Baq.kz – Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатының ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қауымдастық ұйымдастырып отырған чемпионаттың ашылу салтанаты үлкен мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастырылып, оған еліміздің лауазымды тұлғалары мен зиялы қауымы қатысты. Ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылып, қазақтың спорт шеберлерінің шеруі өтті.
Қайрат Сатыбалдыұлы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының хатшысы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті:
— Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, көненің көзіндей болған салт дәстүрлеріміздің қайта жанданып жатқаны баршамызға мәлім. Бүгін елімізде тұңғыш рет көкпардан Азия чемпионатының өткелі отырғаны осының айқын дәлелі деп білеміз. Ат құлағында ойнаған ата- бабаларымыздың кез келген ас жиыны мен той думаны аламан бәйгесіз және көкпарсыз өтпегені анық. Жылқы мінезді халқымыздың тұлпар дүбірін естігенде қаны қызбайтыны кемде кем.
Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған чемпионатқа Азияның 8 мемлекетінен көкпаршылар келді. Атап айтқанда, Ауғанстан, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері қатысып, 4 күн бойы өзара бақ сынасады. Ауғанстан мен Түркиядан келген көкпаршылар жергілікті тұлпарларды пайдаланады. Ал, Қырғызстан мен Өзбекстан көкпаршылары өздерінің аттарын алып келді.
Чемпионаттың жүлде қоры да қомақты болып отыр: І орынға 10 000 000 теңге, ІІ орынға 6 000 000 теңге, ІІІ орынға 4 000 000 теңге мен чемпионат кубогы, медальдар тапсырылатын болады.
Азия чемпионаты 2 жылда 1 рет өтетін болады. Чемпионатты 2015 жылы Түркияда өткізу жоспарланған.



