыққа тап болса қастарынан табылып жүрді. Кейде аптасына, кейде айына бір рет бауырларын ауылға апарып, әкесіне есеп береді. Айналадағы жұрт Нәбидің балаларына қызыға қарайтын, оларды өзгеге үлгі ететін.
Ол кезде Нәби – Майтау мал шаруашылығы фермасының малшысы, белсенді қызметкері. Осындай екпінділерге ферма басшылығы малшылардың жалақысын тарату, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді жауапты міндеттерді тапсыратын. «Айына бір рет малшылар ауыл орталығына жиналып, айлықтарын күтеді. Сол кезде үкімет бізге қалаға барып, айлықты алып келуге бір жүк мәшинесін беретін. Осы сәтті пайдаланып біз қалада жүрген балаларымызды ауылға көлікпен жеткізіп алатын едік. Бір күні сол мақсатпен тағы да қалаға келдік. Бар керек-жарақты алдық, баланың бәрі мәшинеге мінді. Ойындарын қимай, есі кетіп жүрсе керек, менің екі балам кідіріп жатыр. Әрі күттік, бері күттік, жоқ әлі. Кеш батып, қас қарая бастады. Содан әлгі моңғол шопыр Шәріп тілінен қағынбасы бар ма…
Өзім де балаларымды ойлап мазасызданып тұр едім, тосын сұрақ менің зығырданымды қайнатты. Әзілдес замандасым болса да, бұл менің жаныма батар сөз айтты. Мен де солай бір батыра сөйлейін дедім». Нәбидің қабағы түйіле түсті. Моңғол шопырдың: «Сен осы неге соларды топырлатып туғыза бересің, а?» деген сұрағына ол: «Сенің атаң Шыңғысхан өлтіріп құртқан қазақтың санын толықтырғым келеді» деп қойып қалыпты. Жан-жағындағы малшылар, бірі ұрланып, ауыздарын басып құмығып күлсе, енді біреулері даусын шығарып рахаттана қарқылдай жөнеліпті. Шәріп жым болыпты да қалыпты. «Ол маған жаны ашып айтты дейсің бе, кеш батты, кешкі асымнан қалдырды сенің балаларың деген пиғылы ғой». Сол түні Нәбидің балалары аман-есен оралып, тым-тырыс үйге қайтыпты барлығы.
Алтын құрсақ ана
Бастапқыда атамыздан нәбәрі отыз секундтан тұратын екі ауыз пікір жазып алуға келгенбіз. Тағдырдың тепкісіне ұшыраған жетім баладан жеті рулы елге айналғалы отырған қарияның әңгімесі еріксіз жетелеп әкетті. Үн-түнсіз тыңдап отырмыз. Қария үзілістен соң сөз бастағанда микрофонды қолыма сығымдап ұстап алғанмын. Бір-екі минуттан кейін қолым тала бастаған-ды. Ішімнен «Қысқа-нұсқа айтып шықса екен» деп тілеген едім. Бірақ әңгіме айтушының шеберлігі қолдың талғанын да, уақыттың тығыздығын да ұмыттырып жіберді.
«Адамдар мен туралы естігенде, бірден екі сұрақ қоятын көрінеді: Баласының барлығы бір құрсақтан ба және бәрі де тірі ме екен? Осы сұрақтарды естігенде зығырданым қайнайды…» деп қария қайтадан қабағын түйді. Жалғыз баладан артық тудырмайтын Қытайдың жерінде жүріп көп балалы болғанына кейбіреу күдікпен қарайтын сияқты. Сенбейді. Олардың ойынша, көп бала заңсыз некеден, бірнеше әйелден болуы керек. Немесе он жеті перзенттің бәрінің аман-есен екендігіне күмәнданады. Онсыз да өмірден оңбай таяқ жеп, кішкентайынан бейнет көріп, қартайғанда сол бейнеттің зейнетіне жетіп, шалқып отырған шалды көре алмайды жұрт, сірә. «Біртүрлі екен, – дейді ата, – Құдайдың берген балалары. Мына Нәби жалғыздықты, жоқшылықты көріп өсті-ау, осыған мол ұрпақ берейін деген шығар. Мен балаларымның санын асырып айтып қайтем? Өйтіп өтірік айтқаннан маған қандай пайда? Кімді алдаймын? Жұрт деген қызық. Тілшілер бар, басқаң бар, «осындай кісі бар» деп естіп алыстан ат басын тіреп келеді де, тосын сұрақ қояды. Ондайлармен сөйлесуге зауқым соқпайды. Сондықтан менімен жүздесуге келгендерге әуелі осы екі нәрсені бірден айтамын. «Шырағым, он жеті баламның барлығы бір құрсақтан, барлығы да тірі», – деймін». Осындай өрескел сұрақтар Нәбидің ашу-ызасын келтірсе, сол он жетінің барлығын өз құрсағында көтеріп, тоғыз айлап толғатып, дүниеге әкелген Биғайша апамыз қандай күй кешеді десеңізші… Апамызға атадан гөрі ауыр тиеді. Барлық баланы аяғынан тұрғызған, қарындарын тоқ, киімдерін бүтін еткен сол. Отағасының да, балалардың да қамын жасаған өзі. Биғайшаның бабымен ғана Нәби тамырын тереңге жайған бәйтерек болып отыр. Нәби Биғайшаға жолықпағанда, ұрпағы қанша болатынын Құдай біледі. Оны да тағдыр тәлкекке салған. Ағайын-туманың арасында өссе де, ол да жоқшылықтың, аштықтың тақсіретін татқан. «Оқи алмай қалдық. «Ә» деген әріп танымаймын әлі күнге дейін. Өмір бойы малмен айналыстық, үй шаруасына араластық. Болды. Сондықтан бар күшімді балаларыма салдым.
Ешқайсысын қатарынан қалдырмадым, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдім. Түгел оқыттым. Бізге бұйырмағанды сендер көріңдер, еліңе еңбектерің сіңетін азамат болыңдар дедім. Ал оқымайды екенсің, өз обалың өзіңе. Менен кінә жоқ онда. Мен өзімді аямадым, барымды салдым» дейді апа. Қанша ауыртпалықты көріп өссе де, жүзінен сол қиындықтың белгісі байқалмайды. Аққұба өңді, етжеңді кісі. Маңдайы жарқырап, көңіл күйі көтеріңкі жүр. Денсаулығы Нәбиден де тәуір көрінеді. Он жеті перзентінің бәрін дәрігердің көмегінсіз үйде босаныпты. Аяғы ауыр болған сайын Құдай оған артқан жүктің де салмағын ауырлататынын ұққан Биғайша шынымен де аянбады. Таң атқаннан күн батқанға дейін қызу тіршілік. Мал жайғарады, суарады, сауады, балаларын тамақтандырады, күйеуінің бабын жасайды, үй жинау, ошақ, аяқ-табақ, т.б. Барлығы бір өзінің мойнында. Тыным жоқ, үнемі қозғалыста. Бір тоқтаса, үйдің берекесі кетеді. «Бастапқыда қиын болды енді. Алғашқы жетеуі қатайғанша, бар ауыртпалық маған түсетін. Кейін бой да үйренді, балалар да есейді. Біріне-бірі қарайтын болды. Мойныма артқан жүгім жеңілдей берді» дейді ол.
Құдай біреуге дүние, ауқатты өмір береді де, бақыттан жұрдай қылады. Енді біреуіне керісінше… Сол сияқты Жаратқан иеміз Биғайша мен Нәбиге мал-мүлік бұйыртпады, есесіне мықты денсаулық пен қалың ұрпақ беріп отыр. Апамыздікіндей денсаулықты барлық аналарымызға берсе, қазағымыздың саны едәуір еселеніп қалушы еді. Биғайша бүгінде он жеті емес, одан да көп баланың анасы болар ма еді, кім біледі, билік араласпағанда. Тым көп татқан бейнеттің енді ғана зейнетін көре бастағанда зәр ішкізді. Алтын құрсақ ана осылай тоқтады.
