Кенжебай Ахметов
Жәнібек – Ер Жәнібек – Би Жәнібек
Қаратаудың басынан көш келеді…
…Қайран ел жансауғалай көшкен еді…
«Елім-айлап» аһ ұрды арыстары,
«Елім-айлап» өксіді өскелеңі.
Үдере шұбыруда үркін елі,
Жүректе – кек, көзде жас іркіледі…
…Ақ бота ақ уыздан дәмеленіп,
Желінін өлі інгеннің түртінеді…
Сағым көшкен сары бел жауда қалып,
Басынан қазақтың бақ ауғаны анық…
…Құлынынан айрылған күрең бие
Кісінейді үрпінен саумал ағып…
«Жау ізінен ұшырып шаңды аспанға,
Жүгінер күн туар ма алдаспанға!?» –
Кек кернеді кеудесін кекілді ұлдың,
Жанарын жас аралас қан басқанда.
«Қол салса да жағаға жау жініккен,
Арыла алмай қойдық-ау дау, бүліктен!..» –
Шамырқанған шоралар шара таппай,
Шорағайдай шоршыды ауға іліккен.
«Жолда өлсем, қарға-құзғын басына ма,
Жоқ, әлде жүзімді жұрт жасыра ма?!.» –
Шетінде шерлі көштің шайқалады
Жалғызынан айрылған басыр ана.
«Қазаққа, беу, қайырлы таң ата ма?!
Құдайым, қас дұшпанға талата ма?!
Ит-құстан қысы-жазы қорып келген
Ақ-адал мал айналды-ау алапаға!..» –
Сүрінген қарияның ақ сақалын
Аямай, жақты батпақ қақ, саталын.
Бейбақ қарт кемсеңдейді: «Жаным құрбан,
Қайран ел, күнің туып, атса таңың!..»
Қайран ел, адасқандай қараңғыда,
Аңдамай алдан шығар аранды да,
Көндің-ау Хақтан ғана медет тілеп…
Төнді жау, елдің күнін қараң қыла…
Жол бастар батыр, бағлан, озан Ерден
Үмітті Ел кегі де қоза берген…
«Елім-ай!» – деп жарқ етті алдаспан – жыр,
Алдаспанды суырған – Қожаберген.
«Қаратаудың басынан көш келеді…»
Елең етті қазақтың көшкен елі.
«Елім-ай!» – деп ұмтылды арыстары,
«Елім-ай!» – деп бұлқынды өскелеңі.
Жүректіні жүгінткен, жасық еткен,
Білектіні бүгілткен қасіреттен
Алып шыққан «Елім-ай!» – сөз басы емес,
«Елім-ай!» – Қазақтың көз жасы кепкен…
Жүргенде буырқанып жаны кекпен,
Күткендей Ер мінезін Жәнібектен,
Жүрегінде найзағай атойлатып,
«Елім-ай!» өр намысын жалын еткен.
Көргендей кеудедегі жанын да артық,
Жас жүрек өртенсе де жалын қарпып,
Қазыбек нағашысы түс бермейді:
«Мінер сәт туған жоқ ат жалын тартып…»
«Жан пида етіп жатқанда Далаға арыс,
Қандай қазақ шайқастан қалады алыс?!.» –
Жанын қояр жер таппай булығады
Жаужүрек ұл Жәнібек – Бала барыс.
«Шіркін-ай!..» – деп ет-жүрек езіледі,
Құлазып, қу жаннан да безінеді.
«Байланып жүрмін-ау!..» – деп жұлқынса да,
Айналып, тығырыққа кезігеді.
Тығырық – ақтай білу Дала сынын,
Тығырық – ақ батасы нағашының…
Тығырық Жәнібектің жанын жеген –
Салмағы нағашының бағасының…
Тағы да келді алдына Қазыбектің,
Сөйледі:
– Арманды ұзақ азық еттім…
Жетеді! Енді жауға аттанайын,
Көксеп тұр қылышымның жазылы екпін!
Жау жетсе де, «жаспыз» деп жатамыз ба?
Жазмыштың бұйырғанын татамыз да!
Талай-бақ не тартса да, тартынбаймын,
Қарайлап жүрмін, ата, батаңызға!..
