
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреатыОразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».[1] Азан шақырып қойылған аты — Мұхаммедқали.[2]Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады(«Неңді сенің аңсаймын,бала шағым?»). Мұқағалидің әкесі 1941ж Калиниград майданында қаза табады.
Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж.) аттыпрозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің“Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды.
Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971)], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976)] жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет


