Астанада журналистермен кездескен Денис Тен «ендігі мақсаты – қазақ тілін үйрену» екенін мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Мен қазақ тіліне қатты қызығамын. Сіздер білесіздер ме, жоқ па, білмеймін, бірақ мен қазақ балабақшасына барғанмын. Тіпті, таза қазақша сөйлегенім соншалық, тілдердің айырмашылығын сезбейтінмін. Бірақ, он жасымда мені Мәскеуге алып кетті де бәрі өзгерді… Мен Мәскеуде, әрине, орысша оқыдым. Қазір жадымда тек кейбір ауызекі сөздер ғана сақталған және қазақ тілін көп түсіне бермеймін. Сондықтан, қазіргі деңгейіммен қазақ тілінде сұхбат беріп, баспасөз мәлихаттарын өткізе алмаймын. Бірақ, бұл уақытша ғана», — деді ол.
Денис ендігі зер салып, үйренетін тілі – қазақ тілі болатынын айтты.
«Алдағы уақытта қазақ тілін үйренемін. Тек оған уақытымды дұрыс жоспарлай алсам болғаны. Себебі, қазір жолда көп жүремін және көп уақытым Америкада өтеді. Оның үстіне, қазір Қазақ-Британ техникалық университетінде оқимын, сабақтың бәрі ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан, білім арсеналымды енді қазақ тілімен толықтырғым келеді. Маған жанкүйерлерім қазақша бірдеңе жазса, қатты қуанамын. Себебі, күні кешегіге дейін әлеуметтік желідегі парақшаларымның аудиториясы көбінесе шетелдіктер болды», — дейді Тен.
Сонымен бірге ол өз Отанына яғни Қазақстанға деген махаббаты шексіз және сол сезімін тек қазақ тілінде жеткізгісі келетінін атап өтті.
Қазір менің міндетім – Отаныма қызмет етіп, спорттағы жетістіктерім арқылы Отаныма деген махаббатымды білдіру
«Әлеуметтік желідегі парақшама жазылғандардың барлығы-дерлік ағылшындар болды және мен соған сәйкес ағылшын тілінде жазатынмын. Бірақ, бұл үрдіс өзгеріп келеді. Жанкүйерлерім тіркеліп, маған қазақ тілінде жаза бастады. Сондықтан, ана тілім – қазақ тілін үйренетініме сенімдімін. Қазір менің міндетім – Отаныма қызмет етіп, спорттағы жетістіктерім арқылы Отаныма деген махаббатымды білдіру. Енді Отаныма деген махаббатты халқымыздың тілінде жеткізсем, ата-анам да, мен де қатты қуанар едік», — дейді спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен соңғы бір жарым айдың өзінде үлкен биіктерден көріне білді. Атап айтсақ, ақпан айында Сеул қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль, наурыздың соңғы күндері Шанхайда өткен Әлем чемпионатында қола медаль алды.
BNews.kz


