Моңғолия қазақтарының жазба әдебиеті,соның ішінде поэзияда ғұмыры қысқа болып,кісі қолынан жазым болған,арманға айналған ақын қыз Гүлдәри Зейнешқызынан кейін өлең өлкесінде біраз уақыт тоқырау орын алған екен.Айтысқа келген айтыскер,ақын апаларымыздың жолы да,жобасы да бір бөлек қой?!
(Ол кісілер туралы тағы бірде әңгіме өрбітетін боламыз…)
Жыры да,сыры да өзгеше,өжет қыздың тағдыры жарқ етіп ғайып болған жай отындай әсер қалдырғаны анық.1990-жылдарға қарай бұйығы табиғаты бар Алтай қазақтарының қыздар поэзиясында бір бұлқыныс пайда болды.Аймақтық 1-10жылдық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлияш Шолтайқызының жетекшілігінде оқыған оқушы менің әдебиетке,поэзияға деген құштарлығым оянды.Он үш жасымнан өлең жаза бастадым.Күлияш апайдан дәріс алған мектебіміздегі әр баланың әдебиетке қызығушылығы артық болатын десем қателескенім емес.Бізден үш-төрт сынып жоғары оқыған Есенгүл Кәпқызы да осы Күкеңнің сүйікті шәкірттерінің бірі болатын.Күлияш мұғалімнің қолдауымен мектепте әдебиет үйірмесін ашып,апта сайын бір-екі сағат өлең жазатын,жазғысы келетін оқушыларды жинап,әңгіме дүкен құрып жүрдік.Ақын,журналист ағамыз Дағжан Белдеубайұлымен бірлесіп «Балдәурен»балалар газетін шығарып тұрдық.»Жауқазын» балалар хабарында өлеңдерімізді оқып тұрдық.Соның нәтижесінде,бір күні біздің сыныпқа Бұғытыда оқып жүрген ,өлеңге,өнерге үйір Ақсұңқарды ертіп,Ақынбаба мұғалім келді.Алды-артына Күкеңді қаратқан жоқ,»мына қыз саған аманат,тек ғана Бақытгүл Баймолдақызының қасына отырғыз!»деді де шығып кетті.Менің қасымда танымал суретші Капитан марқұмның қызы Сахи отырушы еді.Сахи Тауқызы Сәуленің қасына барды.Ақсұңқар екеуіміз бірге отырдық.Біздің болашаққа деген көзқарасымыз екітүрлі болғанымен,өлеңге,өнерге деген ықыласымыз ұқсас болғанына дауым жоқ.Осынау бір қиялға бөккен,қияға көз салған кезімізде ҚазМудің журфагін оқып ,бітіріп келген Ерболат Баятұлы ағамыздың да бізге берген тәлім-тәрбиесі мол болды.Ол кісі Өлгий қаласындағы орта мектептерден өлең жазатын ,шығармашылық қабілеті бар оқушыларды жинап,әр аптада әдебиет үйірмесін жүргізіп тұрды.Бұл үйірмеге Есенгүл Кәпқызы,Еркежан Файзоллақызы,Жәрдемгүл Қатпақызы,Жайнагүл Тоқтамұратқызы,Ақсұңқар Ақынбабақызы тағы біраз оқушылар қатынасып тұрдық.Аллаға тәубашылық,бүгінде қай-қайсысы да құр жаяу қалды деп айта алмаймын.Есенгүл Кәпқызы қазақ тіліндегі тұңғыш интернет-газеті «Тарланға» басшылық еткен ол бүгінде «Түркістан» газетінің журналистер тобын басқарып, «Мінбер» интернет-порталына жетекшілік етеді. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі. Сулейман Демирель университетінің Филология және педагогика ғылымдары факультеті «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі.
2011 жылы «Нұр Отан» партиясының жыл сайынғы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері.Ақсұңқар Ақынбабақызы «Дарын»мемлекеттік сыйлығының иегері,ақын,қаламы уытты журналист.Ал,Еркежан,Жәрдемгүлдер елде ұстаздық қызметтерін абыройлы атқарып жүр.Жайнагүл ешкімге тәуелсіз жеке кәсіпкер.
Өлеңге адалдық осы ақын замандастарымның қай-қайсысының да жүрегінен табылатынына сенемін.Кейін келе саябырсып,жазбай кеткендерін де мен өзімше ақтап аламын.Өйткені,өмір деген тіршілік майданы.Сол майданда жеңу,жеңіліс табу сенің ақын болғаныңа байланысты емес.Ақындықты тағдыр десек,тағдырлы адам ғана ақын бола алатынына көзім жетіп келеді.Балалық арманмен алысқа ақын көзімен қараға менің аяулы тағдырластарым! Мен сендерді ұмытқам жоқ,ұмыта алмаймын да…
Ғұмыр жастарың ұзақ болсыншы!
Бізден кейін Алтыншапақ Қаутайқызы мен Айжан Тәббәракқызы деген сіңілілеріміз өлең өлкесіне қадам басты.
Қаламдарың мұқалмасын,айналайындар!