Ойландырды бұл тілек Дала биін,
Көңілінде ұйытқуда алақұйын…
Сезінеді кектенген бала күйін…
Кернеп бара жатқандай алаң үйін…
Саңқ етті кенет дауысы Қазыбектің:
– Қарағым!.. Елді Темірқазық еткін!..
Қалайша жолыңды енді бөгей алам,
Көксесе қылышыңның жазылы екпін?!
Жолыңды Алла оңғарсын жортқанда,
Қолыңды соз қыспақта торыққанға!
«Жан – Ардың садағасы», соны ұмытпа,
Ет үйретпе ешқашан жорық, қанға!
– «Садаға, – деп, – сен үшін жаным, Елім!» –
Жаралған ұл емес пе Жәнібегің…
Нағашы, тәліміңді тұмар етем,
Тойымды да тойлайсың әлі менің!..
Тамырымда батаңнан айналды ағын,
Абызым-ай, көңілге қайғы алмағын!..
Алаң көңіл сейілер, көзің көрер
Көкөрімің көкжалға айналғанын!
– Жолыңды ашсын Көктегі лағыл – ай, күн!
Тілеуінен Еліңнің тағын айбын!
Ал, балам, атыңа қон, аттан жауға!
Қолына қосыл сұлтан Абылайдың!
Жас батыр жайраң қаға жайтаңдады,
Көмейдегі сөзін де айта алмады.
Балдағын қылышының сипап өтіп,
Беттеді көк дөненге қайқаңдағы…
* * *
Шығыстан сібірледі күн алаңдап…
Шошынса, бұлт астына бұға қалмақ…
Көктегі күннің өзін тіксіндіріп,
Қозғалды құба жоннан құба қалмақ.
Қою шаң қол соңында шұбалаңдап,
Шуылдаса құлдады құба қалмақ.
Шыққандай-ақ сейілдеп оралуға,
Келе жатқан жоңғар жоқ тым алаңдап.
Сенімді қарсы қайрат болмасына,
Не жерін келеді ойлап жолда асына.
Ыңырси ыңылдайды әлденені
Өзіне өзі тәнті қолбасы да.
Қос батыр оң-солында қолбасының,
Қадайды ашкөздене жолға сұғын.
Бір мезет бірі оқыс секемденіп,
Жылт етті жанарында болмашы мұң…
Көшпелі ел қанық жаудың жосығына,
Сақ тұрар шапқыншының тосынына.
Қалмақтың қам қылғанын бағып жүрген
Абылайдың сай еді қосыны да.
Кегі кеткен дұшпаны «ақтабанда»
Тағы да ел шетінен аттағанда,
Қаһарлы қазақ қолы күтіп тұрды
Жол баққан жолбарыстай шатқалаңда.
Тоқтады жоңғар қолы бетпе-бет кеп,
Шой қалмақ шықты алғы шепке беттеп,
Найзасын білей ұстап, қойқаңдады:
«Ей, қазақ! Қайсың барсың? Жекпе-жек!» – деп.
Абылай үлгермеді белгі беріп
Батырларға белгілі, белді, берік,
Өршелене ұмтылды өндір жігіт,
«Өз қолымда, – дегендей, – ендігі ерік!»
Алаңы Абылайдың ұрды бетке:
«Жекпе-жекте кім сенбек құр білекке!?
Әттең-ай, мерт болар ма қапы кетіп,
Жанбай жатып сөнер ме нұр жүректе?!.
Әй, бірақ кекті уыт құйылғанда,
Көне ме албырт жүрек бұйырғанға!?
Өзім де «Абылайлап» жауға шауып,
Атағым аспап па еді жиырмамда?!» –
Сұлтанның көңілінен озды алаңы,
Күбір етті: «Қолда, аллам, бозбаланы!..»
Ортаға одыраңдап тұрып алған
Кекір мінез қалмаққа көз қадады.
Шой қалмақ шомбал тастан соғылғандай,
Найқалып тұр белінен қолын да алмай.
Жас жігітті көргенде кеңк-кеңк күлді,
Ләззатына жеңістің шомылғандай.
Үлгермеді алайда кірпік қағып…
Жеткен бойда ат басын іркіп қалып,
Ер қазақ қылышынан жай ойнатты…
Бас жатты, көзінен қос бүртік тамып…
Бәрі де болып өтті қас-қағымда:
Көрді жұрт шой қалмақтың тасқанын да,
Көрді жұрт жасын атқан жас батырды,
Қалмақтың қайғы үйірген аспанында.
Қалмақтың қан жамылған сәйгүлігі
Шошына кісінеді, қайғылы үні…
Жануар сезген шығар мәңгі өшкенін
Талайларды тарпыған әйгі күні…
«Ақсарбас! Жолымызды оңғарды алла!..
Зар күйін тартқызармыз жоңғарларға!..» –
Желпінді қазақ қолы гуілдесіп,
Абылай ажарлана, қомданды алға.
Үн шықты жоңғар жақтан гүрілдеген:
«Ей, бала, асқақтамай, бұрыл!» – деген.
Жәнібек жалт қайрыла қарағанда,
Қалмақты көрді бұрқап, дірілдеген.
Бақсыдай жынын бүрке бұрқыраған
Қалмақтың ұйығандай ұртына қан.
Езуінен қан аға, елеуреді:
«Қаныңды ішем!.. Саламын жұртыңа лаң!»
Ақкөздене, ақырды ақиланып:
«Жөнелерсің жаныңды бақиға алып!..»
Жәнібек те қалмады қарымтасыз:
«Күшенуің күшіңе тати ма анық?!.»
Қос тарлан тұрмады ұзақ қақтығысып,
«Тарт!» – деді, тақымдарын қатты қысып.
Қос күлік қу жебедей қарсы атылды,
Бір-біріне жетті қос аттылы ұшып…
«Қай қару?..» –
Таңдауды да тез өткерді,
Қылышқа қылшылдаған кезек берді.
Шартпа-шұрт қайқы қылыш қаржасқанда,
Мінген ат тұра алмады тежеп терді.
Қалмақтың сезілді әбжіл әккілігі,
Байқалды қарымының қаттылығы,
Даланың ол да дегдар тарпаңы ғой,
Жоқ екен жекпе-жекке жат қылығы.
Кектенгендей кең дүние – ғаламға анық,
Жарқылдайды кылышы жалаң қағып.
Қайқы ажал қайырымға келмесі хақ,
Қалса егер босаңсуың сәл аңдалып.
«Қасарып дүлей күшке, ұшынбалық,
Мынаны жеңу қиын қысымға алып!..» –
Жәнібек айла жасай, босаңсыды,
Жауының аңғырттанар тұсын бағып.
Қылыштың көзге тиген жалтылынан
Жалт берді қалмақ… Сол сәт алқымынан
Сыр етті Жәнібектің алдаспаны…
Жоңғардың көз ұшында қалқыды маң…
Қалмақтар енді шыдап тұра алмады,
Ұмтылды қиқу сала, ұрандады.
Жіберді ат тізгінін ірікпестен,
Атойлап қазақтар да қыраңдағы.
Маң Далам кетті айналып қанды алаңға,
Қанжоса болды шалғын, шаң да, адам да…
Дүние ішін тартып, тына қалды,
Қиянға безе қашты аңғал аң да…
Көкейін көптен тесіп сайын Дала,
Жеткен қалмақ қапысыз дайындала,
Қусыра қыспаққа алып қазақ қолын,
Қаумалады жоюға қайылдана.
Бір-біріне қанжардай қадалысып,
Қазақ, қалмақ жан берді, жан алысып,
Жанкешті ерлер жалындай шарпысқанда,
Қуырылып құм, өртенді самал, ысып.
Ортада Абылай жүр бұзып, жарып,
Ол жеткен тұс кетеді қызып, жанып.
Қол бастаған қалмақ та оны көрді,
Көкейінде пиғылы бұзылды анық.
Суырып сұр жебені қылшанынан,
Уаз кеше, күйге түсті бір шадыман.
Қайқая, кере тартты адырнаны,
Қараулық шықты жарып құрсағынан…
«Түсе алар енді бұған араша кім?!. –
Қалмақ мәз, – Орайы оңай қарашаның!..»
Қарғыды Абылайдың аты ышқына,
Сұр жебе жаралапты қара санын.
Сейілгендей мазалап келген күдік,
Қалмақтың көңілінде желденді үміт,
Қара саннан қан кетіп, қалжырады
Күлігі Абылайдың келген мініп…
Жәнібек жүрген еді сол қанатта,
Тәнті еді Көк дөнендей қолғанатқа.
