Ақпанның 11 күні Сүлейман Демирел Университетінде халық арасында есімі кеңінен танылған кәсіби журналист, «Шынның жүзі» бағдарламасының портретіне айналған Қасым Аманжол филология факультетінің студенттерімен жүздесті. Тілшілердің жаңа буыны журналистиканың жілік майын сіңірген маманның көңілінен шыға қоймағанын да кездесуден кейінгі берген сұхбатында айтып қалды.
Күллі әлемнің назарын өзіне қаратқан Украина шығысындағы майданда болып, сұрапыл соғыстың суық ызғарын сезініп, атамекенге аман оралған Қасым Аманжол СДУ Журналистика кафедрасының арнайы шақыртуымен көгілдір шаңырағымыздың қонағы болып қайтты.
Жүздесуге тек жас журналистер ғана емес, сонымен қатар, филология мамандығының тәлім алушылары қатысып, оқытушы-профессорлық құрамның да өкілдері дәріс залынан табылды.
Негізінен, жиын сұрақ-жауап ретінде өтті. Көкейді паналаған сұрақтардың басым көпшілігі Украина мәселесінің төңірегінен туындап жатты. Студенттердің белсенділігі, көкейтесті сауалдарына мардымды жауап алу үшін көтерілген қолдар алғашқы жарты сағатта жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай көп болғанымен, уақыт тақай келе саябырлап кетті. Дегенмен, журналистер Қасым Аманжолдың соңғы кездері оппозициялық бағыттан қаншалықты алыстағанын да сұрап үлгерді.
Заманауи БАҚ-на қандай өзгерістер енгізілу керек, тілшілердің тірліктерінен қандай өрескел қателіктер кетіп жатыр, қоғамдағы төртінші билік өкілдері деген лауазымға лайық болу үшін журналистикаға не жетіспейді деген сияқты әр ұлт перзентінің кеудесін паналаған сауалдарға білікті маманнан салихалы жауаптар алында. Сонымен қатар, ел аузынан түспей, халық алдында жүрген журналист кездесуге келсе, бірден бір қойылатын «Қазақстанда сөз бостандығы бар ма?» деген типтегі тізесі шыққан «дәстүрлі» сұрақ та сұралды.
Сан алуан сауалдарға қайтарлыған жауаптардың арасынан аға буынның беделді ¬журналисі жүрек түкпіріндегі сөздерінің де тиегін ағыта: «Егер уақытты қайтып өзгерту мүмкін болса, журналистика мамандығын таңдамас едім…»-, деп бір ақтарылды.

Филологтар мен журналистер арасында күні бүгінге дейін түйіні шешілмей, қызу талқыланып келе жатқан «Журналистке кітап оқу қаншалықты қажет әлде ақпаратты жақсы меңгеріп, жылдам жеткізсе болғаны ма?» деген сұрақ та осы жиын барысында кездесті. Қасым Аманжол: «Кітап оқу – ең бірінші қажеттілік» деп үн қатуымен осы шиеленістің шешімін айтқан болуы керек, отырған қауым зор қошеметке бөледі.
Қарбалысты күнінің бірер сағат уақытын студенттерге арнаған Қасым Аманжолмен болған жүздесудің соңы қазақы қонақжайлығымызбен жалғасты: университет атынан естелік тартылды.
sdumedia.kz