Мемлекет басшысы Мао Цзэдунның ұранын ұстанып, үйінде жылына шілдехана тойлап келе жатқан Нәби мен Биғайшаның шаңырағы бір күні тағы шайқалды. Отыз жылдан астам Қытайды билеген Мао Цзэдун тақтан түсіп, оның орнын басқан Дэн Сяопиннің заманы туады. Партиялас болса да, Маомен саяси және экономикалық көзқарастары әркелкі болған Дэн мырза Қытайға түбегейлі өзгерістер әкеледі. Әрине, талайды мойындатқан, Қытайдың есіктерін әлем үшін айқара ашқан Дэн мықты реформатор болды. Ол жүргізген реформалардың бірі – әлі күнге дейін ұстанып келе жатқан «жоспарлы туу» саясаты. Демографиялық жарылысты тежеу мақсатында қолданған амал: «Бір отбасы – бір бала». Таза қанды қытайлар, яғни ханьзулар отбасында бір балаға ғана, қалада тұратын аз ұлттарға екі балаға, ал ауыл аймақтардың тұрғындарына үш балаға рұқсат етілді. Ауылдағы аз ұлттардың өкілі – Нәбидің балаларының саны оннан асып кеткен-ді ол кезде. Бастапқыда көз жұмып жүрді партия басшылары. Кейіннен заң өз күшіне толығымен еніп, бұл саясат қатаң атқарыла бастады. Саясатсыз-ақ көре алмастықтан Нәбиді күндеушілер осы кезде тіпті құтырынып кетеді. Халық арасында гу-гу сыбыс жүреді ол туралы. Бірақ Нәбиді де, Биғайшаны да ол қатаң тәртіп қайыстырмады. Жұрттың сөзін елемеді, партиядан сескенсе де дес бермеді. Сертіне берік болды. Ұрпағының санын арттыра берді. Қорықпады, себебі Құдай алдында ант етті. «Сол кезде мені әр жақтан түртпектей бастады. Әй, мына Нәби партияның сөзін тыңдамады деді. Мұны партиядан қуу керек, сыйлықтан қысқарту керек деді. Көптеген жиын-жиналыстарға қатыстырмады, себебі сөз еткендері мен болдым. Басқа жұмыстары жоқ секілді, аңдығаны – мен. Сол кездері, партия ішіндегі кіші қызметтегісі бар, үлкен қызметтегісі бар, менің «ісімді» бес жыл бойы тексерді. Мен осы уақытта тағы да төртеуін туғыздым. Ал мә саған керек болса дедім!».
Он жетінші перзент
Нәби ата екпіндеп келіп бір тоқтады. Партияға қайшы келу түгіл, «партия» сөзін ауызға алуға қорқатын қарапайым жұрт Нәбидің тірлігіне қарап, «Не деген жүрек жұтқан!?» деп жағасын ұстайтын. Тек Құдайдан ғана қорыққан қайсар қазақ Нәби болса талайдың тағдырын тезге салған жүйемен барынша арбасып бақты. Жығылды, ақырында. Жүйе оны да бүгілдірді. Миллиардты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отырған үкімет қашан да өзінің қауқарлы екенін көрсетеді. Партиядан шеттетілді, қызметтен төмендеді. Қашанғы қудалансын, көндірді оны да партия. Бірақ аяғына дейін айтқанынан қайтпады…
Биғайша апамыз кенже ұлы Айдынға жүкті кезінде жұрт та, партия да Нәби әулетінің ізіне әбден түсіп алған-ды. Ұзынқұлақ арқылы аты шулы қазақтың әйелі тағы біреуін туғалы жүргенін естігенде, жергілікті аймақтық партия басшысы Нәбиді әйелімен қоса шақыртады. Арнайы мәшинемен адам жіберіп алдыртады. Аты шулы болса да, басқа тірлігінде мін жоқ, әр шаруасын тап-тұйнақтай қып бітіретін Нәби әлі де партияда және де екпінділер қатарында еді. Сондықтан басшылық та онымен жұмсақ сөйлесетін. Әлгі басшы оны шақырып алып: «Әй, Нәби жетер енді. Біраз ұрпақ қалдырдың. Енді көзге түссең, басың кетеді. Мынауыңды туғызуға рұқсат жоқ, алдыртып тастау керек» депті. Амал қанша, бастықтың өзі арнайы шақыртып, осындай сөз айтқан соң Нәби үнсіз келісті. Құдай оңдағаны да, түсік жасататын дәрігердің алдына барғанда, ол: «Биғайшаның жүрегі әлсіз, операцияны кейінге қалдыруы керек» депті. Оған жүрек ауруы деген диагноз қойылыпты. Сөйтіп, Биғайшаның емделуіне сәл уақыт берілген. Ұрықтың үш айлығында Нәби жарын ертіп әлгі доғдырдың алдына тағы барады. Әлі де ем қажет, дайын емес деп ол қайтарып жібереді. Осылайша Биғайша акушердің алдына бірнеше рет барып-қайтады. Ақырында, доғдыр мен партиялықтар ақылдаса келіп: «Не болса да күтейік. Әйел операцияға шыдай алмайды, оны қолдан өлтіріп аламыз. Мерзімі жақындағанда дәрі беріп, баланы өлідей туғызып аламыз» деп шешеді. «Солай келістік, қысқасы. Бірақ бұл жолы да Құдайым оңдады, – деп қариямыз бар бала-шағасымен бірге түскен суретті алақанымен бір сипап қойды.
