Ақын болдым (болайында демегем)
О, сезімнің дерті күшті не деген.
Күнге емес көлеңкеге қараған,
Менің көңіл терезем.
Ердәулет Мұхаммед
Біз сөз еткелі отырған ақын, Атажұртынан алыс ғұмыр кешіп жатсада, сағыныш сезімдерін жырмен өріп, көгершіннің қанатынан көктемде хат жолдапты. Бұлда болса ақындық болмыспен азаматтыққа тән асыл қасиет. Ақынның басты арманы ойлы оқырманға өз жүрегінің бұлқынысын көрсетіп, жан-дүниесінің ішкі қатпарын ақтару болып отыр.
Ақ қағазға ой маржанын кестелеуден жалықпаған жанның өмірімен шығармашылғына үңілсек. Ердәулет Мұхаммедұлы 1972-жылы қазанда ҚХР-дың Іле облысына қарасты Шапшал ауданы Жиренбұлақ ауылында дүниеге келген. Ананың ақ сүтімен әлдиінен дарыған қасиеттен болса керек, Ердәулет өзге құрбыларынан бөлекше болымысқа ие, алғыр ойлы, жібек мінезді болып ержетіп келе жатқан шағында аяқ астынан 1986-жылы бастауыш сыныпты оқып жүріп менингит ауыруна шалдығып, көп дәрі укол қабылдаудың әсерінен екі құлағы естімей қалғандықтан оқудан біржола қол үзуге тура келеді. Сонымен жанып тұрған жастың жанары жасқа шыланып, өз құрбыларының сабаққа бара жатқанын көргенде беймаза күй кешіп, кеудесіне ащы өксік тығылып талып қалған сәттеріде болады. Күн өте балаң талант иесі әке-шешесінің көмекшісі болып мал соңына шығады. Қаламды қап түбіне тастап, ақ таяқты қолға алып қой соңына түсуге мәжбүр болған. Ақын «Үй» туралы шығармасында;
Асып тудым анамнан, тасып өлем,
Әуре болар жан емен басыменен.
Аңғай-даңғай осы үйде қанша түндер,
Туды менің жанымнан асыл өлең.
Міне сыршыл сезім иесінің жан-айғайы жоғардағы жыр жолдарында менмұндалайды.
Ойына қуат, бойына шуақты ауылдағы бірер жарым кітап жиғыш азаматтармен, аудан кітапханаларынан табылған газет-журналдардан алса керек. Сөзімізге дәлел мына жолға қараңыз;
Ай мұңайған туған дала түнгі әппақ,
Ей, жұлдыздар жан сырымды тыңдап бақ.
Алыс қалған менің бала күнімді,
Алып кепті ол, жүрегіне құндақтап.
Себебі «Ақынға мектеппен мамандық иесі болу міндет емес.» Осындай бір нәзік жүректі жан иесі, Егемен Атажұртының барлығына, өзі жетпеседе сөзі жеткеніне дән риза. Бұл барша жұртқа жолдаған ақ сәлемі!
Кезіккенде
Сен маған қолыңды бер кезіккенде,
Лап етіп бойдағы бар сезіктерге.
Саусағыңнан таралған ыстық ағын,
Жөнелсін жан-жүйемді кезіп демде.
Сығымдап сенің жұмсақ қолдарыңды,
Білдірейін жанғаным, тоңғанымды.
Алақанның тілімен сыбырлайын,
Сағыныштан есалаң болғанымды.
Сен маған тіл қатпасаң тіл қатпағын,
Ішіңде зарығумен мұң жатқанын.
Жалғыздықтың жаныңды сыздатқанын,
Сендағы саусағыңнан тыңдат жаным.
Айтар сырым азба еді, аңсағаным,
Жеткізе алмай жырменде шаршағамын.
Кездесудің қас-қағым орайында,
Оны қалай тілменен тауса аламын.
Дос келді
Біздің үйге Жетпіс келді,
Дос келді.
Уақытты өткізбелік босқа енді.
Қантамырдай қасиетті ұлы ағын,
Жалғап кетті шалғай жатқан «Қос белді»
Біздің үйге Жетпіс келді, жыр келді,
Әңгімеде, ән мен жырда мұнда енді.
Айлы түнде қақсын алтын қанатын,
Айгүл анау көтер енді, іргеңді.
Бала кезден бірге өскен ек екеуіміз,
Бір тайншаға мінгескен ек екеуіміз.
Жылдар бетке салсада әжім –шимайын,
Сол күндерді жоғалтпаған екенбіз.
