Қой жылы кірісімен оқырмандарын үш кітабымен қуантқан Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы әрі ақын Жәди Шәкен биылғы жылын жемісті жылға балап отыр.
Бұл күнде Астана шетіндегі Қоянды орта мектебінің директорлық қызметін атқарып отырған қаламгер баспа бетін көрмеген еңбектерінің көбін қой жылында жарыққа шығатынын жеткізді.
«Қой жылына тарту ретінде үш кітабым жарық көріп жатыр. Оның біріншісі – балаларға арналған «Арманшыл бала» кітабым. Өзім мектеп құшағына келіп, тарих пәнін ақтарғаннан кейін, сондай-ақ тарихи тақырыптар төңірегінде жүргізген зерттеулерім негізінде «Тәуелсіздік құндылығы» деген екінші кітапты оқырманға ұсынып отырмын. Ал үшіншісі – әулеттік баян шежіресі ретінде жазылған «Ақылнама» атты кітап. Мектеп өміріне араласқан соң шығармашылықтан бейтарап қалып қойды ма дегенге жауап ретінде осы кітаптар дүниеге келді»,-деген Жәди Шәкен жыл соңына дейін шығатын кітаптарын тізбеледі.
«1930-1940 жылдарды арқау еткен «Қаралы көш» аты романым жарық көрген болса, ендігі кітаптарым да Жоңғар заманының соңғы мезгіліне қатысты тарихи оқиғалар және Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи дерек хикаяттар негізінде дайын тұрған кітаптарым – «Жүрек неге жылайды», «Қайран елім», «Алтай алыптары». Соның ішінде «Қаралы көш» романымен тетелес жазылған «Боз мұнар» атты романым да осы жылы жарық көруі мүмкін. Биылғы жыл өзіме ауыр міндет артып отырған жылым. Жылдың аяғына дейін дайын тұрған еңбектерімнен екі айға бір кітап шығарсам деп жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай да Қазақ хандықтарының зерттелмей жатқан қыр-сыры, олардың оқулықтарда көрініс табуы, бүгінгі ұрпаққа оның керекті тұстары жайында көптеген тақырыпты қаузап жатқан жаймыз бар»,-дейді Ж.Шәкен.
Шеттегі ағайынның отанға оралуы және қоғамда болып жататын әртүрлі мәселелер төңірегінде де белсенді жұмыс атқарып жүрген жазушы өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Этникалық және ішкі көші-қонды реттеу басқармасына мүшелікке қабылданды.Осы жұмыстар аясында өзі басқарып отырған оқу орнындада көптеген жеңілдіктерді жолға қойған Жәди Шәкен ағамыз, мектептің жетістіктерін де қуана жеткізді.
«Целиноград ауданы бойынша 45 мектеп бар. Мен келген кезде бұл мектепте 609 бала болған. Қазір даярлық топтармен қосып есептегенде 1600 бала оқиды. Аудан бойынша 45 мектептің ішіндегі бала саны ең көп үлкен мектепке айналдық. Бұлай болуының бір себебі, өзім келгеннен бері 1000-ға жақын бала осы мектепке кірді. Оның бір бөлімі осындағы мектептің шарт-жағдайы жоқ себепті қалаға қатынап оқып жүргендер болса, бір бөлігі Қоянды ауылына шетелден оралған ағайын-туыстардың балалары. Оқушыларды қабылдауда менің бір ұстанымым болды. Ұлты қазақ болса болғаны, оның қай елден, қай жерден келгеніне қарамастан, ол біліммен қамтылуы керек. Сондықтан біз құжат жүзіндегі көптеген кедергілерді барынша жеңілдетілген түрде қабылдаймыз және қабылданғаннан кейін толықтырып әкелуіне мүмкіндік береміз. Тіпті тек шетелден келген емес, мектепке кіретін ешқандай шарт-жағдайы болмаған, тұрмыс жағдайы ерекше төмен болған ауыл маңындағы 10-ға тарта баланың оқуына мүмкіндік жасадық. Қазір сол шәкірттеріміз өзімізді үлкен жетістіктерімен қуантып жүр. Кейбір оқушыларымыз халықаралық, республикалық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып облысқа даңқ әперді. Спорт саласында да облыс бойынша алдыңғы қатарлардан орын алып келеміз. Қазақ күресінен бас жүлдені бермей келе жатырмыз»,-деді ол.

Бұл мектеп жыл сайынғы Наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Биыл да спорт залында ақ шаңқан үйлер тігіп, көз жауын алар ұлттық киімдерде өнер көрсеткен ұстаздар мен оқушылар Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтті.
baq.kz