Қалайша тәнті болмас, тақымда ойнап,
Жанталаста жансерік болған атқа!
Кенеттен жаңғырды үні Қазыбектің:
«Келе ме сұлтаныңды жазым еткің!?
Ел – түгел, ханың аман тұрса, Жерді
Айта алар иесіз жұрт, жазы деп кім?!
Жолыңды Алла оңғарсын жортқанда,
Қолыңды соз қыспақта торыққанға!
«Жан – Ардың садағасы», соны ұмытпа,
Ар сыналса, жаныңды қорып қалма!»
Тылсым сыр тұндырғандай әр деміне,
Үн тынды: «Болсын алла жар!» – деді де…
Даусы боп дана бидің алаңдатқан,
Не дерсің Құдіреттің пәрменіне?!
Жәнібек әлденеден секем алып,
Бұрылды, жанары жалт ете қалып.
Көргені – жан-жағынан қалмақ қамап,
Абылай тұр арбасып, жеке қалып…
Сұлтанға күн туғанын анық аңдай,
Жәнібек қаһарланды қабыландай.
Ұмтылды ытырыла Көк дөнен де,
Ниетін иесінің танығандай.
Ұясына айналған жаны кектің
Жігіттер соңына ерді Жәнібектің.
Абылайды қалқалай тұра қалды
Қалмақты жарып өткен қалың екпін.
Кеткенде қолда тұрған сәт ығысып,
Қалмақтар қалды абдырап, қапылысып,
Қопаңдап қолбасы да ұшып-қонды,
Шоқ түсіп шоршытқандай, тақымы ысып.
«Жан – Ардың садағасы» – жол!» дегендей,
Жәнібек Көк дөненін көлденеңдей,
Секіріп түсті де ерден, басын иді:
«Ат ауыстыр, сұлтаным, бол!» – дегендей.
Абылай сәл үзеңгі шіреді де,
Көз салды жас жігіттің реңіне.
Алғаусыз ақ пейілін аңдағанда,
Шым етті шарболаттай жүрегі де.
Сөйледі шамырқана, қаны ысына:
– Разымын жеткеніңе жанұшыра!
Жауға жаяу қалдырып, атыңды алып,
Бірақ таңба баса алман намысыма!
Ажалдың үйірілсе табы маған,
Жазудан жалтармай-ақ, қабыл алам!
«Елім!» деп шәһит кешсем, арманым не?!.
Өкініп, болмайды ғой жаным алаң!..
– Абылай сұлтан – жалғыз, қараша көп…
Ер – шәһит, құрбандыққа жараса дөп!..
Қылтадан баққан ата жауың анау,
Жол қайсы жаудан қағар араша боп?!.
Жол – жалғыз, қол бастауы Абылайдың!
Сұлтаным, мына ерлерге жаның – айбын!
Сен өлсең, айбарынан ажырайды Ел,
Сөнгені сол болмай ма шағырай күн?!. –
Аңғарта ойы жоғын созбақ әрі,
Жәнібек тайсалмастан көз қадады.
Сезілді Абылайға отты жанар
Аманаттап тұрғандай боз Даланы.
Уәлі сөз иліктіріп ымыраға,
Жаралы жолбарыстай ыңырана,
Абылай Көк дөненге қонған сәтте,
Қазақтар дүр сілкінді, дүбір ала.
Қазақтар дүр сілкінді «Абылайлап!»,
Ұмтылды атой сала, қаны қайнап.
Жау қашты жанұшыра, қуды қазақ,
Жүргендей иен түзде табын айдап.
Серпіліп көңілінен қайғы-мұңы,
Қазақтың дүбір салды сәйгүлігі.
Орына өзі қазған өзі құлап,
Қалмақтың төбесінде қайғы ұлыды!..
* * *
Жоңғарлар шырмалған соң қайғы ауына,
Оралған Жәнібек те жайлауына.
Қалайды оңашаны қам көңілі,
Жете алмай қалың ойдың байлауына.
Бейілсіз сейілге де, сайранға да,
Күлмейді қабақ ашып, жайраң қаға.
Балайтын Жәнібекті хас батырға
Қарайды құрбы-құрдас қайран қала.
Жауапсыз жалғыз сауал – «Неге?!. Неге?!.» –
Санаға бекігендей шегелене.