Ай мұңайған туған дала түнгі әппақ,
Ей, жұлдыздар жан сырымды тыңдап бақ.
Алыс қалған менің бала күнімді,
Алып кепті ол, жүрегіне құндақтап.
Үй
Қашан келсең ашық тұр көңіл есік,
Жақсы келдің ағайын төріме шық.
Мына жұтаң үй үшін менен бұрын,
Сен ұялып тұрғандай көрінсің…
Оның рас жат көрсе таңғалғандай,
Көңілімдей үйімде аңғай-даңғай.
Көрген адам жайымды түсінгендей,
Және осы үйден жайымды аңғарғандай.
Кілем кілше, жоқ бізде жасау деген.
Мал, жан дейтін тып-тыныш бас әуреден.
Мен отау боп шыққалы жасап келем,
«Жоқтық» дейтін алысып бас әуремен.
Түсінбеймін өмірім не себепті,
Мені сараң тағдырға жетелетті.
Бар байлығым төрімде жатыр әне-
Қырық жылғы анамның текеметі.
«Енші» түгіл әкеден бата алмадым,
Білсемде алда машақат сапар барын.
« Бүтін басқа бір бөрік табылар» -деп,
Сұраған жоқ, жарымда жасауларын.
Тағатындай хақым жоқ ғасырға мін,
«Жаман үйде» жалын боп, тасыр дарын.
Ең қымбатты байлығым екі балам,
Бірге тартқан азапты асыл жарым.
Мен солармен бай болып көрінемде,
Үйден шықсам ұқсаймын серілерге.
Кеп тұрады, аңқылдап адал достар,
Қаратпайтын ешқашан мені жерге.
Асып тудым анамнан, тасып өлем,
Әуре болар жан емен басыменен.
Аңғай-даңғай осы үйде қанша түндер,
Туды менің жанымнан асыл өлең.
Оралу
Келемін көш жолында,
Аралап балашығын.
Жүгім бар қос қолымда,
Жас толы қарашығым.
Оралмас күндеріме,
Шұғыла көктемім-ай.
Сені аңсап жүргенімде,
Жаз өтіп кеткенін-ай.
Дән алып дала гүлі,
Балауса-қурай болған.
Елестеп балалығым,
Кеудемде тулайды арман.
Түседі дертім ішке,
Аңқыса аршалары.
Арман ба?
Өкініш пе?
Жүрегім ән салады.
Бұзылар көңіл және,
Сағыныш мұң қаптаған.
Кигіз үй көрінді әне,
Түтіні будақтаған.
Жазылар жара сойғақ,
Несіне түңілермін.
Жүгірді алақайлап,
Жиенім …інілерім.
Үні өшіп қиялдың да,
Кеудемде тайталасқан.
Анам тұр үй алдында,
Құшағын айқара ашқан.
Көктемім менің қайдасың
Арманым едің ұмытқан жоқпын әлі мен,
Ымыртта мынау ыңылдап айтар әнім ең.
Сен деген менің сезімім мөлдір еді ғой,
Түсіне алмай түңіліп біттік бәрінен.
Не болған саған,
Қайырылмай кеттің көктемім?
Білмеймін кімнің жеріне барып көктедің.
Дәлелдеп берер дәрменім саған жоқ менің,
Жетерме екен сағыныш жасын төккенім.
Есіңдеме еді… соңғы рет менен хат барған,
Соңғы рет саған барымды түгел ақтарғам.
Ақтарғам дағы тоналған барлық үміттен,
Тек қана мөлдір махаббатымды ап қалғам.
Таңдарым атсын өмірім мейлі жайнасын,
Бақытым гүлдеп бағымда бұлбұл сайрасын.
Бәрі бір енді өмірден мынау жылу жоқ,
Көктемім менің…
Көктемім менің қайдасың…?
Ақындық
Ақын болдым (болайында демегем)
О, сезімнің дерті күшті не деген.
Күнге емес көлеңкеге қараған,
Менің көңіл терезем.
Өтпесе де әлі жастық көктемім,
Сен білмейтін қалтарысым көп мені.
Басқа ақында қандай екен кім білсін?!
Құдай сүйер бір қылығым жоқ менің.
Айтасың –ау «қыз мәнезім» хақ ында,
Қыз боп тусам мына өмірге расында…
Шын сырым бұл сүйгізер ем, сүйер ем,
Өлтірседе тимес едім ақынға.
kerey.kz




