
Бұрнада айтқам, жазғам, ұлы ұстазым, профессор Бейсенбай Кенжебаев менi он сегiз жасымнан бастап қамқорлығына алған едi, 1962 жылы университеттi тәмамдаған кезiмде, ректордың алдынан өтiп, Оқу министрiне дейiн барып, арнайы бiр орын сұрап алып, аспирантураға түсiрдi. Бекiтiп берген тақырыбы – “Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиет” деп аталатын. Iлкiде ғана әжептәуiр қабiлетi бар бiр аспиранты түбiне жете алмай кеткен екен, ендi сенiмi соншама, бала деп аямастан, менi осы қиынға салды. Амал жоқ, тыпырлауға тура келген.
Алғашқы жылдың басым бөлiгi мiндеттi кандидаттық минимумдар әлегiмен, екiншi жарымы – шар тарапты қарманумен өткен. Келер жылы ең оңай, әрi ең қиын, қайткенде де төте тәсiл тауып едiм. “Сыпыра сүзу” деп атадым. Оның мәнiсi–әуелi Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезеңде Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкентте шыққан, әрқилы мазмұндағы бес жүзден астам кiтапты түгел тексерiп өту. “Қазақ” газетi мен “Айқап” журналы тағы бар. Содан соң, Ғылым Академиясының архивiндегi бiр мың жетi жүз бума қолжазбаны бет, парағымен тегiс, мұқият қарастырып шығу. Тұтас он ай отырдым. Нәтижесiнде, қазақ хандығы дәуiрiндегi ұлы жыраулар мұрасы толық айғақталып, келесi кезегiнде соны сыпатты зерттеу жазылған едi. Ақыры, екi жылдық қаншама машақаттан соң “XV–XVIII ғасырда жасаған қазақ ақын, жыраулары” дейтiн тақырыппен, Бейсекемнiң жебелеуi, сол замандағы алаш азаматтарының қолдауымен жарияға жеткiзiп, сәтiмен қорғадық, тағы бiр абзал ағам Iлияс Есенберлиннiң күш-қуатымен 1968 жылы “Қобыз сарыны”, 1970 жылы “Алдаспан” деген кiтаптар басылып шықты, кейiнiрек “Поэты Казахстана”, “Бес ғасыр жырлайды” атты, ресми тарапта дау-дамайлы, жалпы жұрт таңырқай, сүйiне қабылдаған атпал жинақтарға ұласты. Қазақ руханиятының жаңа дәуiрi. Басқалар жаңылып, өзiмiз де ұмыта бастаған тауарих.
Мұның бәрiн қайыра еске алып отырғаным, сол “сыпыра сүзу” кезiнде мен жартылай мәлiм, көбiне мүлде беймәлiм ақын-жыраулар мұрасымен қатар, өткендегi Ата-қазақтың бар қасиетiн танығандай едiм. Ескiлiкке қатысты қаншама қазына, тың, белгiсiз деректер. Соның бәрiн жүйелеп, кәдеге асыру үшiн бiр кiсiнiң ғұмыры, қажыр-қайраты да жетпес едi. Әйткенмен, бiздiң бүкiл тағдыр жолымызды айқындаған, санамызды ашып, тiлiмiздi жаңғыртқан, таусылмас рухани күш берген –осы ежелгi мұралар болатын.
Әлбетте, соңғы бiр ғасыр бойы, жүздеген кiсiнiң қолынан шыққан, санқилы қағазға әрқилы қаламмен жазылған мың сан парақты ақтарыстап отырғанда небiр ғаламат, ғажайып деректер мен мағлұмат, хикаялар алдыңнан шығады. Қимайсың, амал не, бәрiн бiрдей тiркеп, көшiрiп, таңбалай бастасаң, бастан кешкен әсер бойынша, арада он жыл өткен соң жазылған “Архив хикаясы” дейтiн әңгiменiң кейiпкерi сияқты елес соңында кетер едiң. Десе де, кейбiр соны, тың деректерге айрықша назар аударуға тура келетiн. Осы қатарда, менiң ескiлiктi қағаздарым арасында ұлы күйшi Құрманғазыға қатысты бiр мағлұмат сақталып қалған екен. Он үш томдық шығармалар жинағын дайындау үстiнде, 2001 жылы алдымнан шықты. “Қобыз сарыны” мен “Алдаспанға” қатысты көп жазбаның iшiнде кетiптi. Әрине, барлық уақытта есiмде, бiрақ әуелден қол тимедi, кейiнде адасып қалған едiм. Мiне сәт, ендi жарыққа шығарам деп ойладым. Көптомдық жинақ дайындау – шым-шытырық, бей-берекет жұмыс, қаншама кiтап, қолжазбаны төңкерiп отырып, Құрекеме қатысты, әбден сарғайған жарты жапырақ қағаздан тағы да айырылып қалдым. Ақыры осы 2014 жылы, ұзақ үзiлiстен соң елге барып, онсыз да реттеулi тұрған архивiмдi тағы бiр жөнге келтiру кезiнде, осымен үшiншi мәрте ұшырасып едi. Алғаш көзiме түскеннен соң қанша заманнан кейiн, атамның аруағынан кешу сұрай отырып, жарияға ұсынбақпын.