Биғайша апаның мерзімі жақындап қалғанда Майтауға Орталық комитет мүшелері келген. Олар шетелден келген қонақтарды қыдыртып жүрген көрінеді. Осы уақытта райком бастығы Нәби секілді шопыры бар, малшысы бар, екпінділерді шақырып алып, сыйлы қонақтарды жайлауға апарып қыдыртуды бұйырады. Астарына көлік, қолдарына керек-жарағын беріп, сол сәтте жөнелтеді. Осылайша Нәби бастықтардың көңілін тауып, жайлауда серуендетіп, қыдыртып жүргенде, Биғайшаның толғағы басталады. Мұндай жағдайға әбден үйреніп алған Биғайша сүйретіліп жүріп, көрші үйдегі келіншекті шақырып алып, босанады. Нәби жайлаудан оралғанда, оны он жетінші перзенті күтіп жатады.
Нәбидің кеудесін шаттық сезімі кернейді, бірақ үкіметтің үкімі есіне түсіп, қуанышы су сепкендей басылады. Баласының тағдыры не болмақ екенін білмекке бел буып, бастықтың алдына барады. Бар мән-жағдайды баяндайды: өзінің түсікке келісімін бергенін, бастықтың өзі жайлауға жібергенін, әйелдің оқыста босанып қалғанын түгел баяндайды… «Менен кеткен қате жоқ, ал қалғанын өздерің шешіп көріңдер» деп тіке қарайды басекеңнің бетіне. Сонда партия хатшысы сәл ойланып тұрып: «Бұл туылып болған бала, оны өлімге апару – қылмыс. Өмір сүрсін, бірақ бір шарт бар саған». Сондағы шарты – баласын қалдыру, бірақ осымен тоқтасын деген тұжырым еді. Бұл ауызша келісім күйінде қалмас үшін, Нәби мен Биғайшаны ертіп доғдырдың алдына апарып, ұрықсыздандыратын дәрі ішкізеді. Амалы жоқ Нәби мен Биғайша «осы он жетісіне тәубе, Алла куә ғой» деп іштен тынады.
Нәби қария осының барлығын ауыр күрсініспен баяндап келіп, шүкіршілік айтып тоқтады. Құдай басына сынақ салды, сол сыннан бұл сүрінбей өтті. Есесіне өзіне сай сабырлы жарға жолықты. Алла тағала оған алтын құрсақ дарытыпты. Екеуінің де жастай көрген жоқшылығының өтеуі шығар, сарқылмас байлық қонды. Бір емес, екі емес, бес емес, тіпті он емес… он жеті перзент бұйырды бұларға. Он қыз, жеті ұл. Екеуіне дарымаған несібе сол он жетінің маңдайына жазылды. Балаларының барлығын дерлік аяқтандырды. Он алты әулетпен құдаласты. Кенжесі Айдыннан басқасының барлығы отау құрды. Барлығы да үлгілі қызмет атқарады. Перзенттерінің алды Нұржамал мен Нұрилә зейнетке шығып үлгерді. Екеуі де ұзақ жыл мұғалім болды.
Нәби атаның Айбын деген немересі Сұңқар деген сұлу қызбен жұп құрып, кейіпкеріміздің тұңғыш, әзірше жалғыз шөбересі – Ұлағатты өмірге әкеліпті.
Малшылар мен мұнайшылар
Жалпы, Нәбидің өзі малшылар әулетінен шыққан-ды. Бүгінгі қоныстанған Майтау жері Қытай жеріндегі белгілі мұнайлы аймақ болған соң, оның балалары атакәсіпті өзгертті. Қазір Нәби ұл-қыздарының көпшілігі – мұнайшылар. Сол мұнайшылардың ең үлкені, перзенттің төртіншісі, ұлдың екіншісі – Серік. 1966 жылы туған осы Серіктен кейінгісінің бәрі дерлік мұнай саласында қызмет етеді. Баяғы вожатый болатын Гымыңгүл (1968), Нұрсәуле (1970), Мұқият (1971), Ақиқат (1972), Берік (1974), Гүлдар (1976), Айқын (1979), егіз қыз Айнұр мен Таңнұр (1981), Мүбарак (1985) барлығы да мұнайшы немесе мұнай зауытының қызметкерлері. Бірі дәнекерші, бірі техник, бірі мұнай айырушы, бірі зерттеуші, енді біреуі сол зауыттың азпазы. 1986 жылы туған кенже ұл Айдын мамандығы дәрігер болса да, ағайыннан қалыспайын деп мұнай саласының тізгінін ұстады. Қазір ол Майтау қаласындағы мұнай-этилен зауытының үздік қызметкері. Ал 1983 жылы туған Жәннат пен 1978 жылы туған Нұриқан басқа мамандық иелері. Нұриқан Майтау мектебінде қытай тілінен сабақ береді, ал Жәннат болса, аудандық полиция бөлімшесінің қызметкері. Бәрінің де бір-екі ұл-қызы бар. Олар Нәби атаға 28 немере, бір шөбере сүйгізіп отыр.