Сан тарапқа тартатын сол бір сауал
Сарыуайым боп кетердей келе-келе.
«Жау қашып, желпінгенде ел мерейлене,
Ту ұстап шыға алмады Керей неге?!.
Бір байрақтың астында тұра алмадық,
Бірімізді біріміз демей неге?!.
Керейдің өзінде емес жері неге?!.
Көрінбейді жол бастар Ері неге?!.
Өр Алтайды аңсаумен аһ ұратын
Абақтың тарқамайды шері неге?!.
Неге?!. Неге?!. Не жаздық?!. Неге бұлай?!.
Тілегімді бермейсің неге, құдай?!.»
Сауал осы – құйындай үйіріліп,
Ердің жанын жегідей жеген ұдай!..
…Бүгін де жалғыз өрлеп қыр басына,
Қармалған сансыз сауал шырғасына…
Ауылдан екпіндете шыққан екеу
Ат басын қырға қарай бұрды асыға.
Межесін екі араның шектегелі,
Төменге Жәнібек те беттеп еді.
Таныған жігіттерін Абылайдың,
Бұрын да бұлар келіп кеткен еді.
Айта кеп нағыз Ерге балайтынын,
Жеткізген сәлем сөздің дәл, айқынын –
Қысталаңда қол созған Жәнібекті
Абылайдың көруді қалайтынын.
Жәнібек тұрмай сөзден жел еспелеп,
Шорт кескен: «Не болды ерлік еместі елеп?!
Жолында Абылайдың ат түгілі,
Шыбын жаным садаға емес пе?!» – деп…
Тағы да сол екеуі келе жатыр,
Тағы да «Тайсалма!» деп береді ақыл.
Тағы да айтары анық ашулана:
«Тартына бересің, – деп, – неге, Батыр?»
Бұрын да екі келіп, екі кеткен
Сәлемшілер таяй кеп текірекпен,
Есендік сұрасқан соң кесіп айтты:
«Хан ием таймайды, – деп, – не тілектен!»
Жүзінде Жәнібектің сұс түнерді…
Соны аңдап, үлкені айтты: «Күш-жігерді
Хан ием отырған жоқ саудаға сап,
Көзбе-көз сөйлессем деп үш жіберді».
Жәнібек жанарына жылт иіріп,
Жымиды езуіне күлкі үйіріп,
Шаршаған шапқылаумен шабарманның
Қабағы кеткен екен шын түйіліп.
«Ендігіміз іс болар жатқа лайық,
Сұлтанның сәлемінен аттамайық», –
Деп түйіп, ат тізгінін қақты Батыр:
– Не тұрыс? Ал, жігіттер, аттанайық!
* * *
… Ойнайды көкжиектен сағым ұша…
Күн нұры жанарына шағылыса,
Жәнібек келе жатыр алабұртып,
Шаттанардай бақытын жаны құша…
…Қатулана қалғанда аспан – ағай,
Бұлт бүркене, ойнады баспалап ай.
Ойнақы аймен жарысқан Жәнібек те
Алабұртып келеді жас баладай…
… Бой көрсетті сылаңдай Шолпан көктен,
Жан сергітті саф ауа қолқаңды өпкен.
Келе жатыр Жәнібек алабұртып,
Ойға алғандай шәрбаты мол таңды өткен…
…Шашырай дүниеге Ұлы өрнегі,
Шығыстан шырайлана күн өрледі.
Жәнібек келеді әлі алабұртып…
«Не ойлады? Шіркін-ай, білер ме еді?!.»
* * *
Берді орын Абылай оң тізесінен…
…Қамығып өткенді ойша сүзе, сүлең
Жәнібек отыр, өңі жадырамай,
Кетпейтіндей кер заман сызы есінен.
Абылай кенде етпеді қошаметтен,
Қимыл жоқ артық-ауыс, ошаң еткен.
Жиылған төре, шора, мырзалардың
Бәрі де сөзге құлақ тосады еппен.
Абылай сөз бастады жүзін бұрып:
– Жаныңды тұр ғой қайғы – қыжыл бүріп…
«Қайғыны көп көтерсе, жеңілдейді»,
Ой бөліс, ортаға сал тізілдіріп.
Күттіріп, Жәнібек те сарылтпады,
Зар қағып, бар дүниені тарылтпады.