Алаштың ежелгi мұрасын кейiнге жеткiзген данышпан шалдар болған. Соның бiрi – бөкейлiк Темiрғали Күнтуғанов деген ақсақал екен. Мен Қазтуғанға, басқа да қадым жырауларға қатысты бiраз деректi осы Темкең дегдардан алмасқан едiм. Құрманғазы да сол қатарда.
1881 жыл екен. Бiздiң үйге әкеме дос-жар Пәленшекең (нақты аты есiмде қалмапты – М.М.) келдi. Қасында Жалды Құрманғазы бар екен дейдi. Сый-сияпатты қонақасыдан соң, Құрманғазы төкпелеп күй тартады. Әрбiр күйдi шертiп бiтер соңғы сәтiнде қолын қатты сiлтей соғып, “һай!”– деп дауыстайды екен. Осыдан соң Құрекең ән салды дейдi. Тәрiзi, жақсы әуезi де болған сияқты. Мен жоғарыдағы сөздердi бұдан елу жыл бұрынғы есте қалғаным бойынша айтып отырмын. Қатесi жоқ. Ал төмендегi екi ауыз сөз – Темiрғали ақсақалдың қолжазбасынан тiкелей көшiрiп алынған екен. Құрманғазының нақпа-нақ суретi. Былай дептi. Күй – Баба:
“Ат жақты, үлкен мұртты, қасы өте қалың, арықшалау, қапсағай сары түстi қарт екен. Ақ сақалы бар һәм ұзын емес”.
Бiрiншi жақтан айтылған, өте құнды дерек. Бүгiнгi, әрқилы сыпаттағы суреттердiң бәрi – қиялдан туған, шартты рәсiмдер. Атамыздың қасы қою, мұрты қалың, келтелеу ақ сақалды, денесi сыптығырдай, қимылы шалт, сезiмтал, қызу қанды, ақсары кiсi екен. Оған қоса, халық берген және бекiген есiмi – Жалды Құрманғазы. Мен бұл үстеме айғақ атауды бұдан басқа жерден де ұшыратқан сияқтымын. Орысша фамилияға құмар заманда анықтама есiмi тәрiк қалып, Құрекең – Сағырбаев болып кеттi. Қазақ өнерiнде тағы бiр Құрманғазы бардай-ақ. Ал Абай Ибраһим Құнанбаев та емес, Абай Құнанбаев болып шықты. Кенесары хан – паспорт бойынша Қасымов екен. Сондай-ақ, Махамбет Өтемiсов, Шортанбай Қанаев, Дулат Бабатаев дегендер де бар. Кейiнгi бiлгiштер Үйсiн Төле бидi – тарихта таңбаланған құрметтi, мерейлi Үйсiн есiмiнен алыстатып, Әз-Төле деп жазатын болды, мұндағы және арыдағы Әз-Жәнiбек, Әз-Тәукенiң анықтауыш есiмi “Әз”–әзиз, ғазиз емес, “Ғази” – сырт дұшпандарға қарсы күрескер деген атақ, ал Төле би ешқашан қол бастамаған. Ретiне қарай айтылып қалды. Бiздiң бұл арада назар аударып отырғанымыз – Құрманғазы күйшiнiң халқы берген “Жалды” мәртебесi – Жалды Құрманғазы. Бұл – арқасы түктi, жауырынында жалы бар деген сөз емес. Қайсар, қайтпас, өркеуде деген сөз. Жалды Құрманғазы! Атамыздың үздiк өнерiне сай өзгеше мiнезi де болған. Сол дарын мен мiнездiң құрыш құймасы ретiнде қазақтың мәңгiлiк қазынасына қосылған ғажайып күйлер туды.
Мұхтар МАҒАУИН
Карловы Вары,
16.10.2014 жыл.
zhasalash.kz