Он қыз, жеті ұл тату-тәтті өмір сүруде. Кіші, үлкен деп бөлінбей, бір-бірімен тең дәрежеде сөйлеседі. Жиі-жиі бас қосып тұрады. Ағайын-туысқа қарасады. Мемлекет ішіндегі шағын мемлекет секілді екен бұл отбасы. Әзілдеп айтсақ, Нәби «автономиясы» деуге болар. Өнегелі ұл-қыздар әке-шешесін жиі шетелге шығарып тұрады, ауру-сырқауын емдейді. Амандық болса, келесі жазда қос қарияны Меккеге апарып қайту жоспарларында бар. Қытай жеріндегі қазақтар қызыға қарайды бұл әулетке. Нәби мен Биғайшадан артық бақытты жан жоқ секілді көрінді бізге.
Өзінің бастан кешкенін баяндаған Нәби ата соңында бізге: «Әй, балалар елге айтып барыңдар, тек Құдайдан қорықсын. «Мүмкіндік барында қазақтың санын көбейтіңдер» деп мұнда Нәби қария айтып жатыр деңдер. Менің бастан кешкенімді ешкімнің басына бермесін. Үкімет мұнда тыйым салды, ал сендерге тиын береді екен. Сондықтан басқа қонған бақытты ұшырып алмаңдар. Қазағым қайда жүрсе де аман болсын, басымыз көп болсын!» деп тілегін айтты. Батасын беріп, телеоператор Мұратбек, таксист Әшім үшеумізге бір-бір тақиядан кигізді. Бір-екі сағат болып қайтамыз деген біз түн ауа бір-ақ аттандық. Майтауды, Нәби ата мен мен Биғайша апаны қимай барамыз. Құлақпен естіп, көңілге түйгеніміз мол болды. Жастайынан жетім қалып, жалғыз тікеннен тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналған қарттың әсерлі әңгімесі бізді терең ойға жетеледі. Үрімшіге дейінгі 300 шақырым жолда Нәби қарияның әңгімесін талқылаумен болдық.
Біз барлық жағдай жасалған елде өмір сүріп жатырмыз. Үкіметіміз баланың тууына шектеу қоймақ түгіл, саған өз әулетіңді көбейткенің үшін сый-сыяпат береді. Мен Қытайдың тұрғындарына «Бізде бала туғаның үшін ақша береді» десем, көздері жайнап кетеді. Қызыға қарайды, таңғалады. Онымен тоқтамай мен: «Баланы көп туған сайын, үсті-үстіне ақша қосылады, көп балалы болсаң үй сыйлауы мүмкін» деп тағы қосам. Қытайларың одан сайын жаутаңдайды. Соңында «еһ» деп бір күрсінеді.
Ал өз еліме келсем, қазақтың санын көбейтпек түгілі, өзім үшін өмір сүрем деп үйленбей жүрген жастарды көремін. «Бір баланы асырасам жетеді, тағы біреуі болса мәшина ала алмаймын, үй ала алмаймын» деп жүргендері де жетерлік. Шетелге шыққанда тек өз ұлтының кемшілігін ғана айтып, барған елінің азаматтарымен тұрмыс құратын қыздар да аз емес. Осындайларды өсімге шектеу қойған шет елде жүрсе де, қазақ ұпайын теңестірген Нәби атамен салыстырамын.
… Қайтып келеміз. Нәби атам берген тақияны телеоператорымыз екеуміз қайта-қайта сипай береміз. Ырымшыл елдің баласы емеспіз бе?
«Айқын» газеті, Дәурен ОМАРОВ, Бейжің – Үрімжі – Майтау – Бейжің