Еңсесін тік көтере сөйлеп кетті,
Көңілін күпті ойлардан арылтқалы:
– Қаны ойнап алпыс екі тамырдағы,
Жауына шірей тартқан адырнаны,
Ел едік Керей деген керегелі,
Ел едік хан, биіміз қабырғалы.
Өр Алтай әлімсақтан мекені еді,
Сағынатын, ұзаса екі елі елі.
Ен жайлап жүруші еді Абақ-Керей,
Қамсыздық қасіретке жетеледі!..
Сол қамсыздық жатты да жақын етті,
Қамсыздықтан ханымыз қапы кетті!
Керейді кекшіл Шыңғыс кеше алмады,
Қайран ел бастан кешті ақыретті!..
Айрылды ел Алтайынан – қонысынан,
Бұл күнде оңы – қиян, солы – шыған…
Тарыдай шашыраған Керейіме
Өр Алтай көрінер ме жол ұшынан?!. –
Тоқтады Абылайға сынай қарап.
Жұрт үнсіз. Адам түгіл, мұңайды алап…
Қапысыз ұқты Абылай сөз аңғарын,
Танытты бейіл, жылы шырай, қабақ.
– Ерім-ай! Ел екен ғой ойдағы алаң!
Ер болар ма Ел қамын ойламаған!
Жиылсын Өр Алтайға Абақ-Керей,
Сейілсін тауқымет пен ой қамаған!
Жаратқан ниетіңді қабыл алғай!
Ал, Батыр, тілегің бар тағы қандай?
Абзалы арылу ғой Ар алдында,
Жүректе уайымның дағы қалмай…
Жүзінде Жәнібектің шуақ ойнап,
Жүгірді қан тамырын қуа бойлап.
Ойға алды «Сәті туса, болатынын
Дуалы ауыздыға уәлі ой жақ».
Өн бойын кернегендей тасқын, екпін,
Даусы да шықты үніндей тастүлектің:
– Алдияр! «Жиыл!» деген атой сөзің
Алтайға құяр жолын ашты лектің!
Жан-жақтан жұрт жиылса, Ел болмай ма?!
Қорғансыз ел әркімге жем болмай ма?!
Найза ілсе білегіне жігіттері,
Дұшпанға асу бермес бел болмай ма?!.
Абылай киіп кетті:
– Бәлі, – деп, – Ер!
Сарбаздың Сардарымен сәні келер!
Атойлап атқа қонса Абақ-Керей,
Батыры қол бастайтын – Жәнібек Ер!
Гу етті төре, шора:
– Жәнібек Ер!
– Өзі – сардар, өзі – би мәмілегер!
– Ер Жәнібек Керейдің көшін түзсе,
Жау табылмас Абаққа әлі келер!..
– Жә! – деді Абылай сәл шытып қабақ. –
Ерге Ер сеп болмаса, құт ықтамақ…
Айтарың бар сияқты, Жәнібегім,
Ірікпе іштегі ойды тұтып, қамап…
Тілегін бастағанда түптен іле,
Осы еді Жәнібектің күткені де.
Байыппен сабақтады ниетті ойын,
Қамшысын тізесіне бүктеді де:
– Алтайды Абақ-Керей жайлағанда,
Сарбаз жиып, сардарын сайлағанда,
Жауға шауып, атойлап ойнағанда,
Не жаратам найзаға байлағанға?!.
Салтанатын асырар сайранымның,
Жарқылы болар намыс – қайрағымның,
Құдіретін айғақтар айбарымның,
Белгісін айшықтап бер байрағымның! –
Сес қонды Абылайдың кескініне,
Ой бұрды парасаттың есті үніне,
Толғанып, таразылап отырды да,
Жеті өлшеп, бір-ақ рет кесті, міне!
– Елің болсын ақ-адал асы ақталған,
Ерің болсын сарбазы жасақталған!
Туың болсын ақ торғын, сала құлаш,
Алтын, жалқын түстермен шашақталған!
Замананың кезіккен бұрқағына,
Ел шаттансын, көгінен бұлт арыла!
Киесі Ел иесі – Жәнібектің
Дарысын байырқалай ұрпағына!
Әумин!
P.S.
Әумин!
07.07.14. – 18.07.14.



